Мазмұны бөлім. Полигонның құрылу барысы бөлім



бет2/2
Дата06.02.2022
өлшемі28,71 Kb.
#81212
түріРеферат
1   2
Байланысты:
Семей полигоны

Жарылыстар кезеңі


Тамыз бойы өте ыстық әрі қуаң болды. 28-күннің кешінде ауа райы бірден өзгерді: солтүстіктен жел соқты, күн кенеттен салқындап кетті, аспанды бұлт жапты, жаңбыр сіркіреді де тұрды. Осы бір құрып кеткір ауа-райы, қасақана қырсыққандай тұрып алды, ол таңертең де өзгерген жоқ. Төмен шөккен қалың бұлт жарылыстан соң радиоактивті ауадан доза алу үшін ұшырылатын ұшқыссыз басқарылатын самолетке кедергі келтіретін еді. Табиғат алдағы жарылысты болдырғысы келмегендей. Сынақ басшылары ауа-райының жақсаруынан үміттеніп, алғашқыда оны 1 сағатқа шегеруге шешім қабылдады. Бірақ ауа райы болжаушылардың хабары үміттенерліктей болмады.
Сондықтан жарылысты таңертеңгі сағат 7.00-де өткізуге, ал басқарылатын самолеттерді жібермеу жөнінде шешім қабылданды. 1949 жылдың 29-тамызында ертемен сынақ өткізілетін «Ш» алаңындағы үш дүркін қайталанған үлкен репетициядан кейін, И.В.Курчатов жарылысты жүргізуге жазбаша нұсқау берді.
Диктордың қатаң даусы секундтарды санап шықты. «Ноль» деген кезде жер оқыс шайқалып кетті, оған құлақты жаратын сұмдық күшті соққы, шатырлаған, күңіренген үн жалғасты. Осының бәрі бірнеше секундқа созылды, содан соң бәрі тына қалды.
Құпия жария болды. Семей маңындағы полигонда биіктігі 30 метрлік мұнара үстінде жазғы күн даланы ұйқысынан оятқан қуаты 20 килотонн бірінші атом жарылысы болды.
Аспанды алып найзағай тіліп өтті, жер үстінде жарқ ете қалған екінші күннің сәулесін қалың бұлт та бүркей алмады.
Биіктігі 7 километрден асатын шаң-газ аралас саңырауқұлақ тәрізді бұлт пайда болды. Даланың сарғайған шөптері қудай лап етіп жана бастады, даланы өрт қаптады.
Эксперимент сәтті өтті. Сынақ басшылары, ішінде Берия да бар, командалық пункттен шығып, бірін-бірі табыспен құттықтады, құшақтасып, сүйісіп жатты.
Берия Курчатовқа осы бір ақаусыз жарылған зарядқа ат қоялық деген ұсыныс айтты. Оған Игор Васильевич оның аты бар және кіндік әкесі ССРО-дағы бірінші атом бомбасын жасаушылардың бірі К.И.Щелкин деп жауап берді. Заряд РДС-1 деген атқа ие болды, таратып айтқанда: «Россия делает сама». Берияға бұл ат ұнады және ол Сталинге емеурін жасап, қожайынға да ұнайды деп сендірді.
РДС аты қожайынға ғана емес, әскерилерге де ұнады. Бұдан кейінгі көптеген жаңа ядролық зарядтар нұсқаларына, оның ішінде сутегі зарядтарына да, РДС-2, РДС-3, РДС-5 деген секілді кезекті нөмірлермен осы атаулар бріп отырды.
Бірақ РДС-тің шешімін білетіндер аз болатын, кейбір ақылгөйлер оны «Реактивный двигатель Сталина» деп аударып жүрді.
Берия сынақ сәтті өткенін Сталинге баяндауға асықты. Сталин тыңдап болған соң: «Мен білемін» деді. Бериядан бұрын оған кімнің баяндап үлгергенін ешкім анық білмейді. Бәлкім, Курчатовтың өзі болар.
Табыс ойдағыдай аталып өтті. 30 тамызда «Ш» алаңында, қонақ үйлер мен казармаларда түн ортасына дейін дабырласқан дауыстар, шырқалған әндер естіліп жатты, бірақ, әдептен асқан жоқ.
31 тамызда ойын-сауық тоқтатылды. Естігендері мен көргендерінің бәрін біржолата ұмыту туралы бұйрық берілді.
Полигондағы бірінші сынаққа келген Берия екі тізім алып кепті деседі. Біріншісі егер эксперимент сәтті аяқталса, тұтқынға алу үшін, екіншісі, нәтиже ойдағыдай болып шықса марапаттау үшін жасалыпты.
Марапаттау жөнінде тізімге кезек тиді. Үздік зерттеушілердің үлкен тобы ССРО ордендерімен және медальдарымен наградталды. Көп адамдарға Сталиндік сыйлықтың лауреаты атағы, басқа топқа – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Сынаққа қатысушылардың көпшілігіне әрқайсысы 125000, 45000, 20000 сомдық ақшалай сыйлық берілді. Ол кезде бұл үлкен ақша. Олар өз балаларын ССРО-ның кез келген оқу орындарына мемлекет есебінен оқытуға және ССРО шегінде темір жол, су жолы, әуе жолы көліктерімен тегін жүріп тұруға ие болды. Кейбіреулеріне тегін мемлекеттік саяжайлар берілді.
Сонымен ССРО-да жарылыс қуаты 20 мың тонна тротилге тең бірінші атом бомбасы жасалды. Оның американыкіне қарағанда жақсы параметрлері болды. АҚШ-тың атом монополиясы аяқталды. Біздің елімізге атом шабуылын жасау қаупі алынды.
Ол жылдарда Америка жағы ССРО-ның өнеркәсіпті орталықтары мен қалаларына орасан үлкен ядролық соққылар беруді әлденеше рет жоспарланған болатын. Тағдыр оны жазбапты. Енді соққыға дәл сондай соққымен жауап беруге болатын еді.
Бірінші атом бомбасын осынша қысқа уақыт ішінде, тақыр жерден әрі нөлден бастай отырып, ойдағыдай жасап шығуға, ең бастысы, осындай үлкен де маңызды істің басында И.В.Курчатов бастаған аса дарынды ғалымдардың, инженерлердің, технологтардың, конструкторлардың тұруы себеп болды.
Әуелде бірінші атом бомбасын жасау жұмысына атақты ғалымдар, ірі өндірісшілер, белгілі ұйымдастырушылар мен мамандар іріктелді. Алайда мамандарды өз көзқарасы бойынша іріктеуге Сталиннің рұқсатын алған К.И.Щелкин бұл жолды теріске шығарды. Егер ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткерлерін бір шаңырақ астына жинайтын болсақ, онда олар күш жігерлерін біріктірудің орнына өзара айтысқа түсіп кетеді деп топшылады ол. Проблеманы шешуге әлі атаққа мас болып үлгермеген, бұзыла қоймаған жастар керек еді. Жігер, батылдық, тәуекелдік тек жастарға тән. Атом проблемасын шешуге нақ осындай қасиеттер қажет еді.
Сонымен бірге дәл сол сағаттан, атап айтқанда елімізде ядролық қаруды жер бетінде бірінші рет ойдағыдай сынақтан өткізген, 1949 жылғы 29 тамыздың таңертеңгі сағат 7-00-ден бастап, Семей даласының қасіреті басталды. Бірінші атом бомбасын жасаушылардың бірі өз естеліктерінде былай деп жазады: «Жарық сәулесіне тап болған дала бүркіттері мен қырандарына қарау сұмдық аянышты көрініс болды: бір жақ қанаттары көмірдей болып күйіп қалған, көздері ағарып кеткен олар телефон желісінің сымдарында отыр және біз жақындап барғанда орындарынан қозғалғанда жоқ.
Бір жерден өліп қалған, қатты торсиып, қап-қара боп күйіп кеткен торайды көрдік-медиктер алып кетуге үлгермесе керек. Қысқасы, жаныңды түршіктірер көріністерге тап болдық.
Адам ойлап тапқан аса ұлы жаңалықтың адамзат үшін осындай сұмдық зардаптары бар».
Ал әлгі құстар қазақ даласының мақтанышы емес пе еді...
Тамыз-астық жинап, шөп шабатын мезгіл. Бірінші атом жарылысының радиоактивті ыдырау бөлщектері шаң-тозаңмен араласып аймақтың барлық елді мекендерін басып қалды. Оның зұлмат «жаңғырығы» көршілес облыстардан асып, РСФСР-дің Алтай өлкесіне дейін жетті.
Бәлкім, ол кезде бұл қасіретті ғаламат үлкен аумақты қамтитынын сынақшылардың өздері білмеген шығар, әлде полигонмен қатарлас өмір сүріп жатқан адамдардың тағдырына олар мүлде немқұрайлықпен қарады ма екен? Бүгінде біз бір нәрсені ғана білеміз: халық жарылыстың болатынын білген жоқ, оларға ешкім ескерткен жоқ және қауіпсіз жерге шығару жөнінде ешкімнің қамқорлық жасамағаны өз алдына.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет