Жұмыртқа. Қалыптасқан жұмыртқа күрделі дене болып саналады. Әдетте нағыз жұмыртқа деп оның ішіндегі сары уызын айтады. Жұмыртқаның басқа қосымша бөлімдері (мысалы белок) жұмыртқа безінде емес, жұмыртқа жолында пайда болған қабаттары деуге болады.
Құс жұмыртқасының сары уызы көп болады. Сары уыз бөлімінің бет жағында протоплазма және ядродан тұратын түйір деп аталатын заты болады, ол ұрықтанған жұмыртқада кішірек ұрық дискасына айналады. Сары уыздың басқа бөлімі ұсақ көпіршіктерден тұрады. Егерде көз тоқтатып қарасақ, олардың қабаттары сары немесе мөлдір түсті уыздың кезектесуінен құралады. Жұмыртқаның қатты қабығын сындырсақ, сары уызы дөп-дөңгелек болып түседі. Өйткені, сары уыздың сырты арнайы жұқа қабықпен қапталып тұрады. Сары уызда балапанның организіміне керекті қоректік зат және денесін құруға қажет заттар болады. Сары заттың ішінде май және су көп. Дамитын ұрық, өзіне керекті суды, жұмыртқаның осы сары уызынан алады. Оған қосымша жұмыртқаның құрамындағы май да, тотыққанда өзінен су тамшыларын бөліп шығарады, мысалы, тауық жұмыртқасының, сары уызының құрамында: су - 50%, май - 23%, протеиндер -16%, липоидтер 11% болады. Қаздардың жұмыртқасының сары уызының құрамында: су - 44%, май - 36%, протеиндер - 17%, басқа заттар - 3% болады.
Жұмыртқаның сары уызының сыртында мөлдір жартылай сұйық (белок) деп аталатын екінші жұмыртқа қабаты болады. Оның сырты екі жұқа пергаментті қабықпен қапталған. Жұмыртқаның моқал ұшында температура өзгерген кезде оның көлемі өзгеруіне мүмкіндік беретін айтылған екі қабаттың арасында ауа болады.
Жұмыртқаның сары уызына қарай қабыршақ қабығынан "белоктың" ортасында белоктың тығыз ширатылған жіп тәрізді халаза созылып жатады. Халаза сары уызды шайқалудан сақтайды.
Жұмыртқа "белогының" негізгі маңызы нағыз жұмыртқаны (сары уызды) механикалық әсерлерден қорғайды және ұрықтың дамуы кезінде сумен қамтамасыз етеді. Мысалы, тауық жұмыртқасы белогының құрамы: 87% су, протеин - 12%, басқа заттар 1%.
Қатты қабық негізінен көмір қышқыл кальцийден (89-97%), аздап та болса басқа тұздар мен органикалық заттан тұрады. Қатты қабық негізінен жұмыртқаны механикалық әсерлерден әр түрлі бактериялардың енуіне бөгет болады. Ірі жұмыртқа туатын және жұмыртқасын ашық жерге салатын, құстардың жұмыртқасының қатты қабығы мықтырақ болады. Ұрық дамыған кезде, қатты қабықтың біразы ұрықтың скелетін қалыптастыруға жұмсалады. Қатты қабықтың сыртына майда тесікшелері болады. Бұл тесікшелер жұмыртқаның моқал жағында көбірек болады. Ұрықтың газалмасуына осы тесікшелердің маңызы үлкен.
Жұмыртқаның басылуы ұзарған сайын және газ маңызы үлкен. Жұмыртқаның басылуы ұзарған сайын және газ алмасуының күшеюіне сәйкес тесікшелердің диаметрі үлкейе түседі.
Оңтүстік Қазақстанда сирек кездесетін құстарға жалпы сипаттама
1. Дегелек тәрізділер — дене мөлшері әр түрлі көпшілігі ірі, ұзын иілімді мойынды, ұзын аяқты құстар. Олардың аяқтары сирақ бөлімінің жартысына дейін жалаңаш, қауырсынсыз, төрт саусақты, оның алдыңғы үш саусақтарының арасы кішірек тері жарғақтармен қосылған. Тұмсығы түрлі пішінді, көпшілігінің тұмсығы үшкір, қатты затты шоқуға ыңғайлы келеді. Бұлар жануар қоректілігімен және балапандарының жұмыртқанадан қызыл-шақа, дәрменсіз болып шығуымен сипатталады. Балапандарды толық жетілгенше ұзақ уақыт ұяларында болып, ата-аналары қоректендіреді.
Арктика мен Антарктикадан басқа жердің барлығына тараған.
Дегелек тұқымдасына ұзынүшкір тұмсықты, отрядтың ірі құстары топтасады. Олардың тұмсығы ұзын, тік және үшкір келеді. Бұл құстардың көмекейінде дыбыс шығаратын қатпарлары болмайды. Сондықтан көпшілігі дауыс шығармайды.
Бұл түрлер біршама құрғақ далада, орманда, тауда кейде батпақты жерлерде тіршілік ететіндігімен сипатталады. Жайшылықта да және ұясалар кезде де қосарланып жүреді. Ұяларын үлкен етіп ағаштарға, жарларға кейде (ақ дегелек) адам құрылыстарының, маңайына бұтақтан салады. Олар жылына 3-5 жұмыртқа туады, ал жұмыртқаның басылу мерзімі 30 күнге жетеді. Кесірткелермен, жыландармен, бақалармен, моллюскалармен және насекомдармен қоректенеді. Жемін әдетте жер бетінен теріп жейді.
Бізде үнемі ауыл маңына ұялайтын ақ дегелек (Ciconia ciconia), керсінше адамнан қашатын қара дегелек (Ciconia nigra) кездеседі.
2. Құтантұқымдасы (Ardeidae). Құтандар туысына тұмсығы тік, әрі ұзын болатын біршама ірі құстар жатады. Тұмсығы екі жағынан қысыңқы және жиегінде ұсақ тісшелері болады. Көпшілігі топталып жүреді. Бұлар ұяларын ірі ағаштарға немесе қалың қамыстарға салады. Қоректері, көбінесе балықтар, амфибилер, шаян тәрізділер және насекомдар. Оларды судан аулайды. Кәдімгі көк құтан (Egretta alba) біздің фаунамызда орта және оңтүстік облыстарда көбірек кездеседі.
Үлкен ақ құтан (Egretta alba) біршама назар аударарлық. Оның түсі жынысына, жасына және жыл маусымына қарамастан үнемі ақ түсті болады. Күй салтанаты кезінде арқасын қуалай қүйрық қанатының үстіне дейін жалданып ұзын қауырсындар "эгретка" немесе "эспри" пайда болады. Бізде Европалық бөлімінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік-батыс Сибирьде, бүкіл Орта Азия мен Қиыр Шығыстың қолайлы жерлерінде ұялайды.
Зиянды насекомдарды құртып, ауыл шаруашылығына аздап пайдасын тигізеді.
3. Қаз тәрізділер (ANSIRIFORMES). Бұл отрядқа ірі және орта үлкендікте болатын, ұзын мойынды, қысқа аяқты құстар жатады. Олардың саусақтары төртеу, оның үш саусағы денесінің алдына бағытталып, аралары тері жарғақтармен қосылған. Әдетте олардың тұмсығы жалпақ үстіңгі жағынан төмен қарай қысыңқы келеді. Тұмсығының сырты жұқа терімен қапталған, тұмсығының ұшында мүйізді бөлімі болады, оны тырнақша деп атайды. Тұмсығының үстіңгі бөлімінің ішкі жағында мүйізді пластинкалары бар. Кейбір түрлерінде жақтарының жиектерінде мүйізді тісшелері болады. құйымшақ безі жақсы дамыған.
Еркектерінің шағылыс органы болады. Жылына бір рет жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан балапандарды ширақ болады. Қаз тәрізділердің бүкіл дүние жүзінде 200-дей түрі бар. Бізде олардың елуге тарта түрі кездеседі. Кәсіптік құстардың көпшілігі осы отрядқа жатады. Бұлардан үй құстарының көптеген түрлері шығарылған.
4. Қаздар тұқымдас тармағы (Anserinae). Бұл тұқымдас тармағына нағыз қаздар жатады. Олардың мойыны денесімен салыстырғанда қысқарақ келеді, ал мойын омыртақаларының саны 21-ден артпайды. Жыныстық айырымы болмайды. Қаздар, әсіресе тундраға көбірек тараған. Бізде 11 түрі бар. Көбірек тараған түрі сұрқаз. Осы кездегі қолда өсірілетін қаздардың көпшілігі, сұрқаздан келіп шыққан. Қытайда және шығыс Сибирьдің оңтүстігін мекендейтін құрғақ мұрын деген түрі кездеседі. Осы кездегі Қытайдың қазы деп аталатын үй қаздарының тегі осы құрғақ мұрын қаздардан шыққан. Арктикада қараша қаздар және гуменниктер көп тараған.
Біздің қаздардың барлығы да — жыл құстар, ұяларын адам сирек кездесетін су қоймалары көп, батбақты және тоғайлы жерлерге салады. Қаздар суға қарағанда, құрғақ жерде көбірек мекендейтінін естен шығармау керек. Қаздар қоректерін жерден теріп, жейді, ал су олар үшін ішуге, түлеу кезеңін өткізуге және тынығуға қажет. Қаздардың барлығы да жақсы жүзеді, нашар сүңгиді.
Ұяларын салуға еркегі де, ұрғашысы да қатысады, ал жұмыртқасын тек қана ұрғашысы басуы мүмкін. Еркегі ұяның маңайында жайылып жүреді немесе ішінде жұмыртқасы жоқ бос ұяда отырады. Қаздардың барлық түрі де 4-6 шамасындай жұмыртқа салады. Жұмыртқаларын 25-28 күн басады. Балапандары ұяларында бір тәуліктен артық болмайды, Жүндері құрғаған соң ата-аналарының соңынан еріп кетеді.
Қаздар тоғайлы жердің өсімдіктерінің жапырағымен, тамырымен, сабағымен және тұқымымен қоректенеді. Түлеген кезде бұлардың бірнеше жүздегені бір жерге жиналады. Түлегенде қанаттарының қауырсындары бір мезгілде түгелдей түсіп, жетіледі. Соның нәтижесінде, бұл уақытта қаздар үшу қабілетінен мүлдем айырылады.
Қаздардың кәсіптік маңызы өте үлкен. Бұларды бізде Каспий теңізінің жағалауынан (қыста көбірек) аулайды. Еті дәмді, мамығы сапалы болады.
Өзен үйректері тұқымдас тармағына (Anatimae) 80-ге жақын түрлер топтасады. Көпшілік түрінің жыныстық айырмасы бар. Еркегінің қанатының сыртында металдың жарқырауық түсіндей жалт-жүлт еткен түсі, артқы саусағының жіңішке тері жалпыншағы болады. Тұмсығы жіңішке және үсті көтеріңкі келеді.
Бұл тұқымдас тармағына: қоңыр үйрек, сұр үйрек, біз құйрық, ұсақ шөрегейлер т.б. жатады.
Бұл үйректер шөптесін, өсімдіктері мол суларда мекендейді. Қолайлы батпақты жерлерге де ұяларын салады. Шөбі жоқ терең суларға ұяламайды. Тайыз шөптесінді суларды мекен етіп, өсімдіктермен және су түбінің жануарларымен қоректенеді. Қорегінің көпшілігі өсімдік.
Ұяларын көбінде жерге және кейбір кезде ағаштарға, ондағы басқа құстардың ұяларына немесе ағаштың қуыстарына да салады. Қоңыр үйрек 6-14, сұрүйрек 7-13, бізтұмсық 6-12 жұмыртқа салады, басу мерзімі 24-28 күн. Көбінесе бізде Каспий теңізінде қыстап шығады. Бұлардың кәсіптік маңызы үлкен.
Сүңгуір үйректер тұқымдас тармағы (Fuliggulinae).
Сүңгуірлер дене мөлшері әр түрлі болатын тұмсығы жалпақ, тұмсығының ұшында жіңішке қатты тырнақшасы бар құстар. Артқы саусағының тері қатпары басқа үйректерден гөрі жалпағырақ. Бұлардың түсі кәдімгі үйректерге қарағанда, солғындау келеді. Бұл тұқымдас тармағына түрлі сүңгуір үйректер, қызылбасты сүңгуір, айдарлы чернетъ, гоголъ, тұрпан, гаганың бірнеше түрлері жатады.
Бұл үйректердің көпшілік түрлері солтүстік ендікте тараған. Өзен үйректерінен бұлардың өзгешілігі суы терең, өсімдігі азырақ суларда, теңіздерде көбірек кездеседі. Бұлардың барлығы да жақсы сүңгіп, күндіз қоректенеді. Қоректерін судың терең жерінен іздейді. Су ішінде тез қозғалып жүретін ұсақ жануарларды ұстап жейді.
Ұяларын салғанда сүңгуірлердің бірігіп жерге, кейбір түрлері (гогольдер) ағаштардың қуысына салады. Қыстаған және түлеген кезде бірнешеуі бірігіп топталып жүреді. Еті кәдімгі үйректердің етінен қатты, нашар иісі болса да, олардың көпшілігінің кәсіптік маңызы бар.
Күндізгі жыртқыштар (FALCONNIFORMES). Бұлардың үлкендіктері мен жалпы тұлғасы әр түрлі болып, тұмсықтарының ұшы төмен қарай қармақ тәрізді иілген, оның түп жағында сарғылттау түсті сағызсымақ деп аталатын жалаңаш терілі бөлімі болатын құстар. Тырнақтары түрліше иілген. Қауырсындары тығыз. Жемсаулары жақсы дамыған. Бұлардың етті қарны нашар айқындалған. Балапандары жұмыртқадан шыққанда көздері ашық, денесі мамық қауырсынмен қапталып тұрады. Олар баяу жетіледі, сондықтан көп уақытқа дейін ұясында болады, яғни әлсіз қызыл шақа балапан шығаратын құстарға жақын организмдер. Екі отряд тармағына бөлінеді.
Америка құмайлары отряд тармағы (Cathartae). Бұлар Оңтүстік Америка және Солтүстік Американың оңтүстігіне тараған, өз алдына ерекшеліктері бар азғана жыртқыш құстар болып табылады. Олар жер бетінде жақсы жүгіреді, қорегін көбінесе иіс мүшелерінің жәрдемімен іздеп табады. Төменгі көмекейінің дыбыс бұлшық еттері болмайды, сондықтанда бұл құстар мылқау үнсіз, кеңсірік перделері болмайтын құстар. Тіршілік етуіне қарағанда біздің таз қараларға ұқсайды, көпшілігінде бұлар өлекселермен және майда омыртқаларымен қоректенеді. Олардың мойны жалаңаш, қауырсыны болмайды. Өлекселермен қоректенудің салдарынан бірнеше түрлері тауларда және далаларда, кейде тоғайларда да мекендейді. Бұлардың бір түрі кондор деп аталады.
Қалыпты жыртқыш құстар отярд тармағы (Falcones). Осы отряд тармағына жататын жыртқыш құстардың барлығын қосып келгенде екі тұқымдасқа бөлінеді: сұңқарлар және қырғи тәрізділер.
Сұңқарлар тұқымдасына (Falcondae) - орташа және ұсақ құстар жатады. Астыңғы жағының езуіне жақын жерінде өткір қайшы сияқты тісшелері болады. Бұлардың қанаттары ұзын және ұшты келеді.
Ірі сұңқарлардың түрлері: латын (Falco peregrinus), шұбар, сұңқар (Falco gurfalco) сирек кездесетін құстар. Негізінен бұлар құстарды ауада ұшып бара жатқанда қағып жейді, бұл сұңқарлар шапшаң ұшады. Олар ұяларын ағаштың басына, жарларға, жырларға салады. Пайдалы құстарды қырып, кейбір жерлерде зиянын тигізеді. Ірі сұңқарларды адам қолға үйретіп, басқа құстарды аулайды.
Ұсақ сұңқарлардың түрлері: күйкентай (Falco vespertines), тұрымтай (Ғаlсо columbarius), бөктергі (Ғаlсо tinusculus). Бұлар негізінен ашық жерлерді мекен етеді. Ұяларын ағаштың басына, тастардың арасына, жартастарға, жырларға салады. Ұшу шапшандықтары жоғарыда көрсетілген түрлерден бәсең. Жемдерін үшып жүріп те, жерден де ұстап жейді. Тышқан сияқты кемірушілермен, насекомдармен, кейде құстармен де қоректенеді. Ауыл шаруашылығына, орман шаруашылығына пайдалы құстар.
Қырғи тәрізділер тұқымдасы (Anguilidae). Бұлардың тұмсығының езуінде қайшы сияқты өткір тісшесі болмайтын қанаттары қысқарақ және моқалдау келетін жыртқыштар. Біздегі бүркіттер тұқымдасы мына топтарға жіктеледі: оларға қырғи (Accipiter genitalis), қаршыға (Accipiter) жатады. Олардың да қанаттары қысқарақ және моқалдау келеді. Құйырғы денесімен салыстырғанда ұзын болады. Олар орман құстары. Ағаш арасында шапшаң ұшуға икемделген. Бұлар құстармен, оның ішінде үй құстарымен қоректеніп, шаруашылыққа зиянын тигізеді.
Құладындар (Circus cyaneus). Бұлардың құйрықтары және аяқтары ұзын болады. Құладындар үш топқа бөлінеді: беткей құладыны, дала құладыны және саз құладыны. Олар тундрадан басқа жердің барлығында да болады және ашық жерлерді мекен етеді. Бұлар жемін жер бауырлап қалықтап ұшып жүріп, жердегі шөптердің арасындағы ұсақ омыртқалыларды қағып ұстап, қоректенеді. Көпшілік түрі пайдалы.
Кезқұйрықтардың (Milvis korschun, M. milvis) құйрығы екі айыр болады. Әдетте өзен, көлдердің маңайында мекен етеді. Бұлар қалықтап ұшады. Жалпы алғанда кезқұйрықтар пайдалы құстар болып есептеледі. Олар кемірушілермен, саршұңақтармен, құстармен, балықтармен және насекомдармен қоректенеді.
Бүркіттердің басқа құстардан бір ерекшеліктері, саусақтарына дейін қауырсынмен қапталған. Қанаттары жалпақ және моқал келеді. Олар шапшаң, бірақ салмақты ұшады. Бізде бестен артығырақ түрі бар. Олардың ішінде көбірек тараған түрлері орманда мекен ететін бүркіт (Aguila chryäetos), оңтүстіктегі далалы жерді мекен ететін қыран - қара бүркіт (Anguila nipalensis) шаңқылдауық бүркіт немесме тау қыраны т.б.
Қыран - қарадан басқасы ағаштарға, немесе жарлардың қуысына ұяларын салады, қыран-қара ұясын жерге, немесе бұталарға салады. Ұяларында 1-3 жұмыртқа болады. Инкубация мерзімі 40-45 күнге созылады. Жемдерін қалықтап ұшып жүріп көріп, кенеттен шабуыл жасап ұстайды. Кейде өлекселермен де қоректенеді. Олар негізінен тышқан тәрізді кемірушілермен, сарышұнақтармен, құстармен, насекомдармен қоректенеді.
Әсіресе қыран-қара пайдалы, олар ауыл шаруашылығына зиянын тигізетін насекомдар мен кемірушілерді жейді. Бүркіттерді адам қолға үйретіп түлкі, қасқыр, ақбөкендерді және дуадақтарды аулауға пайдаланады.
Жамансары немесе ақсары (Вutео). Олар бүркіттерге жақын, бірақ кішірек және қауырсыны саусақтарына дейін қаптап тұрмайды. Бізде кәдімгі жамансары (Buteo buteo) кездеседі. Олар ұяларын ағаштарға салады. Басқа түрлері жер үстіне, әдетте өзендердің жағалауларына, тастың қуыстарына салады. Ұясында 2-4 жұыртқа болады. Жұмыртқаны басу мерзімі бір айға жуық.
Ақсарылар жемдерін аңдығанда ауада қалықтап ұшып, немесе биігірек жерге шығып отырып, жасырынып барып ұстайды.
Ақсары өте пайдалы құс. Олар ауыл шаруашылығына зиянды кемірушілермен, насекомандармен қоректенеді. Пайдасын жете білмей жыртқыш құстарды атқанда ақасырларды да атып жіберушілер кездеседі.
Құмайлардың барлығы — ірі құстар. Басында және мойнында қауырсындары болмайтындығы арқылы айыруға болады. Тырнақтары моқал, тұмсығы төмен қарай иілген. Биологиялық ерекшелігі, олар бірыңғай өлексерлермен қоректенеді. Негізгі түрлері: сип (Gurs fulvus), қозықұмай (Guraëtus barbadus) және қара құмайлар (Aegypiusmonachus) болып есептеледі. Бұлар көбінде таулы жерлерде мекендейді. Ұяларын ағаштарға және жартастарға салады. Кейбір түрлері топталып жүріп ұялайды. ұяларында 1-2 жұмыртқа болады, ал жұмыртқасын басу 55 күнге созылады. Көздерінің өте жақсы көруі нәтижесінде, ауада қалықтап ұшып жүріп жемдерін тауып жейді. Пайдалы құстар. Бірақ бұлар өте сирек кездесетін құстар, сондықтан олардың зияны оншама көп емес.
5. Тауық тәрізділер (CALLIFORMES). Тауық тәрізділер барлық жерлерге тараған. Олардың денелері тығыз, қанаттары қысқарақ, ұштары дөңгеленіп біткен. Бұлардың табандары күшті, төрт саусақты, тырнақтары жерді қазуға бейімделген. Көпшілік түрлері-полигамдар, ұрпақтарына қамқорлықты ұрғашылары ғана атқарады. Балапандары жұмыртқанадан шығысымен ата-анасына еріп кетеді. Бұлар өзге отрядтармен салыстырғанда жұмыртқаны көп салады. Көпшілігінің кәсіптік, экономикалық маңызы үлкен. Олардан қолдан асырайтын көптеген үй құстарының түрлері шығарылған.
Қырғауылдар тұқымдасы (Phasianidae). Бұлар оңтүстік және қоңыржай ендіктерге көбірек тараған. Аяқтарының саусақтары қауырсынсыз, еркектерінің аяғында үлкен тепкілері болады. Саусақтарында мүйізденген ірі қабыршақтары болмайды. Оларға жататындар: Солтүстік Америка күрке тауығы (Meleagris galloavo) ол осы кездегі үйде асыралатын күрке тауықтардың арғы тегі, африка цесаркасы (Nimida meleagris), үнді павилодары (Pavo cristatus), Индияның жабайы тауықтары. Олардың ішіндегі айырықша маңызы бары банкив немесе бұта қызыл тауықтары (Galus galus). Бұта тауығынан үй тауықтары шыққан. Бұл тұқымдасқа қырғауылдар, бөденелер, кекіліктер т.б. жатады.
Бөдене (Coturnix coturnix) тауық тәрізділер отрядының ішіндегі - ең кішісі, салмағы 100-120г болады. Бұлар — жыл құсы. Біздің бөдене Индияда, Африкада, ал бір азғанасы оңтүстік Европада және Закавказьеде қыстап шығады. Олар көбінесе ашық жерде, далада, тоғайлықта мекендейді. 12-15 кейде 20-ға дейін жұмыртқа туады. Жұмыртқасынан шамамен 21 күннен кейін балапан шығады. Олар түрлі ұсақ омыртқасыздармен өсімдіктермен, олардың жемістерімен және дәндерімен қоректенеді. Күзге қарай өте қатты семіреді, Қырым, Кавказ жерлеріне қайта ұшқан уақытта оларды көп аулап ұстайды.
Кекілік (Alectoris graesa) шілдерден көрі ірірек, салмағы 450-700 г болады. Бізде Кавказдың, Орта Азияның, Алтайдың таулы аймақтарында бір түрі кездеседі. Жақында бұлар Қырымда жерсіндірілген.
Кавказдың, Қазақстанның, Орта Азияның, Алтайдың тауларында тау күрке тауығы деп қате аталатын ұларлар (Tetrao gallus) мекен етеді. Еркегінің салмағы 3 кт, ұрғашысы 2 кг болады. Еркегі мен ұрғашысының түсіне қарап ажыратып болмайды.
Қырғауыддар негізінен оңтүстік Азияға тараған. Бізде кәдімгі қырғауыл (Phasianus colchicus) деген түрі мекендейді. Еркегінің түсі айқын ашық, ал ұрғашысы сұрғылт түсті болады.
Советтер Одағында Еділдің құйылысында, Кавказда, Орта Азияда, Қазақстанда, Қиыр Шығыста, Приморье өлкесінің оңтүстік бөліміне тараған. Қырғауыл негізінен жер бетінің құсы.
Қалың қамыста, бұталы тоғайда, қалың орманда мекендейді. Олар ұясын жерге салады, негізінен қорегін жерден теріп жейді. Сондықтан да қары қалың жерлерде, тіршілік ете алмайды. Өсімдік дәндерімен, жемістермен және насекомдармен қоректенеді.
Қырғаулыдар жерге төгілген астықтардың дәндерін теріп жейтін, болғандықтан егін шаруашылығына зиянсыз. Бұл пайдалы құсты ағаш еккен далаларымызға көп етіп жерсіңдірудің маңызы үлкен.
6. Отярд тырналар (GRUIFORMES).
Тырналар — ірі, мойны, аяқтары және тұмсығы ұзын, ал құйрығы қысқа, жақсы жүгіретін құстар. Көпшілік түрлерінің ұзын кеңірдегі, төс қырының маңайында бірнеше түйін құрайды. Осы кеңірдегінде түйіндердің әсерінен, олар күшті дыбыстар шығарады.
Бұлар далалы және батпақты жердің барлығында де кездеседі. Бізде тырналар (Gruidae) деген тұқымдасының бірнеше түрі белгілі. Оның ішінде жиірек кездесетін сұр тырна (Grus grus). Бұл ұзындығы 120 см салмағы 6 кг-дай ірі құс. Тундра мен биік таулардан басқа жерлердің бағыттарында дерлік кездеседі. Ұяларын тоғайлы батпақтарға, өзен жағалауларына, кейде далаларға, адам бара алмайтын жерлерге салады. Ұясын жерге салады. Ұясында 2-3 жұмыртқасы болады. Жұмыртқасын еркегі мен ұрғашысы кезектесіп басады. Жұмыртқадан балапандары ширақ болып шығады. Тырналар өсімдік тамырларымен, құрттармен, насекомдармен, бақалармен, рептилермен, тышқандармен қоректенеді. Жаздың соңғы кездерінде топтанып астық далаларына барып, шаруашылыққа аздап зиянын тигізеді. Оңтүстіктің далалы аудандарында кіші тырна, немесе ақбас тырна (Grus virgo) дейтін түрі ұялайды. Мұның салмағы 2,5кт болады.Сибирьде, Қазақстанда ақ тырна немесе стрех (G. leucogeranus) деген түрі мекен етеді. Тырналардың барлығы да жыл құстары. Оңтүстік Азияда және Африкада қыстап шығады. Бұлардың кәсіптік маңызы шамалы.
7. Отряд Сутартарлықтар (RALLIFORMES).
Батпақты тоғайлы, кейде сулы жерлерді мекен ететін кіші және орта үлкендікте болатын құстар. Олардың тұмсықтары сүйір, өтпелі танау тесіктері болады. Қанаттары қысқа, моқал келеді. Бұл құстар нашар ұшады, өсімдігі қалың жерлерде жақсы қозғалады. Ұяларын жерге немесе жапырылған қалың шөптердің үстіне салады. Ұясында 3-12 жұмыртқа болады. Балапандары ширақ, оларды асырауға ата-анасы бірдей қызмет етеді. Олар омыртқасыздармен, өсімдіктің жұмсақ жапырақтарымен, тұқымдармен қоректенеді. Кейбір түрлері қорегін кешке, түнге қарай іздейді. Бұлар өте көп тараған құстар, біздің фаунамызда он шақты түрі кездеседі. Қалың шөптің арасында жасырынып жүретін салмағы 200 г болатын тартар (Crex crex) деген түрі болады. Шөпті батпақта жүретін, батпақты жердің тауықтары деп аталатын түрлері кездеседі: су тaуығы (Porzana porzana) сутартар немесе қамыс тауығы (Gallinula chlorpus) т.б. Көлдердің жағасында, қалың шөптің арасында, салмағы 1 кг-дай қасқалдақ (Fulica atra) деген түрі кездеседі. Қасқалдақтар жақсы жүзеді, қауіп төне қалса сүңгіп кетеді. Осы қасқалдақтардың ғана кәсіптік маңызы бар.
8. Дуадақтар. (OTIDIFORMES) Пішіні тауықтарға ұқсас, ірі құстар. Бұлардың мойыны мен саусақтарының ұзындығы орташа. Үшсаусақты, қысқа тұмсықты құстар. Жершарының шығыс бөлімінің далалы және шөлді жерлерін мекен етеді. Құрғақ ортада тіршілік ететін болғандықтан, құйымшақ безі болмайды. Еркектерінде жұтқыншағымен жалғасатын тері қалташығы болады, ол дыбысты күшейтіп шығаруға қатысады. Біздің фаунада үш түрі кездеседі. Көбірек тараған турі дуадақ (Otis tarda). Салмағы 16 кг-дай болатын ірі құс. Ашық даланы мекен етеді. Ұяларын бозды, түрлі шөпті далаға, кейде егіндікхе де салады. Жазғы тұрым қосарланып жүреді. Жұмыртқаларын тек қана ұрғашысы басады. Ұясында 2-6 жұмыртқа болады. Инкубация 30 күнге жетеді. Жұмыртқадан шыққан балапандары ширақ келеді. Жұмыртқа салмайтын уақытта топтанып жүреді. Жыл құстарын топтанып жүрген кезінде аулайды.
Жыртылмаған тың жерлерге үлкендігі тауықтай безгелдек (Otis tetrax) деген дуадақтарға жақын, бірақ жыртылған жерде кездеспейді. Закавказьеде, Индияда, Африкада қыстайды. Аз болғандықтан кәсіптік маңызы шамалы.
9. Көгершіндер (COLUMBIRFORMES).
Көгершіндер орманды, кейде таулы жерлерде тіршілік ететін, адам жайларына үйір, денесі тығыз, тұмсығы қысқа және балауызсымақтары бар құстар. Олардың танау тесіктерін терілі қаппен бүркелген. Моногамды. Көгершіндер бүкіл жер жүзіне тараған. Олардың өте көбірек тараған жерлері Малай архипелагы мен Австралия. Жалпы үш жүздей түрі белгілі. СССР-де 11 түрі кездеседі. Мысалы: клинтух (Columba oenas), вяхиръ (Columba palumbus) иығында және мойнының бүйір бөлімінде ақ дақтары болады, бұлар СССР-дің солтүстігіне таман тараған, жабайы көгершіндер немесе көк кәгершін, зікірлі кәгершін Мадагаскарға таяу жердегі Маврсекия, Бурбон, Родригец аралдарында кездеседі. ХҮІІ ғасырға дейін жойылып біткен ірі дронт көгершіні — деген түрлері тіршілік еткен.
Осы кездегі көгершіндердің жабайы түрлері - ағашты, таулы жерлерде тіршілік етеді. Олар ағаштардың үстіне, қуысына немесе жарлардың қуысына қалай болса солай шөптесін заттардан салады. Ұясында 1-2 жұмыртқасы болады. Жұмыртқаларын еркегі де, ұрғашысы да кезектесіп басады. Жұмыртқалардан 14-тен 30 күннің ішінде балапан шығады. Қорегінің көпшілігі мәдени және жабайы өсімдіктердің дәндері, жемістері мен тұқымдары. Бұлар аздап құрттарды және жұлдыз құрттарды да жейді. Кейбір түрлері күзге қарай бірнешеуі бір жерге топтанып, астық дәндерін жеп шаруашылыққа зияндарын тигізеді.
Көгершіндерді қолға үйрету біздің заманымыздан бірнеше мыңдаған жыл бұрын басталған.
10. Көкектер (CUCULIFORMES).
Бұл отрядқа көкектердің 200-ге жуық түрі жатады. Негізінен тропик өңірде кездесетін ағашты және бұталы жердің құстары. Аздаған түрлері өздеріне ұя салады және жұмыртқаларын басады. Көпшілігі ұя, салып, жұмыртқа басу инстиктін жоғалтқан. Мысалы, қаршыға көкек (Heirococcyx sparveroides) деген шығыс Азияда мекендейтін түрі кейде жұмыртұқасын өзі басып, балапан шығарады, көпшілігінде жұмыртқасын басқа құстардың ұясына салып кетеді. Теңбіл көкек (Coccystes glandarius) жұмыртқаларын тек қарға тәрізділердің ұяларына салады. Бұлардың балапандары, ұяның иесі болып саналатын құстың балапандарын, ұядан итеріп құлатпайды.
Көкектердің жұмыртқасының түсі түрліше, әдетте, жұмыртқасының түсі ұядағы басқа құстың жұмыртқасына түстес болып келетіні анықталған. Көкек жұмыртқасын басқа құстың ұясына апарады. Жұмыртқадан шыққан көкектің балапандары ептеп иесінің балапанының астына кіріп, оны я жұмыртқаны ұядан итеріп шығарып тастайды. Көкектер басқа құстар жей алмайтын зиянкес түкті жұлдыз құрттарды жеп пайдасын тигізеді.
11. Отряд. Жапалақтар (STRIGIFORMES).
Жапалақтар сыртқы белгілеріне қарағанда, күндізгі жыртқыш құстарға ұқсас болғанымен, систематикалық жөнінен олардан анағұрлым алыстау тұрады. Олардың арасындағы кейбір ұқсастықтар тіршілік жағдайларының ұқсас болуының нәтижесінен келіп шыққан.
Жапалақтың қаурысындары қалың және жұмсақ, қопсып тұрады. Сондықтан да ұшқанда дыбыс шығармайды. Қорегін есту органының көмегімен іздеп табады. Құлағының қалқаны біршама жақсы жетілген. Құлақ қуысының алдыңғы жағында, дыбыс толқындарын күшейтетін тері қатпары орналасқан. Бұлардың көзі үлкен, сондықтан жапалақтар түнде де жақсы көреді. Басын өте тез қозғап 270 градусқа бұра алады. Қорегін ұзын саусақты табанымен қармап ұстайды.
Күндізгі жыртқыш құстардан айырмашылығы, жапалақтың жемсауы болмайды. Бұлар көп жерге тараған құс, 200-ге жуық түрлері бар. Ал бізде соның 20-дай түрі кездеседі. Балапандары әлсіз, көп уақытқа дейін ұяларында болады.
Ақ жапалақ (Nystea scandiaca) ірілігімен және ақ түсімен ажыратылады. Тундрада ұялайды. Қыста оңтүстікке ұшып келеді. Ақ жапалақ күндіз қорегін жақсы аулай алады.
Үкі (Bubo bubo) жапалақтардың ішіндегі ең ірісі. Ол бізде тундрадан басқа жердің барлығында да кездеседі. Ұяларын жерге, жартастарға, кейде ағаштарға салады. Ұяларында 2-3 жұмыртқа болады. Жемін түнде аулайды. Жер жағдайына және жыл маусымына қарай, қоректерінің түрлері өзгеріп тұрады. Орта Азияда қыста негізінен құстармен қоректенеді (үйректер, қасқалдақтар т.б.). Оңтүстік жаз кезінде қояндармен, қосаяқтармен және кірпілермен қоректенеді.
Құлақты жапалақ (Asio otus) аса ірі болмайтын, жақсы дамыған "құлағы" бар құс. СССР-дің оңтүстігінде және қоңыржай өңірде кеңінен тараған. Бұлар көбінесе аралда және орманның ашық жерлерінде болады. Ұяларын ағаштардың қуысына, басқа құстардың ескі ұяларына немесе жерге салады. Ұясында 3-7 жұмыртқа болады. Қорегін түнде аулайды. Негізгі қорегі тышқан тәрізді кемірушілер, құстар, кейде насекомдар болып есептеледі.
Байғыз (Athene, Glaucidium) - ұсақ жапалақтар. Басы үлкен, "құлағы" болмайды.
Сұр неясыть (Syrix aluco) — кәдімгі біздің жапалақтардың бірі. Үлкендігі қарғадай, құлақ айналасындағы қауырсындары болмайды. Олар Европаның, Сибирьдің, Кавказдың және Орта Азияның орманды жерлеріне тараған. Отырықшы, баяу қозғалатын құс. Олар ұяларын ағаштарға, ағаш қуыстарына салады. Жемін түнде аулайды. Тышқан сияқты кемірушілер, насекомдар, құстармен қоректенеді. Жапалақтардың тағы пайдасы, басқа жыртқыш құстар түнде ұйқыда болған кезде аулайды.
12. Отряд. Торғай тәрізділер (PASSERIFORMES).
Торғай тәрізділерге қазір тіршілік ететін құстардың жартысынан көбі жатады. Оның 5000-ға тарта түрі белгілі. Сыртқы пішіні мен дене мөлшері алуан түрлі болады. Ең ұсағы королек, оның салмағы 5-6 г болады, ал ірісі қарға салмағы 1100-1500 г болады. Торғай тәрізділердің көпшілігі бұталы, орманды жерлерді мекендейді. Торғай тәрізділердің ішінде нағыз су құстары болмайды. Барлығы да болжыр балапанды құстар. Ұясын өте ұқыпты жасайды. Кейбір түрлері жылына екі рет балапандайды. Торғай тәрізділер үш отряд тармағына бөлінеді.
1. Үншіл торғай тәрізділердің (Clamotores) дыбыс еттері симметриясыз орналасқан қарапайым құстар. Тропиктік ұсақ орман құстары.1000-ға тарта түрі белгілі, 11 тұқымдасқа топтасады.
2. Жалған жыршы торғай тәрізділер (Menurae) бұған Австралияғатараған бір азғана түрлері жатады. Нағыз торғай тәрізділермен салыстарғанда, дыбыс байланыстары нашар жетілген. Негізгі тұқымдасы — лиралар (Menuridae).
3. Жыршы торғай тәрізділер (Oscines) — бұл отряд тармағына, отрядтағы түрлердің 2/3 бөлігі жатады. Дыбыс аппараты толық жетілген, 5-7 пар дыбыс еттері болады. 4000-ға тарта түрі белгілі, олар 52 тұқымдасқа бірігеді. Оның кейбір түрлерін ғана қарастырамыз.
Бозторғайлар (Alaudidae) далада, шөлді жерлерде тіршілік ететін ұсақ құстар. Артқы саусағының тырнағы түзу және ұзын болады. Бұлар ауада ұшып жүріп жырлайды. Насекомдармен, дәндермен қоректенеді. Бозтолрғайлар өте пайдалы құстар болып есептеледі.
Қарлығаштар (Motasillidae) өте тез ұшатын, ұсақ құстар. Олар насекомдарды ауада ұшып бара жатып қағып, ұстап жейді. Бізде қарлығаштардың үш түрі қыстау қарлығашы (Hirundo rusica), қала қарлығашы (Delichon urbica) және жаға қарлығашы (Riparia riparia) кездеседі.
Қаратамақтар (Motacillidae) шабындық және далалы жердегі үлкендігі торғайдай болатын ұсақ құстар. Қонып отырғанда ұзын құйрығын әрдайым қозғап отырады.
Сушылқара (Oляпка)(Cinclidae) насекомдарды және олардың личинкаларын іздеп суға жақсы сүңгіп, судың түбімен тез жүгіретін ұсақ құстар. Бізде кәдімгі оляпка немесе сушыл қара (Cinclus cinclus) деген түрі тіршілік етеді.
Шымшықтар (дрозды) (Turdidae) — дене мөлшері орташа және ұсақ болып келетін орманда және жер бетінде тіршілік ететін құстар. Ағаштың басына, қуысына жарлардың қуысына ұялайды. Көпшілігінің әтештері жақсы жырлайды. Бұл тұқымдасқа: әнші (Turdus philomelos), қара шымшық (Merula merula), шақшақай (Saxicola), бұлбұл (Luscinia) т.б. жатады.
Шыбын қаққыштар (Muscicapidae) — ормандарда тіршілік ететін насекомдармен қоректенетін ұсақ құстар. Көбінесе ағаштардың қуысына ұялайды. Бау-бақшаларға іліп қойған жасанды ұяларға да ұя салады. Насекомдарды ұшып жүріп ұстайды.
Тағанақ торғай (Laniidae) — дене мөлшері орта және ұсақ болып келетін, орман арасындағы кеңістерді, бұталарды, ағаштары кесілген алаңдарды мекен ететін құстар. Олар ауада ұшып бара жатқан насекомдарды ұстап, қоректенеді. Ірі түрлері тышқандарды, өзінен кіші құстарды ұстап жейді және олардың ұяларын бүлдіреді. Тағанақтар қоректік заттарын ағаштың құрғақ бұтақтарына іліп қойып, тамақ қорын жасайды.
Қараторғайлар (Sturnidae) — жерде қоректенетін, ағашта және жер бетінде мекендейтін, ұяларын ағаштардың қуысына немесе тастардың арасына салатын құстар. Қаратоғайлардың екі түрі бар: кәдімгі қараторғай (Sturdus vulgaris) және бізде оңтүстікте болатын күлгін қараторгай (Pastor roseus) көптеген шегірткелерді құртып, пайда келтіретін құстар.
Қарғалардың (Corvidae) - дене мөлшері орташа, ірі болып келетін құстар. Бірсыпырасы орманда, бірсыпырасы жер бетінде тіршілік етеді. Қарғалар кез келген затпен қоректенеді. Бұл тұқымдасқа - құзғын қарға, қара қарға, ұзақ, сауысқан, самырсын құс, ақтұмсық қара қарға және жорғаторғайлар жатады.
"Жұмақ" құстары (Paradiseidae) — ашық түсті болатын Австралия мен Жаңа Гвинейдің құстары. Бұлардың жыныс диморфизмі өте айқын ажыратылған. Кебір түрлері шағылысу кезінде жерге "балаған" жасап, оны әдемі, ашық түсті тастармен, өздерінің қауырсындарымен және басқа заттармен әшекелейді. Осы жерде олардың "күй ойнағы" өтеді.
Сарышымшық (Paridae) - ағаш діңімен, бұтағымен тез қозғалатын құстар. Олар ағаштардың қабығының және жапырақтарының үстінен немесе ағаштардың жарығанан насекомдарды теріп жейді. Көбіне ағаш қуысына ұялайды. Өсімдік қалдықтарының талшықтарынан ерекше ұя жасайтын құрқылтай дейтін түрі бар.
Өрмелегіш торғай (поползни) (Sittidae) — таулы және орманды жерлерде тіршілік етеді. Олар тегіс жардың, ағаштың үстімен жақсы жорғалай алады. Өрмелегіш торғайлар жіңішке тұмсығымен жарлардың тар жарықтарындағы насекомдарды алып жейді. Ағаштың қуысына ұялайды.
Нектарниктер (Nectariniidae) — тез қозғалатын тропиктік құстар. Олар ұзын, жіңішке тұмсықтарымен өсімдіктердің гүліндегі нектарды алып қоректенеді.
Таушымшықтары (Fringillidae) көпшілігінде дәндермен қоректенетін, ұсақ, конус пішінді тұмсығы болатын құстар. Ұя салмаған уақытта бірнешеуі бірігіп, топтанып жүреді. Бұл тұқымдасқа жататындар щеголь, шымшық, бозшымшық, сарыторғай, шубаршымшық және таушымшықтары.
Құстарды қорғау.
Құстардың адамның рухани өмірінде алатын орны зор. Адам құстарды клеткаларда ұстап өзіне жақындатуға тырысады. Отанын есте сақтау үшін басқа елде жүргенде өзімен бірге ала кетеді. Құстардың мәдени-эстетикалық маңызы зор.
Алайда адамдар ең алдымен құстардың шаруашылық және практикалық маңызына мән береді. Құстар ауыл және орман шаруашылығы үшін зиянды жәндіктер мен кеміргіштерді жеп санын елеулі дәрежелерде азайтушылар. Насекомдармен азықтанатындар күніне 5-6 рет қарнын толтырады. Мысалы, үлкен сары шымшық балапандарына күніне 350-390, қызыл құйрық торғай 220-240 рет, тоқылдақ 300 рет жем әкеледі. Әсіресе, осы балапандарын қоректендіру кезінде зиянды насекомдармен қоректенетін қанаттылардың бау-бақша, егістік, орман ағаштарын зиянкестерден қорғаудағы ролі зор. Ауыл шаруашылығы зиянкестері — тышқандар көбейген жылдары ақсары күніне 14 дана тышқан мен тоқалтісін, күйкентай — 9, жапалақ - 12 тышқанды қорек етеді. Мамандардың есебі бойынша, бір тышқан жылына 2 килограмға дейін дәнді құртатындығын еске алсақ, жыртқыш құстардың пайдалы екендігі өз-өзінен анық көрінеді. Насекомдармен қоректенуші қанаттыларды ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің маңына үйір ету маңызды міндет болып отыр. Зиянды насекомдармен күресу үшін құстарға ұя жасап ілу, арнайы тамақтандыру алаңдарын жасау жұмыстарын жүргізу қажет. Әсіресе ағаш діңгегінің қуыстарына ұялайтын шымшықтар, қаратамақ торғайлар, шыбынқаққыштар т.б. құстарды үйір ету керек.
Ауыл шаруашылығының зиянкестеріне күресте жыртқыш құстардың ролі зор. Бұрын жыртқыш құстарды аңшылық шаруашылықтың жауы деп, басқа құстарды жеп шығынға ұшыратады деп оларды құртып отырды. Кейін келе жыртқыш құстардың биоценоздағы ролі айқындалып, олардың зиянды кеміргіштердің санын реттеп отырғандығы белгілі болып, қорғауға алды. Атуға рұқсат берілмеді. Жыртқыш құстарды қолда көбейтіп, содан кейін табиғатқа жіберу, азайып бара жатқан құстардың санын қалпына келтіруде жақсы нәтиже беруде. Жыртқыштар мен оларға қорек болатын құстардың арасында өзара тепе-теңдік болу керек, өйткені олар тіршілік етуі үшін бір-біріне себепкер болады.
Улы химикаттарды пайдалану (ДДТ, гексахлоран т.б.) жыртқыш құстарға зиян келтіруде. Қоректі заттардың жоғарғы байланыс сатысында тұрған жыртқыш құстардың денесінде улы заттардың мөлшері өте көп болған. Ал концентрация мөлшері көп болған жағдайда олардың көбеюіне керсінше әсерін тигізген. Адамдардың тікелей немесе жаман әсерлері жыртқыш құстар тіршілігіне, олардың көптеген түрлерінің сиреуіне әкеліп соқты. Қазақстанның "Қызыл кітабына" құстардың 44 түрі тіркелген.
Адамдардың құстарды пайдаланған ең көне әдісі - аңшылық. Құс салып аңға шығу ел арасында кең тараған. Әсіресе әуесқойшылық сұңқармен, қаршығамен, бүркіттермен Орта Азияда, Қазақстанда, Кавказда кейбір Европа жерлерінде аң аулау күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.
Құстардың әуесқой және спорттық аңшылардың объектілері ретінде де зор маңызы бар. Мұның өзі адамды сергітіп, еңбек қабілеттігін, денсаулығын жақсартады. Кәсіпшілік маңызы бар құстар, көптеген елдердің экономикасында маңызды орын алады. Еркін аулау, аңшылық өңірлердің азаюы, қоршаған табиғи ортаның ластануы, улы химиялық заттарды пайдалану әсерінен аңшылық маңызы бар құстардың қоры жылдан-жылға азаюда.
Біздің елімізде аңшылық маңызы бар құстарды қорғау шараларын қолдануда. Сирек түрлерін аулауға тыйым салынған, ату мерзімі мен мөлшері белгіленген. Мезгілсіз, рұқсат қағазынсыз ататындармен (браконьер) күрес, аңшылық өңірдің өнімділігін арттыру үшін биотехникалық шараларды іске асыру, аңшылық өңірдегі құстардың санын арттыру, ұяларды бұзудан қорғау және тағы басқа да шараларды ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылған. Аңшылық құстардың санын арттыруда тек қорықтармен шектеліп қалмай, бірнеше жыл қатарынан аң аулауды тоқтатқан заказниктер ұйымдастырылып аңшылық шаруашылықтарда олардың сан мөлшері реттеліп отырады, реті келсе саны қалпына да келтіріледі. Сайып келгенде аңшылық ережелерді сақтау аң-құс қорын қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ететін елеулі шаралардың бірі. Аңшылар үлкен күш. Олар кең далада пайдасы бар бүркітті немесе буаз түлкіні бақылаусыз ататын шоферлер мен трактористі, геологиялық экспедицияның мүшесін, атуға тыйым салынған жануарлар арасынан өзіне олжа іздегендерді жөнге салып отыруға тиіс.
Қырғауылдарды, құрларды, бөденелерді, үйректерді қолда ұстап оларды аңшылық өңірлерге жібереді.Польшада аңшылық шаруашылықта және арнайы қырғауыл өсіретін жерлерде 100 мыңға дейін қырғауыл өсіріп, соның 50 мыңнын жылма-жыл аңшылық өңірлерге жіберіп отырады. Францияда аңшылық құстарды 1983 аңшылық шаруашылықта көбейтеді. 1968 жылы осы шаруашылықтарда шамамен фазаның 1 миллионнан аса жұмыртқасы мен балапаны, 1,6 миллион бөдененің және 1 миллион жабайы үйректерді дайындап берді. Олар жылына аңшылық өңірлерге 2,5 миллион қырғауыл және 0,4 миллион құрларды жіберіп отырады. Краснодар өлкесіндегі Майкоп қаласындағы қырғауыл өсіретін питомник 1958 жылдан бері 100 мыңнан астам қырғауыл өсірген.
Достарыңызбен бөлісу: |