Мазмұны: I. Кіріспе



бет1/2
Дата26.06.2018
өлшемі1,11 Mb.
#44376
  1   2
Мазмұны:

I. Кіріспе.

1.Қазақ халқының ғұлама ғалымы, зерттеушісі, әйгілі фольклорист, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев.



II. Негізгі бөлім.

1. Жоқтау халық поэзиясының көне түрлерінің бірі.

2.М.Ж.Көпеевтің қолжазбаларын В.В.Радлов қолжазбаларымен салыстыру

IV. Қорытынды мен ұсыныстар

V. Пайдаланған әдебиеттер тізімі

VI. Қосымшалар

Тақырып: Жоқтаудың ғұрыбы Мәшһүр Жүсіптің жоқтаудың мысалында

Зерттеудің мақсаты:

Ақын жинақтаған ауыз әдебиеті үлгілерінің қаншалықты маңызды екенін, бізге жеткендігі, оның бағалылығын таныту. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының халық ауыз әдебиетіне жататын жоқтауларды жалпыға жария ету.

Міндеті:


  • М.Ж.Көпеевтің өмірбаянына қысқаша шолу;

  • Жоқтау туралы мәліметтермен танысу;

  • М.Ж.Көпеевтің шығармаларындағы сөздер мен сөз тіркестерін В.В.Радлов шығармаларындағы сөз бен сөз тіркестерімен салыстыру.

Болжамы:

егер орыс тілінде оқытатын мектепте әдебиет сабағы бойынша бағдарламада М.Ж.Көпеев туралы сағат саны көбейсе, арнайы курс жүргізілсе, М.Ж.Көпеевтің шығармашылығына ерекше көңіл бөлінсе, оқушылардың білімдері терең, тіл байлығы мол, әсем, ойы ұшқыр, көркем және қызығушылықтары жоғары болатыны дәлел.

Зерттеудің жаңалығы :

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ әдебиті үшін еткен еңбегі баға жетпес мұра.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы. Мәшһүр-Жүсіп араб және парсы тілдерін жетік білгенімен қоймай,көп тілді білген ғұлама.

Мәшһүр-Жүсіп (Адамжүсіп) - ғұлама ғалым, әйгілі фольклорист, тарихшы, ақын, әулие 1858 қой жылы, ережеп айында, жұма күні әкесі - Көпей марқұмның 42 жасында, анасы - Танашқызы Ұлбаланың 18 жасында Қызылтауда Ашамайтас деген жерде дүниеге келген.Мәшһүр - Жүсіп туған күні Қашқынбай, Босқынбай, Қармыс балалары, Босқынбайдың әйелі Қисық жерден көтеріп алып, кіндігін кескен. Мәшһүр-Жүсіп қисықтық, қыңырлық мінез сол кіндік шешемізден жұққан деп отырады екен.

Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен бірге, ол күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады десек те болады. «Қазақтың жері», “Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді...”

10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел ау­зы­нан да, қағаз бетінен де жинау­мен айналысады.

Мәшһүр Жүсіп жинаған фольклор үлгі­лерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгі­мелер. Мұндағы аңыздар: жер-су аттары.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы­ның аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгі­мелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шек­телмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жыр­ларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақын­дар айтысын, т.б. жинағаны белгілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған фоль­клорлық үлгі­лерге жанрлық жағынан келетін болсақ, ел аузынан тұрмыс-салт жырла­рының 30-40 шақтысы топталған.

Ол ел арасынан: “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Көкше”, “Ер Са­йын”, “Нәрік ұлы Шора батыр”, т.б. тәрізді батырлар жырында, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Алтынбас-Күмісаяқ” т.т. лиро-эпос­тық жырларды да, сондай-ақ “Киік”, “Боз­торғай”, “Дін үйренетұғын” тәрізді басқа шығармаларды да жинаған. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ер Тарғын” жырларын Мәшһүр Жүсіп 1866 жылы 8 жасында-ақ Қамар хазіреттің қолжаз­басынан көшіріп алғанын бі­леміз. Ал “Алтынбас-Күмісаяқ”– 200 жол­дан тұ­рады дей отырып, бұл жыр үлгі­лерін жи­наған В.Радлов екендігін Мәшһүр Жүсіп көрсетіп кеткендігінің де куәсі бол­дық. Бұл үлгілерді Мәшһүр Жүсіп В.Радлов жина­ғынан ала отырып, олардың бәрін қол­жаз­баның әр жеріне шашыратпай, бір же­ріне ғана топтастыра орналастырған. Сон­дай-ақ, қолжазбалар ішінде “Сайын батыр” жы­рының көлемі 2000 жолдан тұрады деген де дерек бар.

Зерттеуші ел арасынан түрлі ер­те­гілер де жинаған – “Еділ-Жайық”, “Көр ақ­тар­ған Жаманбай”, “Баһырам патша ту­ралы”, “Есен тентек туралы”, “Ертеде бір хан болыпты” , “ Ақтабан шұбырын­ды, Ал­қакөл сұлама”, “ Еңсегей бойлы Ер Есім”, “Ала­ша хан”, “ 7 жасар Жел­кілдек”, “Ер Төс­тік”, “Әз Жәнібек және бір ұста”, “Екі пат­ша”, “Әділ би”, “Сүйіндік:Олжабай батыр, “Тама Сарыбас мерген”, т.б.

Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ерінбей ұзақ жинағаны мәлім. Фольклордың басқа жанрларына қара­ғанда, мақал-мәтел­дер­ді жинаумен ай­налысу фольклорист-ғалымнан ұзақ уақыт пен қажымас ізденуді, еңбектенуді қажет ететіні белгілі. Себебі, мақал-мәтелдер дайын күйінде жеке-дара кез­деспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не қолжазбалар ішінен, туындылар арасынан іздеп табу арқылы қағазға түсіру керектігі аян.

Мәшһүр Жүсіп сондай-ақ ақындар айтысының не бір тың үлгілерін де жинаған. Мәселен, “Ұлбике қыз бен Кү­дері қожа ай­тысы”, “Ұлбике қыз бен Қа­рақалпақ Жан­кел ақын айтысы”, “Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Үмсін қыз бен Заман қожа ай­тысы”, “Шоң, Торайғыр ақыны Орманшы Са­қау ақыны мен Қара­кесек қызы Тоғжан ай­тысы”, “Қалдыбай қожа мен Соқыр Шө­же айтысы”, “Соқыр Шөже мен Қаракесек ақы­ны Балта айтысы”, “Қаракесек Қамбар Жа­нақ пен Най­ман Сабырбай айтысы”, “Қаракесек Қам­бар Жанақ пен Найман-Түбек ай­тысы”, “Қаракесек Қамбар Жанақ пен Ор­маншы- Сақау ақын айтысы”, “Қу­ан­дық-Алтай бір ақыны мен Найман қызы Опан айтысы”, “Керей-Тұрлыбике ақыны Үрімбай ақыны мен Арыстанбай ақын айтысы”, “Айдабол-Күліктің Күлігінен шыққан Жамшыбай ақыны мен Найман-Түбек айтысы”, “Ақбала қыз бен Боздақ жігіт айтысы”, “ Қыз бен жігіт айтысы” тәрізді ақындардың сөз қағыстырулары Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында белгілі бір тәртіппен, реттілікпен берілген.

Сондай-ақ қолжазба ішінде ақын айтыс­тың: “Қыпшақ Өске Тәтті қыз”, “Қолға түскен Алтай жігіт –Найман Опан қыз” айтысы 46 жолдан, “Шортанбай қожа мен Арыс­танбай ақын” айтысы 100 жолдан, “Шал мен қыз”, “Шөже мен Қалдыбай”, “Жа­нақ пен Түбек”, “Ұлбике мен Күдері” ай­тысы – 106 ауыз өлең, “Жанкел мен Ұлбике” айтысы – 100 ауыз өлең, “Заман қожа мен Осы қыз” айтысы – 50 ауыз өлең, “Тоғ­жан мен Сақау” айтысы – 78 ауыз өлең т.б. деген түрлерін қанша жолдан тұратынын дере­гімен де бірге берген.

Ақын қол­жаз­ба­ларында көптеген ақын жыраулардың өлең мен қиссалары, дастандары т.б. бар: Бұхар жырау, Мәделі қожа, Сақау ақын, Ақан сері, Шернияз т.б. өлеңдері, Қоңырат Сапақ датқа ақ­ын, Үйсін Үмсін қыз, Заман қожа, Тоғ­жан, Қалдыбай қожа, Шөже ақын, Арғын- Қам­бар Жанақ, Найман Сабырбай, Най­ман Түбек, Найман-Опан қыз, Орынбай, Шор­танбай қожа, Күлік-Жамшыбай, Қаракесек Бал­та, Көтеш, Ақмолла, т.б. ақындар туын­дыларын қағазға түсірген.

Бұл жинаушылық барысында белгілі фольклорист-ғалымдар: Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин, т.б. тәрізділер сияқты Мәшһүр Жүсіп те өзіндік жинау әдісіне сүйенгені белгілі. Олар: тілдік ерекшеліктерді сақтау, дәлділік, айтушы аузынан сол қалпынан көшіру, арнайы бір тақырыпқа материал жинау, т.б.

Сондай-ақ айтушы не айтты – бәрін тү­гел қалдырмай жазу шарты, еш сөзін қыс­қартуға, алып тастауға немесе өз жанынан басқа бір нәрсені қосуға мүлде болмай­тын­дығы, диалектілік ерек­шеліктер болса оны да тастамай көрсетіп отыру керектігі жө­ніндегі т.б. талаптар барлық фольклорист ғалымдар үшін ортақ. Сол тәрізді шығар­маны кім, қашан, қайдан, кімнен естіп жаттап алды деген сауалдарға жауап жазу керектігі тәрізді талаптарды Мәшһүр Жүсіптің орындап отырғандығы бізге мәлім.

Мәшһүр Жүсіп жазбаларында фольк­лор­дың барлық жанрлары қамтылған. Егер жанр бойынша жіктеп жүйеге келтірсек, ерте­гі­лерден 15 шақты мәтін үлгі; батырлық жыр­лардан – 5-6; ғашықтық жырдан – 2-3; қисса-дастандардан – 11-12; тұрмыс-салт жыр­ларынан – 30-40 шақтысы; аңыз-әңгі­ме­лердің – 200-300 үлгісі; жаңылтпаштың – 100-150 шақты көлемі; жұмбақтың қара сөз бен өлең түріндегісі – 50 шақтысы; ма­қал-мәтелдердің 2,5 мың жолдық мөлшері; ақындар айтысының 27 үлгісі; 30-40 шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары т.б. орын алған. Сондай-ақ қолжазбалар ішінде шежірелер, діни өлеңдер мен нақылдар, әлі баспа бетін көрмеген күлдіргі сөздер топ­тамасы, т.б. нұс­қалары бар. Мұндай үлгілерді жи­нағанда аражігін бөліп-жармай, жаңа-ескі деп қарамай, шамасы келгенше фоль­клордың әр жанрын қамтып, барлығын жан-жақт­ы жинауға тырысу тек Мәшһүр Жүсіп ерекшелігі емес, сол тұстағы көп­теген ғалым-фольклоршы­лардың шарты.

Мәшһүр Жүсіп өзі жинаған үлгіле­рінің кө­лемін белгілеп отырған. Мәселен, “Ғылым бі­лімі” кітабы 129 сахифадан тұрады дей оты­рып, оның ішінде 12 аят, 18 хадис, 43 мақал, 114 ауыз өлең бар десе, ал “Әмір” әң­гімесі 26 сахифадан, 104 ауыз өлеңнен тұ­рады дейді. Мұндағы сахифа – араб сөзі, “бет”, “парақ”, “газет” деген мағынаны береді.

Бұлардан басқа қолжазбаларда мы­надай мәліметтер берілген: “Хазірет Юсуф пай­ғамбар”, “Шайқы Бұрқы әулие мекіре балықтан туған”, “Сары­арқа тарихы”, “Шоң, Торайғыр билер”, “Абылай аспаған са­ры бел”, “Қоқан хандары тарихы”, “Кіші жүз ұрандары мен рулары”, “Ша­ныш­қылы Бердіқожа батыр тарихы”, “Едіге мен Төле би”, “Көлеби батыр”, “Олжабай батыр тарихы”, “Абылай хан”, “Махамбет деген батыр шығыпты деп барып тапқан 92 батыр” турасында, қазақ шежірелері (Орта жүз тарихы, Мейрам сопы тарихы, Қуандық, Қаракесек, Найман, Қыпшақ тарихтары), “Барпық әңгі­мелері”, күлдіргі сөздер, “Қара­кесек пен төрелер ұраны” туралы, Мөңке би, Досбол би, Қожакент пен Өзкент, т.б. қал­алары турасында, “Ошақты Қоңырбай қалпе” әңгімесі, “Хазірет Нұхқа 370 жа­сында пайғамбарлық берілді”, діни нанымдар т.б., Сарман, Қиғара, Қосдәулет би­лер хақында, жыл басы туралы, Ор­ман­шы ақсары Шотана батыр жайындағы деректер орын алған.

Қолжазбадағы кейбір материал­дардың жа­зылған жылдары да көрсе­тілген. Мәселен, “Тө­бет ішіндегі Жан­келді” деген әңгіме 1908 жылы жазылды десе, “Бір ханның жалғыз баласы өлгенде” деп басталатын шығарма 1921 жылы хатқа түсірілді деген белгілер бар.

Жалпы ауыз әдебиеті мен фоль­клорлық нұсқаларды жинаушылардың көпшілігі ұстанған дәстүрдің бірі – экс­педициялық әдіс екені белгілі. Бұл экс­педиция сапар­ларында В.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев т.б. сынды ғалым­дар көптеген ауыз әде­биетін жинай­тын тіл­шілер мен өз елінің мә­дениеті мен фоль­клорына жанашыр көз­қараспен қарайтын энтузиаст адамдардың да көмегіне сүйеніп отырғаны мәлім. Және де фольклорист-ғалымдар қолданған мұндай тәсіл фоль­клорлық үлгілердің жанр жағынан жан-жақты жиналуына негіз болды.

Жинаушылықтың осы формасын “экс­пе­­дициялық” әдісті Мәшһүр Жүсіп те көп қолданған. Бірақ жинаушылық барысында Мәшһүр Жүсіп жоғарыдағы фольклорист-ға­лымдар тәрізді тілшілер, т.б. көмегіне сүйен­бе­ген. Мәшһүр Жүсіптің қазақ тілін жете мең­гергендігі, бір жағынан, оның жи­нау­шылық қызметінің тілдік қиындықтарға ұрын­­бауын негіздесе, оның жинау жұ­мыс­та­­рының тез қарқынды жүруіне де, фоль­клор­­лық үлгілерінің мол болуына да ықпал етті.

В.Радлов, Г.Потанин тәрізді фоль­клорист-ғалымдар фольклорлық үлгіні жинағанда жанрдың көнелігіне баса назар аударып, көмекшілеріне көбінесе сол жағын көп тапсырғаны байқалады. Онысы дұрыс та, әдетте бір ел өкілі екінші бір ха­лық­тың тарихын, әдет-ғұрпын білгісі кел­се, ең алдымен оның фольклорын, яғни әсіресе көне жанр түрі – аңыз­да­рына зе­йін сала­тыны мәлім. Сол арқылы бүкіл халықтың тү­сінігін, арман-ойын, салт-ғұрпын, мә­де­ниетін, т.б. түсінеді. Мәш­һүр Жүсіп болса, халыққа сол кезең­де “не керек” дегендерді аражігін ашпай жинай берген. Яғни, елінің тарихын, әдет-ғұрпын, халықтың мінез ерекшеліктері, тұрмыс-салты, т.б. жақтары – бәрі қажет боларын сезініп, неғұрлым ау­қымды жұ­мыстар атқарған. Сонымен жи­нау­шылықтың негізгі мақсаты халыққа “не пайдалы” деген тұрғыдан жүргізіл­ген­діктен де басқа дамыған елдер қатарында өмір сүру үшін қазаққа не қажет, өскелең ұрпақты қалай тәрбиелеген жөн, ол үшін қандай үлгі-өнеге боларлық іс-әрекет қолдану керек. Сондай-ақ тарихтың қай кезеңдері: үлгілі билер мен айбарлы хандар заманы ма, әлде аты аңызға айнал­ған Асан қайғы мен Жи­ренше ше­шен тә­різді бабалар дәуірі ме, қай­сы­сында кейін­гілер тағылым аларлық қан­ша­лық мән жатқандығы – бәрі Мәшһүр Жүсіпті қы­зықтырған. Осының бәрі Мәшһүр Жүсіп жинаушылығының негізін құрайды. Міне, бұ­дан біз Мәшһүр Жүсіптің фольклористік кон­цепциясы оның демо­кратиялық, ағар­ту­шылық көзқарасынан туын­дағанын кө­ре­міз.

Қазақ халық әдебиетінің жиналу тари­хын сөз еткенде, өз әріптестеріне Ш.Уә­ли­ханов, В.Радлов, Ә.Диваев, т.б. қара­ғанда, со­ларға үндес ететін ортақ си­пат­тарымен қатар Мәшһүр Жүсіптің өзіндік ерек­­шеліктері мол екеніне алдымен көңіл бөлу керектігін айтқымыз келеді. Шығыс, ба­тыс мәдениетін, қазақ тілін жетік мең­герумен бірге араб, парсы, орыс, көне түркі тілін жете игеруі жә­не ХІХ ғасырдың соң­ғы ширегі мен ХХ ға­сырдың бас ке­зінде қазақ даласын көп аралауы нә­ти­жесінде Мәшһүр Жүсіптің қазақ халық әдебиетін өз заман­дастарына қарағанда, анағұрлым мол жинап, ол туралы кеңірек зерттеу жүргізу мүмкіндігі болды. Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған көп ма­те­риалдарды шолып қарай отырып, оның жи­наушылық еңбектерін саралауға бас­тай­тын мынадай ерекше­ліктерін жинақ­тап айтуға болады.



  • Бірін­шіден, Мәшһүр Жүсіп ерте­гінің, не аңыз­дың қысқартылған сұл­басын, шы­ғарма фабу­ласын берумен шектелмеген. Ақын белгілі бір материалды ел арасындағы ай­тылу қалпын сақтай отырып, неғұрлым толық қамтып отырған.

  • Екіншіден, әрбір сөздің сол кездегі дыбысталу қалпын, орфоэпиясын ескеріп, белгілі бір сөздерді естілуі бойынша қағазға түсірген. Әсіресе, сөздің дыбыстық әуез­ділігіне, өзара үнде­суіне көп көңіл бөлі­нетінін, дыбысталу сапа­сының сөз мағы­насына, сол арқылы шы­ғар­ма көр­кем­ділігіне пәрменді ықпал жасап оты­ратынын бағамдасақ, бұлай жазу қазақ тілін­­дегі сөздер фонетикасы тарихын жа­сау­да да елеулі рөл атқара­тынын дәйек­теуге бо­лады.

  • Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп қай ма­териалды кімнен қандай жағдайда қалай жазып алғанын жеткізіп отырған. Демек, ол қалдырған жазбалардың тарихи, этно­гра­фия­лық, т.б. мәні айрықша бола­тыны күмәнсіз.

  • Төртіншіден, ел тари­хын, мәдениетін, әдет-ғұрпын кең білген Мәшһүр Жүсіп жинаған материалдарға деген өз бағасын, байқау­ла­рын қоса жа­зып отырған. Соңғы айтыл­ғандары Мәшһүр Жүсіптің естігенін құр жа­зып алу­мен ғана емес, оларды сара­лап, белгілі бір тарихи жағ­дай, ел ахуа­лымен са­лыс­ты­рып отыр­ған зерт­­теушілік ең­бегін көрсетеді.

Мәшһүр Жүсіптің фоль­­клорист ғалым ретінде қалып­тасуының үш қай­нар көзі бар.

  • Бірі – өз елінің ауыз әдебиеті мен фоль­клор үлгі­лерінен тұ­ратын бай мұра­сын қабылдауы;

  • Екіншісі – шығыс елінің, оның ішінде орта ғасырлық ғалымдар жетістіктерін игеруі;

  • Үшіншісі – батыс ғалымдары, оның ішінде орыс зиялы­ла­рының әсері.

Ауыз әдебиеті мен фольклорлық үлгі­лерді жинау барысында Мәшһүр Жүсіп белгілі бір жинау принциптеріне сүйенген. Ол ақынның ағартушы-демо­кратиялық көз­қарасынан туындаған. Ең алдымен айтатын нәрсе, Мәшһүр Жүсіп фоль­клор­ды өзгер­туге, түзетуге жат­пайтын асыл мұра деп біл­ген, мәтінді сол қалпында хатқа түсіру шар­тын ұстанған. Сол себепті, Мәшһүр Жүсіп кімнен не алса да көрсетіп отырған.

Мәселен, “Әз Әйтеке би” әңгімесінде бір­неше мәтелдер шоғыры беріледі де, оның иесі, яғни жеткізушісі есебінде төрт Шө­ме­кейге қараның ханы бол­ғанын тілге тиек еткен.

Мұндай мысалдар ақын қолжаз­ба­сында көптеп кездеседі. Екіншіден, фоль­клорды тұрмыстың қажеті, елге білім, тәрбие беретін құрал деп білген. Сон­дықтан, әр мәтіннің шығу тарихын, айтылу жағ­да­йын, қалай та­ра­ғанын анықтап отырған. Мә­се­лен, Мәшһүр Жү­сіп жинаған “Малшы Алтай” әңгімесі. Мұнда Қуандықтың ба­ласы Алтай деген жігіттің Піс­пекбайдың жыл­қысын ерінбей, жалықпай тер төгіп, адал еңбегі арқасында жұттан шашау шығар­май аман алып шығуы баян­далады. Жылқышының таза көңіліне, адал­дығына т.б. қасиеттеріне тәнті болған бай оған өз қызы Байбикені қосады. Кейін Байбикеден туып, тараған ел “Жо­ғарғы Алтай” аталатындығы сөз болады.

Жоғарыдағы деректерге қарағанда, Мәшһүр Жүсіп фольклорлық үлгілерді тек үлгі-өнеге, т.б. үшін ғана жинамаған тәрізді. Ав­тор сол нұсқалар арқылы өзіндік ой-топ­шы­лауларын да бірге беруге ты­рысқан. Яғни, фольклорды халықтың сана-сезімінің өзіндік көріну формасы деп бағалағандығын көруге болады. Ал, бұл Мәшһүр Жүсіптің жинау­шылық пен зерттеушілігінің бір арнада тоғысқандығын дәлелдейді. Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіптің фоль­клор­ды ауызша тарих, тарихтың көзі деп тануы. Бұған, мысал ретінде Абылай ханға қатысты 16 әңгімелер циклін келтіруге бо­лады. Мұнда ханның жас кезінен қайтыс бол­­ғанға дейінгі кезеңдері келтіріледі. Жал­пы бұл әңгімелерде қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын қалмаққа қарсы елдің бостандыққа, тәуелсіздікке күрес жолы сипатталған. Яғни, қиын қыстау кезде ел басына хан боп көтеріліп, өзінің сенімді билері мен батырларына сүйенген хан Абылайдың жаужүректілігі, да­налығы, ақылдылығы, тапқырлығы, ең бас­тысы, елдің бірауыздылығы, бірлігі, тату­лығы, ынтымақ­тығы, т.б. арқасында халықтың өз арманына, мұратына жет­кендігі айтылады.

Жинаушылықтың төртінші ұстанымы – фольклорды Мәшһүр Жүсіптің филология­лық тұрғыдан қарастыруы, яғни сөз өнері деп білуі. Ол фольклор­дың ел арасында ерек­ше мәртебеге ие екенін, қазақтың сөз өнерін аса жоғары қастер­лейтінін ба­рынша айқын көрсетуге ты­рысқан. Мәшһүр Жүсіптің халық ара­сында ең алды­мен ақын-жазушы ретінде таныл­ғанын ескерсек, онда оның фоль­клорды өз шығармаларына да арқау етіп отырғаны, сонымен бірге оны тіл бай­лы­ғының, сөз өнерінің, т.б. қайнар бұлағы есеп­ті бағалағаны анық.

Мәселен, ел аузындағы “Жиренше ше­шен” аңызын қолжазбасына түсірген Мәшһүр Жүсіп, ол турасында өзінің көзқарасын да білдіріп кеткен. Онда: “Міне, жігіттер, бір ауызды сөздің түбін, төр­кінін білемін деп ізлегендіктен қа­лыңсыз бір ханның қызын алды. Өз ха­нының сатусыз, пұлсыз уәзірлігін алды. “Жігіттікте жаннан кеш те, іс қыласың, өлесің, өлмесең, кісі бола­сың!”– деп бұрынғының айтқаны осы!” – делінген ақын тамсануы да бар. Ал “Шоң биге” қатысты жинаған әңгіме­сі­нің бірінде Мәшһүр Жүсіп, құны жүз бие болатын сәукелені екі ауыз сөзбен-ақ Сақау ақынның ақысыз, пұлсыз алғандығын ескертіп өтеді. Осыдан көріп отырғаны­мыздай, Мәшһүр Жүсіп сөз өнерін, т.б. дәріптеуге арналған фоль­клор үлгі­лерін көбінесе тарихи адам­дар есім­дерімен ұштастырған. Фоль­клор үл­гілерін жиыстырғанда Мәшһүр Жүсіптің билер сөзінің де ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі, ай­насы екендігіне көңіл бөлгені бай­қалады.

Жинаушылықтың бесінші ұста­нымы – Мәшһүр Жүсіп фоль­клорды этно­графиялық мәліметтердің көзі деп қарастыруын аламыз. Яғни, белгілі бір халық­тардың шығу тегіне, рулық құ­рамына, қоныс аударуына, қалып­та­суына, тіпті олардың тұрмыс-тірші­лігіне, қор­шаған табиғи орта­сына, киетін киім­дері мен кәсібіне, рухани мәдениетіне т.б. қатысты деректердің Мәшһүр жазбасында молынан ұшырасуы назар аудартады. Мәсе­лен, “Бұл қазақ қай уа­қыттан үш жүз атанған” әңгімесі ішінде “Алаш” деген қай ел, не себепті олай айтыл­ғандығы, “Жүз” деген атау қайдан шық­қандығы төңірегіндегі аңызға ақын өз көзқарасын да бірге берген: “Бұрын­ғы заманда қазақтың Жүз деген де ата­ла­рының аты болса керек. “Жүз” деген ат­ты ұруға, “Алаш” деген атты ұранға қо­йып, жауға шапқанда “Алаш, алаш” деп шабыңдар, “Алаш, алаш” демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қы­лысыпты. Кеше “Алаш алаш болғанда, Ала­ша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұра­нымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік” деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратана қоңсы болып жүрген.

Жоқтау – кәдем фольклордың жанры. Ол көп мәдиниет үшін тән. Жоқтау-халық поэзиясының көне түрлерінің бірі. Жоқтаулар Ежелгі Грециядан бастауды алған бұрыңғы заманнан келген халық поэзиясының бір түрі болып есептеледі. Жоқтауларда ерекше аянышты саздылық бар. Мұнда орындаушының күйініші айтылады. Бұл күйініште нақты оқиға бейнеленеді. (мысалы, жақын адамның өлімі немесе тылсым келген апат.) Көптеген мәдениет түрлерінде жоқтауды тек әйелдер атқарған, бірақта, кейбір халықтарда (курдтар, сербтер) өздеріне тән еркек адамдардың жоқтауы болған. Жоқтаудың негізгі контексті- бұл жерлеу рәсімі. Жоқтау тәуліктің жарық кезінде орындалуы тиіс. Балалар мен тұрмыс құрмаған қыздарға жоқтау айтуға тыйым салынған (қайтқан адамның қызына жоқтау айтуға болады).

Жоқтаушылардың басты ерекшелігі- суырып салып айту. Жоқтаушылар әрқашан әртүрлі орындалады. Әр жоқтау бір мезгілде қалыптасады. Жоқтаулар бір уақытта эмоциялы әсерленушіліктің жоғары шырай тиісті айту және спонтанды сөздің сипатты кейіп болу. Әдетте, жоқтау қайғылы дауыспен, шын жүрегімен және жан-танымен жырлануы тиіс.

Қазақ халқының шығармашылығында жоқтау жыры ерекше орын алып отыр. Ол өлген адамдарға айтылады. Қазақтар өлген адамдарды жоқтау әнімен соңғы сапарға шығарып салады. Жоқтау жырында уайым-қайғы, қайғы-қасірет, қайта келмес адамдардың жақсы істері еске алынады. Жоқтау жырын ақындар немесе қайтқан адамның анасы, апалары шығарады. Жоқтау- бұл діни салт емес, бұл салттық ата жолы. Жоқтау адамның қадір-қасиетін еске түсіретін жыр. Жоқтау- бқл осы дұниемен, ақиреттің аралық байланысы.

Халық қазынасын жинаушының қолжазбасында жоқтау біршама орын алған. Халықтың дәстүрі бойынша «өлім көркі-жыламақ. Ойын көркі -жырламақ» - деп түсінілген. Сонымен , жалпы жоқтау дегеніміз не? Ол қандай туынды? Бұрын жазылып қалған, қағазға түскен ел ауызында жүрген жоқтаулардың үлгілеріне қарағанда, жоқтау белгілі бір тарихи адамның кім екені, қай жердікі, қандай рудан екені, деректер өте қысқа түрде болса да баяндалады. Жоқтау адам дүние салған соң барып шығарылады. Жоқтаудың 3 түрі бар: біріншісі, өлген адамның балалары шығарған (әсіресе, қыздар) жоқтаулар; екіншісі, өлген адамның анасы не жұбайы шығарған жоқтаулар; үшіншісі, белгілі бір ақын, жыраулар шығарған жоқтаулар. Жоқтау азаматтың жетісін бергенде, қырқын бергенде, асын бергенде міндетті түрде айтқан. Жоқтауды кім және қалай айтады? Жоқтауды созылынқырап айтылатын, ғасырлар бойы қалыптасқан бірнеше сарыны бар. Жоқтау әдет-ғұрпы, тұрмыс-салт жырларына жататын өте көне жыр. Жоқтау жырларға тән үлкен ерекшелік- мұндай қайтыс болған ел азаматының өмірі барынша шыншылдықпен, дәлдікпен баяндалады. Бұл жағынан жоқтаулар ел өмірінің тарихын тануда бірден бір реалистік туындылар деп қарауға болады.

Қазақ әдебиетінің тарихында М.Ж.Көпеев тек жазушылық еңбегімен ғана емес, ұлттық ауыз әдебиетінің мұралары мен тарихи мағлұматтарды, әдет-ғұрыптарға байланысты деректерді әрі жинаушы, әрі зерттеуші, ірі фольклорист, этнограф ретінде ерекше орын алады. Фольклоршы ауыз әдебиетінің үлгілерін қағаз бетіне түсіруімен ғана шектелмей, оларды өзіңше топтап, бөлшектеген. Мәшһүрдің фольклор үлгілерін тек жинаушы ғана емес, сонымен бірге өзіңше ой қорытып, туған жоқтауларды кім-кімге шығарғанын ескертіп отырған. «Мұса» (Шорманов) атты шығарған жоқтау ең көлемді жоқтауларының бірі. (345 жол)

Жоқтау жырларында халқының айтулы ұл-қыздардың дүниеден мезгілсіз өтуі ауыр қайғы, орны толмас өкініш екені айтылады, өлімге, ажалға наразылық білдіреді. «Аһ » ұрған сарыны естіледі. Мәселен, «Батырбек дегеннің қызы Балғын өлгенде шешесінің жоқтауы» дегенде:

Досманенің бауыры жалғыз талды,

Аямаған бір құдай жалғызды алды,

Елу беске кеткенде сұмырай Бәтен,

Жалғызынан айырылып аңырай қалды, деп, баласын іздеген ана ішкі шерін ерекше аңыратып, көз жасын көл етеді. Ақынның бұдан басқа да жоқтау өлеңдері бар.

Жинаушының қолжазбалар қорында бұдан басқа бірнеше жоқтау («Кеңгірбай өлгені», «Бопаның қарындасының күйеуі өлгенде жоқтағанда») т.б. М.Ж.Көпеевтің жинап қалдырған халық ауыз әдебиетінің нұсқаларын арнайы зерттеген З.Сейітжанов былай дейді: «Мәшһүр тек адамдарға байланысты жоқтаулармен шектелмей, жан- жануарларға да байланысты айтылған жоқтауларды жинаған.» Бір саясатшының қаршығасы өлгенде жоқтап шығарған өлеңі.

Көкжендет мойның ұзын,

Шалғын қысқа,

Салғанмен жалықпастан

Талай құсқа,

Алты қыз, он бір үйрек

Бір жерде алып, сен

Дуадақ жолықпады

Байғұсқа.



Жоқтау өлеңдері.

Бұрыңғы жоқтау үлгісі. Алматыдағы қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы 1170 «а» папка, 26-28 беттері бойынша әзірленіп, көз болған В.В.Радлов кітабымен (Ел қазынасы ескі сөз. Алматы, Ғылым,1994) салыстыру жүргізілді. Сараптау кезінде төменде көрсетілгендей, көп өзгеше болуы тағы да бұл үлгінің ел ішінде түрлі нұсқалы болуы мүмкіндігін, сонымен бірге бастапқы жинаушының қазақ тілі бояуы түрлішелігін байқай бермеуі ықтималдығын қоса аңғартады. Енді мысалдар келтіріп, нақты дәйектеу жүргізейік. В.В.Радловта және Мәшһүр Жүсіп жазбасында: «Ұяда сұңқар түлеткен» деп дұрыс жазылса, 1992 жылғы шыққан ақын таңдамалысында «ұяда» сөзі «әуеде» болып орынсыз бұрмаланғанын ескертеміз. Ақын жазбасында және 1992 жылғы таңдамалында: «Қиядан сұңқар тілеткен» беріліп, өз алдындағы «Ұяда сұңқар түлеткен» дегендегі соңғы сөзді қайталау туғызғанын ескерген жөн. Мәшһүр Жүсіп жазбасында және 1992 жылғы таңдамалында бұл жолдағы соңғы сөздер: «түлкі артқан» -түрінде келсе, В.В.Радлов нұсқасында соңғы сөздер «теке атқан» түрінде берілген. Бізше, бұл тармақ алдындағы жол түлкіні артуға арналса, кейінгісі сол аңды «тіке» айтуға байланысты екені анық. Араб жазуына 1914 жылғы А.Байтұрсынов енгізген жаңа үлгі, ережеге дейін, әсіресе дауысты дыбыстарды түрліше оқуға мүмкін болғаны да белгілі. Демек, Мәшһүр Жүсіп жазбасы 1914 жылға дейін қағазға түсті десек, «теке», «тіке» сөздері бірдей белгіленетіні бұл салада еңбек еткендер үшін еш жаңалық емес. Мәшһүр Жүсіп жазбасында:



Баршаны бөдей жыртырған,

Жібекті жүндей тұттырған-деп жазылып, соңғы «жырттырған», «тұттырған» сөздерінің Мәшһүр Жүсіпте: «толық ұйқасу іске асса, бұрыңғы үлгіде ол реттілік өзгерген. Мәселен, онда «түттірген» сөзі қолданылған. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіпте: «Айдарлыға айдатқан, Тұлымдыға байлатқан» - күйінде ап-анық жазылса, В.в.Радловта «айдарлыға» орынына «айдалаға» иеленген. Біздіңше, Мәшһүр Жүсіптегі әр тармақ басындағы: «айдарлыға», «тұлымдыға» сөздері бірін-бірі демеп, үйлесіп, халық салын, нанымын дөп бейнелесе, жылқыны айдалаға айдату еш жөнге, дағдыға сай келмеуімен көзге ұрып тұр. Мәшһүр Жүсіпте: «Қалмақтап жылқы қудырған, Құлынын жолда тудырған» - делінсе, бастапқыда (В.В.Радловта) «жолда» дегенді «қолда» сөзі алмастырып, біртүрлі ұғынықсыздық тудырып тұр. Біздіңше, жылқыны «қолда» тудырды дегеннен де, «жолда» тудырды деу уақыт шындығына, сол кездегі адамдар дәстүріне неғұрлым дөп келеді. «Жамбасынан» -деп, қазіргі емле сөздігіне сүйеніп жазып келсек, Мәшһүр Жүсіпте және В.В.Радловта ол «жан басынан» түрінде берілуі тегін емес. Расында, адамның бір басы, әрине, негізгісі иықтан жоғары орналасса, әсіресе төрт аяқтап қозғалуға тура келгенде, бұйірдегі бір мүшесінің де екінші бір жанама бас тәрізді қылтиып көрінуі мүмкіндігін ескермей болмайды. «Санама жұлдыз батырған» дегенді «санама» түрінде жазылса, сандаған жұлдыз, яғни көп жұлдыз ұғымын ашуға бағытталар еді. Мәшһүр Жүсіпте «Бес тақа сөзі «"соңындағы «қылған» орынын «киген» иеленіп, тағы да ұйқас солғындауына негіз болып тұр. Мәшһүр Жүсіпте «Әуелде құдай қалаған, Асылы нұрдан тараған » деп өрілсе, бастапқыда «әуелде» сөзі «әуелі», «тараған» дегені- «жараған» сөзі «жаралған» түрінде берілгенде ғана сол ұғымға бағытталарын ескерген жоқ. Бұл орайда тағы да алдыңғы жолмен кейінгінің ұйқасу сапасын нашарлату іске асарын ескерек те, бастапқы қоданымның к езең тынысына неғұрлым сай келетінін қиын емес. «Алыстан дұшпан аттанса» тармағы Мәшөүр Жүсіпте орын алмаған. Біз оны сөз орайына, қолданым дәстүріне сүйеніп, В.В.Радлов бойынша енгіздік. В.В.Радловта осы тармақ соңы «жараған» болып берілсе, тағы да оған дейінгі ұйқас негіздері соңғы етістіктің «бораған» және одан кейінгі жол аяғының «қамаған» түрінде келіп, бірыңғай ұйқас тәртібіне бағындырыла алыгғанын ескергендіктен де осы «жараған» орнына Мәшһүр Жүсіптегі «жараған» сөзін енгізу тиімдірек деп санадық. Радловта «Сексенге келген Кеңгірбай,шің толды параға» делінсе, Мәшһүр Жүсіпте «ішің» орнына «еншің» алынған екен, соңғыны тандадық. Бастапқыда: «Өлгенде жайылсын қараңа» делінсе, кейінгіде «жайылсын»- «жайылды», «қарана» «қараға» деп өзгертілген екен. Біз белгілі бір әрекеттің жүзеге асуы мүмкіндігін емес, нәтижесін діттеген соңғыны туынды идеясына неғұрлым сай деп таптық. Мәшһүр Жүсіп жазбасында да, В.В.Радловта да бартап осы жолдың «Ғылажың не дүр Аллаға» 1992 жылғы кітапқа еңбеуі шығарманың кешегі кеңестік жүйе кезінде әзірленгендіктен, «Алла» сөзін қолданудан қашқақтау нәтижесі деп шамаладық. Бұрыңғыда бұл жол «Күні де, түні де базарым» - деп отау тіксе, кейінгіде бастапқы сөздер «күні де түні» қалпында ықшамдалған екен, біз соңғыны қаладық. Бастапқыда осы тармақ «Алдалап қайтты назарым» деп шаңырақ көтерсе, соңғыда алдыңғы сөз «Алладан» екен. Кейінгіде ұғым нақтылана түскен тәрізді.

Балғынды жоқтау.

Бұл туынды да жоғарыда аталған қолжазба қорындағы ақынның 1170 «а» папкасы бойынша әзірленіп, тағы да В.В.Радлов кітабымен салыстыру жүргізілді. Мәшһүр Жүсіп маңдайшасында «Батырбек деген төренің өызы Балғын өлгенде, шешесі жоқтады» делінсе, В.В.Раловта да сол іспетес тақырыпша берілген екен, біз оны ықшамдап, «Балғынды жоқтау» деп атадық. Бастаған үрдіс бойынша тағы да айырмашылықтарға көңіл бөлеміз.

Бастапқыда, В.В.радловта, осы тармақ соңындағы М.Ж.Көпеевтегі «жалғызым-ай» орына «артында» сөзі орын алған. Бұрыңғыда бұл тармақ мүлде өзгеріп: «Ау, жаңғыз бауырым шырқырап тұр» -делініп, .ңым көмескелігі алға шыққан. Мәшһүр Жүсіпте баласын оқыту үшін не бергені нақты көрсетілсе, бастапқыда «Молдаға оқысын деп қоя бердім» делініп, тым жалпылама айтылған. Бұрыңғыдан тармақ соңы «бердім» деп аяқталып, белгілі бір өзгерісті, өлімді бекітуші пенденің өзі тәрізді әсер қалдырса, кейінгіде бәрін жасаушы жаратқан иенің өз шешімі аңғарылды. Бастапқыда, «айт дегенің» сөздері кейінгі бойынша түзетілім, ұғым нақтылы қалпына келтірілді. Бұрыңғыдағы (В.В Радловтағы) сөз соңындағы мағынасы беймәлім «үлық» сөзі ұғымды айқындап берген кейінгі Мәшһүр Жүсіпе «Тапқаны ақ ешкінің егіз лақ» -делінсе,В.В. Радловта «егіз»орына»екі» сөзі тұр [].Бастапқыда (В.В Радловта): «Екі ешкі көкке қарап, көдеңді же,// Табарсың есен болсаң тағы лақ» делінсе, кейінгіде (МәшһүрөЖүсіпте) «екі ешкі» емес, «ақ ешкі»болып дұрыс өзгерілген[]. Сонымен бірге соңғы «тағы» мен «лақ» сөздері арасында түсіп қалған «да» шылауы қалпына келтірілген .

В.В Радловтағы : «Жаратты бір жаратқан бесеу сұмды» дегендегі «бесеу» сөзі бір түрлы ұғынықсыздық тудырып тұр []. Осы орайда біз «бесеу» сөзін «би сау» сөздерімен , сау емес ұғымымен алмастыруға болар ме еді деген түйінге келдік ет, екі қолданымды қатар бердік. Арап әрпінің таңбалану ерекшелігі бұл ұғымнын екеуіне емес. Мәшһүр Жүсіпте шумақ аяғы: «Қүдайым берер ме екен бізге де ұлды» делініп, өз алдындағы бастапқы жол соңғы : «мен де мұнды», екінші аяғындағы : «бесеу сұмды» сөздірімен құп үйлесіп , ұйкасып тұрса , В.В.Радловта шумақ сонындағы сөздін «тұяқ» болып алынуы ұйқас тәртібіне мүлде қайшы келіп тұрғаны анык[]

Бопы төренің қарындасы жоқтағаны Мәшһүр Жүсіп жазбасы былай болған еді : 1170 «а» папка, 31 бетінде және 1992 жылғы таңдамалыда «күдері» делінсе, бұрығыда (В.В Радлов кітабында) «күлдәрі» сөзі өрнектелген,ендеше 1170 «а» папка және В.В.Радловта «жалпайып» сөзі дұрыс берілсе,тандамалында (32б.) «жайқалтып» деп қате жазылған []. Ақын жазбасында : «жакрды бір» деп алынса, ол таңдамалыда да солай берілген. В.В Радлов кітабынан «Ел қазынасы ескі соз» аталымымен әзірлеушілер «жардыны» сөзін келтіріп оны жергілікті тіл ерекшілгі деп санаған (Алматы,Ғылым,1994,597). Біздіңше,мұнда «жарды» дегенді «күйеу»,»жұбай» деген сөздердің синоним ретінде қабылданған жөн. Сонда шығарма басында жазылған мына тақырапқа : «Бопыңын қарындасының күйеуі өлгенде жоқтағаны» назар аударсақ та әйелдің көз жұмған күйеуің,яғни жарын жоқтауы келіп шығады. Қараныз :» Дарды бір алған осы өлім».Бастапқыда (В.В Радловта): «досын»делінсе, кейінгіде (Мәшһүр Жүсіпте) «достынын» отау тіккен[]. «Ғалыны да» дегендегі «да» шылауы бұрынғыда жоқ , кейінгі Мәшһүр Жүсіп бойынша енгізілді. Соңғыда: «Өлімнің інісіуайым» түрінде ірге тепсе, бастапқыда: «Өлімнің несін ойбайым» деп беріліп, біртүрлі ұғынықсыздық тудырып тұрғанын байқау қиын емес.Бұрынғыда және кейінгіде: «Қара бір шашым жаяйын,// Жаяйын да жаяйын»күйінде өрілсе, таңдамалыда аяққы: « жияйын» орнына «жылайын» сөзі қате алынған. Бастапқыда: «Қыналы бармақ, жез тырнақ» қалпында өрістесе,кейінгіде «жыналы» сөзі «қүнәлі» өрнегімен алмастырылған екен. Біз соңғыны таңдадық.

Бұрынғында: «күніге қанға бояйын.// Албыраған ақша бет// Сүйегіне тақайын» деп беріліп «бояйын» мен «тақайын» сөздерінің онша ұйқаспауы орын алса, «тақайын» орнына кейінгідегі «таяйын» енгізілуы натижесінде ұйқас қалпына келтірілді. Бастапқының: «Моймылдаған қара көз» жолындағы алғашқы сөз таңдамалында : «мөймілдеген» нұсқасын таңдадық. Бұрынғыдағы: « Ала арқанмен бек тарттым» тармағындағы «бек» сөзі орнын соңғыдағы. «берік» иеленді.Алғашқыда: «ханнан ендік жағындар» делінсе, кейінгіде «ендіқ» орнына «опанық» сөзікірген екен . Біз «опанык» сөзі кірген екен. Біз «опанікі» түбірі «опа» екенін ескеріп кейінгіні ұсынып отырмыз.


Тәтиді жоқтау.

Бұл туынды да жоғарыда аталған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіп жазбасы , 1170 «а» папкасы 39-46беттері бойынша ұсынылып,В.В.Радлов

кітабымен (1870) және белгілі ғалым М.Бөжеев көшірмесімен салтыстыру жүргізілді: бастапқыда (1870 ж В.В.Радлов кітабында) : « Қара бір таудың үлгісі»-деп берілген екен, біз кейінге, Мәшһүр Жүсіптің жоғарыда аталған

қолжазба қорындағы 1170 «а» папкасңын 39 бетінде осы тармақ сонындағы :

«олкесі»- делуіне қарап , әрі ол сөздің өзінен кейінгі тармақ соңындағы:

«серкесі» сөзімен үйлес: «жақтаған» орнына «тоқтатқан»


Бір әйелдің ботасын жоқтағаны.

Жоғарыда айтылған қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазылған 1176 папка, 225 (320) бетіңдегі мәтін бойынша әзірленді. Бұл туынды жазылған беттің сол жағында көлденеңдеп жазылған ақын ескертпесі орын алған: «Бұрынғыннынң сөзі: «Бір қыдыр бар – құт қыдыр , бір қыдыр бар-пұт қыдыр»

Қалмақ Сарыарқадан ауғанда,тамақ сұрап жылаған балаларына айтқаны. Бұл да жоғарыда ескертілген орында сақталған 1177 папка ішінде Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы бойынша ұсынылып отыр. Шығарма тақырыбы ретінде Мәшһүр Жүсіп мына ескертүді маңдайша етіп жазған екен: «Қалмақ ауғанда, тамақ сұрап жылаған балаларына айтқаны.»


Қорыта айтқанда, М.Ж.Көпеевтің шығармашылығында жоқтаудың көп үлгілері бар. Жоқтау жырында адамның жақсы қасиеттері, қайтқан адамның өмір жолының барлығы әдемі құрылған жыр жолдарынан көруге болады. М.Жүсіптің жоқтаулары бұл әңгіме түрінде баяндалатын, танымдылық және этикалық мазмұны бар шығармалар. Мұнда қайғы мен сезім көп. М.Жүсіртің жоқтауларында арбау сияқты сиқыршылық қасиеттері көрсетіледі. Жоқтау адамның кісілігін, парасаттылығын көрсететін жанр:

Күдері белбеу белімде,

Азалы болдым елімде.

Бопы екем жарлық берген соң,

Жүре бердім жөніме.

Бас, бас өлім, бас өлім,

Басынан келген осы өлім.
Жоқтаудың негізгі мақсаты-адамды қадірлеу екеніне тоқталдық. Енді оның қосалқы міндеті –елдің көкейіндегі шымырлата айту, тыңдағанның мейірімін түсіріп, көзіне жас алдыру, әділеттілікке, қайырымдылыққа үндеу.

М.Ж. Көпеев тек қазақ даласының ғана емес, әлемнің барша халқының өз тіршілік-тынысына, бар болмысына тән ертегілері мен аңыздарына, көне жазбаларына үңіле қарап, сырын ұғұға ұмтылғанын ьүгінгі заманда естіп-біліп жатырмыз. Сол ауызекі тараған әңгімелердің, фольклордың бүгіндегі сан салалы көркем әдебиетінің негізі болғаны белгілі. Көркем сөз, жазба дүниелерін саралап, алғаш рет әдебиеттік тектерге бөлген Аристотель екен. «Поэзия өнері туралы» деген еңбегінде орыстың атақты сыншысы В.Г.Белинский көнеден келе жатқан эпопея, идиллия, мысалдарды талдай келіп роман, повесть, әңгіме, поэмалардың сол қайнар бұлақтардан басталу алып таралғанын айтады.




Пайдаланған әдебиет:

С. Н. Сүтжанов «Мәшһүртану», Павлодар 2006;

С. Н. Сүтжан «Мәшһүр мұрасы», Павлодар 2001;

М. Ж. Көпеев 5 томдық, Алматы Ғалым 1992;



Тоқтар Арынов Боздағым қазақтың жоқтау жырлары, Алматы Жазушы 1990







Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет