Суармалау—табиғи жағдайда ылғал жетіспеушілігі байқалатын топырақтар мен өсімдіктердің су жүргісін (режім) жақсартуға бағытталған шаралар кешені; гидротехникалық мелиорациялаудың бір түрі. Топырақтың ылғалдылығын көбейтеді, өсімдіктердің қоректену және жылулық режімдерін, топырақ пен жер беті қабатының микроклиматын жақсартады. Құрғақ (аридтік) аймақтағы жерлерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға қосуға, ал гумидтік аймақта ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Объектілердің орнына, табиғат жағдайларына және ауыл шаруашылық өндірісінің талаптарына байланысты тұрақты түрде өздігінен ағыза суармалау немесе суды мехникалық көтере суармалау және бір мезгілдік суармалау болып жіктеледі. Суды беру тәсілдеріне қарай беттік суармалау, жаңбырлату, топырақішілік суармалау сараланады (соның ішінде тамшылата суармалау, тозаңдата суармалау). Күріш өсіру үшін, сортаң топырақты шаймалау үшін және топырақты көктемгі бір мезгілдік ылғалдау үшін, әдетте, бастыра суармалау қолданылса, жайылмалық шабындықтың өнімділігін арттыру үшін көлдету әдісі жасалады.