М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы



Дата04.11.2016
өлшемі276 Kb.
#231
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ

М.Ә. ХАСЕН

ТӨЛЕ БИ ӘЛІБЕКҰЛЫ –

қазақтың данагөй абызы

Қарағанды 2014

АЛҒЫСӨЗ

Бұл жұмыс ұлы Төле бидің өмір мен қызметі туралы қысқа очерк пен негізгі даталардан тұрады, белілі жазушылар мен ғалымдардың еңбектері пайдаланылған.

Қазақ қоғамының қайраткері, Ұлы жүз биі, ділмар әрі ақын Төле бидің өмірін зерттеу кезінде көптеген қызықты сұрақтар туындайды. Бірде Төле би: «Уа, халқым, елдігіңді сақта» деген екен. Бұл сөз қазақ биінің негізгі ұстанымы болды.

Көшпенділердің «Жеті жарғы» заңдар жинағын далылық конституция деуге болады. Қазіргі ғалымдар XVII – XVIII ғасырлар Қазақтанның Алтын ғасыры болған, себебі құқықтық және сот билігі құрылды. Төле би – XVII ғасырдың танымал қайраткері, дала заңының негізін салушылардың бірі.

Ол Қазақ хандығының құрылуына белсене қатысқан. Төле би Қазақ мемлекетінің Үш жүзінің бірлікте, келісімде және ынтымақтастықта өмір сүруін ойлады, қам жеді.

Даналығы, әділдігі және шеберлігі арқасында Төле бидің барлық жүзге ықпалы жүрді. Төле бидің заңдарды жақсы білгені туралы көп айтылады. Оны сыйлағын, ақындар мен жыраулар мадақтаған, онымен Орта және Кіші жүздің билері санасқан. Төле бидің кемеңгерілігі мен тапқырлығын тірі кездің өзінде-ақ замандамтары Бұқар жырау, Қазыбек би, Әйтеке би мойындаған. Төле би туралы: «Ізгі ойдың көзі бар, ал оның авторында рухан әкесі Майқы бар» бар деген. Мұнда ол Майқы бидің рузын бойына сіңірген деген мағынада айтылған.

Төле би Абылайдың тәрбиесінде үлкен роль атқарды. Бабаларының даналығы мен парасаттылығын бойын сіңірген ол жас Абылайды қазақ халқы тек бір майданда жауға қарсы тұра алады деп сендірді.

Оның өмірі туралы, шығармашылығ туралы өмірбаяндық мәліметтер, естеліктер жастарға патриоттық тәрбие беруде құндылыққа ие.

Бұл жинақта берілген материалдар қалың оқырман үшін қызықты болады және студент жастар үшін белсенді өмірлік ұстанымның жарқын үлгісі болады.

Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан

батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» - деп қара қылды қақ жаратын Төле би Әлібекұлы 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінде туған. Ұлы жүздегі Дулат тайпасының Жаныс руынан тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен тарайды. Тарихи шежірелерде Төле биді Шығыс ойшылдарын көп оқыған, Аллаһ Тағала тарапынан түскен «Құрани кәрімді» өте терең, жетік білген, жастайынан халықтың биік қасиеттерін бойына сіңіріп, ауыз әдебиетін мол игерген, әсіресе мақал-мәтелді, шешендік шешімді көкейіне көп тоқыған адам ретінде айтады. Бала кезінен жас Төле би әкесіне еріп жүріп ел билігіне араласып, ақыл парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Ол– ойшыл, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының үлкен билерінің бірі, ақпа-төкпе шешен. Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығының Ата Заңына айналған әйгілі «Жеті жарғы» заң жобасын шығарушы кемеңгерлердің бірі.

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алды. Төле бала әуелі әкесіне барыпты, жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:

- Балам, мынаны сындырып көрші

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындырып береді. Әлібек Би:

- Бұдан не түсіндің, балам, дейді.

- Сонда, Төле бала:

- Түсіндім, әке, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.

- Бәрекелді балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, - депті.

«Ел ішінде он бес жасқа жаңа толған жас Төлеге бата берген Қыбырай би деп айтылады. Оның себебі он бес жасар Төле би Түркістан қаласына үлкен хан ордасына маңызды шаруамен аттанып бара жатқан кез екен. Қыбырай – Дулат ішіндегі азулы би, атақты шешен болған адам. Ол батагөй қария, аса сабырлы, ақ дегені – алғыс, көпке жұғымды, ұзақ жасаған жан болыпты. Үлкен өмір сапарына аттанған жас Төлеге Қыбырай атасы былай бата беріпті:

...Ақбоз мінген айдарлым,

Тарпаң туған тұмарлым...

Туралап тартып шығатын,

Алысты жақын қылатын

Көреген көзді бол!

Мыңнан жалғыз қиялап,

Туралап тартып шығатын

Алысты жақын қылатын

Сезеген сары сөзді бол!

Айналаңда ақ еділ

Хақтың жолын ту еткен –

Елің болсын ормандай.

Жау жоқ деме – досыңда,

Дос жоқ деме – жауыңда,

Жүрмегейсің қорғанбай.

Кәмелетке келіпсің,

Еліңе дес беріпсің,

Мүшелерден адал өт,

Қарияға аман жет.

Қай қиянда жүрсең де –

Осы батам – болсын серт!

(«Ақ бата» Өнер баспасы, 2002. – 45 б.).

Жеткен деректерге қарағанда, Төле би асқан тапқырлығымен, сергек сезімталдығымен, биік парасатымен үш жүзге аты тұтас жеткен, көзінің тірісінде Бұқар сияқты жыраудың мадақтауы, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке сынды алты алашқа қадірлі, жалпақ жұртты аузына қаратқан билердің аға тұтынуы тегін емес. Әлібекұлы Төле би өзінің алдындағы «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» делініп, ел арасына мақал болған, «Хан біткеннің қазығы, қара бұқараның азығы» атанып кеткендей – кембағалға пана, қамқор болған Майқы би, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Жиренше шешендердің сарқыты еді» [1, 15 б.].

«...Бидің өмірі мен өнегесін, ғылыми өмірбаянын пайымдаудың басты дереккөздерінің бірі оның шешендік сөздері мен билік шешімдері екенінде сөз жоқ. Оларды зерттеу барысында бидің өмірінің бірқатар маңызды, мағыналы кезеңдері мен сәттері анықталды. Бидің өмірі мен қызметін пайымдау ісіндегі ендігі бір дереккөзі XVIII-XIX ғасырларда түрлі басылымдарда жарық көрген мәліметтер мен мұрағат құжаттары.

...Қазақ халқының бір орталыққа бағынған мемлекеттік қуаты Тәуке ханның тұсында едәуір көзге түседі. Хан маңына өзінің қазақтары ғана емес, қырғыздар мен қарақалпақтар да үйірілсе керек. С. Сейфуллин: «Билер дәуірінің әдебиеті» атты еңбегінде бұл жөнінде былай деп жазады: «Бірігіп өмір сүрген қазақ, қырғыз, қарақалпақтың ірі руларында билік жүргізген алты ірі бидің аты аталады. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзде – Әлім руынан Әйтеке би. Қырғызда – Көкім би, Қарақалпақта – Сасық би. Қатаған, басқа ұсақ руда тағы да бір би». Осы деректердің кейбір мән-мағынасы Н. Гродековтың еңбегінде кеңірек баяндалады. Н. Гродеков Тәуке ханның тұсында онымен бірге тізе қосып қызмет атқарған, Төле би бастаған атақты жеті би болғанын жазады. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ – үш елді айналасына үйіріп, күшпен емес, ақылмен ұстап, елінің күш-қуатын арттырғанда, Тәуке хан батырларға емес, билерге сүйенген.

...Төле би Әлібекұлының туған, өлген жылдары (1663-1756), ата-тегі туралы әдебиеттерде едәуір мағлұматтар бар. Солардың көпшілігінде Төле би қарашоғыр қара шаруа әулетінен шыққан делінген. Бұл құбылысты таптық, партиялық тұрғыдан бағалау қажеттігі белең алып тұрған дәуірдің талабына сай айтылған болса керек. Профессор Сәрсенбі Дәуітов өз еңбегінде Төле бидің әкесі Әлібектің де өз дәуірінің белгілі биі болғаны туралы дұрыс жазады. Біздіңше, Әлібектің би болғаны туралы пікір, болжам, жорамал емес, ақиқат шындыққа мейлінше жанасымды» (Жанғара Дәдебаев) [2, 3.б].

«1620 жылы Есiмхан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады (Есім ханның «Еңсегей бойлы Ер Есім» атала бастауы осы соғыстан кейін). Қара Ертіс бойында өткен осы соғысқа арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қоңырат Алатау, шапырашты Қарасай батырлармен бірге, Құдайберді би де қатысады. Есім ханның осы жорыққа аттанар сәтін, өзінің «Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы,1993 ж.) дастанында Қазанғап Байболұлы былай толғайды:

...Ынтымақпен сайлады,

Құдайберді –Жаныстан,

Ең әуелі болғаны.

Орта жүздер сайлады,

Арғын Шаншар мырзаны.

Қаздауысты Қазыбек,

Осыдан тарап шығады.

Кіші жүз Алшын Жидебай,

Баласы мұның Айтеке

Шежіреде шығады....(69-бет).

Ал, Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме дейін" кітабында төмендегідей жолдар бар:

...Есім ойраттардың біржола үнін өшіргісі келді. Сөйтіп, 998 жылы (1620 ж. Ө. Ш.) отыз мың қолмен ойратқа лап қойды. Қара Ертістегі соғысқа Қарасай батыр қол астында Есімнің белгілі батырлары Арғын Ағынтай батыр, қоңырат Алатау батыр, алшын Жиембет батыр, дулат Жақсығұл батырлар бар еді. Дулат, Жаныс, Құдайберді билер де ұрысқа қатысты. Құдайберді – Төле бидің атасы. (Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқияннан өзіме дейін" – Алматы: «Жалын» баспасы - 1993 ж. - 193 бет).

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай екі дәуірде – бірі 18 - ғасырда, ал екіншісі 20 - ғасырда жазылған шығармалар, бірін-бірі толықтырып тұр.

Құдайберді бидің туған жылы әзірге белгісіз, ал қайтыс болған жылы шамамен - 1627 жылдың бас кезі болса керек. Әкесінің орнына Әлібектің «Ұлыс бегі» болғанын, Есім ханның оған әкесі Құдайбердінің қайтыс болуына байланысты «көңіл» айтқанынан байқауға болады:

....Мына сәлем ханыңнан,

Қабыл көргін жаныңмен.

Құдайберді баласы-

Әлібек деген Жанысқа,

Әкеңнің берсін иманын.

Аман еді барыста,

Шалқайма жатып алыста,

Жақында болса бірлесіп,

Айқайлағын алысқа.

Хан Тұрсынмен мінеки,

Тағы түстім жарысқа.

Ер өледі намысқа,

Барларыңды қарышта!...

«Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы 1993 ж. - 105 бет).

...Аман еді барыста, яғни, осында айтылған «Барыс» жылы – 1626 жылы Құдайберді әлі өмірден өтпеген. Ал, «Барыстан» кейінгі «Қоян» жылында Есім ханның ордасынан Әлібек биді көреміз.

...Би сайланған Әлібек,

Құдайберді биден соң,

Опат болып жасында,

Құдайменде ағасы....

«Төле бидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төлеби» кітабы 1993 ж. 185 бет).

Енді, кезекті Қазыбек бек Тауасарұлына берейік:

... «1005 – қоян жылы (1627 ж. Ө. Ш.) Еділ мен Жайыққа Тобылдан ығысқан қалмақтар шабуыл жасап, Алшындарға күн көрсетпей жатыр деген хабар жетті....Осы ұрыста қаңлы Сарыбұқа батыр кескілесте бір құлағынан айырылып, Түркістанға шұнақ болып қайтты. Түркістанға келген соң Есім хан сұрапты:

- Ей, Сарыбұқа құлағың қайда?-депті.

- Құлақты Жайықты жұтпақ болған жайынға бердім депті. Сонда сол жерде отырған Дулат Әлібек би іліп алғандай: - Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға - депті. Бұл кейін мақалға айналып кетті. (Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқияннан өзіме дейін" – Алматы: «Жалын» баспасы, 1993 ж. – 199 бет). Ауыл арасындағы қатардағы бидің ханмен мәжілістес бола алмайтыны бесенеден белгілі, яғни қайтыс болған Құдайбердінің орнына Әлібектің «би» сайланғаны көрініп тұр. Екіншіден, Әлібектің хан алдында еркін сөйлей алуы да біраз жайды аңғартса керек!» [3, 6 б.].

«Төле Әлібекұлы он бес жасында-ақ билік етіп, кесім айтқан. Бұл жағдай былайша сипатталады: «Төле бидің шешесі қайтыс болып, жыл толған соң әкесі Әлібек бәйбішесіне ас береді, үш жүздің баласына үш жүз үй тігеді, әр үйге күтуші тағайындайды. Әлібек баласын шақырып алып:

– Төле қарағым, ортадағы үлкен ақ боз үйдегі кісілердің қолына су құй, – деп тапсырады. Бірақ жас бала жүрексініп, сескене табалдырық аттайды. Ол Мамай бидің алдына келгенде сүрініп кетеді. Баланы сынап көргісі келген Мамай би:

– Е, балам, олжаңа ортақпыз, асса әкең Әлібекке де қалдырып қой, – депті. Төле әдеп сақтап, шәугім-табақты алып сыртқа шығады да, үйге қайта кіріп:

– Дат, тақсыр, – депті.

Мамай би:

– Балам, құлағымыз сенде, – дейді.

Сонда бала Төле:

– Таңның таң екенін кім білер,

Сарғайып барып атпаса.

Күннің күн екенін кім білер,

Қызарып барып батпаса.

Орданың орда екенін кім білер,

Мен сияқты қызметші бала,

Сүрініп құлап жатпаса.

Иттің ит екенін кім білер,

Жығылып жатқан баланың

Тақымынан қаппаса.

Бұл сөзім сізге өткен шығар,

Сүйегіңізге жеткен шығар.

Сұраған сөз шекер ме,

Би олжасыз кетер ме?!

Осы сөзім сізге олжа,

Түсінсеңіз жетер де, – деп шығып кетеді.

Осы оқиғадан кейін Мамай би:

– Е, халайық жаңағы бала кім еді? – деп сұрайды.

Жұрт:

– Әлібек бидің баласы – Төле.



Мамай би:

– Бүгіннен бастап билікті сол балаға бердім, ендігі билеріңіз Төле болады, – депті («Егемен Қазақстан», 15 шілде, 1998.).

Төле бидің ақыл-парасаты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде анық көрінді. Ол қазақ жерін басқыншылардан азат етуге үлкен күш салды. Халқымызға елін-жерін қорғауға үндеу тастады. Ел аузында бұл туралы үлкен аңыздар сақталған. Төле би тебірене отырып:

Қабырғадан қар жауса,

Атан менен нарға күш.

Ел шетіне жау келсе,

Батыр менен биге күш, – деп толғады.

«Қазақтың төбе биі Шымкент, Түркістан және Ташкент қаласында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле бидің есімі тек Ұлы жүзден ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүздегі ірі-ірі тарихи оқиғалармен тығыз байланысты. Төле бидің денесі өзі он екі жыл билеген Ташкент қаласына, Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның қасына қойылған. Онда Төле биге үлкен ескерткіш орнатылған». («ҚСЭ» 11-том, 123-бет).

Ал орыс тарихшысы А. Левшин өзінің қазақтар туралы еңбегінде Төле бидің Жолбарыс хан өлген соң Ташкентті алты жыл бойы билегенін айтады. (Санкт-Петербург, 1832 ж. 2-том).

Енді Қазанғап Байболұлы «Төле бидің тарихы» атты еңбегінде бұл кісінің Ташкенттің түбінен жеті арық қаздырып, егін салдырғанын айта келе, бұл мезгілдің 1718 жыл екенін тиянақтап жазыпты («Еңсегей бойлы Ер есім» Алматы, 2005. – 230 б.).

Төле бидің қадір-қасиетін жоғары бағалаған Қазыбек бек Тауасарұлы: «Билік жүргізуді, адаммен сөйлесуді, адамға адамша қарауды Төле биден үйрендім. Төленің даналығына таңданбауға болмайтын еді. Ол ең тұйық жерден, шұғылдан да шұғыл шығып кете алатын асқан ғақылдың кені болатын. Төледей ұлдың тууы жүз жылда біреу ғана болар. Өйткені оның көп даналығын көрдім. Төле Жантудың Жайылмыс деген атасынан. Одан Қожаберді, одан Құдайберді. Ол заманда би болған, ел арасында ғана емес, сырт елшілікте болған кісі. Оның баласы Әлібектен – Төле би. Жайылмыс– тегі қатты өскен тұқым. Үйсін Төле бидің сүйегі Ташкентке қойылды» («Түп-тұқияннан өзіме шейін», 1993. – 351 бет).



Қазыбек бек Тауасарұлы дерегіне қарағанда Төле бидің Сеңкібай, Шойбек деген бауырлары болған (Сонда 231 б.). Әрі Төленің ұлы Жолан батыр болғаны да қазақтың ауызша тарихында сақталған. Сол Жолан бірнеше жыл қалмақтарда кепілдікке тұрады. Кейін Қытайға елшілікке барады.

Халқымыздың бүкіл өткен жолындағы әртүрлі кезеңдерде жыр, мақал-мәтел, аңыз, эпос-жырларын молынан жинаған тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «...Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ» (1177-бума), – десе, Бұқар жырау:

Ал тілімді алмасаң,

Ай, Абылай, Абылай.

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Үйсін Төле бидің,

Түйесін баққан құл едің, –

деп жырлайды. («Бес ғасыр жырлайды», 1989. – 91 бет.)

Төле биді өз кезінде хан да, қара да сыйлап өткен. Әсіресе Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер қатты құрмет тұтқан, аға деп сыйлаған, алдын кеспеген. Бұл мәселе билердің «Күлтөбенің басында күнде жиын» болған тарихымыздан белгілі.

Атақты бидің әділдігін, қара қылды қақ жарған турашылдығын Бұқар жырау, Сүйінбай, Жамбылдан бастап, М. Әуезов, С. Мұқанов хатқа түсірген. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Үйсін Төле биді жоғары бағалаған.

Қазанғап тек ақын ғана емес, ол «сегіз қырлы, бір сырлы» білімдар жан, өз кезінде тарихты да терең меңгергені біз сөз етіп отырған «Төле бидің тарихы» атты дастанынан байқалады. Ақын Абылай хан Төле бидің тәрбиесін көргенін, оның жылқысын баққанын, әртүрлі мінезімен ұнап, оның баласындай болғанын жан-жақты жырласа, Домалақ ененің ұрпағына нұр жауғанын қызықты етіп таратып береді.

Біз оқыған ескі деректерде Төлені он үш жасында би болды, содан бастап атақ-абыройы биіктеп, өркен жая бастады деуші еді. Ал Қазанғаптың жырынан Төле бабамыз билікті тоғыз жасынан бастап қолға алғанын байқаймыз. Бұл кісі би атағын алмай тұрып, төрт рет ел ішінде билік жасапты. Мұның ең алғашқысы – екі әйелдің бір балаға таласы көрінеді, екеуі де бір баланы менің балам деп, бір - біріне тұра - тұра ұмтылады - мыс.

Осы кезде тоғыз жасар Төле үлкендерден рұқсат сұрап, сөйлеп кетеді:

Бір билігін қылар ем,

Берсеңдер маған кеңшілік.

Алтын сап қылыш қолына ап,

Балаға қарап секірді,

Ортасынан қақ бөліп,

Екеуіңе берейін,

Мына бала жетімді.

Бұл шешімді естігенде, жұрт тына қалады. Жаңа ғана менің балам деген әйел басқаша сайрады:

– Бөлсең бөлгін деді де,

Қырықбайдың шешесі,

Ойланды, танып кекірді.

Жоғалттым деген бұл әйел:

– Қайда барса, сау жүрсін,

Аман кетсін, – деді де,

Ботадай боздап өкірді.

– Жоғалтқаның, бейшара,

Сенікі рас екен, – деп,

Соған берді баланы.

Төле бидің бұл аса тапқыр билігі ел-жұртқа ұнап, оны бұдан былай «Бала би» атандырады.

Ақынның дастанында жас Төленің екінші билігі оның қой жайып жүрген кезінде болғанға ұқсайды. Төленің әкесі Әлібек биге екі даугер келеді. Бұлардың арасындағы жанжал елтірі туралы болса керек. Екі бай осы елтірінің дауымен үш жыл сергелдеңге түскен. Бірі – «Менің қойымның қозысының терісі» десе, екіншісі – «Жоқ, менің төл тумамның елтірісі» – дейді. Бұл дауды ешкім шешіп бере алмайды. Осы жағдайды естігенде Әлібек би де қайран қалады. Алқа-қотан жиналған ел де үнсіз, мұны естіген бала Төле суырылып ортаға шығады:

Шыдай алмай Төле би,

Тағы көптен тіленді.

Өткір пышақ қолға алып,

Ары-бері толғанып,

Ортасынан қақ жарып,

Теңдей етіп бөледі,

Екеуіне береді.

Ұялып тұрған көпшілік,

Төрелігі қойшының

Бұзылмайды», – деп еді.

Тапқырлық, даналық дегеніміз халықты, «ел іші – алтын кеніш». Әрбір елдің өзінің қазынасы бар, солай бола тұрса да, біздің эпос, аңыз әңгіме, жыр, терме, мақал-мәтел, ертегілеріміздің жөні бөлек. Төле би – халықтан да оқи білген, тоқи да білген кемеңгер. Осы себепті, оның әрбір билігі ел ішінде аңызға айналып, әрбір сөзі мақал-мәтел болып айтылып жүр.

Төле бидің Қазанғап жырлаған үшінші билігі – бір тайлақтың дауы. Екі жақ та біздің түйеден туған деп те бет бақтырмайды. Екі інген мен тайлақты өздерімен бірге әкеліпті. Әлібек би куәсі көп жағына бұрып, дауды шешеді, алайда екінші жағы қатты наразы болып бара жатқанын естіп, Төле би жасауыл жіберіп, оларды қайта шақырып алып, берген билігі:

Даугер екі адам,

Екі жота басына

Екі інгенді алып бар.

Екі-екіден бұйдалап,

Ұстап тұрсын үш-төрт шал.

Өз қасымнан ұзатпай

Тайлақты мұнда алып қал.

Олар барып тұрған соң,

Тайлақтың, – дейді, – санына,

Қыл шылбырмен бұрау сал.

Жанына қатты батқан соң,

Шыңғырады жануар.

Куәсі бұрын көп жақтың

Түк етпеді інгені.

Айырылып қалған аз жақтың,

Інгені боздап күңіренді.

Бұйдасын бұзып жөнеді,

Моншақтай жасы тамшылап,

Иіскелеп келіп тұрды енді.

Риза болды көпшілік,

Қайыл боп әділ төреге,

Осынікі жөн деді.

Төленің бұл билігі оны «Әділ би» атандырады, осыдан бастап мұқым елге даңқы тарайды.

Енді біз Қазанғап сөз еткен ғұлама жанның төртінші билігіне тоқталсақ, жеті жыл бойы бәйгенің алдында келген сәйгүлік туралы. Бұл тұлпарға екі бай таласады, бірі мың қойдың ішінен қозысын көріп, енесін таниды, енді бірі қалың малға көз салып, оның санын нақты айтып бере алады. Мұның екеуінің де уәжі дұрыс сияқты. Осы себепті қаншама билер істің ақ-қарасын ажырата алмайды. Асқан тапқырлығымен Төле өзінің сол кездегі ел тізгінін ұстап тұрған ел ағасы Ақботамен ақылдаса отырып, сәйгүліктің туған енесін алдырады, екі жақ та өз биелерін ұстап тұрады. Ал бәйге атты жоғалттым деген Тойлыбайдың биесі оқыранып тұлпарды иіскейді, ойламаған жерден желінінен сүт ағады. Ақын бұл оқиғаны қызық суреттейді:

Осылай деп шешеді,

Төленің ой-жүйесі.

Екі жақтап шылаулап,

Ұстап тұрды иесі.

Желінінен сүт ағып,

Оқыранып емізді

Тойлыбайдың биесі.

Тарпаң еді бұрыннан,

Босады ма жүйесі.

Сенің малың екен деп,

Осыған Төле береді.

Біз сөз етіп отырған жырда Төленің осы төртінші билігінен кейін оған «Абыз Төле» деп ат берілген көрінеді. Қалай дегенмен де бұл сөздің астарында бір шындықтың жатқаны рас. Мұның ақиқаттығын растайтын халық ішінде «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есімхан жеткен» деген нақыл сөздің өзі де бір дәлел.

Қазанғап Байболұлы қазақ еліне адал билік айтқан үш би жайлы айта келіп, былайша жырлайды:

Атақты қазақ үш биі,

Бірінші әзиз Төле еді.

Дүниеде сөзі кем еді.

Мың ауыз сөзге татитын,

Бір ауыз сөзі ем еді.

Бұзылмайтын сөз айтқан,

Шешеннен шешен демегі,

Және әзиз киелі,

Дарып кеткен деуші еді,

Қазыбектің жағына,

Күніне екі адамның

Қара тілі тағы да,

Қаз дауысты демегі.

Онан да өткен Әйтеке,

Қудан ұшқыр, құланнан,

Мұндай шешен болмайды,

Бір сөзін жүз мақалдап,

Сипаттап қандай тіркейді.

Қанша ділмар дегендер,

Ширегіне келмейді.

Бұл үш бимен тең емес,

Қазақтың мінсіз билері, –

деп толғаса, тарихтан белгілі бұл үш бидің алатын орнын дұрыс көрсетіп, дәл сипаттаған. Бір қызығы, бұл тұлғалар бірін-бірі соншама терең таныған, бір үйдің баласындай бірлікте болған.

Осы жоғарыда аталған үш бидің тұсында бұрынғы ауыр жаза жеңілдетіліп, Тәуке хан басшылығымен «Жеті жарғы» заң жобасы жасалыпты. Осы заңның қалай жасалғаны жайлы Қазанғап ақын өз жырында таратып айтып береді. Енді «Жеті жарғы» заңы қандай мәселелерді көтереді, соған тоқталайық:

Жер дауы баяндайын – біріншісі,

Ру, қоныспенен меншікті ісі.

Иеленген жеріне жанжал болса,

Біреуге басындық қып озбыр кісі.

Үй іші мен баланы тәрбиелеу –

Болған жосын заңының екіншісі.

Ұрлық, қарлық барымта – үшінші заң,

Баян етер бәрін де білген кісі.

Төртінші боп саналған мынау заңы,

Бір халық пен басқа ру болса дауы,

Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл.

Алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы.

«Жеті жарғы» заңының жобасын дәл осылай бірден бастап, жетеуіне дейін тізіп айтуы қуантарлық жағдай.

Төле биді бір ғана Қазанғап жырлаған жоқ. Оны атақты Бұқар жыраудан бастап қаншама ақын-жазушылардың жазғанын, ғалымдардың зерттегенін білеміз. Ақын Кенен Әзірбаев: «Әз Төле би Дулатқа ұран болған» деп бидің ел ішіндегі сүйіспеншілігін толғаса, атақты жазушы Әбіш Кекілбаев: «Тығырықтан жол іздеп, Әз Төлеге барып ем», – деп бидің халық ішіндегі ғұламалығын паш етеді. Төле би түгел таратылып айтылды, түбегейлі зерттелді дей алмаймыз, әлі де талай ақындардың тамылжыта жырлайтыны, талай ғалымдардың терең зерттейтіні сөзсіз.

Төле би өз заманында терең толғана отырып:

Қолыңда болса бар билік,

Қараға залым болмаңыз.

Астыңда болса алтын тақ.

Әділін айтып толғаңыз, – депті» [1, 8 б.].

«...Төленің би ретінде қалыптасуы, белгілі дәрежеде билерге қолайлы әлеуметтік-саяси жағдайда өтеді. Бұл кезең, яғни ХVIII ғасырдың басы қазақ қоғамында билердің әлеуметтік-құқықтық салмағы арта түскен кезең еді. Оған негіз болған биліктің, хандық институтының дағдарысқа ұшырауы еді. 1723 жылғы жоңғар шабуылы бұл үрдісті біржола күшейтіп жіберді. Жалпы билердің қоғамдық-әлеуметтік рөлінің бұрын болмаған дәрежеге көтерілуі Тәуке хан заманына тұс келеді. Билер феодалдық қоғамның құқықтық қатынасын бір жүйеге келтіруге тікелей ат салысып, ірі сұлтандар мен бай-шонжарлардың саяси бытыраңқылық әрекеттеріне аз уақыт болса да шек қоя білді. Соған байланысты қазақ қоғамында Тәуке хан билік құрған жылдар (1680-1718) халық жадына үш би (Төле, Қазыбек және Әйтеке) және бір хан басқарған тарихи кезең болып еді.

...1718 жылы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес барысында қазақ, қырғыз және қарақалпақ елдерін өз билігіне біріктіре алмаған Тәуке хан өлген соң сұлтандар арасындағы тақ үшін жүрген күрестің барысында қазақ қоғамында саяси бытыраңқылық қайтадан үстемдік ала бастайды. Қазақ хандығының саяси жағдайын бағып отырған қалмақ ханы Галдан Церен Цин империясымен уақытша болса да бітімге келіп, қазақтарға қарсы жорыққа даярлана бастайды. 1723 жылдың қысы қазақ еліне бұрын болмаған жұт ала келді. Жұттың ізімен қазақ жеріне қалмақтар ат қойды. Сөйтіп қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды» атанған тарихи кезең басталады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихының әлі ашылмаған беттері көп. ...Мысалы, «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдары ел билеуші сұлтандардың өз жерінен басқа жұртқа ауа көшкен елдің тұрмыс-тіршілігін, басқыншыларға қарсы күресін ұйымдастыруда дәрменсіздік танытуына байланысты, бұл жұмыстар түгелімен халықтың қалың ортасынан шыққан, түскен ауыртпалықты терең түсініп, елді басқару және оны сақтау жауапкершілігін өз мойнына алған ел ақсақалдары мен билердің, батырлардың үлесіне тиеді. Міне, осы «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде қазақ халқының дағдарысқа ұшыраған шаруашылығын, тұрмыс-тіршілігін, жоңғар басқыншылығына қарсы күресін ұйымдастыруда, жаңа көршілермен қарым-қатынасын қалыптастыруда Төле би өзінің қайраткерлік қабілетімен ерекше көзге түседі.

...Төле би жоңғар басқыншыларымен күресте Ресей сияқты қуатты мемлекетпен одақ құру қажеттігін тура түсінген қайраткерлердің қатарында болды. 1733 жылы Төле би Ұлы жүздің көрнекті адамдары Қодар би, Сатай, Қангелді және Бөлек батырлармен бірігіп жазған хатын Аралбай мен Оразгелді елшілер Ресей патшасына тапсырады. Ол хатта Ұлы жүз қазақтарының ұлы орыс мемлекетімен достық қатынаста болуды көздеп отырғандығы айтылады. Белгілі тарихшы А. Левшиннің көрсетуі бойынша, ол бұл өтінішін 1749 жылы тағы да қайталаған. Шығыстан төнген қауіп жағдайында өз халқының болашағы үшін Ресеймен достық қатынастың маңызын өте жақсы түсінген Төле би өмірінің соңына дейін Орынбордағы жергілікті орыс әкімшілігімен байланысын үзбеген. Ол туралы Сенат мұрағатынан мынадай фактіні оқуға болады. 1740 жылы 29 шілде күні Орынбор комиссиясының сол кездегі бастығы генерал-лейтенант князь В.А. Урусов Сенат отырысында жасаған баяндамасында былай деп хабарлайды. «...из Ташкента от Толебия прислан некоторый ташкенец, называемый Катай, с письмами к Барак Салтану, а оный де Барак Салтан послал его к Джаныбек батырю с письмом, акибь под Ташкент прикочевали от Галдан Чирина два Зайсанга калмыцкие и слышно де, что оные Зайсанги имеют намерение на них Барак Салтана и на Джаныбека-батыря, и на других со своими людьми нападете чинить, и ежели то правда, то какие ему в том мере принять, требуете указа». Одан ары Сенат хатшысы А. Красовскийге осы мағынадағы хабардың үкіметтік кабинетке түскен немесе түспегендігін анықтауды және ондай хабар түскен күнде оны князь Урусовтың мәліметімен бірге министрлік кабинетінің қарауына жеткізуді тапсырады. Бұл деректен Төле бидің орыс әкімшілігімен тұрақты байланыста болып, оған өлкедегі саяси жағдайды баяндап және ойрат басқыншыларына қарсы әскери көмек сұрап отырғандығын байқауға болады.

1741 жылы сұлтан Абылай Қалдан Сереннің арнайы жіберген адамдарының қолына түседі де, екі жылға жуық мерзім ойрат ханының қолында тұтқында болады. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ басқарушы топтары арасында үлкен абыржу туғызады. Міне, осы тұста Төле би мен Әбілқайыр ханның өтініші бойынша Орынбор әкімшілігі Абылайды босатып алу мақсатында Жоңғар хандығына орыс-қазақ елшілігін ұйымдастырады. Бұл келтірілген фактілер Төле бидің сол кездері үлкен өріс ала бастаған орыс-қазақ қатынасының басында тұрған саяси тұлғалардың бірі екендігін көрсетсе керек» (М.Қ. Қойгелдиев) [2, 3 б.].

«Кемеңгер би көптеген хандарды, билерді, батырларды тәрбиелеген. Бұл жөнінде «Сабалақ» атты поэманы еске алсақ та жеткілікті, Төле бидің Абылай ханды тәрбиелегені, оның бақ-талайының артуына қанша қызмет еткенін осы дастандағы жыр-суреттен көреміз. Абылай ханға Сабалақ деген ат бергені, оны танығаны дастанда жан-жақты айтылған. Төле биден Абылай соғысқа баруға рұқсат сұрайды. Төле би:

— Балам, саған соғыстан жылқы жақсы емес пе? — десе:

— Желпілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалғанша жігіт адамның өлгені жақсы деген соң, Төле батасын беріпті:

Рұқсат бердім, балам, жолын болсын,

Қасыңа Қызыр, Ілияс жолдас болсын.

Бақ алып, абырой алып осы жолы,

Қасыңа қаншама адам қоңсы қонсын» («Қазақ әдебиеті». Хрестоматия, 1944. – 216 бет).

Төле бидің батасын алып, тәрбиесін көрген, даналық ойларынан сусындаған Абылай хан Төле би мен және басқа да саналы саясаткерлермен ақылдаса отырып, бір орталыққа бағынған қазақ мемлекетін қалпына келтіру керектігін түсінді.

Семейдің Шәкәрім және Әуезов атындағы университеттерінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының кандидаты Болатбек Нәсенов тарихи деректерге негізделген еңбегінде Төле бидің Абылай ханға ықпалын және Ташкентті билегені жөнінде жазады.

Жоңғарлардың ханы Қалдан Серен өлген соң, оның балалары таққа таласып бірін-бірі өлтіргенін, ең соңында күңнен туған ұлы Лама Дорчжи қулық-сұмдық жолмен хандық тақты басып алып, оның Даваци, Амурсана атты інілері Абылай ханның ордасына қашып келгенін айта келе:

«Осы кезде Әбілмәмбет хан, атақты Малайсары билер Абылайға қысым жасап, ол екеуін Лама Дорчжиге қайтарып беруді талап етті. Бұл Абылай ханның ел басқарып жүргендегі өте ауыр кезеңі еді.

Лама Дорчжидің жіберген адамдарының ішінде аса беделді Жапақ (Жәпек те болар, Б. Н.) батыр бар еді. Абылай хан ол батырды өз жағына шығарып алды. Абылайға қарсы шыққан аса беделді старшын Малайсары бастаған топ еді. Оны жақтаушылар аз болып шықты.

Сонымен, Лама Дорчжидің елшілері жағынан жасалған қысымға, қорқытқанға қарамай, Абылай олардың талабын қанағаттандырмай, «Давациді жолдастарымен қайтармаймыз», – деп елшілерді кері қайтарды.

Артынан Абылай старшындардың өзін қолдайтынына сеніп, өзінің елшілерін жоңғардың басшысына жіберді.

Елшілері арқылы жоңғарлардың басшысына Абылай хан: «Князьдар ордаға өздері келді. Қырғыздардың салты бойынша жоңғарлар мен қайсақтардың арасында ұрыс туса да, оларды қайтарып беруге болмайды», – депті.

Дегенмен де осындай батыл шешімге келген соң, олар қауіпсіздікті сақтау мақсатымен жоңғарлардан алысқа көше бастады. Төле биден келген хабардан кейін ғана (1752 жылы) тоқтады. Оларды Төле би сабырлылыққа шақырды. Үлкен Орданың старшыны жоңғарлардың вассалы ретінде Ташкентті биледі. Ол Әбілмәмбет ханның құқығымен бірдей дәрежеде саналды. Осы жылдың жазында (1752 жылы) ол кейбір адамдардың өсегіне байланысты Лама Дорчжиге барып қайтты. Ол оны жылы жүзбен қабылдаса да, Төле би одан қайтып келген соң тез арада Абылайға шабарман жіберді. Онда ол князьдерді жоңғарларға қайтармауды сұрады. Абылай сұлтанға жазған хатында Төле би былай депті: «Давацидің жақтаушылары көп. Соның кеселінен жоңғарлардың өз ішінде бағынбаушылық және тәртіпсіздік болуда. 9 мың отбасы бір беделді князьбен Қытайға көшіп кетті. Оның үстіне жоңғарды аштық қырып барады. Сондықтан қырғыздарға ешнәрседен қорқуға болмайды».

Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметқанұлы Қытай құжаттары негізінде құрылған «Төле бидің қазақ қоғамындағы саяси ролі жөнінде» атты еңбегінде:

«...Қазақ тарихында ондай сындарлы кездер аз болған жоқ. Әсіресе XVIII ғасыр қазақ элитасы үшін ең ауыр сындарлы ғасыр болды. Алайда қазақ билеушілерінің аса маңызды кезеңдерде қабылдаған шешімдерінің дұрыстығын тарих дәлелдеді. Мысалы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін, 1726 жылы Ордабасыда қазақ билеушілері қабылдаған үш жүздің жасағын біріктіріп, жауға аттану шешімінің тарихи дұрыстығы дәлелденген болатын. Содан отыз жыл өткеннен кейін, яғни 1757-1758 жылдары сол Жоңғар хандығын қырып-жойған Цин империясы, жоңғарлардың ең соңғы тұяқ серпіген Әмірсананы өкшелей қуған қалың қолы қазақ даласына қаптап келіп, халқымыздың өміріне қауіп төндірген еді. Осы бір тарихи шешуші шақта, Абылай хан Цин империясына қарумен қарсылық көрсету және мәселені мәмілегерлік жолмен шешу саясатын қолданып, ел басына төніп келген қатерді сейілтті. Сондай-ақ, ол Қазақ хандығын Цин империясына мойындатып, олармен ресми мәмілегерлік қатынас та орнатты. Осы бір тарихи шешуші кезеңде жалпы қазақ элитасы саяси көрегендік танытты. Әсіресе Төле бидің атқарған рөлі айрықша болды [2, 9 б.].

«Төле би өз дәуірінде қазақ, орыс, қытай, қырғыз, өзбек, қарақалпақ халықтарының тарихнамасында ірі қайраткер, дипломат, айтулы шешен ретінде елеулі орын алған. Ал өз елінің өмірінде мәмілегер, қолбасшы, реформатор және ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. Төле бидің өмірі мен даналығы туралы құнды мәліметтер қалдырған шығыстанушы ғалымдар: А. Левшин, Н. Аристов, Я. Гавердовский, Л. Баллюзек, патшалы Ресейдің саясатын жүзеге асырушылар П.И. Рычков, И.И. Неплюев, Г.Ф. Миллер, А. И. Добросмыслов, қазақтың айтулы білімпаздары Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, М. Ж. Көпеев, М. Тынышпаев, Ә. Марғұлан, атақты ақындар Қ. Байболұлы, Майлықожа т.б. зерттеулері мен еңбектеріне зейінді түрде назар аударсақ, олардың баба туралы көзқарастарында алшақтық жоқ екендігін аңғарамыз. Тарих деген қазынаны көздің қарашығындай сақтаған Қытай мұрағаттарынан табылып жатқан жазбалар да Төле би жөнінде құнды деректер береді. Төле би жайында жазба деректер жұтаң деп айтуға болмайды. Дегенмен оның өмірбаяны мен реформаторлық-басқарушы қызметі толық дәрежесінде зерттеліп, зерделене қойған жоқ. Төле би жөнінде бірнеше құнды еңбектер, көптеген мақалалар (С. Дәуітұлы, М. Қойгелдиев, Ж. Рсымбетов, Ж. Дәдебаев) жарық көргені белгілі.

Ел басшысы болу, елге жағу қиын – депті бір әңгімесінде Төле би.

– Ілгеріде бір ханның дүйім жұртқа атағы шығыпты. Тұс-тұстан сәлем беріп келушілер жыл бойында таусылмайды екен. Сол хан бір күні той жасайды.

- Жұрт не айтар екен? – деп ол жасырын адам қойыпты. Күнде екі-үш ауылдан келіп, той ұзаққа созылады.

- Па, мынау байлығын көрсетті, күнде той. Тамағы май, жей алмадық, - деп жұрт жақтырмапты.

- Не деді ел? – деп хан сұрайды. – Хан байлығын көрсетті. Еті семіз, тамағы май болып, жей алмадық деді, - дейді тыңшысы.

Хан келесі жылы сынамақ болып, тағы той жасайды.

- Майды азырақ салыңдар, сойыс мал семіз болмасын, - дейді. Ел тағы келеді.

- Уай, бұл хан жас күнінде жетім болып өскен кедей еді. Бұл өзінің тегін көрсетті. Берген еті арық болды, - дейді халық.

- Бұл әркімге бірдей жаға алмайсың деген мысал сөз. Бірақ барлық елге бірдей бола алғанға не жетсін. Бар қажыр-қайратты, ақылды соған жұмсау керек, - деп доғарыпты Төле би.

Осы әпсанада айтылған өмір мұраты жолында әділін айтып толғаған, қазақтың данагөй абызы – Төле би халқының бірлігі, тірлігі, тұрмысы, салт-сана дәстүрі үшін бүкіл ғұмырын арнады. Сол үшін де туған елі оны төбесіне көтеріп, кұрметтеп "Төбе би", "Әулие ата", "Қарлығаш әулие" деп атап кетті.
Әдебиеттер тізімі
1. Дәуітұлы С. Әз Төле би. Төле би – қазақтың данагөй абызы. Аймақтық ғылыми- практикалық конференция материалдары 26 сәуір 2013. ҚарМТУ баспасы.

2. Дидахмет Әшімханұлы, Көлбай Адырбекұлы - turkystan. kz› kz / articles / view/34019 31 Қазан 2013, 13:04, 0463.

3. Өмір Шыныбекұлы. Төле бидің ата-тегі туралы бірер сөз.

http://kaztube.kz/ru/video/27420 06 Тамыз, 2012.

4. Қазанғап Байболұлы. Төле би. – Алматы, 2012.

5. Дәуітов С. Төле би – Алматы, - 2012.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет