Байланысты: Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы
2-тарау. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету тәртібі Кодекстің 123-бабының 3-тармағына сәйкес МСАК жалпы практика дәрігерлері (отбасылық дәрігерлер), учаскелік терапевтер, педиатрлар, фельдшерлер, акушерлер, кеңейтілген практика (жалпы практика) мейіргерлері, учаскелік мейіргерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, денсаулық сақтау саласындағы психологтар көрсетеді.
МСАК ұйымдары Кодекстің 123-бабының 2-тармағына сәйкес мынадай жұмыс қағидаттарын жүзеге асырады:
1) қызмет көрсетудің отбасылық қағидаты;
2) МСАК аумақтық қолжетімділігі;
3) аумақтық қолжетімділік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау;
4) пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттануы;
5) меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тең құқықтылық және адал бәсекелестік;
6) профилактиканы, диагностиканы және емдеуді қамтитын МСАК көрсетілетін қызметтері пациенттердің тұрған жеріне қарамастан, олардың барлығына қолжетімді болуы.
Бекітілген халыққа қызмет көрсету үшін МСАК ұйымында учаскеге мамандарды бекіте отырып учаске құрылады.
МСАК көрсететін ауылдық медициналық ұйымдарды қоспағанда, бір жалпы практика дәрігеріне бекітілген халықтың саны аралас халыққа 1 700 адамнан, учаскелік терапевтке 2 200 адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 7-ден 18 жасқа дейінгі 900 баладан аспайды.
Кодекстің 117-бабына сәйкес МСАК мынадай нысандарында беріледі:
1) шұғыл – бекітілу фактісіне байланыссыз денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;
2) кезек күттірмейтін – пациенттің өміріне анық қатер төндірмейтін, кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;
3) жоспарлы – көмек көрсетуді белгілі бір уақытқа кейінге қалдыру пациент жай-күйінің нашарлауына алып келмейтін, пациенттің өміріне қатер төндірмейтін аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде бекіту орны бойынша алдын ала жазылумен немесе жүгінумен көрсетілетін медициналық көмек нысандарында беріледі.
МСАК Кодекстің 118-бабының 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) тармақшаларымен көзделген жағдайларды көмек көрсетеді.
МСАК Кодекстің 123-бабының 1-тармағымен айқындалған қызметтерді қамтиды.
МСАК:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес МСАК-тың медицина қызметкерлері (фельдшер, акушер, орта және (немесе) жоғары медициналық білімі бар мейіргер) көрсететін медициналық қызметтердің тізбесі бойынша аурулар кезінде немесе дәрігердің қатысуын талап етпейтін жағдайларда орта медицина қызметкерлері (учаскелік мейіргер (жалпы практика мейіргері), фельдшер, акушер) көрсететін дәрігерге дейінгі медициналық көмекті;
2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес МСАК дәрігерлері (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт дәрігер және (немесе) учаскелік педиатр) көрсететін медициналық қызметтер тізбесі бойынша жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт дәрігер және (немесе) учаскелік педиатр көрсететін білікті медициналық көмекті;
3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес МСАК ұйымындағы әлеуметтік қызметкер мен психолог қызметінің тізбесі бойынша денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкер мен психолог көрсететін медициналық-әлеуметтік көмекті қамтиды.
МСАК ұйымы Кодекстің 124-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде өнім берушінің денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына енгізілген бірлесіп орындаушылармен бірлесіп орындау шартын жасасуы арқылы қамтамасыз етеді.