ӘЛЕМДІК ДІНДЕР ЖЕТЕКШІЛЕРІ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары құрылтайы хатшылығының 14-отырысы басталды.
Құрылтай хатшылығы отырысында діни жетекшілер кеңесінің құрамын өзгерту, діни жетекшілер кеңесінің екінші отырысының күн тәртібін анықтау мәселелері қаралмақ.
Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 5-құрылтайы ертең басталады. Құрылтайға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, халықаралық ұйымдардың басшылары, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, ғылыми орталықтар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Құрылтай екі күнге созылады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы алғаш 2003 жылы қыркүйек айында өткен. Құрылтай содан бері әр үш жылда бір рет өткізіліп келеді.
09.06.2015 ж.
http://www.azattyq.org/content/news/27061585.html
* * *
Қ.ТОҚАЕВ: АЛДАҒЫ ДІНАРАЛЫҚ САММИТ ІЗГІ НИЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ІСІНЕ ЖАҢАША СЕРПІН БЕРЕДІ
Астана. 9 маусым. Baq.kz – Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XIV отырысы өтіп жатыр.
Отырысты ашқан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бүгін біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезіне дайындық жұмыстарын қорытындылау үшін жиналып отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің қызметіне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауларыңыз бен ерекше ықыластарыңыз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін.
Ертең бесінші съезде дін лидерлері әлемнің бірқатар мемлекет басшыларымен, беделді халықаралық ұйым жетекшілерімен, көрнекті саясат және қоғам қайраткерлерімен, ғылыми қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен бірлесе отырып, ортақ диалог алаңында пікір алмасатын болады.
Әлемдік дамуда болып жатқан сан алуан үдерістер қазіргі заманғы өркениеттің іргелі серпілістерге аяқ басқанын көрсетіп отыр. Бұл әлем сипаты мен әлемдік экономикалық жүйені қайта құруды, қоғамдарды әлеуметтік тұрғыда ұйымдастыруды және олардың идеологиялық негіздерін тереңінен өзгертуді талап етеді.
Осы тұрғыда діни және саяси лидерлерге халықтардың бейбіт өмір сүруі мен қауіпсіздігі жолында ерекше жауапкершілік артылады. Олар бірлесе әрекет ете отырып, мемлекеттер мен халықтардың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және ынтымақтастығын дамытуға ықпал етіп, бейбітшілік пен келісім үнін еселей түсетіні даусыз.
Алдағы дінаралық саммит әлем үшін аса қажетті, ізгі ниетті жүзеге асыру ісіне жаңаша серпін береді деп сенеміз, – деп атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XIV отырысы барысында Дін лидерлері кеңесінің II отырысының, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің күн тәртібі белгіленіп, съезд Хатшылығының XIV отырысының хаттамасы қабылданады.
09.06.2015 ж.
http://baq.kz/kk/news/66466
* * *
АСТАНАДА ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ
Астана. 9 маусым. Baq.kz – Бүгін Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XIV отырысы өз жұмысын бастады деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Съездің жұмыс органы болып табылатын Хатшылықтың XIV отырысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінің күн тәртібі белгіленіп, қатысушылар декларациясының жобасы мақұлданатын болады. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің өтетін мерзімі белгіленеді.
Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндеркөшбасшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өткен болатын. Оның жұмысына ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысқанеді.
09.06.2015 ж.
http://baq.kz/kk/news/66462
* * *
ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫ СЪЕЗІНІҢ ЖЫЛНАМАСЫ
Астана. 9 маусым. Baq.kz – Қазіргі уақытта Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы – Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді. Назарларыңызға дәстүрлі съездің тарихын ұсынамыз.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.
Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.
Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады.
Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті.
Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша өткізілді. Екінші форум жұмысына 29 делегация қатысты.
Бірінші күні Съезд жұмысының барысында қатысушылар басшылыққа алған негізгі бөлігі көрініс тапқан «Дінаралық диалог қағидаттары» қабылданды. Екінші съезд қорытындысы бойынша қатысушылар барлық діндер мен этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен декларация қабылдады. Бұл құжатта «қырғиқабақ идеологияны»«әлем мәдениетіне» ауыстырудың жаһандық қажеттілігі кең көрініс тапты.
Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысқанӘлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезі 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өтті. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру жайы арқау болды.
Сонымен қатар, Съездің өткізілуіндегі жаңалық бейбітшілікті қамтамасыз етумен, қазіргі әлемдегі келісім және үнқатысумен байланысты өткір мәселелерді талқылау жөніндегі секция отырыстарын ұйымдастыру болды. III Съезде секция отырыстары үшін мынадай тақырыптар таңдап алынды: 1) Моральдық және рухани құндылықтар; 2) Әділеттілік, бейбітшілік және қауіпсіздік; 3) Қоршаған орта және үйлесім; 4) Диалог және әріптестік; 5) Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынтымақтастық.
Үшінші форумның қорытындысы бойынша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағыталған үнқатысуын қолдауға ықпал етуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.
IV Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады.
Форум төрт секция отырысы бойынша өтті: 1) «Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі». 2) «Дін және мультикультурализм». 3) «Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар». 4) «Дін және жастар».
Съезд жұмысының қорытындысы бойынша Қатысушылардың үндеуі қабылданды. Бұл құжаттан биік рухани мән-мағынаға толы үн байқалып тұрды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.
Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Съезд барлық діндердің міндеті қазіргі заманда көбінесе ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Бұл – рухани бос қуысты және адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру. Бұл – кез келген қоғамның еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтары іспеттес жасампаздық бастауларын нығайту қажеттілігі. Мұнымен қоса, діннің бітімгершілік күші кез келген қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.
Әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алады.
Биыл Астанамыз тағы да рухани келісім мен бірліктің ортасына айналды. Маусым айының 10-11 күндеріӘлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіАстанада өтпек. Съезден әлемдік қауымдастық үлкен үміт күтеді. Ең бастысы тұрақтылық пен даму, келісім мен берекені арқау еткен келелі жиын өз нәтижесін берері анық.
09.06.2015 ж.
http://baq.kz/kk/news/66465
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |