МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҰСАҚ ҚОЛ МОТОРИКАСЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ Балаңыздың алғаш дүниеге келген күні есіңізде шығар? Өзі өте кішкентай болса да, сүйіспеншілікке толы көз жанарын сіздерге жайлап қана бағыттаған жас сәбиіңізді көргенде оның толықтай тек қана сіздікі екендігі және сізге толықтай бағынышты болғанын сезінген шығарсыз. Міне, сол сәттен бері «жанжақты дамыған тұлғаны» қалыптастыру үшін сіз және мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері талмай еңбек етіп келесіздер. Ия, сәби дамуында оның балғын балалық шағы қаншалықты маңызды болса, оның нәрестелік кезі мен сәбилік шағы да соншалықты маңызды. Себебі осы кезеңде балаңыздың алған тәжірибесі оның өмірлік азығына айналады. Оның өзіне сенімді, интеллектуалды дамыған, өмірден өзіне қажеттісін алатын тұлға болып қалыптасуы тек ересектерге байланысты.
Бұндай жауапкершілік әр ата-ана мен тәрбиешілерді алаңдататыны сөзсіз. Психологтар баланың миын кезкелген көңіл аудартатын нәрсенің дамытатынын айтады. Балаңызды кешке құшақтадыңыз ба? Ертегі оқыдыңыз ба? Таңертең маңдайынан сүйдіңіз бе? Қоршаған заттармен таныстырдыңыздар ма? Міне, осының барлығы мидың ақпаратты талдауына түрткі болады. Яғни, дамытады. Ол үшін арнайы ұйымдастырылған жаттығулар мен тапсырмалардың маңызы зор. Ал олардың арасындағы ең маңыздысы – саусақ жаттығулары.
Ұсақ саусақ моторикасын шыңдау – тілді шыңдау. Ал тілді шыңдау ол ақыл-ойды да шыңдау деген сөз.
Ұсақ саусақ моторикасының балалардың жас кезеңдеріне байланысты дамуына келсек:
− Туғаннан екі жасқа дейін. Жармасу - бала заттарды ұстауға үйренеді, мақсатты түрде қимылдайды.
− Екіден төрт жасқа дейін. Дағдылар дами түседі, саусақтар белсенді қимылдайды. Қимылдарын басқара алады, жазықтықта бағдарлауы артады.
− Төрттен сегіз жасқа дейін. Меңгерген ұсақ саусақ моторикасының дағдыларын қолдануды үйренеді, қол, қолдың білезік бөлігі, саусақ қимылдары бағдарлы.
Ұсақ саусақ моторикасын дамытуды баланың нәрестелік шағында-ақ бастаған жөн. Нәрестенің қолына саусақ жаттығуы – саусаққа арналған массаж жасаған тиімді. Сол арқылы ми қыртысымен байланысты биологиялық нүктелерге әсер етеміз.
«Бала қабілеті мен дарындылығы – саусақ ұштарынан бастау алады. Саусақтардан басталатын нәзік салалар − шығармашылық ойларды нәрлендіретін қайнар көз» В.А. Сухомлинский десе, «Қол – құралдардың құралы» Аристотель, ал «Қол адамның сыртқы миы іспеттес» И. Кант. Жоғарыдағы ғалымдардың айтқан сөздері осыған дәлел болмақ.