Мектеп жасына дейінгі балалардың таным белсенділігін арттыруда көрнекі құралдарды қолданудың тиімділігі



Дата19.02.2017
өлшемі404,03 Kb.
#11060
Құрастырған Баязитова И.М.

Мектеп жасына дейінгі балалардың

таным белсенділігін арттыруда

көрнекі құралдарды

қолданудың тиімділігі

(Әдістемелік құрал)

К


өкшетау 2016
ӘОЖ 373.2 (072)

КБЖ 74.100.5

Б 31

Пікір жазған: Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінің педагогика пәнінің жоғары санатты оқытушысы, «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі С.А.Амирова


Баязитова И.М.

Б 31 «Мектеп жасына дейінгі балалардың таным белсенділігін арттыруда көрнекі құралдарды қолданудың тиімділігі : әдістемелік құралы / И.М.Баязитова-Көкшетау, 2016. -38 б.

ISBN 978-601-317-013-8
Бұл әдістемелік нұсқаулықта мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілеттерін арттырудағы көрнекі құралдардың маңыздылығын, оларды тиімді қолдануға қойылатын талаптарды жан-жақты талдап қарастырған. Көрнекі құралдарды тиімді қолданудағы анатомия- физиологиялық жақтардың әсері, бала психологиясын дамытуда табиғи көрнекі құралдардың рөлі, көрнекі құралдарды тиімді пайдаланудағы сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар жүйесі, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру сабағында көрнекі - құралдарды қолданудың әдіс-тәсілдері, ережелері ұсынылған. Бұл әдістемелік нұсқаулық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілеріне арналады.

ӘОЖ 373.2 (072)

КБЖ 74.100.5

©Баязитова И.М., 2016


ISBN 978-601-317-013-8

КІРІСПЕ

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық- жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 қаңтардағы № 922 жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2011жылғы 29 қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және экономикалық дамуының негізіне айналуы тиіс. Жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту» үкімет алдындағы келелі мәселенің бірі екендігін ашып айтты. Осыған орай білім беру жүйесіндегі істің жағдайын түбегейлі өзгертудің стратегиялық міндеттерін анықтап көрсетіп берді.

Бұның өзі білім саласындағы ең бір өзекті мәселе жеке тұлғаны дамыту, оның жан-жақты білімді, құзіреттілік қасиеттерді бойына сіңірген азаматтарды қалыптастыруды басты мақсат етеді.

Бұл мақсат мүддені жүзеге асырудың бір жолы ақпараттық технология десек, мұнда қазіргі заманғы оқытудың техникалық құралдарының, оқу үрдісіндегі әртүрлі көрнекі құралдардың маңызы зор.

Я.А.Коменскийдің өзінің "Ұлы дидактикасында" оқудың көрнекілігі, саналы оқу, оқудың жүйелі болуы, сатылы оқу, оқудың бала шамасына сай болуы, оқудың негізді болуы, дидактикалық принциптері оның, педагогикалық жүйесінде бір-бірімен өзара тығыз байланысып отырды. Ол көрнекілік принципін психологиялық талаптармен байланыстырады.


  1. Дүниетаным әдетте сыртқы сезім мүшелеріне байланысты, өйткені түйсікте болмаған нәрсе, ойда болуы мүмкін емес, осыған байланысты оқыту ісін заттар туралы құрғақ сөзден бастамай, нәрсенің өзіне бақылау жасатудан бастау керек.

  2. Ғылымның ақиқаттығы мен анықтығы тек сезім арқылы дәлелденеді.

  3. Түйсік дегеніміз адал жетекші, тікелей сезім мүшелерімен қабылданған нәрсе көпке дейін берік есте сақталады.

Сонымен бірге Коменский осы көрнекілік принципіне байланысты мынадай ескерту жасады: дүниеде сезім мүшелері тікелей қабылдай алмайтын нәрселер бар (мәселен, аспан әлемінің денелері және жер астындағы нәрселер немесе басқа елдерде өсетін өсімдіктер мен жануарлар т.б.). Бұларды оқытуда Коменский айналадағы заттарды негізге алып, солармен салыстыра отырып оқыту керек деді. Көрнекілікті іске асырудағы оның ұсынған құралдары: заттар, сол заттардың суреттері, модельдері т. б. деп көрсетуінен көрнекі құралдардың маңыздылығын көруге болады.

Ал Жан-Жак Руссо дидактикасының негізі баланың өзіндік әрекетін, зеректігін, зейінділігін, байқампаздығын дамыту мақсатын көздеді. «Барлық оқылатын пәндер мейлінше көрнекілікпен баланың қабылдауына бейімделуі тиіс. Руссоның талап етуінде "көрнекілік" деген тек әдеттегі: суреттер, картиналар, приборлар т.б. ғана емес, ол - табиғаттың өзі, тікелей өмірдегі деректер»,- деп анықтауы көрнекі құралдардың шығу тегі табиғат, қоршаған орта, айналаң, өмір сүріп жатқан қоғамың екендігін нақтылай түседі.

Оқу үрдісінде балалардың білімін, танымын арттыруда көрнекі құралдарды пайдаланудың тиімді жолдары мен тәсілдерін, ізденімпаздық, білімдік белсенділігін қалыптастыру мәселелері туралы жазылған еңбектерді атап өтсек: Я. А.Коменский, Жан-Жак Руссо, И. Г. Пестолоций, К. Д. Ушинскийлер болса, қазақ ұлтында Ы. Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, А.Байтұрсыновтар, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, В.Ф.Шаталов, Ш.Амоношвилилер дамытса, қазіргі кезде Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев, Қ.Бержанов, Г.А Уманов, А.Ж.Қараев, Р.С.Омарова. т.б еңбектерін атауға болады.

1- Бөлім. Балаларға оқыту мен тәрбиелеудегі көрнекі құралдардың алатын орны, маңызы және теориялық негіздері

1.1.Көрнекі құралдарды тиімді қолданудағы анатомия- физиологиялық жақтардың әсері
Сөз сөйлеу және солардың негізінде туатын уақытша байланыстар екінші сигналдық жүйеге жатады. Ғалым педагог Песталоций оқудың негізін оның көрнекі болуы деп санады. Көрнекілікті кең түрде қолданған жағдайда ғана айналасындағы дүние туралы дұрыс білім қалыптасады, ойлауы және тілі дамиды деп көрсетті.

Балалардың сөздік қорын байыту жөнінде бірнеше бағалы кеңестер берді. Сауат ашу оқытуды көрнекілік негізінде жүргізіп, жаратылыс, география және тарих пәндерінен жүйелі элементарлық білімдер беруді ұсынды. Жазуға үйретуде Песталоций алдын-ала әріптердің элементтерін жазуға, ұзақ жаттықтыруды ұсынды. Әсіресе, алғашқы жылдары орфографиялық дұрыс жазуға ол одан кейінгі кезеңдерде де үлкен мән берді. Жазуға үйретуді сурет салумен байланыстырып, баланың тілін дамытуға үнемі көңіл бөлуді талап етті.

Мектепалды даярлық тобында басқа пәндерден гөрі сауат ашу сабағында жиі қолданылатын көрнекіліктің бірі-сөздік көрнекілік. Сөз арқылы кейіпкер бейнесін, оның қарым – қатынастық көрінісін, табиғат суретін әсем кестелеп, көркемдеп, балаларға жеткізе біледі. Олай болса, шығарма тақырыбын, оның тіл ерекшелігін шығарма көркемдігін, кестелі суреттерді кейіпкерлердің өзіндік, даралық ерекшеліктерін сол туындының өзіне, одан алынған дәйекті мысалдарға сүйену, жүгіну, үзінді келтіру арқылы ғана дәлелдеуге, баланы иландырып сендіруге болады. Сөздік көрнекіліктің жүйесін дұрыс қолданғанда ғана оның тиімділігін арттыра аламыз.

Қ. Бітібаева сауат ашу сабағында сөздік көрнекілікті 4 түрге шартты түрде бастамалы, сипаттамалы, дәлелдемелі, жинақтамалы деп бөліп қарастыруды ұсынған.

Баланың тақырыпқа деген ынта – ықыласын, қызығушылығын артыруға бастама бола білетін, материалды, тақырыпты бастауға негіз етіп алынатын үзінділерді бастамалы сөздік көрнекілік дейміз.

Тәрбиеші көркем шығарманы талдап түсіндіруде шығарма кейіпкерлерінің суретіне, бейнесіне үлкен мән бере отырып, сол жолда көркем шығарма мәтінін кең пайдалану, мысалдар келтіру арқылы кейіпкер ерекшелігін білдіретін сипаттаулардан үзінділер келтіретін болады. Сөздік көрнекіліктің мұндай түрін сипаттамалы деп атағанымыз жөн.

Бала бейнелі сипатты көзіне елестете отырып, кейіпкердің ішкі дүниесіне үңілетін болады. Сол арқылы олардың қыр – сырын танып, ұғынуға тырысады. Кейіпкер сипаты арқылы тәрбиеші көп нәрсені аңғартып, түсінуге ұмтылады.Сипаттамалы сөздік көрнекілік арқылы баланың танымдық ой – қиялын жетілдіретін боламыз.

Сөздік көрнекіліктің ішінде ерекше орын алатын – дәлелдемелі көрнекілік. Мұнда жоғарыда айтылған көрнекіліктер сияқты жетекшілік рөлді тек тәрбиеші ғана атқарып қоймайды, бала да тікелей қатысып, араласып, белсенді іс - әрекет атқарады. Баланың өздігінен, дербес жұмыс істеуіне, танымының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

Мұның үлгісін әрбір сабақ сайын тәрбиешінің өзі көрсетіп, балалардың да сөйлеуі мен жауаптарында жүйелі қолданып отыруын талап етуге тиіс. Әрдайым тәрбиеші балаларға «ол ойыңды немен, қалай дәлелдейсің, мысал келтіріп, мысалың ойыңды дәлелдеуге сәйкес келе ме?» т.б. сұрақтар қою арқылы дәлелдеуге мүмкіндік жасайды. Тәрбиеші талдап отырған тақырыбын, ондағы айтылатын ойдың қорытынды түйінін жинақтап, бала назарын сол негізгі тұжырымды пікірге аударып отыруы керек.

Осындай бала ойын бір нысанаға бағыттау үшін тәрбиеші сабақ соңында өз баяндауын қорытындылай келіп, пайдаланылатын мысалдар, дәлел, үзінділер сөздік көрнекіліктің шартты түрде жинақтамалы түрі деп атайды.

Жинақтамалы, қорытындыламалы көрнекілік суреткердің өзіне тән ерекшелігін білдіру үшін, соған балалардың көңілін аудару, назарын бөлу үшін қолданылады.



Қ. Бітібаева сауат ашу сабағында сөздік көрнекілікті 4 түрге бөлді

Баланың тақырыпқа деген ынта – ықыласын, қызығушылығын артыруға бастама бола білетін, материалды, тақырыпты бастауға негіз етіп алынатын үзінділерді бастамалы сөздік көрнекілік дейміз.


Тәрбиеші көркем шығарманы талдап түсіндіруде шығарма кейіпкерлерінің суретіне, бейнесіне үлкен мән бере отырып, сол жолда көркем шығарма мәтінін кең пайдалану, мысалдар келтіру арқылы кейіпкер ерекшелігін білдіретін сипаттаулардан үзінділер келтіретін болады. Сөздік көрнекіліктің мұндай түрін сипаттамалы деп атағанымыз жөн.


Сөздік көрнекіліктің ішінде ерекше орын алатын – дәлелдемелі көрнекілік. Мұнда жоғарыда айтылған көрнекіліктер сияқты жетекшілік рөлді тек тәрбиеші ғана атқарып қоймайды, бала да тікелей қатысып, араласып, белсенді іс - әрекет атқарады. Баланың өздігінен, дербес жұмыс істеуіне, танымының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.


Tәрбиеші сабақ соңында өз баяндауын қорытындылай келіп, пайдаланылатын мысалдар, дәлел, үзінділер сөздік көрнекіліктің шартты түрде жинақтамалы түрі деп атайды.



Сауат ашу сабағында сөздік көрнекілікті қолдану арқылы балалардың ойлау қабілетін дамытуға, ой – қиялын жетілдіруге, әрбір сөзге, сөйлемді орнымен қолдануға, сөз мәнін дұрыс түсінуге, айшықты, көркем, тартымды сөйлеуге, ойын орынды дәлелдермен жеткізе білуге үйрететін боламыз. Сөздік көрнекілікке қойылатын талаптарды ғалым педагог, әдебиетші Қ. Бітібаева төмендегіше анықтады:

  1. Тәрбиеші қолданған әрбір мысал, үзінді, шығарма мәтініне толық сай, сәйкес келуі керек.

  2. Алынған, келтірілген әрбір сөздің мәні, ұғымы балаға түсінікті болуы тиіс.

  3. Тәрбиеші келтіретін мысалдарын баяндауымен үйлесімді қолдана білуі керек.

  4. Тәрбиешінің шығармадан алған мәтіні ойды түсіндіруге көмек ететін айқын, мәнді, көркем болуы тиіс.

  5. Алынған мәтін екіұшты пікір тудыратын болмауы керек.

  6. Алынған мысалдар даулы пікірлерді шешуге көмек ететін дәйек бола алуы тиіс.

  7. Тәрбиешінің келтірген үзінділері беделді, танымал, ұлағатты ғалым адамдардікі болған жөн.

  8. Бір сабақтың үстінде келтірілген мысал, үзінділердің қайталануынан қашуымыз керек.

9. Алынған мысал, үзінділер мүмкіндігінше еңбектің соңғы нұсқасынан алынғаны жөн.

Оқыту процесінде көрнекі құралдарды пайдаланудың психологиялық негізі — осы бірінші сигналдық жүйе, өйткені балалардың басында айналадағы шындық туралы заттар мен құбылыстар жайында дұрыс елес тудыру осы бірінші сигналдық жүйеге байланысты.

Сөз, сөйлеу және солардың негізінде туатын уақытша байланыстар екінші жүйеге жатады. Сигналдың бұл түрі адамға ғана тән. Мектепке дейінгі мекемелерде оқу мәселесіне, тәрбие жұмысына байланысты сөздің қатынаспайтын жері жоқ. Сабақ беру әдістерінің көпшілігі оқуды, әңгімелесуді, түсіндіруді, көрнекі құралдарды қолданғанда оларды сипаттауды тілейді. Сондықтан сигналдық жүйенің алатын орны зор.

Сөйлеудің дамуы және оны тәрбиелеудегі көрнекі құралдар. Жаңа туған бала алдымен дауысты дыбыстарды, кейінірек дауыссыз және сыңар дыбыстарды, соңынан дауыссыздардың қатаң, ұяң түрлерін меңгереді. Екіден былай қарай баланың сөздік қоры қауырт өседі. Мәселен, жас жарымдағы балада 10-15 сөз болса, екіге келгенде 300, үш жаста мыңға жуық сөзі болады. Үш жастан былай қарай сауат ашудың заңдылықтарын стихиялы түрде үйренуге кіріседі.

Жанұяда баланың сөйлеу әрекетінің дұрыс қалыптасуына жеткілікті көңіл бөлінсе, мектепке келгенде оңай әріп танып, сабақты жақсы үлгеріп кетеді. Осындай балалардың сауат ашу кезіндегі сөз қоры 4000-ға дейін жетіп отырады. Баланың сөйлеуі балабақшада тек қарым-қатынас ролін атқарса, мектепте жүргенде білім жүйелері меңгерудің негізгі құралы қызметін атқарады.

Балабақшаға түсу бала тілінің жоспарлы түрде дамуына өте қолайлы жағдай туғызады. Сауат ашу, оқып, жаза алуға үйрену, мектепке дейін өз бетінше меңгерген сауат ашуын енді арнаулы пән ретінде (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан) оқып-үйрену бала тілін дамуына бұрын-соңды болып көрмеген үлкен өзгерістер енгізеді. Тілді меңгеру барысында баланың сөйлеу ерекшеліктері онан сайын жетіле, дами түседі.

Жазбаша сөйлеу – баланың тіл мәдениетінің дамуына ерекше ықпал жасайтын қуатты фактор. Жазбаша сөйлеуді меңгеруге балабақша есігін аттағаннан бастап белсенді кіріседі. Балалардың орфографиялық дағдыларымен қатар жазу жұмысы дағдыларын үйрену жазба сөйлеуді меңгерудің негізгі элементі болып табылады.

Жазба сөйлеудің дамуы сауат ашудан басталады. Сауат ашу үш кезеңнен тұрады.

Мұның бірінші кезеңінде бала әріптің аттарымен танысқанда көрнекі құралдардың алатын орны ерекше. Бірінші кезеңін психологияда анализдік (талдау) кезеңі деп атайды. Мысалы сауат ашу пәнінде әріптерді жазуда көрнекі құралдар түрлі түсті болуы шарт.




Екінші кезеңде бала сөздің элементтерін онша қиналмай-ақ бір-біріне жеңіл қоса алатын болады.

Үшінші кезеңде бала әріптерді тез танып, бір-біріне қосып оқи алады.

Балабақшаға келген күндерден бастап оқу дағдысымен қатар жазу дағдысын да меңгере бастайды.



    1. Бала психологиясын дамытуда табиғи көрнекі құралдардың рөлі

Түйсік және қабылдаудағы көрнекі құралдың алатын орны. Балаларда түйсіктер дүниеге келген күннен бастап дамиды. Мәселен, туғаннан кейін бернеше күннен соң бала қант қосқан судан сүтті айыра алады. Оның аузына хинин ерінтіндісін тамызса, ерітінді ыңғайсыз реакция білдіреді. Осы айтылғандар балада дәм түйсігінің ерте көрінетіндігін байқатады. Баланың есту түйсігі біртіндеп дамиды. Алғашқы күндері құлақ түтігі суға толы болады да, ештеңені естіртпейді. Бірер аптадан кейін ғана бала дыбысқа біртіндеп реакция көрсетеді.

Егер бала үш аптадан кейін дыбысқа елеңдемесе, оның саңырау болып қалуы ықтимал. Мұндайда анасы баласын дәрігерге апарып көрсеткені дұрыс. Үш айлық бала анасының еркелеткен дауысын естіп, көңілденеді, қатты жекіре сөйлесе, кемсеңдеп жылайтын болады. 2-3 айдан былай қарай бала көзін жарық түсіріп тұрған затқа бұра бастайды, қозғалмалы заттарға көзін тұрақтатуға тырысады. Жарықты түйсіну тіпті жаңа туған нәрестелерден де байқалады. Мәселен, шала туған баланың өзі де бірнеше күннен кейін жарық пен қараңғыға түрліше реакция білдіреді. Заттың түсін айыру кейінірек дамиды. Мәселен, 5 айлық бала алдымен заттың түріне, біртіндеп оның көлеміне, одан соң барып, бояуына көңіл аударатын болады. Бала тілінің шығуы, оның жүре бастауы- түйсіктердің дамуына қолайлы әсер етеді. Балабақшаға түскенге дейін түйсіктердің негізгі түрлері (көру, есту, сипап сезу, қозғалыс т.б.) біршама қалыптасып үлгереді. Балабақша балаларының түйсіктерін де жан-жақтылы дамытуға мүмкіндік мол.

Түйсікті дамытуға нұқсан келтіретін факторлардың бар екенін ұмытпау қажет. Мәселен, бала орындықта дұрыс отыра алмайтын болса, оқыған немесе, жазған кезде қисайып жатып алса, кітапқа, дәптерге көзі өте жақын дағдыланса, оның көру қабілеті нашарлайды. Тәрбиеші осы айтылғандардың, сондай-ақ жатып оқудың да зияндылығын балаға ескертуі тиіс. Тәрбиеші көзі нашар көретін баланы жеке бақылауға алып, қадағалап отырмаса болмайды. Көзі нашар көретін баланы қадағаламаса, оның сабақты нашар үлгеруі де мүмкін. Балабақша балаларының есту түйсіктерін жетілдірудің де маңызы зор.

Балалар жоғары дыбыстарды да сезе алатын болуы тиіс. Мұндай қабілет арнаулы жаттығулар арқылы тәрбиеленеді.

Мәселен, мектепалды даярлық тобының балаларының көпке дейін дыбыстарды бір-бірінен ажырата алмауы, оқу жазу дағдаларының қалыптасуына кедергі эксперименттік зерттеулерде анықталып отыр. Сөйтіп балалардың түйсіктері тәжірибе жүзінде дамитындығы атап айтқанда, ән айту – есту түйсігін, сурет салу – көру түйсігін, еңбек сабақтары – қозғалыс, сипап сезу түйсіктерін кемеліне келітіріп отыратындығы байқалды.

Байқампаздық табиғи көрнекі құралдың маңызды бөлігі. Балабақша тәжірибесінде балалардың байқампаздығын тәрбиелеудің жолдары көп түрлі. Олар: көрнекі құралдар қолдану, қол еңбегімен шұғылдану, модельдер жасау, экскурсиялар ұйымдастыру, картиналармен жұмыс істеу, коллекциялар құрастыру, тірі табиғат бұрышы, балабақша жанындағы жер учаскелерінде тәжірибе жұмысын жүргізу т.б. Осындай әрекет үстінде балалар заттарды, олардың құбылыстарын бір-бірімен салыстыруға, олардың сипаттарын реттеп топтастыруға дағдылана бастайды, балалардың іске талаптануы оянып, заттарды қабылдауы жетіле бастайды, бақылампаздығы арта түседі.

Тыңдау мен естуді бір нәрсе деуге болмайды ғой. Тәжірбиелі тәрбиешілер былай дейді: Менің балаларым балабақшаға келе жатқанда, жан-жағына қарайды, ал бірақ олар мақсат қоя білмейді, бұған оларды үйрету керек. Олардың балабақшаға келе жатқан жолын пайдаланып мен оларды осыған үйретуге тырысамын.

Мектепалды даярлық тобының балаларына тиін бейнеленген тамаша сурет көрсетілді. Содан соң есте қалғаны бойынша тиіннің суретін салу тапсырылды. Осы тұста олардан сұрақ жауып кетті: "Тиіннің құйрығы қандай?" "Оның мұрты бар ма?", "Оның жүнінің түсі қандай?" т.б. Балалардың бұл сұрақтарына қарағанда, балалар салу керек екенін біле тұра тиянақты көп нәрсені аңғармағандығын көрсетті.

Барлық ашық, жарық, үлкен, қозғалатын нәрселер балалардың назарын аударады. Сондықтан да дерексіз материалдардан көрнекілігімен ерекшеленетін нәрселерді балалар жақсы қабылдайды. Балалардың қабылдауында анализ бен синтездердің жетімсіздігі жиі байқалады. Балабақшадағы балалардың қабылдауы эмоциямен тығыз байланысты. Бала өзін қоршаған дүниені селсоқ қабылдамайды: көп нәрсе оны қуанышқа бөлейді, не ренжітеді. Сондықтан да балабақша тәрбиеленушісі өзінің сезімін туғазатын, қызықтыратын нәрселерге баса зейінін аударады, ал былайынша маңызды, бірақ сезім туғызбайтын нәрсеге зейін аудармайды. Мұның дәлелі: үлкендер үшін елеулі маңызы жоқ, олар байқамайтын ұсақ нәрселерге кейде балалар зейін аударады.

Бұл жастағы балабақша тәрбиеленушісінің қабылдау сезімі дәл болмауы жиі ұшырасады. Ұқсас заттарды олар көбінесе біртектес зат ретінде қабылдайды.

Ұзындық өлшемінің негізгілерін, олар білгенімен, мәселен, 1 шақырымға тең аралық жайында, олар нақтылы елестете алмайды. Уақытты да дұрыс қабылдай алмайды. Мәселен, 1 сағат ойнаудың орнына жарты сағат ойнап келуі мүмкін. Балабақшада жүретін барлық сабақтардың бала қабылдауын дамытудағы ерекше рөлін ескере келіп, әрбір тәрбиеші мына төмендегі шарттарды орындап отыруы тиіс:

1. Көрнекі құралдарды (модельдер, суреттер, жинақтар) пайдалануда балалардың жас ерекшелігін мұқият ескеру жөн.

2. Бала байқаудың, қабылдаудың мақсатын айқын, ұғынып, қабылданатын заттар мен құбылыстардың мәнісіне қалай да түсінгені мақұл.

3. Қабылданатын заттар мен құбылыстарды бір-бірімен салыстыруға, жаңа материалды балалардың бұрынғы білімдерімен үнемі байланыстырып отыру қажет.



Кеңістікті және уақытты қабылдаудағы көрнекілікті қолданудың ролі. Кеңістікті қабылдау уақыт пен қозғалысты қабылдау сияқты өте күрделі процестердің бірі. Бұл қабылдаулар кенеттен тумайды, олар адамның өмірлік тәжірибесімен байланысты бірте-бірте пайда болады. Кеңістікті қабылдау деп заттардың үлкендігін, алыстығын, түрін олардың бағасын айтады. Кеңістіктің шеті мен шегі жоқ. Уақытты қабылдау дегеніміз дүниедегі заттардың өзгеріп, бір қалыптан 2-ші қалыпқа көшіп, ескі заттың жаңа заттың олардың орнын басып отыруының көрсеткіші. Уақыттың кеңістік сияқты шегі мен шеті жоқ.

Жақындағы заттарға қарағанда біз көзімізді аздап түйістіреміз, көзімізді алысқа тіккенде біз оларды айырамыз. Көздің бұл қозғалысы еріксіз болмайды. Бірақ көз бұлшық еттерінің жиырылуынан туатын түйсік. Сондай-ақ басқа белгілері заттың алыстығын көрсетеді.

Уақытта қабылдау бізге дүние құбылыстарының ұзақтығын, шапшаңдатып және дәйектілігі туралы ұғым береді. Табиғатта уақытылы болып тұратын қозғалыстар, бір қалыпты болып тұратын өзгерістер уақытта дәл өлшеуге мүмкіндік береді.

2- Бөлім. Педагогикадағы көрнекі құралдардың алатын орны мен маңызы

2.1. Көрнекілік- дидактикалық құбылыс

Көрнекілік – оқытуда заттар мен дыбыстардың өзіне тән жаратылыс бітімін, сыр-сипаттарын сезім мүшелері арқылы көзбен көру, қолмен ұстап, құлақпен естіп қабылдауға баулитын дидактикалық құбылыс. Көрнекілік тәрбиешілердің шығармашылық ізденісі мен әдістеме жаңалықтарға қарап, оқу барысында шебер пайдалана білуді талап етеді. Көрнекіліктерді пайдалануда қазақтың ұлы педагогы Ы. Алтынсарин де зор көңіл бөлген. «Қазақ жастары» ғылым өнерді, кітап сөзі деп қарамай, заттай көзімен көріп, ажырата білулері керек деген.

Көрнекілік ежелден қолданып келе жатқан принцип, әсіресе балабақшада әр түрлі жас топтарда жиі қолданды.

Көрнекіліктің негізгі түрлері:

1. нақты көрнекілік – яғни заттар мен құбылыстарды тікелей көрсету;

2.бейнелеу көрнекілік – бұл сурет, схема, кесте, плакат, диаграмма, муляждар

3.дыбыстық – үнтаспа, диафильм;



4. көркем сөз арқылы бейнелеу – тәрбиеші балаларға заттар мен  құбылыстарды түсінікті де жеңіл баяндау.

Ал оқытудың техникалық құралдары жағынан:



  • Диапозитивтер;

  • Кодоскоптар;

  • Диафильмдер;

  • Кинофильмдер;

  • Видиофильмдер;

  • Грампластинкалар;

  • Компьютерлер;

  • СD – ROM-дар

  • Мини дискілер;

  • Слайдтар;

  • Электрондық оқулықтар тобы;

  • Интерактивті тақталар;

  • Интерактивті плакаттар.

Бұларды арнайы проекциялық аппаратуралардың көмегімен көрсетеді. Мұнда:

  • Эпидиаскоптар;

  • Кодоскоптар;

  • Диапроекторлар;

  • Киноаппараттар;

  • Видеомагнитофондар;

  • Магнитофондар;

  • Аудиоқұрылымда көмегімен оқыту процестерінде қолданылады.

Техникалық құралдарды, соның ішінде дыбыстық апппараттарды, диафильм, теледидарларды пайдаланып, ұйымдастырылған оқу іс- әрекетін жандандыра түсудің жолдары көп. Ол тәрбиешінің өздігінен ізденуіне, шығармашылық етуіне мүмкіншіліктер жасайды.

Көрнекі құралдар – бала қиялын дамытуда үлкен роль атқарады. Мұндағы оқылатын сабақтардың мәніне түсіну қиялсыз мүмкін емес. Мәселен, табиғаттағы суреттейтін, немесе қандай да болсын оқиғаны баяндайтын бір материалды түсіндіргенде тәрбиеші арнаулы тәсілдер арқылы балалардың қиялын оятады. Қиял арқылы бала ондағы жанды бейнелерді көз алдына елестеткендей, қолымен ұстағандай, құлағымен «еститіндей» күйге түседі.

Мектепке дейінгі мекемелер балаларында алғашқы кезде қиялдың дамуы айтарлықтай болмайды. Мәселен, мектепалды даярлық тобындағы балалар суретке не оқығанға қарап, өз бетімен жаңадан бейне жасай алмайды. Осы салада тәрбиеші істейтін ісі – ұшан теңіз. Мәселен, тәрбиеші балаларды орманға экскурсияға апарған екен дейік. Онда балалар әрбір ағашты, өсімдік түрлерін көздерімен көріп, қолдарымен ұстайды, білмегендерін бірінен-бірі сұрап не тәрбиешіден біліп алады. Ертеңіне тәрбиеші оқу сабағында балалардан көрмеген ормандар (тайга, тундра, тропика т.б.) туралы айтып беріңдер десе, бұл олардың қиялын тәрбиелеуге көп пайдасын тигізеді.



Көрнекілік әдістер оқу материалын балалардың көзімен көріп, нақтылы түсінулеріне мүмкіндік береді. Бұған демонстрация, иллюстрация және бақылау тәсілдері жатады.

Демонстрация (көрсету) балаларды құбылыстар, процестер және заттардың нысанасымен табиғи жағдайда таныстыру барысында қолданылады. Әдістің бұл түрі оқылып отырған құбылыстың қозғалысын анықтау, заттың ішкі құрылысы және сыртқы көрінісімен немесе бірыңғай заттардың орналасу жағдайымен таныстыруды көздейді.

Демонстрациялау көбінесе балалардың практикалық оқу әрекетімен ұштаса жүргізіледі. Заттарды демонстрациялау нәтижесінің табысты болуы бірнеше жағдайға байланысты болады:

- көрсетіліп отырған нысана барлық балаларға жақсы көрінуі тиіс;

- оқу материалын түсіндіру кезінде көрсету жұмыстары жүргізіліп, соңынан нысана алынып тасталуы керек. Оны балаларға алдын ала көрсетуге болмайды;

- көрнекі құралдарды бақылау барысында әрбір бала тәрбиешінің нұсқауы бойынша жұмыс істеуі тиіс;

- көрсету кезінде тәрбиешінің ауызша баяндауы балалардың бақылауын дамытуға және көркем сөйлеуін орнықтыруға ықпал етуі тиіс;

- балаларды бақылау жұмыстары нәтижесіне қорытынды жасай білуге дағдыландыру т. б.

Оқытуды бұлай ұйымдастыру балалардың оқу материалын жеңіл әрі терең ұғынуына мүмкіндік туғызады, олардың ойлау әрекетін жандандырып, қосымша ақпараттар береді.

Демонстрацияларды кеңінен пайдалану оқу материалын қабылдаудың бастапқы кезеңінде алғашқы сигнал жүйесін қосуды қамтамасыз етеді әрі сөз бен санадағы ұғым арасында кейде туатын үзілістерді жеңіп шығуға көмектеседі.

Оқу процесінде тәрбиеші заттарды, картиналар мен схемаларды, диапозитивтерді, диафильмдер мен оқу кинофильмдерін, тәжірибелерді демонстрациялауды қолданады.

Балабақшада заттарды: еңбек қаруларын, тау жыныстарының үлгілерін, ауыл шаруашылық өсімдіктерін демонстрациялау кеңінен қолданылады. Кейде тәрбиеші кейбір заттарды балаларға үлестіреді. Бұл жағдайда демонстрация бақылау әдістерімен ұштастырылады.

Дидактика заттарды демонстрациялаудың төмендегідей ережелерін тұжырымдайды: затты түрлі сезім мүшелері қабылдайтындай етіп көрсету керек. Мұндай жағдайда объектінің неғұрлым маңыздырақ жақтары балаларға күшті әсер етеді. Затты өзгеріс және даму үстінде көрсету маңызды.

Сабақ барысында оқытудың демонстрациялау әдістерінен қолдануда оқу киносы, диапозитив, диафильм, магнитофон, радио, үнтаспа, киноскоп, эпидиоскоп, теледидар, видеофильм секілді техника құралдары көптеп пайданылады.

Көптеген тәрбиешілер сан алуан жасалған көрнекі құралдарды ойдағыдай пайдаланады. Мектепалды даярлық топтарында диафильмдер кеңінен пайдаланылады. Бұл тәрбиешінің қолынан келетін көрнекіліктің түрі. Диафильм құбылысты қимыл үстінде көрсетіп, балалардан жасырын кеңеске енуге мүмкіндік береді. Әрі сонымен бірге, фильмоскопты пайдаланып диафильмді демонстрациялауды тәрбиешіге әңгіме немесе әңгімелесумен ойдағыдай ұштастыруға, балалардың назарын жеке кадрларға шүйілтуге, оларды демонстрациялауды қайталауға диафильмді оқумен ойдағыдай ұштастыра демонстрациялауға мүмкіндік береді.

Оқу жұмысының практикасына оқу фильмдерін көрсету барған сайын кеңінен еніп келеді. Киноны пайдалану тәрбиешіден неғұрлым мұқият даярлықты талап етеді. Алдымен тәрбиешіге оқытудың басқа әдістерімен ұштастыру туралы мәселені шешу үшін картинаның мазмұнымен алдын ала танысуына тура келеді. Әдетте қажетті алдын ала түсіндірулерді тәрбиеші киноны көрсету алдында береді, балалар бастысын көру үшін жеке ескертпелер оны демонстрациялау барысында жасалады, ал демонстрациялар аяқталғаннан кейін оқытылатын материалды неғұрлым терең игеру үшін фильмнің мазмұнын пайдаланады.

Мектепалды даярық топтарында кинофильмді пайдаланудың мұндай айла тәсілдері әрқашан да қолайлы бола бермейді. Балалар фильмді көрсетсе де тәрбиешіге қажеттіні көре қоймайтын жағдайлар да болады. Сондықтан да демонстрациялауды үзіп, қажетті түсініктер жасауға, қайсыбір материалды қабылдаудың сапасы мен толықтығын анықтауға және осыдан кейін ғана кинофильмді демонстрациялауды жалғастыруға біршама жиі тура келеді.

Көрнекі құралдарды тиімді пайдаланудағы оқыту әдістерінің маңызы. Дидактаканың негізгі бір құрамды бөлігі болып табылады. Себебі, оқыту процесі оның мақсаты, мазмұны, әдістері және ұйымдастыру формаларының біртұтастығы болып табылады.

Заттар мен құбылыстарды, кейбір жағдайда қажеттігіне сай табиғи ортада көрсетуге болады (Мысалы, табиғат, оның қбылыстары, жан-жануарлар, өсімдіктер, ауылшаруашылығы техникалары, өндіріс құралдары т.б.).



Иллюстрация - демонстрация әдісімен тығыз байланыста болады. Бұл әдісті иллюстративті құралдарды (плакаттар, картиналар, суреттер, чертеждер, портреттер, картограммалар, модельдер) көрсетуде қолданады.

Иллюстрация әдісінің нәтижелі болуы, негізінен оның қолдану тәсілдерін тәрбиешінің қаншалықты меңгергеніне байланысты болып келеді. Соның негізінде балалар мен тәрбиешіге оқу материалын табысты меңгеруге айтарлықтай көмек бере отыра, ғылыми ұғымдарды жеңіл меңгеруге септігін тигізеді.

Балабақша тәжірибесі көрсеткендей сабақта иллюстрациялы материалдарын көптеп қолдану, балалардың назарын нақтылы оқу материалынан ауытқуына әкеп соғады. Сондықтан, көрнекі құралдарды пайдаланудың дидактикалық қолданысын және таным процесінде олардың рөлін алдын-ала жақсылап ойластырып алу қажет. Бұған қосымша тәрбиешілер көрнекі құралдардың тиімді көлемін де анықтауы қажет.

Бұл әдістердің ішінде ең басты рөл атқаратыны — бақылау әдісі. Ол барлық оқу пәндерін оқытуда кеңінен қолданылады.

Бақылау әдістерін қолданудың тиімділігі мынандай тәсілдерді қолдана білуге байланысты:

- байқаудың мақсатын анықтау;

- қабылдайтын нәрселердің мөлшерін белгілеу, салыстыру арқылы олардың көптеген белгілерінің ішінен ең негізгі, бастыларын ажырату;

-оларды топтастырып, қортындылар мен тұжырымдар жасау.

Байқайтын нәрселердің, бейнелердің ерекшеліктеріне байланысты бақылау әдісінің негізгі түрлері:

- демонстрациялық бақылау;

- экскурсиялық бақылау;

- лабораториялық бақылау;

- техникалық бақылау;

- балалардың өздігінен дербес бақылауы. Балалардың ойлау қабілетін дамытудың күшті құралы — бақылау. К. Д. Ушинский "Бақылау-логикалық ойлаудың негізі",- деп жай айтпаған. Ұлы педагог логикалық ойлауға үйрену үшін, ең алдымен, балаларды жан-жақты бақылауға үйрету керектігін де ескертеді.




2. 2. Көрнекі құралдарды тиімді пайдаланудағы сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар жүйесі
1. Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны, жоспары және оның құрылымын алдын-ала белгілі болуы тиіс.

2. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет.

3. Сабақтың ғылыми мазмұны балалардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта балалардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.

4. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.

5. Сабақта балалардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдану керек. "Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек"- деп Ж. Аймауытов жайдан-жай айтпағанын ескеру керек.

6. Сабақта балалардың белсенділігін арттыру үшін мәселелік ситуациялар туғызып, мәселелік міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.

7. Сабақтың сапасын жақсарту үшін тәрбиеші балалармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы керек. Педагогикалық қарым-қатынас тәрбиешіге балалармен рухани байланыс жасауға мүмкіндік береді. Білім арқылы қарым-қатынас жасау және қарым-қатынас арқылы білім алу керек деген қағиданы іске асыру пайдалы.

8. Сабақта балаларға білім берумен қатар оларды өздігінен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.

9. Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметін біртұтастық принципке сай жүргізуі тиіс.

10. Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.

11. Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында тәрбиешінің топтағы, балабақшадағы нақтылы жағдайды (жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрғылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану т.с.с) ескеріп отыруы шарт.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысында көрнекіліктерді қолдана отырып оқыту технологиясын пайдалана отырып, баланың оқуға деген белсенділігін арттыру үшін тәрбиешінің әдіс-тәсілдерінде белсенділікті арттыру жолдарын жаңадан қарастырып ұйымдастыру керек деген ойға келдім. Балаларға құрметпен қарап, олармен санасу, көрнекіліктерді сабақта қызықты, мазмұнды етіп қолдану балалардың да сабаққа деген ынтасы, белсенділігін, қызығушылығының артқандығын байқауға болады. Балалардың танымын, білімін арттыруда көрнекі құралдарды пайдаланудағы шығатын нәтиже:

а) Мектепке дейінгі мекемелер балаларының қабілеттері мен қызығушылығын арттырады

ә) Оқуға жағымды жағдай туғызады

б) Баланың тұлға ретінде өзін көрсету ықыласын арттырады

в) Балаларды өзара жарыстырып, сайыс арқылы көрнекі құралдар жасату

г) Балаларға стандартқа сай емес шешімдерді іздестіруге мүмкіндіктер береді

ғ) Дербес білім алу дағдыларын үйретеді

д) Балалардың «табыстарын» өз көзімен көруге ықпал етеді

е) Балалардың жетістіктерін көрсетіп, олардың оқуға деген ықылас ниеттерін оятып, сенімділіктерін арттыра түседі.




  1. 3. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру сабағында көрнекі- құралдарды қолдану әдіс-тәсілдері, ережелері

Баланың денсаулығына зиян келтірмейтін тәрбие-оқыту жұмысы, зияткерлік жағынан дамыған ұрпақты қалыптастыру қазіргі қоғамды алаңдататын сұрақтың бірі. Қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру барысында мектепалды даярлық тобының балалары үшін көрнекі құралдардың алатын маңызы зор. Оқыту жүйесінде көрнекі құралды тиімді пайдаланып, балаларды дамыту барысында тәрбиешілердің біраз бөлігі үшін қиындық тудырады.

Көрнекі түрде оқыту – балалардың тиісті бақылауларына сүйеніп оқыту, бірақ көрнекі оқыту дегенді тек көрнекі құралдарды пайдаланып оқыту деп түсінбеу керек.

Математика сабақтарында білім берудің барлық негізгі принциптері бір – бірімен байланысты жүзеге асырылады: саналық, көрнекілік, жүйелік, беріктік, жас ерекшеліктерінің ескерілуі, жекеше қарым – қатынас т.б. Математиканы оқытуда көрнекілік принципінің рөлі ерекше. Көрнекілік принципін алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Ян Амос Каменский, К.Д.Ушинский т.б. Осы принцип негізінде Я.А.Коменский алғашқы оқытудың әдістемесін («Ұлы дидактика») жазды. К.Д.Ушинский көрекілік жайындағы ілімді дамыта келіп, «көрнекілік – баланың психологиялық ерекшеліктеріне жауап береді, балалар заттардың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойлайды» - деді.

Мектепалды даярлық тобының математикалық дамуы күнделікті өмірлік құбылыстан ғана емес, сонымен қатар, қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру сабағында мақсатқа жету арқылы ұйымдастырылады. Әдістемелік жағынан «неге үйретеміз?» деген сұрақ ең негізгі сұрақтың бірі, сонымен қатар «қалай үйретеміз?» деген сұрақтың да маңызы зор. Мектепке дейінгі жастың балаларының біраз бөлігі білім алғылары келеді. Олар көп білгісі келіп, әртүрлі құбылыстарға көз жүгіртеді. Неғұрлым ол зат туралы білмесе, соғұрлым соған қарай бет бұрады.

Уақыт өте келе бәрін ұмыта бастайды. Бірсарындылық, көздерінде қапырық пайда болады. Не болып қалды екен? Не себепті? Балалардың көздерінде білуге деген қызығушылық, от жанып тұруы үшін не істеу қажет? Қалай сақтап қалу қажет? Барлығы ең алғашқы реніштен басталады. Кез келген тапсырманы орындау баланың мақсатты іс-әрекетін талап етеді. Зейін белсенділігі дамитын кезең. Баланың табиғи белсенділігі білім алуда кедергі болады екен. Қарым-қатынас түрінің өзгеруі- яғни ақкөңіл,балаға жайлы көзқарас, түрлі көрнекі құралдарды қолдану тәрбиеші жұмысына және баланың алға басуына әсер етеді.

Оқыту жүйесінде көрнекі құралдарды қолдану 3-ке бөлінеді: демонстрациялық, иллюстрациялық, пәрменді.



Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру сабағында көрнекі құралдарды қолдану жолдары


Демонстрациялық

жол

Иллюстрациялық

жол

Пәрменді


Демонстрациялық жолы- ең әуелі тәрбиеші көрсетеді, мысалы, геометриялық пішін, содан соң балалармен бірге оны қарастырады.

Иллюстрациялық тәсіл- көрнекі құралдарды иллюстрациялау үшін, ақпараттың нақты болуын талап етеді. Мысалы, бүтінді жартыға бөлу керек дегенді түсіндіреді, содан кейін практикалық оны орындайды.

Пәрменді тәсіл- көрнекі құралдар тәрбиешінің сөзі мен оның іс-әрекетінің байланыста болуы. Мысалы, сызғышпен өлшеу, көрсете тұрып жасайды.

Көрнекі құралдарды қолданғаннан соң, балалардың назарын аудармас үшін, алып тастау қажет.



Дайындау тұрғысынан алғанда көрнекі құралдар баспахана тәсілімен немесе фабрикада дайындалған және тәрбиешінің немесе балалардың өздері қолдан жасаған көрнекі құралдар деп бөлінеді. Қолдан жасалған құралдар дайын көрнекі құралдарды толықтырады: бұлар – амалдар құрастыру үшін әр түрлі суреттер мен сызбалар, құрастырмалы геометриялық фигуралар, цифрлар мен жеке сөздерді алмастыруға болатын кестелер, т.б. көрнекі құралдарды жасауға балаларды қатыстырып отырған пайдалы. Мұның білімдік және тәрбиелік маңызы зор, білім мен біліктерді саналы түрде және берік меңгеруге, белгілі бір еңбек дағдыларына төселдіруге көмектеседі. Мысалы, қағаздан тік бұрыштың моделін жасағанда балалар бұрыштар жөнінде түсінік алады. Өздері қолдан жасалған құралдармен жұмыс істегенде (мысалы, екі таңбалы сандарды иллюстрациялауға арналған құрал) бала еңбекті құрметтей білуге үйренеді.
Математика сабақтарында көрнекілікті дұрыс пайдалану айқын кеңістікті және санды түсініктердің, мазмұнды ұғымдардың қалыптасуына көмектеседі, балалардың логикалық ойлау және сөйлеу қабілетін дамытады.

Топта көрнекі құралдардың 2 түрі болуы қажет: 1) үлкен (барлық топқа көрсету үшін);

2) үлестірмелі(үстел үстінде балалардың жеке-дара тапсырманы орындауы үшін).



Демонстрациялық көрнекі құрал 60˟90, 60˟30 см.кенеп матадан немесе қатты қағаздан жасалуы қажет, ал үлестірмелі көрнекі құралдар кішкентай топтарда 21˟8, мектепалды даярлық тобында 30˟10 см.көлеміндегі карточкалар болуы қажет.

Оқу процесіне жаңа техникалық құралдарды енгізу (теледидар, видеомагнитофондар, проэкторлар) оқытудың көрнекілік әдісінің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазіргі  уақытта көрнекі құралдың жаңа түрі – жеке тұлғалар қолданатын компьютерлерге ерекше көңіл бөлініп, балабақшада компьютерлік  кабинеттерін құру міндеті шешілуде, оқу  процесіне  белгілі  бір  жағдаяттарды және процестерді үлгілеуге  мүмкіндік  беретін  компьютерлерді енгізу міндеті де қолға алынуда. Компьютерлер, көрнекілік әдістерінің  оқыту процесіндегі мүмкіндіктерін елеулі түрде  кеңейтеді.

Мультипликационды фильмдер көрсеткенде, теледидар көлемі 59˟69 см.болуы қажет. Орнатылған биіктігі 1-1,3 м.болуы шарт. Теледидарға дейінгі орнатылған балалар орындықтарының аралығы 2 м, ал соңғы қатар 5 м болуы қажет. Балаларды отырғызған кезде бой ұзындықтарын ескеру керек, қатар аралығы 0,5-0,6 м. Мектепалды даярлық тобында көрсетілу ұзақтығы- 30 минут.

Көрнекілік ұстанымы ең басты дидактикалық ұстанымдардың басыңғысы болып табылады.



Ең басты ережелері:

1. Білім беру кезінде заттар қатарын есте сақтау суретпен болса, оңай әрі тиімді болады.

2. Есте сақтаңыз- бала пішінмен, түспен, дыбыспен ойлап, қабылдайды. Осыдан көрнекілікпен оқыту қажет деген шешім шығаруға болады.

3. Көрнекілікпен ғана шектемеңіз. Көрнекілік- мақсат емес, ол оқыту жолы.

4. Тәрбиелеп- оқыту кезінде, көрнекі құрал заттар туралы нақты түсінік беретіні туралы есте сақтаңыз.

5. Көрнекілік түрлері әртүрлі болса, қолданыңыз. Бірақ шамадан тыс көп көрнекілікті қолданған дұрыс емес, ол бала назарын ең басты тақырыптан ауытқытып жібереді.

6. Көрнекі құралда берілген материалдың мазмұны балабақша бағдарламасына сай негізделіп, сөйлемдері ұзақ, мәтіндері ауыр болмауы керек.

7. Көрнекі құрал белгілі бір тілдік материалға арналып, соның негізгі белгілерін дәл көрсететіндей болуы керек.

8. Көрнекі құрал таза, әріптері анық, жазуы топқа түгел көрінетіндей анық болуы керек (плакат, кесте, фотосуреттер)

9. Материалдың негізгі белгілері (әріптер мен сөздер) қызыл түспен жазылып, қалғандары жай түспен жазылуы керек. Көрнекі құралды екі-ақ түспен, өте қажетті болған жағдайда ғана үш түрлі түспен жазуға болады.

10. Ондағы берілген мәтіндер мен мысалдардың тәрбиелік маңызы күшті, тақырыптық ғылыми өзгешеліктеріне лайық болғаны дұрыс.

11. Балаларға тартымды және көрнекті болуы үшін оны көлемі кішкентай қағазға жасауға болмайды.



Мазмұны
Кіріспе ...............................................................................3

1-Бөлім. Балаларға оқыту мен тәрбиелеудегі көрнекі құралдардың алатын орны, маңызы және теориялық негіздері

    1. Көрнекі құралдарды тиімді қолданудағы анатомия- физиологиялық жақтардың әсері..........................................................................7

    2. Бала психологиясын дамытуда табиғи көрнекі құралдардың рөлі.................................................15


2- Бөлім. Педагогикадағы көрнекі құралдардың алатын орны мен маңызы


    1. Көрнекілік- дидактикалық құбылыс....................20

    2. Көрнекі құралдарды тиімді пайдаланудағы сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар жүйесі ....................................................................29

    3. Қ

      арапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру сабағында көрнекі - құралдарды қолдану әдіс-тәсілдері, ережелері........................32









Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет