Б. Баймұратованың тіл дамыту әдістемесіне қосқан үлесі Қазақ балабақшаларына арнап еңбектер жазған, ғылыми зерттеулер жүргізген ғалымдардың бірі педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Баймұратова. Оның “Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту”, “Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы”, “Балаларды мектепке даярлау”, “Біздің кітап” т.б. еңбектерін атап өтуге болады. “Байланыстырып сөйлеу тілін дамыту” деген еңбегінде бақшаға арнаған бағдарлама бойынша тіл дамыту сабақтарын жоспарлау және мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу ерекшеліктерімен дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамытудың тәсілдерімен әдістеріне тоқталады және осы еңбектің соңында жоғары топтарда өтілетін кейбір сабақтардың жоспарын берген. Байланыстырып сөйлеуге үйретудің негізгі әдістері мен тәсілдеріне:
Сөздік жұмысын жүргізу,
Дидактикалық ойындар ойнату,
Түрлі заттардың атын айтқызып салыстыру.
Жұмбақ шешкізу, сурет арқылы әңгіме құрастыру, серуенге, топсаяхатқа шығару жұмыстарының ерекшеліктерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсеткен. Ал “Балалар тілін дамыту методикасы” деген еңбегінде балабақшадағы әр топтағы балалардың сөздік қорының қандай дәрежеде болатындығын төмендегі цифрлар арқылы дәлелдейді. Мысалы: 2 жастағы балалардың сөздік қоры – 500 сөзден астам;
3 жасар баланың сөздік қоры – 1200;
4 жастағы балалардың сөздік қоры – 1900, ал даярлық тобындағы балалардың сөздік қоры – 2500-3500 сөзге дейін. Ал өзінің жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балалардың сөзді меңгеруі жанұядағы, бақшадағы жүргізілетін тәрбие жұмыстарына байланысты деген қорытынды жасайды. Бақшадағы әр топтағы балалардың сөйлеу деңгейлерінің бағдарламалық талапқа сай болуы сабақтарда қолданылатын әдіс-тәсілдерге де байланысты екендігін көрсетеді. Бұл соңғы еңбегінде Б.Баймұратов төмендегідей 9 жұмыстың түрін атап көрсеткен:
Оқылған шығарма бойынша сұрақ қойып жауап алу.
Балаларға антоним, синоним, омоним сөздерді меңгертіп, сол сөздердің ерекшеліктерін ажырата алатындай дәрежеге жеткізу.
Түбір сөздерді әр түрлі формада қолдана білуге үйрету. Мысалы: бас, басшы, бастық, бастама т.б.
Берілген сөздерге теңеу табу. Мысалы. қызыл алма, тәтті алма, алтын күз, суық күз.
Белгілі бір тақырып бойынша балалардың өздеріне әңгіме құрастыру. /жыл мезгілі, отбасы, достары туралы т.б/
Суреттермен жұмыс./жеке адам,еңбегі,өмірі,табиғатқа байланысты/
Топсаяхатқа шығару
Дидактикалық ойындар арқылы балалар тілін дамыту.
Өздерінің көрген білгендері бойынша әңгімелесу.
Сонымен қатар автор бұл еңбегінде әр топтағы өткізілетін тіл дамыту сабақтарының үлгі жоспарларын бере отырып, тіл дамытуды басқа пәндермен қалай байланыстыру керектігіне тоқталады. Мысалы, тіл дамыту сабағымен көркем әдебиеттің байланысын жеке, нақты мысалдар арқылы бала тілін дамытуға қандай әсері болатындығын дәлелдеген. Еңбектің соңында тіл дамытудан пайдаланатын дидактикалық ойынның мазмұны берілген.