«Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» мамандығына арналған


Тақырыбы: М. Дулатовтың шығармаларындағы әлеуметтік тақырып мәселесі



бет5/8
Дата05.11.2016
өлшемі1,54 Mb.
#529
1   2   3   4   5   6   7   8

Тақырыбы: М. Дулатовтың шығармаларындағы әлеуметтік тақырып мәселесі.
Дулатов Міржақып (1885 жылы, қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы – 1935 жылы туған, Карель АКСР-ы (Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы), Беломорск ауданы, Сосновец темір жолы стансасында жерленген, 1996 жылы еліне әкелініп, қайта жерленді) – көрнекті қазақ ақыны, жазушы, педагог, қоғам қайраткері. 1920-жылдардың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көнкеті өкілі.

Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ педагогикалық училищесін бітірген (1902 жылы). 1902-1911 жылдары Торғайда, Қызылжарда мұғалім, 1911-1918 жылдары «Айқап» журналында , « Қазақ » газетінде қызметкер, 1917-1918 жылдары «Алаш» партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі болып, Қазақ мемлекетін құру ісіне белсене атсалысты. 1920-1928 жылдары « Ақжол » газетінде ( Ташкент қаласында ) редактор, Семейде сот қызметкері, Орынбор қазақ ағарту институтында оқытушы, Қазақ мемлекет баспасында саяси редактор, «Еңбекші қазақ» газетінде жауапты хатшының көмекшісі. 1928 жылы желтоқсанда репрессияға ұшырып, 1935 жылы айдауда жүріп қайтыс болды. 1988 жылы 4 қарашада ақталды.

Дулатов Міржақып әдебиет пен мәдениетте жаңа демократиялық бағыттың кеңінен орын алып, дамуына зор үлес қосты. Бұл идея «Оян, қазақ! » атты өлеңдер жинағында (1909 жылы) қуатты ұран болып естілді. «Бақытсыз Жамал» атты тұңғыш романы (1910 жылы) , «Азамат» (1913 жылы), «Терме» (1915 жылы) тағы басқа жинақтары, «Бүркіттің иесі» поэмасы (1917 жылы), «Балқия» пьесасы (1922 жылы), «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» (1914 жылы), «Ахмет Байтұрсынов» (1922 жылы) атты мақалалар, сондай-ақ әдебиет, мәдениет, тарих, этнография мәселелері жөнінде жүздеген мақалалар мен зерттеулер жазған. А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың шығармаларынан кейбір туындыларын қазақ тіліне аударған. Міржақып Дулатов – библографиялық көрсеткіштің ( 1-2 бөлімі, 1926 жылы) , «Есеп құралы» (1921 жылы, кейін 8 рет басылды) мен «Оқу құралы» атты оқулықтардың авторы.

Оның шығармалары мен оқулықтары қазақ даласына кеңінен тарап , өлке халқының оянуына , саяси күреске араласуына үлкен әсерін тигізді.

Міржақып Дулатов – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалын көсемсөз шебері. Туған жері - бұрынғы Торғай уезінің Сарқопа болысының үшінші ауылы. Әкесі Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер-тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі Дәмеш ойын-тойдың базары, әнші кісі болған.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен 12 жасында айырылып ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты халін көріп, түңіледі, тебірене толқиды. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш» деп, бар дауысымен жар салады.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын:
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты», -


деп, жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты – түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды.

Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, жеке басының жүріс-тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет-журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен қатар ол жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң:

«Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,

Сол бір қайғың өзегімді өртеген.

Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,

Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай», -

деп дүниеден арманда кетті.
Дәріс бойынша сұрақтар:

1. Ж.Аймауытовтың ағартушылық, педагогикалық бағыттағы ғылыми еңбектерінің мәні.

2. Ж.Аймауытовтың психология,әдістеме, эстетика саласынан жазған ғылыми еңбектерінің танымдық негізі.

3. Балалар әдебиетіне қосқан үлесі.




Дәріс № 9

Тақырыбы: Қазақ балалар драмасының шағын түрлері.
Қазақ балалар драмасының шағын түрлері.

Қандай болмасын жанр өз ішінен шығармада суретелген өмір шыңдығының мазмұны мен ауқатына қарай ішкі түрлеріне жіктеледі. Осындай табиғи процесс балалар драматургиясынан да байқалып жатады. Жалпы драмаға қарағанда , балалар драматургиясында шағын түрлері едәуір орынға ие болады. Бұл тұтастай алғанда балалар әдебиетінің төл ерекшеіктерінен туындап жатады. Сол себепті де қазақ балалар драматургиясының дамуы көлемді пьесалармен бірге шағын түрлерінің тууына әкелді. Қазақ әдеби- музыкалық қойылымдар сияқты ұсақ түрлері де дами түсті. Әсіресе, мектеп, балабақша өміріндегі дәстүрлі мерекелердің көбейе түсуі ұсақ драмалық шығармалардың көптеп тууына себеп болды./1, 41 б./

Қазақ балалар драматургиясының ұсақ жанрларын топтасақ, Қ. Ыдырысовтың 1963 жылы шыққан «Ойнайық та ойлайық» жинағына кірген интермедиялары мен инсценировкалары алғаш болып көзге түскен. Интермедия дегеніміз концерттік қойылымдар арасындағы көрсетілген шағын күлкілі пьеса, немесе көрініс. Қ. Ыдырысовтың аталған кітабына кірген алғашқы интермедия «Танысу» деп аталады. Бұл шағын қойылымда Болат Орақты дұрыс сөйлеуге , ұқыпты киінуге таза жүруге баулиды. Орақтың сахнаға алқам – салқам киімімен қалай – болса солай келуі, сөзін

Ұмытып қалуы салақ балаларда жиі кездесетін сипттар болуымен ерекшеленеді. Ал, «Ешкімді де бермейміз» интермедиясы халық ойыны «Айгөлек» негізінен жазылған. Мұнда балалар екіге бөлініп, өз жетістіктерінен ортаға салады. Шағын көріністе ойын элементтерінен бірге айтыс та қамтылған. Қ. Ыдырысовтың аталған кітабына енген интермедиялардың көбі жұмсақ шешу түрінде, ойын түрінде келеді./1, 56 б./

Балалрға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі ойнақы, жеңіл қалжыңға құрылып, тәрбиелік мақсатты орындауға бағыталған. Жазушы – ұстаз Ә.Табылдиевтың мектеп өміріне арналған интермедиялары көбіне эстетикалық – этикалық дүниетанымдық мақсаттарды қамтиды. Ә. Табылдиевтың интермедияларындағы кейіпкерлер туралы: Күлдірген мен Бүлдірген Кейіпкерлердің тұрақтылығы ұсақ драмалық шығармаларда жиі кездесетін құбылыс. Автор екі тұрақт ыкейіпкерлердің көмегі арқылы әдеп, әдет, адамгершілік, экология, эстетика – этика ,дүниетанымдық және т.б. көптеген тақырыптарда әңгіме өрбітеді. Ә.Табылдиевтың «Бір үзім нан» интермедия сынды балаларға нанды қадірлеу, оны аяққа баппау керектігін көрсетеді. Шығармада сонымен біргег нанның қасиеті туралы тақпақтардан үзінді келтіреді. Ә.Табылдиев шығармаларында пьеса кейіпкерлері сахна төрінен көпшілікке ой тастап, оларды да әңгімеге тартып отырады./1, 65 б./

Кейінгі кезде мектеп сахнасына арналып жазылған сктчтер мен шағын драма түрі ретінде дамып келеді. Скетчтер сатиралық ойын – сауық кештерінде қойылатын шағын көріністі шығармалар. Белгілі бір рөлді ойнаушы баланың юморлық қабілетін скетч дамытып, оның сөйлеу түрінің ұшқырлығын нығайтады, ой – санасын , психологиясын өрбітуге қызмет атқарады. Қазақ балалар драматургиясында скетчтердің туып, қалыптасуына Қ. Ыдырысов, Ә. Табылдиев сияқты жазушы – педагогтар үлкен үлес қосты. 1970 – 80 жылдардағы барлық балаларға арналған шығармалардағы сияқты скетчтердің де негізгі тақырыбы жақсы оқу,тәртіпті болу мәселелеріне құрылған./1, 75 б./

Қазақ әдебиетінде М. Әуезовтің «Еңлік - Кебек», «Абай», Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ш. Айтматовтың «Ана- Жер- Ана» инсценировкалары кейіннен таңдаулы пьесаларға арналды. Жазушы Ә. Табылдиев мектеп бағдарламасындағы эпостық жырлардың инсценировкаларының үлгісін өз еңбектерінде көрсетіп жүр. Инсценировкалар арқылы эпостық шығармалардың эстетикалық, этикалық тарихи және көркемдік мәнін ашу құр оқығаннан әсерлірек болмақ

Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі актілі пьесалар. Шағын пьесалардың ерекшелігі олардың ойды нақтылы, тез жеткізуінде және ле оқиғаның тез басталып, жедел өрбуінде. Драматургия әдебиет жанрларының ең қиыны. Сөйлеу тілімен ғана сомдалатын көркем шыңдықты көрерменнің жас ерекшелігіне бағындыра отыру талабы да тағы бар. Шағын пьесалардың оқырмандар мен көрермендерге жол табуы балалар газет –журналдары арқылы болып отырады.Әсіресе, «Балдырған », «Қазақстан пионері» кейіннен «Ұлан», «Пионер» кейін «Ақ желкен» басылымдарының беттеріне шыққан шағын пьесалар оқушы балалар үшін , мектеп сахнасы үшін маңызы зор болды. Осындай алғашқы шағын пьесалардың бірі- А.Сатаевтың «Айға сапар» деп аталатын шығармасы. Пьеса 1960 жылы «Балдырған» журналында жарық көрді. «Айға сапар» пьесасына балалардың ойын кезіндегі шағын тартыстары негіз болған./1, 76 б./

1920-30 жылдардағы әдебиетке баға бере келе ғалым Р. Нұрғалиев была й дейді: «Қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою қажет. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия сабақтарын Еуропа нұсқаларынан үйренген қаламгерлер, өмірлік материалдарды сұрыптап, шығарма мақсатына орай папйдалануға келгенде – ана топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады». Аты аталып, талданған ертегілік тақырыпта жазылған балаларға арналған туындылардың сол кездегі басқа да балаларға арналған пьесалардан биік тұруы ұлттық ерекшеліктің сақталуында.

Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі бүлдіршін жасындағылар мен төменгі сынып оқушыларына арналған. 1970 жылы жазылған осындай шығармалардың бірі – С. Омаровтың «Ақымақ арыстан» деп аталатын пьесасы. Пьесаның тақырыбы бір қарағанда бірлік, ынтымақ, жауыздық, сатқындық тартысына құрылғындай көрінеді. Автор аталған күштердің қақтығысы арқылы бейбіт өмір идеясын алға шығарады. Автоор бүлдіршіндерге таңдап алған кейпкерлері көмегімен олардың іс – әректтері арқылы түпкі бейбітшілік идеясының мәнін ашқан. Ақымақ арыстан пьесасындағы аңдардың ешбірі жақсы қырынан көрінбейді. Арыстан – ақымақ, мақтаншақ, даңғой. Түлкі – қу, аяр. Қасқыр – қомағай, озбыр. Мысық – жағымпаз, шағыстырғыш. Қоян – қорқақ тағысы тағылар осылай кете береді. Алайда, автор аңдардың жағымсыз қылықтары арқылы балаларды ондай іс – әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелейді.

Балаларға арнап пьеса жазып журген жазушылардың бірі- Е. Елубаев. Оның «Асар» атты пьесасы қуыршақ театрына арналып жазылған. Пьесаның тақырыбы бірлік, достық мәселесін қозғайды. Пьесада қазақ ұлтына тән ұлттық реңк және қазіргі заманның жаңалықтары қатар алынып бір арнада тоғысқан. «Асар» деген пьесаның аты – ақ ұлттық дәстүрден хабар беріп тұрады. Асар сөзі кейінгі кезде қолданылмай кеткен сөз. Сондықтан автор кейіпкерлерінің бірі тауықтың ауызымен асар сөзінің мәнін былай деп түсіндіреді:

Менің ақылым:

Осы күні ағайын – бауырдан да,

Артық жақынын.

Көршілерді шақыр асарға.

Күрке жасарда,

Пьеса ұйқасқа ненгізделіп жазылған. Тілі жеңіл. Сондықтан да баланың ойында тез сақталып, кейбір үзінділері олардың жаттап алуларына мүмкіндік бар.


/1, 80 б./

Балаларға арналып жазылған тақырыптардың ішіндегі көп пьеса арналған тақырып жаңа жыл тақырыбына арналған «Аяз ата кәмпиті» пьеса бүлдіршін жасындағыларға арналған. Пьесаның кейіпкерлері аз, әрі таныс бейнелер: қасқыр, түлкі, Аяз ата, Ақшақар. Бұл бүлдіршіндердіің оқиғаны тез қабылдауларына, әрі жалықпауына көмектеседі. Шығарма оқиғасы бірінен кейін бірі туып дамып отырады. Пьеса Әйбәт деген баланың тәтесінен жаңа жыл қалай келеді дегенде:

«Жаңа жыл жаяу келмейді. Аяз Ата деген атасының арқасына мініп, өлең айтып келеді»,- деп бала түсінігіне сай жауап береді.

«Әйбәт: Қандай өлең айтып келеді?

Маржан: Жүр, Жана Жыл жүр

Әйбәт күтіп тұр

Тез бармасаң жүгіріп,

Жылағалы тұр, -деп тура біздің үйге келеді».

О.Әубәкіровтің қуыршақ театрына арналған екі бөліміді комедиясы «Қожа мен спорт» деп аталады. Автор бұл пьесада балаларға жалқау болмауды, спотрпен айналысуды насихат етеді. О.Әубәкіров пьесаларының ерекшелігі бала түсінігіне сай жеңіл, ойнақы тілмен жазылуында. Мәселен , Алтыншаш үзеңгіні Қожаға таныстырып :

«Кішкентай ған тостаған

Мені көтеріп тастаған

Деген жұмбақ осы үзеңгі болады

Атта қаладағыдай лифт болмайды»,-

дейді./1, 82 б./

Осының өзінде автор үзеңгінің не екенін балаларға түсінікті тілмен айтып өтеді. Апасы мен атасына келген Қожаның күні бойы ұйықтауы оның Жалқау апамен кездесуіне әкеледі. Қожа апаның тілін алып, жаттықпай –ақ спортшы болғысы келеді. Бірақ Жалқау апа берген дәрінің күші көпке жетпей бітіп қалады. Қожа бокстан жеңіледі. Спорт ағайдың және Алтыншаштың көмегі арқылы Қожа жалқау апаны да, қарсылас боксшыны да жеңеді. Спорт, Жалқаулық деген сияқты бейнелерді жандандыру бала ұғымына сай шыққан. «Қожа мен Спорт» пьесасы өз мақсатына жеткен туынды дей аламыз. Пьеса ұйқасқа ққұрылып, өлеңмен жазылған. Ұйқышы Қожаның әжесі Ажардың оятқанда айтқан:

Айналайын баладан

Тауып алған даладан

Тауып апты атасы,

Алып кепті апсы

Елеңдеп ерте тұрмайтын

Тек сол ғана қатасы

Тұра ғой, Қожа Тұра ғой.

Ә Табылдиевтың «Жаңа жыл келеді» деген ертегі пьесасы жаппай қарлануға қарсы бейбітшілік тақырыбына арналған туынды. Қатысушылар: Ертекші, Аяз Ата, Декабрь, Жаңа жыл, Ақша қар, Жезтырнақ, Шырша, Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатқан орман. Шыршалар Жаңа жыл кешіне дайындалып жатқанын Жезтырнақ естіп мерекені болдырмауға тырысады.

Жезтырнақ:
Болмайды!

Соғысшыл мені қолдайды,

Бар байлық соның жолында,

Соғыс пульті қолымда.



Шырша:

Аяз ата! құтқарыңыз пәледен,

Апат болып ! Бүлінбесін бар әлем.

Көмекке келген Аяз Атаны ең алдымен Жезтырнақ алдамақ болады:

Саған мені жіберді зиялы көп,

Дос болайық! Ешкімге зияным жоқ!

Ал, Аяз ата Жезтырнақтың кім екнін біліп қойғанда, ол бірден алыса жөнеледі.

Аяз Ата:

Аязбын шытырлаған

Аязыммен қатырармын!

Жезтырнақ:

Әй, маған беріл бұйырамын,

Әйтпесе бомбаларға сиынамын.

Жаңа жылды тойлатпаймын!

Жаңа білдім ойлап жайын:

Декабрьді бөгеп қалам!»

Алайда, Уақыт, Декабрь, Аяз ата үшеуі бірігіп Жезтырнақтың өзін бомбаға мінгізіп ұшырып жібереді. Соңы жаңа жылдық мерекеге ұласады. Пьесаның жалпы идеясы жақсы, бірақ автор сол идеяның мәнін аша алмаған. Пьесада құрғақ сөз өте көп, әрекет аз./1, 81 б./

Қорыта келгенде балаларға арналған драмалық шығармалардың шағын түрлері көбіне бүлдіршін жасындағылар мен төменгі сынып оқушылары үшін жазылған туындылар екені айқындалды. Мұның өзі баланың жас ерекшелігіне, оның психологиялық жетілу мен таным- түйсігіне байланысты болып отырғанын естен шығармау абзал.


Дәріс бойынша сұрақтар:
1. Қазіргі балалар драматургиясы.

2. Балалар драматургиясындағы ұлттық рең, дәстүр мен жаңашылдық, стиль ерекшелігі.

3. Өмір шындығын көркемдік тұрғыдан игеру ауқыиының кеңдігі, образдар табиғатының күрделілігі, адамгершілік мәселелерінің өткірлігі.

10 дәріс.

Тақырыбы: Сұлтанмахмұт Торайғыров және балалар әдебиетіндегі жаңа бағыт.

 

XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси және тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, қазақ, жеріндегі өзгерістерге өзінің азаматтық, ақындық үнін қосқан талантты қазақ ақындарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ақын өмір сүрген тарихи кезең патшалық Ресей жеріндегі алапат сілкіністер мен төңкерістер заманы еді. Сол себепті де Сұлтанмахмұттың ойсанасы ерте оянды. Жасынан жетімдік пен жоқшылықтың қиындығын көп көрген ол айналасына сергек қарады. Алдына биік-биік мақсаттар қойды. Соған жетуді ойлады. Ілгері ұмтылды. Оқуға, білуге құштар болды. Мақсатын, жүрек қалауын қашанда ашық айтты:



 

Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,

Разымын, не көрсем де осы жолда.

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ бір табамын деп көңілім сонда, –

 

деп өзі айтқандай, ақынның барлық саналы өмірі шындыққа, әділетті заманына жетсем, жақсылықты көрсем, халқыма осы жолда қызмет етсем деген ізгі арманның жетегінде өтті. Сол жолда өзінің қиналатынын, шаршайтынын, адасатынын сезсе де, қайраткер ақын оның бәріне көнуге өзіне-өзі серт береді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында осындай жігермен алға ұмтылған ол туған халқының тарихындағы от жүректі ақын әрі қоғам қайраткері, ұлтын шексіз сүйген азамат дәрежесіне көтерілді.



Өмір жолы. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 29 қазанда қазіргі Ақмола облысының Қызылту ауданында туады. Екі жасында анасы өліп, әжесінің тәрбиесінде болған оның балалық, жастық шағы Баянауыл өңірінде өтеді. Кедейлігінен "Шоқпыт" атанған әкесі Әбубәкір ақ көңіл, жомарт әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар да қайратты адам болады.

Сұлтанмахмұт алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902-1903 жылдары – Әлі, 1904-1905 жылдары – Тортай, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулады.

Сұлтанмахмұттың он үш жасында жазылған "Секілді өмір қысқа, жарты тұтам" – деп аталатын алғашқы өлеңі, міне, осы Мұқан молданың ықпалымен туған еді.

 

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,



Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.

Аз өмірді ақындық жолға бердім,

Лепес қып түкірген соң молда Мұқан, –

 

деп жазады бұл өлеңінде болашақ ақын.



1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.

1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.

Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Қыс өте науқастанып, амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге оралып, осында шығатын "Айқап" журналына қызметке орналасады. Бұл Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолындағы аса табысты кезең болды. Шабыты толысқан ол әр түрлі жанрда көптеген шығармаларын жазады. Атап айтқанда, "Қамар сұлу" романы, "Өлең және айтушылары", "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу, оқыту жайы қалай?" деген тәрізді мақалалары, бірсыпыра өлеңдері осы "Айқап" редакциясында қызмет істеп жүрген уакытында дүниеге келеді. Осында жүріп "Тентектің жинаған шоқпары", "Тамшы" атты жинақтарын әзірлейді. Өкінішке орай, бұл кітаптары жоғалып кетеді.

1914 жылдың жазында ауылда біраз болып, қаржы жинап, үлкен қалалардағы оқуға бармақ ниетпен Сұлтанмахмұт Баянауылға келеді. Ел ішінде бала оқытады, жастар арасында оқуға, мәдениетке шақыратын насихаттық жұмыстар жүргізеді. "Шоң" деп аталатын мәдени-ағарту ұйымын құрады.

Күзде орысша оқу мақсатымен Семейге барады. Бірақ оқуға іліне алмайды, қаржысы таусылады. Көп қиындық көреді. Ақырында Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай деген жерге барып, екі жылдай осы аймақта бала оқытады. Арасында өзі де орысша оқиды. Бірқатар өлеңдерін, "Кім жазықты?" – деп аталатын өлеңмен жазылған романын жазады.

1916 жылдың күзінде Томскіге барып, курсқа ілігеді. Әдебиет, тарих, философия кітаптарын көп оқиды. Қиындықтарға кездеседі, жоқшылық көреді.

Ресей патшасы тақтан құлаған 1917 жылдың көктемінде Сұлтанмахмұт Семей қаласына келеді. Қазақтың оқыған азаматтарымен танысады, араласады, қызметке кіреді. Алаш қозғалысына белсене ат салысады.

1918 жылдың жазында кеңес өкіметі құлаған аласапыран тұсында емделу мақсатымен Сұлтанмахмұт Баянауылға келіп, шығармашылық жұмысын жалғастырады. "Социализм" атты мақала, "Неге жасаймын?", "Осы да әділдік пе?", "Адасқан өмір", "Кедей" поэмаларын жазады. Бұл шығармаларында ақын айналасына көзқарасын білдіреді, өмірге үмітпен қарайды. Өзінің демократтық ой-пікірлерін, түсінігін алға тартады.

1919 жылдың соңында Сұлтанмахмұт Павлодарға келіп, біраз уақыт кеңес өкіметіне қызмет етеді. Бірақ көп ұзамай бойындағы науқасы меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылы 20 мамырда 27 жастағы Сұлтанмахмұт дүние салады.


ІПығармашылық мұрасы. Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

Сұлтанмахмұт өз заманының өзекті мәселелеріне арнап бірнеше поэма жазды. Атап айтқанда, "Кедей" поэмасы ғасыр басындағы қазақ кедейлерінің хал-жағдайын, сезім-күйін, ауыр тұрмысын бейнелесе, "Адасқан өмір" поэмасында ақын айналасында болып жатқан оқиғаларға, өмір құбылыстарына өз сезімі арқылы шолу жасайды. Қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған "Айтыс" поэмасында қазақ даласындағы өзгерістер, әлеуметтік өмір көріністері суреттелсе, "Таныстыру" поэмасында төңкерістер заманындағы қазақ елін өрге жетелеген қайраткер азаматтар бейнесін сомдауға талпыныс жасалады.

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындары кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.

Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт "Зарландым", "Ауырмай есімнен жаңылғаным" атты шағын көлемді прозалық шығармалар, "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу жайы қалай?", "Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары", "Өлең мен айтушылары", "Социализм" тәрізді бірқатар мақалалар жазды.


11 дәріс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет