Мектепте инклюзивті білім беруді ұйымдастыру.
Инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі – отандық білім беру саласының басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда әлем жұртшылығының жіті назарындағы мәселе. Инклюзивті білім беру жүйесін іске қосу - қоғамды ізгілендірудің маңызды шарттарының бірі. Олай дейтініміз - инклюзивті білім беру барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық қатыстыруға, әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамай қолдауға, жалпы білім беру бағдарламалары бойынша тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.
Инклюзивті оқыту – баланың ерекше сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған оқыту. Әр бала ерекше болса, оған білім мен тәрбие беру, дамыту жолдары да әрқилы болмақ. Қалдығайты жалпы орта білім беретін мектебінде инклюзивті біліммен 10 оқушы қамтылып отыр. Мектебімізде мүгедек балалар үшін пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнатылған, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен жабдықталған және басқа да «кедергісіз аймақтар» құру жоспарланып отыр.
Мектепте мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға және тәрбиелеуге қол жеткізу үшін жағдайлар жасалу міндеті (мектептерде педагог-дефектологтардың, балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің, арнайы құралдардың болуы) қойылған. Үйде білім алатын мүгедек балалар жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жүзеге асырылды. Мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау, олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруда қолдан келгенше жағдай жасап жатыр.
Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту мәселесін шешудің бірден бір нұсқасы төмендегідей:
- ерекше қажеттілігі бар білім алушыларды білім беру үдерісіне тарту;
- қазіргі қоғамда мүгедек балаларды әлеуметтендіру;
- қазіргі қоғамға өзін сенімді бағыттау үшін мүгедек балалардың белсенді мінез-құлық ыңғайлануын құру;
- өзінің бойындағы ақауларды абыройға айналдыру;
- ерекше қажеттілігі бар адамдарға қатынасты өзгерту.
Жоғарыда айтылған мәселелерге орай, біздің мектебіміз инклюзивті білім берудің бүгінгі мәселесіне орай, біршама жүйелі жұмыстарды жүргізеді.
Инклюзивті сыныптарда сабақ беретін 29 мұғалім «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында инклюзивті оқытудың ерекшеліктері» тақырыбындағы курстан өтіп, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен жұмыстануда қойылатын талаптар мен нормативті құжаттармен жұмыстану дағдыларын арттырды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше білім беру назарсыз қалмауы үшін әр педагог әдіс-тәсілдерін нақты ойластыру қажет. Тек қана балаға бейімделген тәрбие оның ішкі потенциялын ашуға мүмкіндік туғызады, әр адамға қарап, сабырлылыққа тәрбиелейді, отбасыларымен қарым-қатынастықты нығайтып, оқу барысына кірістіреді. Мектептегі сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың бірлесіп (интеграциялы) түрде оқуын ұйымдастыру консилиум арқылы әзірленеді. Консилиумға мектептің пән мұғалімдері, педагог-дефектологтар, логопедтер, психологтар қатысады.
Инклюзивті білім беру жағдайындағы білім беру процесін ұйымдастыру типтік және қолданыстағы оқу жоспарларына сәйкес жүргізілуі, жылдық күнтізбелік оқу жоспары және сабақ кестесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл ұсыныстар мүмкіндігі шектеулі бар балалар оқитын бастауыш сынып мұғалімдері мен пән мұғалімдеріне оқу бағдарламаларын әрбір жеке жағдайға байланысты оқушылардың білім жөніндегі талап-тілегіне бейімдеуді жүктейді. Білім беру бағдарламалары мектептің педагогикалық және әдістемелік кеңестерде бекітіліп отырады.
Мектебімізде ҚПДПК-ның қорытындысы бойынша көрсетілген, яғни, баланың деңгейіне қарай жеңілдетілген бағдарламамен ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеуде және инклюзивті оқытуда арнайы психолог, әлеуметтік мұғалімі, дефектолог, логопед мамандарының жұмысы зор. Бұл бағытта мұндай балаларды қалай тәрбиелеу, қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы әңгіме, дәріс, жадынама, тренинг, тақырыптық баяндамалар арқылы ата-аналарға да көмек беріледі.
Баланы псхологиялық-диогностикалық тексеруге арналған құралдар, логикалық ойлауға, зейінді және есте сақтауға арналған әр түрлі әдістемелік құрал-жұмыстары сатылы жүргізіледі.
Зерттеу барысында зерттеу хаттамасын жүргізіп, тіркеп отырады: берілген тапсырманы түсінуі және оны орындау деңгейі; балаға көрсетілген көмек пен оның білімділік дәрежесі; өз бетімен қателіктерін түзете алуы; үлкендермен қарым-қатынас ерекшелігі; тапсырманы орындауға қарым-қатынасы; тапсырманы орындаудағы белсенділігі.
Инклюзивті білім беру жағдайында сынып жетекшілерінің рөлі де артып күрделене түседі. Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арнаулы қолдау көрсетілуін: шәкірттердің оқу процесі аясында жұмысты ұйымдастыруына көмектесу; оңды қарым-қатынастар негізінде балалар ұжымын қалыптастырып, дамыту; ата - аналармен тығыз ынтымақтастық орнату мәселелерінің реттелуін қамтамасыз етуі тиіс. Осындай жұмыстар нәтижесінде мектебіміздің оқушылары танымдық шараларға белсене қатысып, шығармашылық жұмыстар байқауында жүлделі орындарға ие болды.
Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың, соның ішінде үйде оқытылатын оқушылардың әлеуметтік ортасымен араласу деңгейін және бос уақытта немен айналысатындығын анықтау, әлеуметтік педагогикалық сараптама жасау әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшілерінің назарында болуы керек. Білім берудің бұл түрінде мүмкіндігі шектеулі баланың өз-өзіне сенімі артады, ол маңайындағылардың тарапынан өзіне қолдау бар екенін сезінеді, бұл баланың өзін-өзіне бағалай білуіне, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарауына, өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуіне жол ашады.
Қорыта келгенде, ең бастысы кемтар балаларға деген қоғамның көзқарасын, пікірін өзгерту керек, олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру қажет және мүмкіндігі шектеулі баламен бір сыныпта отырған дені сау бала әлдеқайда мейірімді, қайырымды болып өсетінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Енді сол тәжірбиенің біздің елімізде де қанат жайып, өркендеуіне педагогтар қауымы зор үлес қосуда ойлаймын. Мүмкіндігі шектеулі балалардың сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсіп, өзін әлеуметтік ортада жеке тұлға санап, олардың тағдырын ел болып реттейтін уақыт келді. «Бала тағдыры - ел тағдыры» деп қарап, ұрпақтың өмірге келген сәтінен бастап, тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп, мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік өмірге даярлап, еліміздің дамуына өз үлесін қоса алатын азамат тәрбиелеу – біздің қолымызда.
Достарыңызбен бөлісу: |