Құқықтың құндылығы – бұл құқықтың азаматтардың және жалпы қоғамның әлеуметтік әділетті қажеттіктері мен мүдделерін қамтамасыз ету құралы мен мақсаты ретінде қызмет ете алу қабілеті. Құқықтың әлеуметтік құндылығының төмендегідей негізгі көріністерін атап өтуге болады:
1) құқық адамдардың әрекеттеріне ұйымдастырушылықты, тұрақтылықты, үйлесімділікті дарыта отырып, олардың бақылануын қамтамасыз етеді, осы арқылы ол қоғамдық қатынастарға реттеушілік элементін енгізе отырып, оларды өркениетті құбылысқа айналдырады;
2) құқық тұлғалардың ерекше мүдделерін үйлестіру арқылы олардың жүріс-тұрысы мен қызметіне әсерін тигізеді, яғни, құқық жеке мүдделерді басып-жаншымайды, керісінше, оны қоғамдық мүддемен үйлестіреді;
3) құқық тұлғаның қоғамдағы бостандығын көрсетуші және анықтаушы болып табылады және осы бостандықтың шегін, шамасын анықтайды;
4) құқық әділеттілік идеясын көрсету қабілетіне ие, яғни, құқық материалдық игіліктердің дұрыс және әділетті бөлінуінің талаптарын орнықтырады, барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін бекітеді;
5) құқық қоғамдық дамудың тарихи кезектілігіне сәйкес қоғамның жаңаруының қайнар көзі болып табылады; әсіресе, оның құндылығы тоталитарлық режимдердің құлауы мен жаңа нарықтық механизмдердің бекітілуі жағдайларында өсе түседі;
6) құқықтық тәсілдер халықаралық және ұлтаралық сипаттағы мәселелерді шешудің негізі және жалғыз құралы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |