Қазіргі кездегі мемлекеттiк қызметтi дамытудың басымдықтары мыналар (59-сурет):
- кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйесiн жақсарту;
- мемлекеттiк қызмет – ұлтқа қызмет ету;
- мемлекеттiк қызметтiң жоғары абыройын қалыптастыру және қолдау.
Осылардың негізінде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа үлгісiн қалыптастыру қолға алынуда.
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісi бiрiншi кезекте «мемлекеттiк қызмет» ұғымын жаңғыртуды көздейдi. Мемлекеттiк қызмет «ұлтқа (қоғамға) қызмет ету» ұғымының синонимi болуға және мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы болып табылатын халыққа бағытталатын болады.
59-сурет. Мемлекеттiк қызметтi дамытудың басымдықтары
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісi оны кәсiбилендiрудiң басты факторы болып табылатын адами фактордың маңыздылығын тануға және тиiмдi кадр жұмысын жүргiзуге бағдарланған.
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісi оңтайлы кадрлық тетiктерiн – мемлекеттiк қызметке кiрудiң тиiмдi әрi айқын тәртiбiн, үздiксiз кәсiби даму мүмкiндiгiн, жұмыс нәтижелерi мен ынталандыру жүйесiнiң өзара байланысын қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісiнде мемлекеттiк саясаттың тиiмдi iске асырылуын кәсiби тұрғыдан қамтамасыз ететiн жоғары мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер корпусы қалыптастырылып, мемлекеттiк қызметке кiру және оны атқару тетiктерi түбегейлi жетiлдiрiлуі жоспарланған.
Осылайша мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісiн қалыптастырудың үш тұғырлы мақсаты айқындалды (60-сурет):
1) мемлекеттiк қызмет жүйесiндегi тиiмдi кадр саясаты және адами капиталды басқару жүйесi;
2) мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң жоғары сапасы және мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгi;
3) мемлекеттiк қызметшiлердiң оң имиджi және мiнез-құлық этикасы.
60-сурет. Мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісiн қалыптастырудың үш тұғырлы мақсаты
Үш тұғырлы мақсатқа сәйкес мемлекеттiк қызметтiң жаңа үлгісiн қалыптастырудың мiндеттерi болып мыналар айқындалады:
1) мемлекеттiк қызмет жүйесiнде жаңа кадр тетiктерiн қалыптастыру және қолданыстағыларын жетiлдiру;
2) мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын мемлекеттiк қызметтердiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн арттыру және мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы ретiнде халыққа бағдарлау;
3) мемлекеттiк қызметтiң жоғары мәртебесi мен беделiн қамтамасыз ету, мемлекеттiк қызметшiлер мiнез-құлқының этикалық нормаларын қалыптастыру.
Жаңа үлгінi қалыптастырудың нәтижесi нақты нәтижеге және мемлекеттiк
қызметтердi сапалы түрде көрсетуге бағдарланған, сондай-ақ мемлекеттiк әлеуметтiк-экономикалық дамудың өзектi қажеттiктерiне сай келетiн кәсiби мемлекеттiк қызмет болмақ.
Осы мақсаттарды iске асыру екі кезеңде жүргізілуде.
Бiрiншi кезеңде (2011-2012 жылдар) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткiзуге бағытталған:
1) үш корпусқа негiзделген мемлекеттiк қызмет лауазымдарының жаңа тiзiлiмiн енгiзу;
2) мемлекеттiк қызметке кiру және мемлекеттiк қызметтiң кадр резервiн қалыптастыру рәсiмдерiн жақсарту;
3) жоғары бiлiктi мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау жөнiндегi базалық бiлiм беру орталығын қалыптастыру;
4) нәтижеге бағдарланған мемлекеттiк басқару жүйесiнiң технологиялары мен қағидаттарына негiзделген жаңартылған оқыту бағдарламаларды енгiзу;
5) мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерi жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру;
6) мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын бағалау жүйесiн енгiзу;
7) мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеудiң жаңа жүйесiн енгiзу;
8) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыруға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң сапасын бақылау жүйесiн енгiзуге, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапасын бағалау үшiн керi байланыс тетiгiн дамытуға бағытталған шараларды iске асыру көзделедi.
Екiншi кезеңде (2013-2015 жылдар):
- мансаптық жоспарлау жүйесiн енгiзу;
- кәсiби даму мен оқытудың дара жоспарларын енгiзу;
- қашықтықтан оқыту жүйесiн кеңейту;
- мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру жүйесiн жетiлдiру;
- мемлекеттiк қызметтiң автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн құру;
- әкiмшiлiк этиканы басқарудың екi деңгейлi жүйесiн әзiрлеу сияқты мемлекеттiк қызметтi кәсiбилендiру жөнiндегi ұзақ мерзiмдi шаралар жүзеге асырылатын болады.
Бұл жылдары бірінші кезеңде iске асырылған шаралардың тиiмдiлiгiне мониторинг жүргiзу және оларды бағалау жүргiзiлетiн болады, соның негiзiнде тиiстi нормативтiк-құқықтық, әдiстемелiк және ұйымдық ұсыныстар әзiрленуі жоспарланды.
Мемлекеттік қызметшілер кәсіби қызмет белгісі бойынша ерекшеленетін әлеуметтік жік болып саналады. Әлеуметтік икемділіктің жеткілікті жоғары көрсеткішімен сипатталады. Ресми көзқарас жағынан, кәсібиліктен басқа, мемлекеттік қызметке келу үшін еш тосқауыл жоқ. Бұл жүйенің ашықтығын сақтауға мүмкіндік береді. Мұның негізгі контингенті сатылық сәйкестікте орналасқан әкімшілік мемлекеттік қызметшілерден тұрады. Төменгі саты қабылдайды, яғни сырттан келуге арналған фильтр болып табылады. Сонымен қатар, бұл сыртқа шығу үшін де ең ашық әлеуметтік және кәсіби шекара. Басқа құрылымдағы сияқты базалық негізді тұрақтылық пен сабақтастық құрылымын қамтамасыз етуші орта басқарушы қызметкер құрамын қалыптастырады.
Бақылау сұрақтары:
1. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің негізгі міндеттері, қызметтері мен өкілеттіктері.
2. Мемлекеттiк қызметi жүйесiн дамытудың негiзгi қағидаттары мен тәсiлдерi
3. Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісінің ерекшеліктері.
4. Қазіргі кездегі мемлекеттiк қызметтi дамытудың басымдықтары.
Достарыңызбен бөлісу: |