Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару қызметiнiң экономикалық және қаржылық негiзiн құрайды:
1) жергiлiктi бюджет;
2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлген мүлiк;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммуналдық меншiктегi өзге де мүлiк.
Заңда облыстық және аудандық мәслихаттар мен әкiмдiктердің міндеттері мен құзыреті нақтыланған.
Мәслихаттар мен әкiмдiктерге Қазақстан Республикасының шегiнде бiрыңғай еңбек рыногын, капиталды, қаржыны қалыптастыруға, тауарлар мен қызмет көрсетудi еркiн алмасуға кедергi келтiретiн шешiмдер қабылдауға тыйым салынатыны белгіленген.
Мәслихаттарды тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң халқы жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзiмге сайлайды.
Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Қазақстан Республикасының азаматы бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
Тиiстi мәслихат депутаттарының санын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мынадай шектерде: облыстық мәслихатта, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарында - елуге дейiн; қалалық мәслихатта - отызға дейiн; аудандық мәслихатта - жиырма беске дейiн белгiлейдi.
Депутаттар жалпы санының кемiнде төрттен үшi сайланған жағдайда мәслихат заңды болып есептеледi.
Мәслихаттың өкiлеттiгi бiрiншi сессия ашылған кезден басталады және жаңадан сайланған мәслихаттың бiрiншi сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.
Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiстерiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған жағдайда ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.
Жаңадан сайланған мәслихаттың бiрiншi сессиясын осы мәслихат үшiн белгiленген депутаттар санының кемiнде төрттен үшi болған ретте, мәслихат депутаттары тiркелген күннен бастап отыз күн мерзiмнен кешiктiрмей, тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
Мәслихаттың кезектi сессиясы кемiнде жылына төрт рет шақырылады және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргiзедi. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемiнде үштен бiрiнiң, сондай-ақ әкiмнiң ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргiзедi. Кезектен тыс сессия оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негiз болған ерекше мәселелер қаралуы мүмкiн.
Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткiзiлетiн орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және әкiмге - сессияға кемiнде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн бұрын хабарлайды. Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер бойынша қажеттi материалдарды депутаттарға және әкiмге – сессияға кемiнде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн қалғанда табыс етедi.
Мәслихат жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын бақылау үшiн өз өкiлеттiгi мерзiмiне тексеру комиссиясын сайлайды. Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң санын мәслихат белгiлейдi. Тексеру комиссиясының төрағасын мәслихат депутаттар арасынан сайлайды. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық және астаналық), аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) мәслихаттардың тексеру комиссиясының төрағасы өз қызметiн басқа жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асырады. Тексеру комиссиясының жұмысына мәслихат депутаты емес адамдар да шарт негiзiнде тартылуы мүмкiн.
Мәслихат сессиясының төрағасы ашық дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары ішінен оның жалпы санының көпшiлiк даусымен сайланады. Төраға мәслихаттың алдыңғы сессиясында сайланады.
Мәслихаттың хатшысы тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн лауазымды адам болып табылады. Оны мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың хатшысы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.
Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi.
Мәслихат депутатының өкiлеттiгi тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы оны депутат ретiнде тiркеген кезден басталып, мәслихат өкiлеттiгi тоқтатылған кезден бастап және де заңда белгіленген өзге де жағдайда тоқтайтыны белгіленген.
Достарыңызбен бөлісу: |