Бүгінгі таңда эволюциялық экономика теориясы негізгі үш бағытты қамтып отыр, атап айтқанда:
- ғылыми-техникалық прогресс тұжырымдамасы;
- институционалдық тұжырымдама;
- ұзын толқындар теориясы.
Мемлекеттік менеджмент дегеніміз – әкімшіліктік көшбасшылық пен билікті зерттеуге арналған тұжырымдамалық бағыт. Аталған бағытқа қойылған міндеттердің мәні мынадай: егер саяси талдау Үкіметтің ойланып шешім қабылдауына көмек көрсетуі тиіс болса, ал мемлекеттік менеджмент оның тамаша жетістіктерге жетуіне жәрдемдесуі қажет.
Мемлекеттік басқаруды зерттеуде әр түрлі теориялық тәсілдемелердің болуына қарамастан, осы тұжырымдамалық бағыттың әрбірінде де ұқсас сауалдар беріледі, мәселен:
- тиімді жетістіктерге қалай қол жеткізуге болады;
- халық үшін қажетті шешімдерді қандай жолмен қабылдауға болады?
Бұл сауалдарға жауап беруге ұмтылсақ, мемлекеттік менеджмент теориясы олардың қызметінің ең алдымен ішкі және сыртқы жағын зерттейді және мекемелерде орнығады.
Мемлекеттік басқарудың осы күнгі жаңа үлгісі тиімділікті ұзақ уақыт іздеудің нәтижесі болып табылады, біздің көзқарасымызша бұл үдеріс өткен жүз жылдықтың басында, яғни ғаламдық міндеттерді шешуде қордың жетіспеуі сияқты әлемдік қиыншылықтардың кезінде пайда болды.
Жоғарыда айтқанымыздай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тән ерекшелігі, оның мемлекеттік емес экономикалық саладан алынатындығына келіп саяды. Бұл үлгі әр түрлі аталып жүр, дегенмен де кеңінен таралғаны «жаңа мемлекеттік басқару», «жаңа мемлекеттік менеджмент» немесе «менеджериализм» болып табылады.
Бұл теориялардың барлығының да өз қолдаушылары мен қарсыластары бар. Олар әр алуан елдерде сәйкесінше тұрақты бағдарламаларда жүзеге асырылады.
Мемлекеттік басқарудың табиғатын зерттеу барысында мемлекеттік басқаруға қатысты 53-суретте көрсетілгендей бірқатар тұжырымдамалар жасауға болады.
Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды реформалау үдерісін реформалау «тұжырымдамасына» байланысты екі кезеңге бөлуге болады:
- бірінші кезең, Қазақстанның тәуелсіздігін алған кезден бастап 2007 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Мемлекеттік басқару ісін жетілдірудің басты міндеттері 2004 жылдың 19 наурызындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында қарастырылған. Онда: «Бұдан былай әрбір министр мен әкімнің қызметі халықаралық стандартқа қосқан үлесінің салмағына қарай қатаң түрде бағаланатын болады» делінді;
- екінші кезең, 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін. 2007 жылға дейін реформалау бойынша жүргізілген негізгі шараларға байланысты мемлекеттік органдар қайта құрылымданды. Дегенмен де іс жүзінде мемлекеттік органдардың атауы ғана өзгертіліп, мемлекеттік органдар арасында қызмет бөлінісі жүзеге асырылды. Қорыта айтқанда, мемлекеттік органдарға жасалған толассыз өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра қоймады.
53-сурет. Мемлекеттік басқару тұжырымдамасы
Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформалау «тұжырымдамасын» қайта қарастыру, яғни бетбұрыс кезеңі 2007 жылға саяды. Мемлекет басшысы атқарушы билік құрылымын қалыптастыруды емес, мемлекеттік қызмет тетігін жетілдіру шараларын айқындап берді, демек мемлекеттік басқарудың сыртқы бейнесі емес, оның мазмұнын жетілдіру жолға қойылды. Сондықтан 2007 жылы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлығы шықты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі қағидаттары айқындалды:
1) кезеңдердің біртіндеп және ретпен орындалуы;
2) қойылған міндеттердің кешенділігі мен ұсынылған шешімдердің жүйелілігі;
3) транспаренттілік;
4) қабылданған шешімдерді жүзеге асырудың мониторингін жасап отыру;
5) жұмылдырылған барлық мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің бекітілген бірінші кезектегі іс-шаралар Жоспары бойынша мемлекеттік органдарға мемлекеттік менеджменттің кемелденуін одан ары жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Мемлекеттік органдар қызметінің ішкі регламентін бекіту мен мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызмет көрсетудің қалыптасқан стандартын енгізу бірінші кезектегі іс-шаралар болып табылады. Бұл шаралар мемлекеттік органдар мен қызметтік міндеттерін орындаудағы мемлекеттік қызметшілердің қызмет барысындағы әрбір қадамын қадағалап отыруға мүмкіндік береді және мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырады.
Өз кезегінде бұл жұмыстың қорытындысы мемлекеттік органдардағы «былықтардың» жойылуы мен мемлекеттік менеджмент жүйесіндегі әрбір бөлімнің жауапкершілігінің артуына алып келеді.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 21 шiлдедегi № 119 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жаңа үлгісiнiң тұжырымдамасы» бекітілді.
Аталған тұжырымдамада меритократия, тиiмдiлiк, нәтижелiлiк, транспаренттiк және қоғамның есептiлiк қағидаттарына негiзделген мемлекеттiк қызмет жүйесiнің кәсіпқойлық мәселелері мемлекеттiк басқару жүйесiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн және халыққа сапалы қызмет көрсетудi қамтамасыз етудiң аса маңызды факторы болып табылатыны айтылды.
Осы тұжырымдамада мемлекеттiк қызмет жүйесiндегi ағымдағы жағдайларға талдау жасалып, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа үлгісiн қалыптастырудың негiзгi бағыттары мен оны iске асырудың түйiндi тетiктерi айқындалды.
Бақылау сұрақтары:
Экономиканы мемлекеттік басқару жөніндегі көзқарастар.
2. Мемлекеттік басқаруды реформалау кезеңдері мен қағидаттары.
3. Мемлекеттік басқару тұжырымдамалары.
4. Мемлекеттік басқару ой-санасының даму сатылары.
5. Эволюциялық экономика теориясы.
6. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың жаңа қағидаттары.
7.3. Нарық қатынасы жағдайында экономиканы мемлекеттік басқарудың шетелдік тәжірибесі
Нарық экономикасы жағдайында біздің еліміздегі мемлекеттік басқару жайында айтар алдында әлемдік тәжірибеге біршама назар аударалық. Мемлекеттік басқарудағы батыстық тәжірибе мемлекеттік басқарудың әр елде шартты түрде алуан түрлі ерекшеліктерге ие екендігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару үлгілерінің тек қазіргі заманда ғана емес, адамзат баласының барлық тарихында да ұқсастықтарының болғандығын айта кету қажет. Осыған байланысты экономиканы мемлекеттік басқаруда әлемдік тәжірибені арнайы зерттеудің маңызы өте зор.
Іс жүзінде кез-келгенэкономикалық жүйе қандай да болмасын дәрежеде мемлекеттің ықпал етуін басынан кешіреді. Шаруашылықтың нарықтық тетігіне негізделген экономикалық жүйе де осыған келіп саяды.
Әлемдік экономикалық жүйеге енген әр түрлі мемлекеттерге жасалған талдау тәжірибесі шаруашылық құрылымның толықтай мемлекеттенуіне мүмкіндігі жетпейтіндігін көрсетіп отыр, дей тұрғанмен де экономиканың дамуында «таза» нарықтық амалға қатысты қандай да болмасын, яғни ондағы мемлекеттің қатысуын шектеу сияқты артықшылығына да куәлік бермейді. Мұндай куәлік нарықтық экономикасы дамыған мемлекеттердің экономикалық тарихында да кездеспейді. Мұндай амал, А.К. Қаңтарбаева мен А.Т. Мұстафин сынды теоретиктердің пікірінше еш жерде іс жүзінде жүзеге асырылмаған және де оң нәтижелерді берген емес, мемлекет оның дамуына жағдай жасай отырып, әрдайым және барлық жерде экономикаға белсенді араласып келеді.
Бұл нұсқалардың арасында бірқатар аралық үлгілер де кездеседі, мысалы, қытайлық мемлекеттік және нарықтық ретке келтірушілер, «әлеуметтік бағдарлы» деген атауға ие болған ГФР мен Австрияның нарықтық шаруашылығы, шведтік аралас экономика үлгісі және т.б.
Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін дамыған елдердің, әсіресе жаңа индустриалды мемлекеттердің экономикасына жасалған талдаудың динамикасы мемлекеттердің экономикалық саясаты мен нарықтық қатынастардың деңгейінің арасында өзара тікелей тәуелділік болатынын көрсетті. Бұл өзара тәуелділік нарықтық қатынастар дамуы неғұрлым артқан кезде мемлекеттің нарықтық тетіктердің қалыптасуына, жетілуі мен реттелуіне соғұрлым күштірек ықпал еткен кезде көрініс табады. Нақ мемлекеттің өзі нарықтық экономика негіздерінің дамуына – еркін кәсіпкерлік пен таза бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды.
Мемлекеттің экономикалық өмірге араласу ауқымын бағалауға мүмкіндік беретін бірнеше параметрлер бар. Бұларды салыстырудың нәтижесі аралас экономиканың әр түрлі ұлттық үлгілерінің арасында болатын едәуір айырмашылықты тағы да дәлелдеді.
Швеция экономикасы барлық тәжірибелік көрсеткіші бойынша айтарлықтай «мемлекеттенген». Дегенмен де АҚШ пен Жапония мемлекеттерінің экономикалық «әлсіздігі» – шынтуайтқа келгенде ондағы мемлекеттік бақылаудың тек жасырын әдістерін қолданатындығын көрсетеді.
АҚШ-та басқарудың ерекше заңды және қаржы-несиелік түрлері пайдаланылады. Антитрестік заң бұрыннан-ақ еліктеушіліктің хрестоматиялық үлгісі деп танылған, АҚШ-та негізді түрде жеке меншік бастамасына шектеу қойған қатаң экономикалық заңнаманың болғандығы туралы ақпарат кем де кем. Басқа жоғары тиімді негіз – бұл Федеральді қор жүйесі, мұнда кешенді түрде Ұлттық Банк қызметтерін атқаратын 25 аймақтық банк кіреді.
Бұдан да өзгеше мемлекеттік басқарудың түрі – Жапонияда қалыптасқан. Бір жағынан алғанда мұнда экономикаға мемлекеттік араласудың сандық шамасы біршама төмен, ал екінші жағынан зерттеушілердің айтуынша жапон экономикасындағы барлық күш мемлекеттік басқаруда. Парадокс «қарапайым» ғана түсіндіріледі: Жапониядағы мемлекеттік басқару ерекшелігі санда емес, сапада. Еңбек дауларында жапондық мемлекеттік шенеуніктердің аз ғана бөлігі тиімді бітімгершілік жүргізіп, сыртқы экономикалық өктемдік жүргізуге себепші болады (кедендік тарифтер, салық жеңілдіктері және тіпті тікелей мемлекеттік субсидиялар арқылы), ал ең бастысы алдағы уақытқа индикативті жоспарлауды жүзеге асырады. 1950 жылдардан бастап Жапонияда жалпы мемлекеттік жоспарлау жұмылу рөлін жемісті аяқтады және де бұл тәжірибе 1960 жылдары басқа мемлекеттердің еліктеу нысанына айналды (атап айтқанда Оңтүстік Корея, мұнда 1992 жылы экономикалық және әлеуметтік дамудың 7-ші бес жылдық жоспары жүзеге асырыла бастады).
Бірқатар себептерге байланысты экономиканы мемлекеттік басқару тетігі Еуропаның бірнеше елдерінде (Франция, ГФР, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Австрия) және Азия мен Латын Америкасының қарқынды дамып келе жатқан елдерінде жақсы жолға қойылған. Мемлекеттік басқару тетігі әлсіз әрекет ететін елдерге Канада мен Австралия жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |