СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ
Бөрілі менің байрағым
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп, жау алған
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп, жау алған
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы — ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым.
Датқаларға
Ат құйрығын бұлаған,
Қол жеткен жерін сұраған,
Егескен жауы жылаған,
Қызыл тілін безеген,
Найзасын тасқа тежеген,
Тұлпар мініп, ту алған —
Мен Қарасай ұлымын.
Беліне садақ байланып,
Алмас қылыш асынған,
Арыстан болған жасынан,
Қол үзілмей қасынан,
Дулыға кетпей басынан,
Құрсанған жаудың әскерін
Қуып еді Қарасай
Жоңғардың қақпа тасынан.
Атамекен жері үшін
Дұшпанды сөйтіп қашырған.
Пенде болған көп қалмақ,
Қарасайды көргенде,
Құлдық ұрып бас ұрған.
Қарасай тартып жебесін.
Жай оғындай жайнатып,
Дұшпанның ойған төбесін,
Гүрзісін көкке ойнатып,
Өлігіне толтырған
Жоңғардың биік белесін.
Үш жүздің басы бірігіп,
Көктобеде ту тікті.
Абылайды хан сайлап,
Қалмаққа тиді айғайлап.
Датқалар, несін сұрайсың,
Қарасай мен Сұраншы
Өтіп еді-ау едді ойлап...
Заманында датқалар,
Ұрты кеуіп, мақтанар.
Пайда тапса дау-шардан,
Шоқтығына дақ салар.
Екі ауылды егер ғып,
Қолтығына шоқ салар.
Басындағы дәулетін
Бір күн болмай ақтарар.
Елге жақпас қылығы—
Бұл заманның ұлығы
Параменен мал жиып,
Бойынан асқан былығы.
Оязға қайтсем жағам деп,
Үзілер болды жұлыны.
Өз елін өзі қарақтап,
Ебі келсе, тамақтап,
Кең ақтарған корқаудай
Датқалар жүр жалақтап...
Қайран қазақ қор болды-ау
Құр бекерге далақтап.
Достарыңызбен бөлісу: |