МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН
ОҚЫТУ ҮДЕРІСІНДЕ ТІЛДІК БІЛІКТІЛІКТІ
ДЕҢГЕЙЛЕР БОЙЫНША БӨЛУ
Айтмұхаметова Қ. Ө.
Статья посвящена проблемам обучения государственных служащих казахскому языку. В частности, автором рассматриваются вопросы многоуровневой системы обучения и формирования языковой компетенции.
The article is devoted to the problems of Kazakh language training of the civil servants.
In particular, the author considers the issues of multilevel system of education and the formation of language competence.
Кілт сөздер: тіл үйрету, деңгей, мемлекеттік қызметші.
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғалы елімізде «күн тәртібінен түспей» келе жатқан мәселе оны үйретуге/оқытуға байланысты «қиындықтар мен кедергілер» төңірегінде екені жасырын емес. Солардың бірі – тілді деңгейлеп үйретуге қатысты тілші ғалымдардың пікірлері сан алуан. Бірі «елімізде мемлекеттік тілді үйретудің жаңа стандартын енгізу қажет» деп санап, сол стандарттаудың төрт деңгейін ұсынады: «оның бірінші сатысы – тұрмыстық сөйлеу тілі, яғни күнделікті өте қажет тілді үйрету, екінші деңгейі – кәсіби тіл, бұл әркім өзінің мамандығына, жұмысына байланысты тілді, оның лексикасын, сөйлеу үлгілерін білуі керек. Үшінші деңгейі – іскери тіл. Ол бойынша «қызметкерлер ісқағаздарымен жұмыс істей білуі тиіс»; соңғысы – әдеби сөйлеу тілінде сөйлеу үшін алдыңғы үш деңгейден өту керек. Сонда ғана адам әдеби тілде сөйлеуге жаттығады...» (Ә. Жүнісбеков) [1].
Еліміздегі оқу ағылшын тілінде жүргізілетін университеттерде қазақ тілі халықаралық тәжірибеге негізделген алты деңгейден тұратын әдістеме бойынша оқытылады. Студенттер, ең алдымен, қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тест тапсырып, әрі қарай білім алуды өз деңгейіне (А1, A2, В1, В2, С1, С2) байланысты жалғастырады.
Ал «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» қазақ тілін үйрету жүйесі үш деңгейге негізделген: бастауыш деңгейдегі тыңдаушылар мамандықтарына сай кәсіби тілдің өзіндік ерекшеліктерін үйреніп, оны қатынас құралы ретінде пайдалана бастайды; Жалғастырушы деңгейде сала қызметкерлері күнделікті қоғамдық-әлеуметтік және тұрмыстық қарым-қатынаста қолдануға қажет білім, білік, дағдыларды меңгереді. Қызметкерлерге қазақ тілінің күнделікті тілдесімде қажет болатын фонетика-интонациялық, лексика-грамматикалық заңдылықтарын қамтитын тілдік тұлғалармен қатар ісқағаздарын қазақша жүргізу үлгілері, салалық терминдер (1500-2500 сөз шамасында) ұсынылады; Тереңдетілген деңгей мемлекеттік және жергілікті басқару саласындағы мемлекеттік қызметшілерге мамандықтарына сай мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілген терминдерді, ресми құжаттар тілінде қолданылатын тұрақты сөз орамдарын дұрыс жұмсай алуына бағыт береді. Бұл деңгей аяқталғанда тіл үйренушінің білімі ісқағаздарын толық меңгеріп, сол үлгілерді өз бетімен сауатты түрде толтыра алатындай дәрежеде болады» екен [2].
Шағын шолудан байқалғандай, елімізде тіл үйретумен айналысатын түрлі ұйымдар мен мекемелер, орталықтар өздері дұрыс және қажет деп тапқан жүйені қолдануда. Біз осы деңгейлеп оқыту жүйесіне қатысты кейбір ұғым-түсініктердің мазмұнына кеңірек тоқталмақпыз.
«Тілдік біліктілік» ұғымының аясына көптеген түсініктер кіретінін осы салада еңбек етіп жүрген оқытушы-зерттеушілердің әр алуан жіктемесінен көреміз. Дегенмен кейінгі 10-15 жыл көлемінде ғылымда қанат жайған антропоөзектілік парадигмасына сай, еліміздегі білім беру жүйесінде орнығып үлгерген Жалпыеуропалық тілдерді меңгеру стандартында белгіленген тұжырымдарды негізге алудың тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Онда тілдік біліктілік лингвистикалық, социолингвистикалық және прагматикалық біліктілік түрлеріне жіктелген. Мұндағы бірінші топ іштей тілдің құрылымына қатысты бөліктерге сәйкес, фонологиялық, лексикалық, грамматикалық және семантикалық біліктілік деп бөлінеді және тіл үйренуші оның бастапқы сатысын немесе қарапайым түсініктерді бастауыш және орта мектепте меңгеруі тиіс. Ал жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту, негізінен, төрт деңгейлік (бастапқы, негізгі, аралық орта және орта) жүйемен жүргізілетін болғандықтан, тіл үйренушінің лингвистикалық білім аясын былайша анықтап алған жөн:
Бастапқы деңгейдегі тіл ұстанушы, сөздік қоры шектеулі болғандықтан, өзі жайында қысқаша мәлімет қана бере алады;
Негізгі деңгейдегі қатысымшы бірқатар жаттанды оралымдарды (клише) жақсы білгендіктен, оларды күнделікті өмірде (отбасында немесе жұмыста) кездесетін жағдаяттарда қысқаша ақпараттарды жеткізу үшін еркін пайдаланады;
Аралық орта деңгейдегі тіл үйренуші жиі кездесетін жағдаяттарға сай, өз ойын қинала жеткізеді, кейбір тақырыптарға қатысты сөйлесе алады, алайда нақты ұғымдарды дәл жеткізу үшін қажетті сөздерді табуда, іріктеуде бірқатар кедергілерге ұшырайтыны байқалып тұрады;
Орта деңгейдегі коммуникант айналасында болып жатқан оқиға-құбылыстарды сипаттап бере алады, негізгі мәселені тауып, оған қатысты өз ойын дәлелді түрде білдіреді, тілдік бірліктерді еркін қолданады.
Енді лингвистикалық біліктіліктің аталған құрамдас бөліктеріне жеке-жеке тоқталайық.
Лексикалық біліктілікті тілдің сөздік құрамын білу және оны сөйлеу барысында қолдана алу құрайды.
Бастапқы деңгейде қатысымшының сөздік қоры нақты тақырыптарға қатысты жекелеген сөздер мен фразалардан тұрады;
Негізгі деңгейдегі тіл ұстанушының сөздік қорын күнделікті қарым-қатынаста кездесетін тақырыптарға сай, жеткілікті дәрежеде деуге болады;
Аралық орта деңгейдегі коммуникант сөздік қорды өз отбасы, жұмысы, сапарға шығуы, қызығып айналысатын істері жайында әңгімелеп беруге жеткілікті дәрежеде меңгерген болады;
Орта деңгейдегі тіл ұстанушының сөздік қоры бай, жалпыға ортақ тақырыптармен қатар өз қызметі/кәсібі бойынша еркін тілдесуге жетерлік болады, алайда өз ойын дәл жеткізетін сөздерді тауып, іріктеуде біршама қиналады.
Грамматикалық біліктілікке грамматикалық бірліктерді (жалғау, жұрнақтардың дыбыстық нұсқаларын және мағыналарын) ажырата білу, сондай-ақ тілдің ішкі, өзіндік заңдылықтарына сәйкес жұмсай білу мүмкіндігі жатады. Бұл – ауызша сөзжұмсамда ерекше назар аудартатын, тіл ұстанушыдан үлкен жауапкершілікті талап ететін мәселе. Тәжірибеде бір жұрнақты орынсыз қолдану сөйлеушінің жалпы тілді меңгеру дәрежесін айғақтап тұратын жағдайлар кездесіп жатады.
Бастапқы деңгейдегі қатысымшы, әдетте, әбден жатталып, дағдыға айналған құрылымдарды пайдалануға бейім болады;
Негізгі деңгейдегі коммуникант ауызша сөзжұмсамда кейбір жалғаулар мен жұрнақтарды шатастырып алатындықтан (немесе содан жүрексінгендіктен), сөйлемді баяу құрайды және оның сөзінде «мүдірістер мен кідірістер» қатар жүреді;
Аралық орта деңгейдегі тіл ұстанушы таптаурындық (стереотиптік) сөйлеу жағдаяттарында грамматиканы дұрыс қолданады, ол құраған сөйлемдердің мазмұнын түсіну қиындық тудырмайды, алайда интерференциялық қателер жібереді, ондай «бұрыс қолданыстарды» қатысымшының өз туған тілінің әсерімен байланыстырған жөн;
Орта деңгейдегі коммуникант грамматиканы дұрыс меңгергендіктен, сөйлемдерінің мазмұнын өзі қадағалай алады, ішінара кеткен қателерін де өзі түзете алады;
Семантикалық біліктілікке тіл ұстанушының белгілі бір /қажетті/ мағынаны жеткізу жолдарын білуі, жекелеген лексемалардың валенттілік /тіркесімділік/ қасиеттерінен туындайтын мағыналық реңктерді ажырата алуы және жақсы түсінуі, оларды сөзжұмсамда еркін қолдануы жатады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін үйренушінің тілдік санасында лексикалық, грамматикалық семантикамен қатар прагматикалық мән жөнінде де түсініктер қалыптасуы шарт.
Лексикалық семантика аясына сөз мағынасына қатысты бүкіл ұғымдар мен құбылыстар жатады: сөздің тура және ауыспалы мағыналары, макросемантикалық және микросемантикалық құрылымы (затдеректік/денотаттық, ойдеректік/сигнификаттық, үстеме/коннотаттық мағыналар), сөздерді лексика-семантикалық топтастыру, сөздердің өзара тіркесімділігі (валенттілігі), синонимия және омонимия, аудармадағы дәлдік, универсалийлер және аударуға келмейтін ұғымдар мен түсініктер (лакуналар) жатады. Тікелей этникалық санамен байланысты қалыптасқан, яғни өзге тілдерде баламасы болмайтын атаулар мен ұғымдардың (шаңырақ, нағашы, жиен, жиеншар, несібе, обал, сауап т.б.) мазмұнын сипаттау тәсілі арқылы түсіндіру үшін қолданылатын сөздер мен тіркестердің мағыналарын меңгерту, олардың сөзжұмсамдық ерекшеліктерін білу семантикалық біліктіліктің басты мәселелері болып табылады.
Грамматикалық семантика грамматикалық тұлғалардың функционалдық сипатынан, яғни мағына жеткізу қызметінен туындайды. Оны емделуге кетті, анасына бола келді, оқуға түсті сияқты мысалдардағы барыс септік жалғауы арқылы жеткізіліп тұрған мақсаттық т.б. мағыналардан байқаймыз.
Прагматикалық семантика сөздердің сөйлеу жағдаятына қатысты туындайтын және құбылатын мағыналарын қарастырады. Онда астарлы мән (импликация) мен меңзеу (пресуппозиция), тілдік бірліктер арасындағы логикалық байланыс, қисындылық т.б. мәселелерге назар аударылады (Кіруге бола ма? Сессия жақындап қалыпты ғой... т.б.).
Фонологиялық біліктілік те әр деңгейде әр түрлі дәрежеде көрініс табады: бастапқы деңгейдегі тіл үйренуші жаттанды (таптаурынға айналған) сөздерді дұрыс айтқанымен, әсіресе, қазақ тілінің төл фонемаларын дыбыстауында акцент айқын байқалады, бұл қатысымшының үндестік заңын меңгермегендігін көрсетеді;
Негізгі деңгейдегі қатысымшы түсінікті сөйлейді, дегенмен дыбыстауында ана тілінің ықпалы сезіліп тұрады;
Аралық орта деңгейдегі тіл ұстанушы сөздерді дыбыстауда ішінара қателер жібереді;
Орта деңгейдегі тіл тұтынушының сөздердің табиғи дыбысталу заңдылықтарын толық меңгергені анық байқалады.
Қазіргі адамтану бағытындағы зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, тілдік біліктіліктің басқа да түрлері болатынын атап айтуымыз керек. Оларға прагмалингвистикалық және социолингвистикалық біліктіліктерді жатқызуға болады.
Прагмалингвистикалық біліктілік дискурс ұғымымен тығыз байланысты түсініледі. Бастапқы деңгейде тіл үйренуші жаттанды фразаларды еркін өзгерте отырып қолдана алады;
Негізгі деңгейде қатысымшы таптаурындық оралымдарды жағдайға сәйкес қажетті сөздермен алмастыра отырып жұмсайды;
Аралық орта деңгейдегі тіл үйренуші кез келген жағдаятқа сәйкес тілдік бірліктер ішінен қажеттісін таңдай біледі және өз ойын нақты жеткізе алады;
Орта деңгейдегі тіл үйренуші әңгіменің ыңғайына қарай тез бейімделеді, қажетті тілдік құралдарды, соның ішінде фразеологизмдерді де тез арада тауып, орынды пайдаланады.
Социолингвистикалық біліктілікке белгілі бір тілдік ұжымда қалыптасып орныққан заңдылықтарды біле отырып, тілді өз әлеуметтік рөлі мен міндеттеріне сай қолдана білу дағдысы жатады.
Тіл әлеуметтік мәдени феномен болғандықтан, мұнда сөздің коммуникативтік сапаларын меңгеру үлкен маңызға ие. Олар іштей құрылымдық (сөз дұрыстығы, тазалығы, байлығы) және функционалдық (сөз дәлдігі, түсініктілігі, мәнерлілігі, орындылығы, бедерлілігі, қисындылығы) болып бөлінеді [3:7]. Енді осы әлеуметтік біліктіліктің деңгейлік жүйедегі көрсеткіштеріне келейік.
Негізгі деңгейдегі тіл үйренуші сәлемдесу, тілдесу, қоштасу үлгілерін жақсы меңгерген, қажеттілікке қарай кешірім сұрау мен шақыруды және оларға қайтарылатын жауапты да еркін қолданады, қарапайым тілдік жағдаятқа сәйкес өз көзқарасын білдіре алады;
Аралық орта деңгейдегі тіл үйренуші тіл қолданысының негізгі заңдарын меңгерген, сыпайылыққа қатысты әдеби тіл нормаларымен жақсы таныс, оларды орынды жұмсай біледі;
Орта деңгейдегі тіл үйренуші ресми және бейресми қатысым талаптарын біледі, оны нақты сөйлеу жағдаятына сай таңдап қолдана алады, әр алуан жағдайларда өз пікірін дәл және дұрыс жеткізе алады, оның сөйлеуінен өрескел қателер байқалмайды.
Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту үдерісінде тілдік біліктілікті деңгейлер бойынша бөле отырып қалыптастырудың маңызы зор. Тілдік материалды да, олардың сөзжұмсамдық ерекшеліктерін де осылайша нақты межелеуіштерге жіктеп ұсыну тіл үйретудің тиімділігін арттыра түсетіні тәжірибеде нақтыланып келеді.
Әдебиет:
1. Рақымқызы Р. «Алаш айнасы» // Республикалық қоғамдық-саяси газет. 03.12.2011.
2. Қажиева Ә. «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» қазақ тілін үйрету жүйесі. http://mtdi.kz/kz/makalalar/oku-adistemelik/538
3. Айтмұхаметова Қ. Институционалды коммуникация. Филол. ғыл. канд. ... дисс. автореф. Алматы, 2003. – 25 б.
Достарыңызбен бөлісу: |