ІІ-жүргізуші: Заманымыздың әлем таныған кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаев Жұмекен жайлы естелік жаза отырып «Жұмекен шындықты өз творчествосының әрі басты тақырыбы, әрі басты қаһарманы қылып алады», «Өмірдің өзіндегідей бояу, өмірдің өзендегідей әуез, ырғақ-ақынның көркемдік мұраттары. Ол үшін - шындыққа қиянат жасайтын әсіре бояу, әсіре желпіністің бәрі жат» деп жазады. Онда құмда туған ұлы ақынның алғашқы қаламгерлік қадамын бастаудағы өмір көріністерінен де көп адам біле бермейтін жағдайларды жеткізеді, туған жердің ғаламат көне тарихынан да мол мағлұмат ұсынады. Өзіміз күнде айтып жүретін Ақжонас атауының қашан, қалай аталғанынан да оқырманды хабардар қылады.
Алдымен Әбіш Кекілбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы он бірінші қарашадағы санында жарияланған «Қайсарлық» деген көлемді жазбасының басындағы үзіндісін оқып шығайық.
«Бір жоқты бір жоқ іздеп табады деген. Оған бірер жыл бұрын Нарынға барғанда көзіміз анық жетті. Ең алдымен, қырық хан, қырық мешіті бар Қырымға кісі өлтіріп, қырғыздан қашып келетін ер Тарғын еске түседі. Ақша ханның еркетотайы Ақжүніс сұлу оған: «Әкем мені қайдағы бір ханзадасымаққа жөнелткелі жатыр. Алып қаш!» – деп қиғылық салады. Батырлық тақсіретіне ғашықтық тауқыметі қосылады. Жүз жасаған Сыпыра жырау екі ғашыққа «Жанарыс жақтағы Үш Тарғын тауы» деген жерді бергізеді. Олар қыстап-жайлап, «мысыр еткен» қоныс содан «Ақжонас» атанады.
Кітапханашы: 1986 жылы желтоқсанның қара бұлтты, қаһарлы күндерінде Алматы көшелерінде лек-легімен шеру тартқан қазақ жастары бір асқақ әнді аспандата шырқады. Ол қай ән, қандай ән екені естеріңізде ме? Естеріңізде болмаса, еске сала кетейік. Ол – «Менің Қазақстаным» қазіргі Әнұран. Мәтінінің авторы - Жұмекен Нәжімеденов. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Өлең бір қарағанда Қазақстанның миллиард пұт астық жинағанына арналған сияқты болып көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыл саясатқа қарсылықтан туған шығарма. Өн бойындағы рухтың, күш-жігердің молдығынан бұл өлең тәуелсіз еліміздің ресми Әнұранына айналды.
«Мен түгілі табиғат та, асылын тереңірек, тереңірек көнбей ме?» деп жырлаған ақын қаламынан туған «Менің Қазақстаным» өлеңінің тәуелсіз қазақ елінің ән ұранына айналуы –ақын жырларының күн өткен сайын жарқырай түсуіне мысал.
2006 жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда» резиденциясының шаңырағы астында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.
Еліміздің жаңа әнұраны арқылы Елбасының арқасында Жұмекен Нәжімеденов әлем танитын тарихи тұлғаға айналып отыр. «Ердің атын елі шығаратыны» тағы да айшықты көрінісін жасауда.
( «Менің Қазақстаным» - әніне түсірілген слайд көрсетіледі)
І-жүргізуші: Жұмекен – мәңгілік, Жұмекен қашан да халқының ортасында. Жұмекеннің Қызылоба ауылындағы «Жасқайрат» орталау мектебіне Жұмекен Нәжімеденовтің есімі берілді, кейінірек аудан орталығының кіші Ганюшкин аталатын бөлегіндегі Колхозная көшесі Жұмекен Нәжімеденовтің есімімен аталады. Ақынның туған ауданында бір ауыл және орта мектеп оның есімімен аталады. Қазақстан Республикасының астанасында "Жұмекен Нәжімеденов" атында көше бар. Жұмекен Нәжімеденов туралы «Жұмекен» атты деректі фильм және М. Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ақын шығармашылығы туралы Қ.Юсуповтың «Ж. Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясы басылды. 2006 жылы ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітап жарық көрді. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (қайтыс болғаннан кейін) берілді. Ж. Нәжімеденовтың жанұясы: зайыбы Мұстахқызы Нәсіп – зейнеткер. Жалғыз ұлы – Мағжан, қыздары – Әйкен, Қарлығаш, Тоғжан, Саида.
(«Менің Қазақстаным» - әні орындалады)
(Бойжеткен қыз бен Бозбала Нәсіп апай образына еніп оқырмандар алдында қойылым көрсетеді).
– Алғаш сіз Жұмекен ағайды көрген кезіңіз?
Ол кезде Гурьев облысы, Теңіз ауданында Нұржау деген ауыл бар-тын. Бастауыш класты өз ауылымызда оқимыз да, жоғары класты Қошалақ деген жерге әр ауылдан оқушылар жиналады. Ел арасында жоғарғы, төменгі ауыл деп аталып кеткен кішігірім ауылдар көп-ақ. Жұмекен қыр балаларымен бізден бір жыл бұрын келіп, осы мектепте оқып жүр екен. Алғашқы қоңырау деген атымен жоқ, оқушыларды аулаға жиып алып, тізім бойынша түгендейді де, кім түске дейін, кім түстен кейін оқиды, соны айтады. Осы жиында қап-қара қалың шашты, ол кезде солдаттардың киетін матадан костюм киюі – сәнге айналған, жылтыр түймеден омырауы көрінбейтін, жуан галстук байлаған ақын жігітті тұңғыш көрдім. Бірақ ауыл арасы жақын болғандықтан, оның үстіне көрші тұрған Жібек деген құрбым Жұмекеннің немере қарындасы болып келеді. Сырттай бір-бірімізге мақтап жүреді екен, сондықтан атына қанықпын.
Оқушылар саны қазіргідей көп емес. Сондықтан ба, әйтеуір өте татумыз. Көркемөнерпаздар үйірмесінен, әдеби кештердің белсенді мүшесіміз, радиоузелден оқушылардың концерттері беріліп тұрады үзіліс сайын.
Жұмекен – өте өнерпаз еді. Өлең оқитын, домбырамен ән салатын, күй тартқанда ерекше боп кететін. Әсіресе, скрипкамен «Бұлбұл» күйін тартқанда оқушылар түгіл, мұғалімдеріміз ұйып тыңдаушы еді. Мен мәнермен өлең оқитынмын. Бақыт, Назым деген сырлас құрбыларым болды. Бірде Нәбидолла деген бала Бақыттың құлағына сыбырлап, маған қарағыштай береді. Ол Жұмекеннің класында оқиды. Сөйтсем Жұмекеннің хаты екен, алғашқы ғашықтық хаты. Бұрын-соңды ондай хат алмағам, оның үстіне өзі өлең жазатын ақын жігіттен алғаным...
Қайта-қайта оқимын, біреу көріп қалатын сияқты. Содан бастап небір жырға, сырға толы хаттар ағылды. Үшеуміз жарысып оқимыз, Назымның қара сырмен сырланған кішкентай сандығы бар, хаттарды соған жасырамыз.
Бұл 1953-54 оқу жылдары. Мына суретке сол жылы түскенбіз.
– Қай жылы үйлендіңіздер?
– 1957 жылы қосылдық. Құдайға шүкір, жаман ғұмыр кешпедік. Ұлдары мен қыздары, немерелері өсіп келеді. Өзі өлердей жақсы көретін қазақ халқына мұра - өлеңдері қалды артында. Ертерек кетіп қалғаны болмаса...
– Ақын жары сүйген жарға деген махаббаты, сағынышын көз жасы арқылы шығарып, босаңсып алды.
- Кейде күнделікті тірліктен шаршаңқырап қажыңқыраған сәттерде осы ғұмырнамаға уақыт бөлемін.
- Ғашық-намаға деген дұрысырақ болар, - дедік біз ол кісіні көңілдендіре түскіміз келіп.
- Иә, - деді ол кісі болмас жымиған күйі. – Мына бір хатын оқып, өткенде ағыл-тегіл жылап алдым. Махаббаттан есіміз шығып жүріп, ол кезде нендей жауап жазғаным, әрине, есте жоқ. Дегенмен, бір хатымда «жазысқан хаттарды сақтауға тырысайық, керек болады, ойлан» деп жазған болуым керек.
Мүмкін, ағаларыңның ертерек кететінін, аз ғана ғұмырында осындай бағасыз байлығын - өлеңдерін, жырларының, хаттарының ғана ғұмыры ұзақ болатынын құрғыр жүрек сезді ме екен... Маған онсыз өмір сүру өте қиын болды. Үлкен жүректі, сыршыл жүректі ақын-жарды жоғалту жеңіл болған жоқ. Ал балаларыма, оқырмандарына, яғни іздеушілеріне қарап шүкіршілік етемін.
– «Қыз бен Жігітке» алғысөз, тілегіңіз болсын, бұйымтайымыз – ақынның бір жыры мен хатын жариялауға рұқсат берсеңіз?
- Қайдам, бір жағынан ыңғайсыздау сияқты, мейлі, жастарға пәлендей ой түйгізіп жатса, қажетіне жарар болса берейін.
Сүйерім!
Аруым! Сізге деген махаббат жалыны күннен күнге өршуде... Абай айтады: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» - дейді. Қысқасы махаббатсыз, сүйіспеншілігі жоқ және ешқандай жылы жүректілік жоқ адамды, адам деп қараудан көрі айуан қатарына қосу – орындырақ екенін қазақ халқының кемеңгері Абай көре білді, өсиет етіп айта білді. Олай болса, біздің жүректерге кінә артуға болмайды. Аздап ертерек тыпырлағаны үшін шамалап өкпелеуге болар да еді...
«Игіліктің ерте кеші жоқ» - дейді қазақ. Бұған қарағанда жақсылыққа, бақытқа, өмірге талпынған адамды ешкім айыптамайтын тәрізді. Оқушылық тұрғыдан қарағанда: «Сүйіспеншілікті оқып жүрген кезден бастап қамдауға болады» - деп айтпайды.
Сүйіктім!
Сіздің көрген түстеріңіз мен туралы өзіңіздің ой қорытындыңыздан шұғыл ғажап емес. Өйткені түс – адамның көңіл-күйінен аулақ кетпек емес. Мысалы: біз қайғыланып жатқанда жаман түс, ал шаттанып жатсаң жақсы түс көріп, оны келешегімізге жорып оңып қаламыз. Бірақ Сіздің түсіңізге мән бермеуге «Әншейін ой ғой» деп қарауға болмайды. Мүмкін, менің бақытты, қызғылықты өмір сүруіме кім шек қоя алады?!
Бұдан былай кейбір туысқандарыңа, шын дос құрбы, құрдас жеңгелеріңе білдіре беруіңе менің қарсылығым жоқ. (Менің алдамшы емес екенімді таныған шығарсың).
Қашықтан хабарласу туралы не ойлайсыз?
Сіздің хаттарыңызды мен алғашында сақтықпен жыртып жүр едім, соңғы кезде өзім сақтауға ұйғардым.
ІІ жүргізуші: Құрманғазы ауданының бір-екі елді мекенінде шағын кездесулер ұйымдастырылды. Жұмекен осы аудандағы Ленин атындағы (қазіргі Нұржау) орта мектебінде оқыған. Нәсіп апай да осы мектептің түлегі. Балалық, шәкірттік шақтың сағынышы осында жетелесе керек, ақын жары алғашқы кездесуді сол білім ошағында бастауды қалады.
Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық қуаты, дарындылығы тым ерекше келеді. Оның жырларын бір оқып шығу мүлде жеткіліксіз, қайталап оқыған сайын ғаламат ой дариясын шарлай түскендей сезімде боласыз. Түрлі атақтар мен марапаттау шараларын сығымдап, әбден саралап отыратын кеңестік заманда Жұмекен Нәжімеденовтің жыр жұлдызы атанып, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атануы көп қаламгердің қолы жетпеген шың басындағы шырақтай еді.
І- жүргізуші: «..Әкем мені әппағым деуші еді... деп Саида Жұмекенқызы еске алады. Өз ұғымымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайымдылығымен, әзіл-қалжыңмен ерекше боп көрінетін. Көп ақынға тән мақтану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қарапайым боп жүретін. Жаны адал, ақ көңіл, сезімі пәк. Мені әкем әппағым, ақ қызым деуші еді. Қайда барса да қасынан тастамай алып жүретін. Кейін, мектепте оқып жүрген кезімде, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: «Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақырмай-ақ қойсын!» - деп ертіп кететін.
Әкемнің маған арнаған
Бәлкім, ертең де еркелетер?
Сенемін!
Төбесіне тік көтерер сені елің,
жалауындай алыс жүрер кеменің –
деген еді. Әттең, мектеп бітіргенімді де көрмей кететінін қайдан білейін Тағдырға дау айту қиын ғой...
Әкеміздің «Бес бұтақ» деген өлеңінде балаларына деген махаббаты айқын көрінеді:
...Мен егер де бір жұма уақыт үйде болсам,
бес тентегім - бейне бес жұмыс күнім:
көңілімді көтерсе бірі менің,
шаршатарда- барлығы бірігеді...
Бес бөбегім бесеуі де асыл маған,
асыл оймен жаңарам, жасылданам.
Бірін сүйсем масайып қаламын да,
екіншісін иіскеп - басым жазам...
Достарыңызбен бөлісу: |