Менің мансаптық және кәсіби өсуім.
Ғылым,білім,ізденіс-
Өз-өзіңді тануың
Танымасаң өзіңді
Не пайда оқып,жарығым,
-деп білімге деген көзқарасымызды өзгерту, жаңаша ойлауда, яғни айналадағыларымызбен тек жақсы ойлармен бөлісуді талап етеді.Адам баласы үшін шынайы өмірдің мәні білімді игеруде жатыр. Адамның жаратылыс мақсаты — көріп-білу, үйренгенін басқаға үйрету. Сондықтан біз психологияны оқу арқылы өзіміздің ішкі «мендік» құпия-сырларымызды ашып,танып білуге күш салып жатырмыз.Тамаша өмір сүру үшін, өмірдің жақсы, жағымды заңдылықтары бар екенін санамызға сіңдіре білуіміз шарт. Әрине, адамдармен біздің арамыздағы қарым-қатынасымыздың сапасы «Өмір» атты шыңға шығаратын жолдарға төсейтін матаны, қандай сападағы жіптен тоқимыз соған байланысты. Жақсы өмір сүрудің мен білетін бірінші заңдылығы «Алдымен өзіңе көмектес, содан кейін басқаға көмегіңді бересің ».
Ал енді мен өзімнің мансабым жайлы айтайын. Менің болашақта алып шығар кәсібім-химик бакалавр мамандығы. Әрине бұл мамандыққа түсудің өзі мен үшін бір қуаныш. Себебі, мектеп кездегі ҰБТ-ға дайындығым, стресспен, қорқынышпен, жылаумен өткен күндерімнің бағаланғаны деп ойлаймын. Не себепті жылау,стресс деп ойлауларыңыз мүмкін. Түсіндіріп өтетейін...
Мен мектепте 11 сыныпта химия-биология бағытын таңдап ҰБТ-ға дайындалдым. Мектепте жақсы дайындалдым,бірақ маған сенбеген адамдар көп болды. «Ой сен ертең грантқа түсе алмайсың, сендерден ешкім грантпен оқымаған, әлі көресің ақы төлеп оқисың» деген түрлі сөздер жан-жағымда есіп жүретін. Бірақ мен олардың біріне де назар салмадым. Мен мектепте дайындықтан соң үйге келіп дайындалатынмын, сондай күндердің бірінде ағам мені шақырып «үйдің тірлігін істе, не істейсің дайындалып, бар тамақ жаса, оқымайсың да бәрібір» деп маған сөйлеген болатын. Сол кезде мен ағама қарап «мен оқимын, көресің мен әлі грантқа түсем, мені өзің секілді сабаққа қызықпайды деп ойлайсыңба,ертең мен грантқа түсе алмай қалсам сен оқытасыңба, мен әлі бәріңе дәлелдеймін» деп қатты жылап айтқан болатынмын. Осы ағамның сөзі маған қатты әсер еткен болатын,себебі мейлі өзгелер не демейді қызық емес, бірақ өзімнің отбасым,ағам маған сенбегеннен кейін не боларын өзіңіз ойлап көріңізші,күйзеліске бір қадам емес пе?... Менің үйде дайындалуымның әр күні осылай ағаммен келіспеушілікпен аяқталатын.
Бірақ, мен мойымадым. Мені мойытпаған әкемнің маған деген сенімі.Әке сенімі мен үшін ең мықты мотивация болды. Сол сенімнің арқасында мен дәлелдедім. Маған сенбеген адамдардың бәріне дәлелдеп, мектеп бойынша ең жоғарғы баллдың иесі атандым. Міне қазір химия мамандығында оқимын. Мен болашаққа алдыма көптеген мақсаттар қойдым және де бәрі кезегімен орындалып келеді. Менің алға қойған кәсіби мақсаттарымның бірі- өз ұлтыма рухани діңгегі мықты, әлемдік кеңестікке еркін самғай алатын, білім мен тәрбие деп аталатын қос қанатын қомдаған заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесімді қосу. Мемлекеттің күшеюі мен ұлттық гүлденуі дарындыларға, таланттыларға тәуелді екені белгілі. Ал дарындылар тәлім — тәрбиенің алдыңғы шегінде жүрген мұғалімдер алдынан шығатыны сөзсіз. Оқыту мен тәрбиелеу мақсатында жүргізілген жұмыстың тиімді көрсеткіштерінің бірі – оқушының белсенділік қабілеттері және пәнге деген қызығушылығын ояту, терең де мазмұнды білім беру, ой-өрісін, шығармашылық ізденісін дамытып, қазіргі нарық заманы бәсекесіне төтеп бере алатындай білікті тәрбиелі шәкірт, азамат тәрбиелеу.
Бойымдағы бар білімді, асыл қасиеттерімді шәкірттеріме арнай білсем, олардың жүрегіне жол тауып, адамзатты сүюге тәрбиелесем менің мақсатымның орындалғаны, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.
Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені - өзіңді-өзің тану. Әр шәкірт өмірде өз орның тауып, бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?!
Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда жастарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізетініміз сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |