1. Калимаи шахадат – Бұл парыз әр адамның шын ниетімен, тілімен және жүрегімен «Ләә иләәһә иллә Аллаһ, Мұхаммадур-расул Аллаһ» яғни «Аллаһтан басқа құдай жоқ, Мұхаммед (с.а.с.) оның Елшісі» деп айтып, сеніммен иман ету арқылы орындалады. Әр мұсылман осы куәлікке байланысты амал жасау қажет. Ал мағынасын түсінбей тек тілмен ғана айтқан адамның куәлігі өзіне де өзгеге де еш пайда бермейді және қабыл болмайды. Аллаһтан басқа құдайға табынып, Аллаһқа серік қосқандар көп құдайшылдар қатарына кіреді. Құранда бұл жөнінде былай жазылған: «Айт (Ей, Мұхаммед!): Шынында да мен сендер сияқты адаммын. Маған тәңірлерің бір-ақ тәңір екендігі уахи етілуде. Сондай-ақ кім Раббына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында; Оған ешкім ортақ қоспасын. » - дейді.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев діни лирикасында «Бес парыз» атты шығармасында калимаи шахадатты былайша жырлайды.
Исламның бес парызы: біреуі – иман,
Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.
Ықтықат, шын ниетпен жұмыс қылып,
Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған.
Аузыңда болсын дайым Құдай сөзі,
Таймасын қарарлықтан көңіл көзі.
«Бір!» - деп, «бар!» - деп, илану – бізге парыз,
Ғаламға он сегіз мың патша өзі.
Достарыңызбен бөлісу: |