ҒАЙСА – (Айса, Иса, Иисус Христос) – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарға дейін дүниеге келген пайғамбар. Дүниедегі әйелдердің ең жақсысы болған тақуа Мариям анадан Аллаһтың құдіретімен әкесіз құрсағына түскен нәресте. Мариямға нәрестелі болатыны жайлы уахи айтқан еді. Палестина жеріндегі Ал-Қудс қаласында дүниеге келген Мариямды сол жерге анасы Ханна Аллаһтың үйіне қызмет етуге береді. Аллаһтың үйінде қызмет етіп жүрген Мариям ең алдымен Аллаһтың қамқорлығында болады. Барлық ғалымдар, үлкен адамдар қызды қамқорлыққа алмақ боп таласады. Жеребе бойынша қыз нағашы апасының күйеуі Закария пайғамбар күтуші болып тағайындалады. Ол кезде Закария пайғамбар 100 жастан асқан еді. Аллаһтың әмірімен Жәбірейіл періште Мариямға келіп уахи айтады. Ер адамның бейнесінде көріп қалған Мариям қатты шошынып қалады. Жәбірейіл періште:
Мені саған Аллаһ жақсы хабармен жіберді. Сен Аллаһтың құдіретімен ұлды боласың. – дейді.
Мен ешбір ер адаммен жақындаспай қалайша ұлды болмақпын? – дейді Мариям.
Ол Аллаһқа оңай. Адасқан жұртқа құдіретін көрсету үшін сен арқылы әкесіз дүниеге бала жаратады. – деп жауап береді Жәбірейіл періште. Біраз уақыттан соң жүкті болған Мариям Әл-Қудсты тастап, Байт Ляхм қаласына қарай жол тартады. Жолда әлі құрып, кеуір кеткені соншалықты қурайын деп тұрған құрма ағашының түбіне отырып жылай бастайды. Сол кезде ғайыптан дауыс естіледі.
Қапаланба! Аллаһ сенің астыңнан бұлақ ағызады. Ағашты сілкісең жаңа піскен құрмалар түседі. Же, іш және алаң болма! Егер саған адам жолықса оған іштей: «Мен мейірімді Аллаһқа ораза тұтуға уәде еттім. Сол үшін бүгін ешкіммен сөйлесе алмаймын!» - де! – дейді.
Мариямның астынан бұлақ ағып, солған ағаш қайта тіріліп құрма түскенде дүниеге Иса атты пайғамбарды әкеледі. Мариям баласымен еліне қайта оралады. Кішкене сәбиді бауырына басып келе жатқан Мариямды көрген адамдар түрлі сөгіс айтып:
Саған бала қайдан келді? - дегендерге Мариям баланы көрсетеді.
Сен кімді мазақ қыласың? Тіл бітпеген баладан не сұрамақпыз? – дегенде сәби Иса (ғ.с.) пайғамбарға Аллаһтың құдіретімен тіл бітіп:
Мен Аллаһтың құлымын! Ол мені өзінің Елшісі етіп жаратты. Маған өз жазбасынан кітап дайындады. Мені Аллаһ адамдарды жақсылық жасауға, жамандықтан алшақтауға үйретуді бұйырды. Ол маған тек Өзіне ғана құлшылық қылуды бұйырды. Жағдайы нашар адамдарға көмек көрсетуге және аналарын сыйлауға әмір етті. Мен туылған, мен дүниеден қайтқан және қияметте болған күндеріме Аллаһ мейірімін берсін! –деп сөйлеп кетеді.
Бірнеше жылдар өткенде Иса (ғ.с.) өсіп, сондай мейірімді, бойында асыл қасиеттер қонған пайғамбар болады. Аллаһтың ашуын келтіреті істерден аулақ болып, Аллаһқа ғана табынуға шақырады. Оған Аллаһ «Інжіл» атты қасиетті кітап түсірді. Бірақ христиандықтар Иса – Аллаһтың баласы, тіпті Иса – құдай деп табынды.
Аллаһтың құдіретімен түрлі кереметтер жасады. Ол иудейлердің көз алдында болып жатты. Пайғамбар саздан құс жасап оған үрлегенде, құс тіріліп ұша кетеді. Және пайғамбар қатты ауырып жатқан адамдарды Аллаһтың көмегімен емдейтін. Көздері көрмей қалған көр соқыр адамдарды көре алатын жағдайға жеткізді. Басқа да қасиеттері бар еді. Барлық иудейлер оны сиқыршы деп ойлады. Зұлым адамдар барлық пайғамбарды жек көргендіктен Исаны да өлтірмек болады. Олар Иса (ғ.с.) пайғамбарға ұқсайтын адамды крест ағашқа байлап, жанын қинап өлтіреді. Құдіреті күшті Аллаһ Иса (ғ.с.) пайғамбарды өзіне алдыртқан еді. Ол әлі де болса тірі. Бұл жайында Қасиетті Құранда былай деген еді: «Тағы да; «Аллаһтың Елшісі Мариям ұлы Иса Масихті өлтірдік! » - дегендіктері... Негізінде олар оны өлтірмеді де, аспады, бірақ оларға ұқсатылды. Расында ол жайындағы қайшылықтағылар әрине одан күдіктенуде. Олардың оған байланысты мәліметтері жоқ. Бірақ күмәннің ғана соңында. Олар оны анық өлтірмеді. Олай емес, Аллаһ оны өз тарапына көтерді. Аллаһ үстем, хикмет иесі. Кітап иелері Иса (ғ.с.) – ға өлуінен бұрын әлбетте иман келтіреді. Және қиямет күнінде ол оларға куә болады.» - делінген.
Ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те өзінің діни дастандарында осы Иса (ғ.с.) пайғамбардың есімін жырға қосқан. Соның бірі:
Жұрт аузында әңгіме сөз болыпты,
Бір қуарған шүберек бөз болыпты.
Бұл моланың басына Құдай айдап,
Тақсыр Ғайса пайғамбар кез болыпты.- Басқа ды жырларында көптеген жерлерді Иса (ғ.с.) – ның есімі Ғайса түрінде ұшырасады.
Әдеб.: Абай энциклопедиясы. «Атамұра» 1995. –Б. 190. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 3 том. Павлодар «ЭКО» ҒӨФ, 2003. –Б. 44. Книга из библиотеки сайта www.islamua.net.