Құрастырушы: Тұрышев А.Қ
Т31 «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері»: Оқу әдістемелік құралы – Павлодар: Кереку, 2009. – 73 б.
ISBN 9965-568-94-9
«Мәшһүр – Жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері» Оқу құралы 05 01 17 – мамандығы: «Қазақ тілі мен әдебиеті» міндетті компонент. САЕ 306 «Қазақ әдеби тілінің тарихы». Таңдап алынған компонент: МZҺ ТМ «М. Ж. Көпеевтің әдеби мұралары» БВ Masһ 3205 – «Мәшһүртану» арналған. Қосымша оқу құралы ретінде бакалаврлар мен магистрлар, мәшһүртанушылар, лингвистер пайдалана алады
ISBN 9965-568-94-9 ББК - 84(5 каз)5
© Тұрышев А.Қ., 2009
© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2009
Кіріспе
XIX ғ. II ж. мен XX ғ. I жартысындағы әдеби тiл бiр қыдыру зерттелдi. Бiрақ, М-Ж. Көпеев, Ш. Құдайбердиев, Ақмола Мұхамедияров, Әбубәкір Шоқан-Кердерi, Мақыш Қалтаев, Шәдi Жaңгiров т.б. ағартушы ақындардың әдеби тiлге тигiзген ықпалы әлi толық анықталмады. Әдеби тiлдiң дамуына тек қана ақындар ғана септiгiн тигiзген жоқ. Дала кемеңгерлерi билер, шешендер, әншi – сазгерлер, күйшiлер, жыршылар, ауыл арасындағы жай ғана құйма құлақ әңгiме шеберлерi – бәрi де әдеби тiлдiң тасушылары болды. Сөйтiп, ғасырдан – ғасырға үзiлмей келе жатқан жақсы дәстүрдi (ауызекiлiк естiмелi жадыны) өнердi сақтап, бабалар тiлiнiң қаймағын бұзбай, шашау шығармай бүгiнгi ұрпаққа жеткiздi. XIX ғ. II жартысынан, XX ғ. I жартысына да тiл үлгiсi солай жеттi. Солардың iшiнде М-Ж. Көпеевтiң шоқтығы анағұрлым биiк болды. Өйткені ол Абай дәстүріндегі поэзияға бір табан жақын болып өсті. Оны өзінің шығармаларында атап айтып, жазып та кетті. Абай Kұнанбаев пен Ы.Алтынсариннiң әдеби тiлдегi алатын орны жан-жақты зерттелдi. Әрине, ұлы Абайдың да төңiрегiндегiлерге әсерi болды. Олар бiрiнiң бiлмегенiн бiрi толықтырып отырды. Асылы, кең жатқан ұшы- қиыры жоқ қазақ жерiне бiрдi – екiлi ақын – жырау, жыршылар аздық етедi. Олардың iшiнде Абай секiлдi сұңғылалары да болды. Әлдiлерi халық арасынан жол тауып, көңiлге сiңгендерi әлсiздердi жұтып жiбередi. Сөйтiп, ақындар, жыраулар, жыршылар арасында да өзара тартыс, халыққа танылу жөнiндегi күрес жүрiп жатты. М-Ж. Көпеевтей барлығы алысқа барып оқуға қолдары қысқа болды. Хат - хабар жаза алмады. Ауызекiлiк дәрежеде қалып қойды. Сондықтан да болар XV ғ. бастап, берiге дейiнгi ақын – жыраулардың кейбiр айтқандары ауысып - күйiсiп жататыны. Жалпы, М-Ж. Көпеевтiң әдеби тiл тұрғысындағы әдiл бағасы берiлмедi. М-Ж. Көпеев шет ел жинаушыларын айтпағанда ауыз әдебиетiнiң мол мұрасын өз қолымен жазып қағазға түсiрген. М-Ж. Көпеевтiң көзi тiрiсiнде 1907 жылы үш кiтабы қатар жарық көрген. Демек, ол - ауызекiлiктi те, жазбалықты да әдеби тiлдi меңгерген адам. XIX ғ. екi жартысымен XX ғ. бiрiншi жартысын жалғастырып жатқан алтын көпiр. Сонау көнеден жеткен араб, шағатай, парсы, монғол т.б. тiл элементтерiн XX ғ. дейiн бойына сiңірген, бергi зерттеушiлерге жәдiгер ретiнде алып келген, содан барып жаңа жазба әдеби тiлдiң сапасы үшiн күресiп, оның тазалығы үшiн де ат салысқан. М-Ж. Көпеев шығармашылығының iзiн Орта ғасыр мен Алтын Орда Қыпшақ дәуiрiнен iздеген абзал. XY ғ. ақын – жырауларында кiрме сөздердiң аз қолданыс табуы, оның әр кезде жырланып, ауызекiлiк түзелу мүмкiншiлiгiнен iздестiру керек-тi. М-Ж. Көпеевтiң шығармашылық байланысын Шәкәрiм Құдайбердиев мұрасымен сабақтас қарастырған да тиiмдi. Екеуi де тағдырлас, құрдас, рухани жақын ақындар. М-Ж. Көпеев шығармаларының тiлi зерттелім нысаны болған жоқ-ты. Тек қана әдеби тұрғыда зерттелiп, кандидаттық диссертациялар қорғалуда. Тiл тұрғысынан М-Ж. Көпеев шығармасының зерттелмеуiнiң бiрнеше объективті де, субъективті де себептерi бар. Бiрiншiден, XIX ғ. ІІ ж. әдеби тiл тарихындағы өте бiр күрделi дәуір, түрлi тiлдiк жүйе ағымдарына толы болды. XX ғ. басындағы кезең сол ғасырдың жалғасы болғанмен жаңару, iздену жылдары болғандығы ақын шығармаларынан белгiлi. Оның үстiне М-Ж. Көпеевтiң де, Шәкәрiм Құдайбердиевтiң де шығармалары Шығыстық дәстүрге, әрiрек барсақ Орта ғасырлар қисса-әпсенелердiң тақырыбымен үндесiп жатты. Екiншiден, билер көзқарасы ретiнде ескiшiл псевдомиссиялық, панисламдық сарындағы ақындарға жатты. Олардың идеясы Кеңестiк дәуiр идеясымен сай келмедi. Yшiншiден, ескiше оқыған, дiндар ақындар тобына ығыстырылып, шығармалары түгел аттарын атаудың өзi мұң болды.
XX ғасырда Кеңес өкiметiнiң орнауымен түрлi ағымға толып кеттi. Қызыл империяшылар қызылшылар, орысша оқығандар дегендi қазақ арасына сiңiрiп бақты. Қазақ ақын – жазушыларынан тiрек iздедi. Және де тапты. Қазақ әдебиетiне танымал болған XX ғасыр өкiлдерi екiге бөлiндi. Бұл да жаңа мәдениетпен байланысты болды. Сол бағыт күнi-бүгiнге дейiн солай келе жатыр. Олар- бiрi ағартушы бағыттағы ақын-жазушылар (бұлар ескiше мұсылманша оқығандығына кiнәлi), екiншiлерi ағартушы демократ ақын-жазушылар бұларды бiрiнен-бiрiнi тек қана демократ деген сөз ажыратып тұрды. Оның ар жағында орысша бiлiм алғандар, орысша тәрбие көрiп, орысша мұғалiм болды деген сөз жатты. Шын мәнiнде бұларды Кеңес дәуiрi өзiнiң идеясын қолдаушылар ретiнде қарады. Қазан төңкерiсiнiң кезектi жемiсi болды. Егер де орыс тiлiне келетiн болсақ М-Ж. Көпеев те, Ш. Құдайбердиев те бұл тiлдi бiр кiсiдей бiлдi, шығармаларында орыс сөздерi кездесетiнi де сондықтан. XX ғасырда кiм адаспады, кiм қателеспедi. С.Торайғыров, С.Сейфуллин, I.Жансүгiров, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулат т.б. шығармаларын бiрде Ақпан төңкерiсiне арнаса, бiрде Қазан төңкерiсiне арнады. Негiзiнде алғашқы төңкерiстен қазақ халқы көп үмiт күттi. Соңғы Kызылшылар төңкерiсi алғашында көпшiлiк ұранмен дұрыс болғанымен соңы қызыл терроризмге ұласып кеттi. Буржуазиялық төңкерiстi қазақ оқығандары мен байлар қатты қолдады. Бiр тұтас жүйедегi қазақ әдебиетi де, мәдениетi де, қазақ тiлi де қазақтың «Алаш» идеясымен келе жатқан ақын-жазушыларымыз да адасқан қаздай болып, сенделiп қалды.
Бiздің ойымызша, егер XX ғасыр әдебиетi осылай бөлiнген күйiнде кете берсе, ағартушылар деген сөздi (алғашқыларды айтамыз) бұқарашылдар деп алғанымыз жөн. Оның үстiне ағартушы (бұқарашылдар) кiтаби ақындар, шағатай тiлдi ақын-жазушылар делiнiп келдi. Бұл дұрыс еместiгi мынада. Бергi демократ деп жүрген ақын-жазушылардың да шығармаларында ара-кiдiк бұл элементтер, тiлдiк қабаттар кездесiп қалады. Тереңдей барсақ шығармаларының стилi жағынан айырмашылығы болғанмен, тiлдiк қолданысы жағынан бәлендей айырмашылық жоқ. Мысалы, тiлi шұбар-ала деген М-Ж. Көпеевтiң шығармаларын еркiн оқып, еркiн талдауға болады. Арабша жазғандары да оқи бiлген адамға түсiнiктi. Я кей кезде XIX ғасырдың ықпалы бар делiк, бiрақ XX ғасырдың I жартысындағы жазғандары жаңа сападағы татар тiлiнен айрылған қазақтық әдеби тiл екендiгi ап-айқын көрiнiп тұр. Араб тiлiнде оқып, араб тiлiнде жазғандарды өзiмiздiң төл сөз есебiнде қабылдайтын кез жеттi. Себебi, араб тiлiнде жазбаған, осы тiлдегi сөздердi қолданбаған ақын-жазушылар кемде-кем шығар. Абай, Ыбырайдан бастап, жазушы С.Мұқанов та араб сөздерiн шебер пайдаланған. Барлық ақын-жазушылардың шығармаларын мән бере оқысақ, түркiлiк идея ең алдымен көзге түседі. Демек, ислам дәуір әдебиеті де қазақ оқымыстыларын бейжай қалдыра алмаған. Тек соңғыларында ғана бұл идея кеңестiк идеямен ауысып алғаны байқалады. Ал, М-Ж. Көпеев шығармаларын зерттегенде Жүсiп Баласағұн, Ахмет Яссауий, Ахмет Йүгiнекей, Сүлеймен Бақырғани, Рабғұзи, Құтып, Хорезми, Хұсам Кәтип, Сейф Сарай жәдiгерлерiмен салыстыра қарастырған абзал. Бұл арада кiтаби деген, шағатай тiлi дегендерiнiң М-Ж. Көпеевке қаншалықты тиеселi екендiгiн анықтау.
Kорыта келгенде, М-Ж. Көпеевтiң шығармаларының тiлi өзi тұстас немесе әрiрек барып жоғарыда аталған ақындар шығармаларымен үндес тұрғыда зерттелiп, қазақ әдеби тiлiне тигiзген ықпалы қаншалықты екендiгiн анықтау мiндетi алдымызда тұрмақ. М-Ж. Көпеев фольклор тiлiн, ауызекiлiк тiлдi, жазба тiлдi жеткiзушi адам. Осы қасиеті жағынан да көбiнесе (өз тұстастарынан) оқ бойы озып тұрғандығы да шындық.
Достарыңызбен бөлісу: |