Вербалды мағына білдіретін етістікке тән қасиеті бар сөздер: сүйректеп, салпылдап, қолпылдап немесе адвербиалданған формалы үстеу сөз: көлпілдеп көсемшенің құранды -лап, -дап, -деп, -тап, -деп жұрнақтарын қабылданған үлгісі де жырдың маңызын арттырары сөзсіз. Бол етістігі де -ар есімшелі жұрнақпен тіркесіп келіп суреттемелі, сарамалы етістіктер жасайды:
Мүйізі пышаққа сап болар,
Терісі бұтқа қап болар.
Бұты толған бұлақ болар,
Іші толған шырақ болар (Мәшһүр-Жүсіп. Ауыз әдебиетінің үлгісі).
Ауызекі сөйлеу тілінде немесе ауыз әдебиетінде ұшырасатын -ғай, -гей, -қай, -кей қалау райының аффикстері де М-Ж. Көпеев жинаған ауыз әдебиетінде кездеседі:
Құрбың келсе күлгейсің,
Әдеппенен жүргейсің…
Немесе,
Құлдай малын баққайсың,
Күндей жұмыс қылғайсың,
Ата - енеңе жаққайсың ….
ІІ жақтағы жіктік жалғамының болымсыз етістіктің және де шартты райлы жұрнақ арқылы жыр жолдары өріліп, белгілі бір ұйқастың мәнін, сынын лексикаландырып семантикалық мағынасын көтереді:
Адам болсаң өлмессің,
Еш жамандық көрмессің
Жақсы болсаң, білмессің …
Сол сияқты шартты рай жұрнағы арқылы ІІ жақтағы жіктік жалғауының қысқа түрі қосылып та жырдың әрін келтіреді. Жекеше форманың анайы ІІ жағының келуі де ауыз әдебиетіне тән қасиет:
Келістіріп дүниесін,
Ақ сұңқардай түлеткін …
«Қазақ, қарақалпақ тілдерінде -ғай, -гей, -қай, -кей қырғыз тілінде гай, өзбек тілінде -ай, -ғай, ұйғыр тілінде –ғай, -гей, -қай, -кәй аффикстері етістіктің түбіріне қосылып қалау рай жасайды» – дейді Нұрмаханова (Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. 1971, 109 б.). -ғай, -гей тұлғасына синоним, ауызекі сөйлеу тіліндегі: жүрсейші, қаласайшы т.б. А.Байтұрсынов «Азалы рай» - дейді (Тіл тағылымы. Алматы. 1992, 244 б.).
М-Ж. Көпеевтің ауыз әдебиетінің үлгісінде: Бұ /л/ сөзіме наныңыз деген жыр жолында л үнді дауыссыз дыбысы түсіп қалса, Үсті – басы ылас болар, Хас құдайдың ұрғаны – деген /ы/ лас протезалық құбылыс, ал х/қ дыбысына алмасып келу де ауыз әдебиетіне тән құбылыс деп есептейміз. Б/п дыбысына келетін Біріңе – бірің тұтбайсың бірінші жолдағы Өз басын құрмет еткейсің қалау мәніне байланысты ұйқас қуғандығы байқалады.
Орнықты саба ұстаған
Бәйбішелердің саламаттығына...
М-Ж. Көпеевтің бұл жазылып алған жыр жолы ақын-жырау шығармаларындағы:
Орнықты қара сабадан,
Қымыз ішер күн қайда? (Махамбет).
Р.Сыздықова: «Ол – адам отыратын үй жабдығы («стул»)» – деп анықтама береді (Сөздер сөйлейді. Алматы. 1980, 98 б.). Біздің ойымызша, өз мағынасындағы орнықты (орындық) емес деп ойлаймыз, дәл осы қолданыста «орындық» мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Бірақ, орындықтай деген сөз ақын -жырауларда кезедеседі.
«Өтірік өлеңдегі» (үрген) сөзі ақынның басқа да өлеңдеріне арқау болған. Жалпы «Өтірік өлеңді» М - Ж.Көпеевтің өзі шығарған, не болмаса көп жерін өзі өңдеген.
Дүниеде ауыр екен үрген қарын,
Жалғыз өзін көтердім соның бәрін...
деген өлең жолындағы (үрген) сөзі М.Ж.Көпеевтің төл шығармасында былай көрініс тапқан:
Үрген қуық бүгінгі жұрттың басы,
Бас болса, болар еді көздің жасы...
Немесе,
Өңшен үрген қарынға душар болдық,
Зарлап тұрсаң еститін құлағы жоқ...
Достарыңызбен бөлісу: |