Сұрақтар
1. Махмұт Қашқари пікрінің құндылығы қандай?
2. Жазба ескерткіштердің тілі әдеби тілге ықпалы бар ма?
3. Ыбырай, Абай тілдерінің әдеби тілге ықпалы? Әсіресе Абай негізін салған әдеби тіл туралы не айтасыз?
4. Абай тілін зерттеген Р.Сыздықова Абай тілінің қандай жаңалықтарын атап өтті?
5. Ислам дәуір әдебиетінің әсері қандай?
2. М-Ж. Көпеев шығармаларындағы тілдік арналар
2.1. М-Ж. Көпеев шығармалары және ғасырлар тоғысындағы қазақ әдеби тілі
М-Ж. Көпеевтің әдебиеттегі орны айқындалып, бірнеше мәрте кандидаттық диссертациялар қорғалып, ғылыми айналымға түскеніне міне, бірнеше жылдың жүзі болды. Кез-келген әдебиет тіл арқылы жасалатыны әркімге аян.
М-Ж. Көпеев өзінің шығармаларын қай тілде жазған шағатай, араб, парсы, орыс т.б.? Рас, МЖ. Көпеев бұл тілдердің бәрін де пайдаланған. Бірақ, соған қарап МЖ. Көпеевтің тілі әдеби тіл емес деп күдіктенушілер арамызда әлі де болса табылады. Оның үстіне, М-Ж. Көпеевтің шығармаларының біразы діни мазмұнды болып келетіні де шындық. Біздің санамызға орнығып қалған әдетпен; діни өлеңдер мен дастандар, қиссалар болды-ақ, олардың бәрін бірыңғай сыпыра салып тілі шұбар, араб-парсы сөздерінен көз сүрінеді, аяқ алып жүргісіз деп байбалам салатынымызды қайтерсіз.
М-Ж. Көпеев ғасыр тоғысындағы өзі тұрғылас ақын-жыршылардан алысқа кеткен жоқ, солар сияқты қазақ еліне дендеп енген тіл қабаттарын бойына сіңіріп өсті, қазақыланып кеткен басқа елдің сөздерін ажыратып жатудың өзі де қиынға соқты. «Абай шығармаларының тілі» (Р.Сыздықова), «Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі» (С.Хасанова), «Қазақ прозасының тілі» (Е.Жанпейісов), «Алғашқы газеттердің тілі» (Б.Әбілқасымов) т.б. зерттеулеріндегі сөз болған морфологиялық, лексикалық, грамматикалық жайттардың кейбірінің М-Ж. Көпеев шығармаларының тілінен табылып жатуы кездейсоқ жағдай болмаса керекті.
М-Ж. Көпеев ұлттық әдеби тілді қалыптасыруда екі түрлі әдеби тілді таңдап алды. Оның бірі: Орта Азиялық түркі әдеби тілі, екіншісі – халықтың ауызекі сөйлеу тілі мен ауыз әдебиеті. М-Ж. Көпеев Еуропа әдебиетін де жетік білді, әсіресе орыс тілін жақсы меңгергені шығармаларынан аңғарылып тұрады және өте орынды пайдалана білген. Орыс тіліндегі сөздерге қазақылы қосымшалар қосып, жаңаша түрлендірген. Араб, парсы сөздері де солай түрленген. М-Ж. Көпеев қазақ елінің ауыр жағдайын көре отырып, орыс империясының бодандығын ашына жырлап өткен адам. М-Ж. Көпеев «оян қазақ», «бостандық», «теңдік» т.б. тәуелсіздік ұранын қолдайтын сөздері бұрынырақ айтқан. Қазақ елінің мәдениетін, ғылымын, оқуын Күншығыс елдерінің тағдырымен бірге, Орта Азия елінің тағдырымен бірге, бірлікке алып қарастырады да, мұсылман жұртының, жалпы түрік елінің құрамында жүріп көтеруді армандайды. Бұл идеясы, көзқарасы Алаш партиясының өкілдерінің бірі: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхаметов, М.Дулат, әсіресе, Ш.Құдайбердиев т.б. үндестік тауып, Мұстапа Шоқай бастаған панисламистік, пантүрікшілдік қағиданы теріс көрмейді. Орыс халқымен бірлікте болып, өнер үйренуге үндей отырып патша отаршылдығының жер мен суды алып ел ішіне ептеп, дендеп енгеніне қатты наразы болады. Оны 1907 жылғы шыққан еңбектерінде ашық ашына жырлайды.
М-Ж. Көпеев Абай Құнанбаев, Ы.Алтынсарин дәстүрінен үйрене отырып, кейбір қазақ сөздерін нақышына келтіре, орайын келтіре жұмсаған. Сол сияқты араб, парсы сөздерін де орынды қолданған. Орта ғасырлық әдебиет өкілдері, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Игүнеки, Сүлеймен Бақырғани, Рабғұзи, Құтып, Хорезми, Хұсам Кәтіп, Сейф Сарай әсіресе рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауий т.б. көп үлгі алған. Кейбір діни шығармаларын соларға ұқсатып жазған. М-Ж. Көпеев Қожа Ахмет Яссауиді айрықша құрметтеген, сол кісінің жәдігерлеріне, жазғандарына табынып өткен десек артық айтпаймыз. Орта Азия халықтарының да әдебиет өкілдерін оқып: Зихиридин Мұхаммед Бабыр, Низами Ганжауи, Әлішер Науаи, Ғабдолла Тоқай мұның сыртында ұйғыр, башқұрт, қырғыздардың «Манасы» түрікпен т.б. сусындаған, өзінің шығармаларына: дастан, қиссаларына жыр мазмұнын арқау еткен. Қазақ ішінде бар дүниелерді осы үлгіде жырлап, ел ішіне насихаттаған. Шығыс дәстүріндегі жырларды көп оқып, бала кезінен жатқа айтып, ел ішінде күн көрерлік дәрежеге дейін жеткен. «Бозжігіт», «Сейфулмәлік», «Таһир–Зухра», «Мұңлық–Зарлық», «Иранғайып шай Ғаббас», «Жүсіп–Зылиқа» кейінгі кездердегі жазған: дастан, қиссаларының мән–мазмұнының байып, өсе түсуіне, әрине, ықпалы болды.
Абай Құнанбаев шыққан белес М-Ж. Көпеев үшін елес болып көрінгенмен, 13 жас кішілігі бола тұра заманы бір болған соң бірі кәрі Ертістің ар жағында, бірі – бер жағында, бірі – Шынғыстауда, бірі – Баянтауда ел ішін кезе жүріп, қазақ әдеби тілінің түзелуіне, өңделуіне үйренерлігі болса соны үйреніп, көптеген жаңалықтар қосып, Абай салған үрдістен М-Ж. Көпеев те көріне білді. Әрқайсысының қазақ әдеби тілін дамытуда өте елеулі еңбектері бар. Абай Құнанбаев өлең құрылысында жаңа леп, түр енгізсе, М-Ж. Көпеев те ақын – жыраулар дәстүрін жаңғыртты. Әсіресе, қисса, дастандар үлгісіндегі жанр ерекшелігін ілгерірек дамытып, әрірек апарды. Діни ұғымдар арабша жазылған қағидаларды қазақ ұғымына лайықтап жырлады. Кезінде М.О.Әуезов: «Абай қалдырған әдебиеттік тіл жөнінен қорыта келе айтармыз, ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасына өсіре, байыта, сұрыптай түскен классик деп білеміз» – деді (М.Әуезов. 19 том. Алматы «Жазушы» 1985, 253 б.).
М.О.Әуезовтың бұл аталы сөзіне қосыла отырып, М-Ж. Көпеев турасында да осы сөзді қолданса артық болмас дейміз. Ұлттық әдеби тілді дамыта байытқан би - шешендер, ақын - жыраулар, әнші - сазгерлер, күйшілер мен дала жыраулары, ел арасындағы ертекшілер мен әңгімешілер, айтыс өнерін ту еткендер т.б. бұлардың бәрі - бір сөзбен айтқанда қазақ тілінің тасушылары. Қала маңынан тыс өмір сүрген дала қазақтарының қазақ әдеби тілін қалай сақтағандығы бұл өз алдына бір әңгіме. Бұның сыртында сырт айналып жүрген діни әдебиет бар, ол да қазақ әдеби тілінен тыс өмір сүрмек емес. Х.Досмұхаметұлы: «Діни сипаттағы әдебиет (литература религиозного характера) ісіләмнің негіздерін, шариғаттың қағидалары мен талаптарын, тамұқтың азабын, жұмақтың рахатын және басқа о дүниелік өмірдің көріністерін суреттейді. Мұхаммет пен оның серіктерінің өмір жолдарын баяндау да бұл әдебиетте ерекше орын алады. Әсіресе, Әли халифа мен оның балалары Хасен, Хұсайын туралы өлең-хакиялар мол. О дүниелік өмірді суреттейтін, мысалы Молдағали ақынның «Жұмақ–Тамұғы» секілді көлемді поэмалары бар» – дейді. Бұны келтіріп жатқанымыз МЖ. Көпеевтің қисса, дастандарды да осы мәселені қамтиды десек артық айтпаймыз. Таразының басын тең ұстаған М-Ж. Көпеев те қазақ әдебиетін, діни әдебиетті қатар жырлаған, насихаттаған. Абайдың да діни әдебиеттен айналып кете алмағаны, Шәкәрімнің де тереңдете жырлағаны мәлім.
М-Ж. Көпеев діни әдебиет арқылы адамгершілік, ибалық, имандылық, тазалық, сезім, парыз келеді деп бір тоқтаса, жер, аспан, күн, ай, жұлдыз адам жаратылысының тылсым дүниесімен байланысты екенін бір айтып, басын қайырады. Шексіз әлем мен діни ұғым арасындағы байланыс қазақ дүниесіндегі бар нәрселермен түсіндіріледі. Ал, бұл айтылғандардың бәрі – тек қана қазақ тілі арқылы жеткізіледі. Ішінара араб, парсы сөздері, көне морфологиялық тұлғалар: -мыш, -мыс есімшілердің орнында жүрсе, қалау райлы тұлғалар -йық, -йік, -лік көне шылаулар һәм, әм, ләкин, уа сөз арасында кездеседі. М-Ж. Көпеев шығармаларында -лар // -лер көптік жалғауы қазақтың төл сөздеріне де, кірме сөздерге де жалғанып келіп белгілі бір лексикалық өрнек құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |