МӘШҺҮр-жүсіп шығармаларының этномәдени аспектісі 5 Том



бет9/15
Дата15.09.2017
өлшемі4,49 Mb.
#32803
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15

«Жеке бір деректер» – бес бөліктен тұрады. Бірінші: Жеке деректердің ішінде аңыз да, ертегі де, тарихи мәліметтер де араласып жүр. Шежіреде жазылған деректің мәні мен мазмұны сәйкес келе бермейді. Демек, тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Негізгі тақырыбы батырлар мен билерді дәріптеу. Халықтың ішінен шыққан би, батырлардың қасиеттерін суреттеу. Тоқхат деген Хұсайынды жамандап арыз жазған екен. Сонда мына адамдарды куәлікке жығыпты. Бірақ, олар Құран ұстамай жауап бермей қойыпты: Алпыс Малкелдібаласы, Секербай ағасы, Баймағамбет Бекбау баласы, Әлібай Бекбау баласы, Баян: Жауқашар Шалғанбай баласы [32, б.213].

«Бір деректер» – бес бөліктен тұрады. Екінші: Бұл да тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Көтерген тақырыбы: аналардың әрқайсысы бойына бала біткенде түрлі ойға толы сөз айтады екен. Сөйтіп, аталарының қасиеттері анықталады. Әр атаға баға беріледі. Мысалы, бір ана – «Ұзын бітті бойыма, Ерлік, батырлық толды ойыма» – десе, балалары шетінен ер жүрек батыр болып туады. Қол таңбалы Ұзынқыпшақ атанады, олар – «Бұлтың бітті бойыма, Көптік толды үйіме (ойыма)» – дегенде, Әлиф таңбалы Бұлтың Қыпшақ жағы басады. «Торы бітті бойыма, Кемшілік толды ойыма» – дегенде Мойын таңбалы Торықыпшақ бұлар таңбасын мойынынан басады. «Балық бітті бойыма, Байлық толды ойыма» – дегенде Қарын таңбалы Қарабалық атанады. Таңбасын қарыннан басады. Көсеу таңбалы көлденең Қыпшақ бар. Бұлардың бәрін «Бес таңбалы» – дейді. Олардың арғы атасы Қарақыпшақ Қобыланды батыр екен. Біреулер Мүйізді Сарыалыптан – Құлан – Қытай – Қара – Сары. Қарадан – Есімсейіт – Қобылан – Қобыланнан – Тоқтар. Тоқтардың баласы бес таңбалы дейді. Ал енді біреу – Темірқазықтан –Тоқтамыстың биінің бірі – Қарақыпшақ Қобыланды дейді – ол қате жаңылыс сөз дейді. Шежірелі әңгіменің тілі де шұрайлы: «Ұзын бітті бойыма, Ерлік, батырлық толды ойыма», «Бұлтың бітті бойыма, Көптік толды үйіме (ойыма)», «Торы бітті бойыма, Кемшілік толды ойыма», «Балық бітті бойыма, Байлық толды ойыма» – нақыл сөздер, құран ұстатып, жанын алып, қарын таңбалы, көсеу таңбалы, бес таңбалы – тұрақты тіркестер, Би деген ақ шариғат ілуде біреу табады, батыр деген барақ ит екі қатынның бірі табады – мақал молынан кездеседі [32, б.213].

«Жеке бір деректер» – бес бөліктен тұрады. Үшінші: Бұл да тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Бәсентиін – Апайбөрі-Құдяр қажы Құнанбаймен сапарлас болып, көп жасаған екен. Сол сияқты Құнанбай Алтай-Ешмұхаммед қажыны да жолдастыққа алған. Ал, Сұлтан қожаны Егізек-Жанайдар жолдастыққа алған. Олармен бірге Атығай-Қожахмет қажы сапарлас болған екен. Арғыннан екі кісі білікті болып қажы атанған: бірі – Орманшы Хасен қажы, екіншісі – Тоқал Арғын Есмұхаммед Бұқардан барыпты. Осының ішінде Мәшһүр-Жүсіп «Первый человек – Адам ата топырақтан жаратылды. 1499-ыншыда Әбілқайыр немересі Шейбани хан Әмір-Темір нәсілінен-Бұхара, Смарқанды алып» – деп жазыпты. Одан әрі бәйбіше балалары – Қозыбақ – Матай. Тоқалынан – үш баланы таратады. «Баянаулада Басшілік қыстаған «Төлеш жұрты» – деген жер аты бар. Қарабұжыр – Төлеш батыр, оның үлкен ұлы – Тайсары – Қыстауы-Аяқшілік» – деп аяқталады [32, б.214-215].

«Жеті жетім» – 4 тармақты, 7 шумақты өлең. Лирикалық жанр. Силлабикалық өлең өлшеміндегі ең шешуші нәрсе – буын: ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ. Өлең жолын талдап көрелік:

/Барады/ /ғұмыр өтіп/ /күн – күн санап/ (10)

/Жолында// ғылым – Сарыф// еттім талап/ (12)

Екі жолда үш бунақ бар, алғашқы бунақта үш буында, басқа бунақтары төрт буыннан түзіліп тұр.
Бір жерге мешітті қойса салып, - а

Жамағат оқымаса, оған барып. - а

Жалғанда сондай ғазиз босқа тұрса,- а

Дүниеде не болады онан ғарып?! - б


Аралас ұйқасқа құрылған өлең шумағы. Қ. Жұмалиев ұйқастың сегіз түрін атап өткен еді. Халықтың жетімсіреп тұрғаны «Жеті жетімі»: бірінші – мешіт салу, екінші – намаз оқымау, үшінші – мешіттің бос тұруы, төртінші – құр ғана дүние жинау, бесінші – жақсы қатын алу, алтыншы ғалымдардың ішіндегі наданы кезіксе, жетінші – құран оқылмаса мінекей, осы – мәселелерді Мәшһүр-Жүсіп өлеңіне арқау еткен [9, б.141].

«Ағадай» – Кіші жүздің ұраны. Тарихи-эпикалық жәдігер. Көтерген тақырыбы «Кіші жүздің» ұрандары, олардан тараған ұрпақтар туралы. Шежіренің құндылығы сонда, онда жазылған Кіші жүздің тарихын білуге болады, әр рудың ұрандарын да білуге болатыны. Кіші жүз үш бөлімге бөлінеді: Әлім, Әлімұлы, Байұлы. Бұлардың үшеуі бірігіп «Алшын» – деп аталады екен. Немесе: «Үш Алшын» деп сөйленеді. «Жеті ру» – мыналар: Тама, Табын, Керделі, Керейт, Рамадан, Жағалбайлы, Тілеу. Кіші жүз ішіндегі «Жеті рудан» Керделі: Оның ұраны – Қожахмет. Таманыкі – Қарабура. Табындікі – Тостаған. Жағалбайдікі – Елди-ей, бөлди-ей. Әлім алты ата одан бөлінетін Тілеу ұраны – Арғымақ. «Жеті ру»: Керейт ұраны – Ақсақал. Байұлы он екі ата Беріш ұраны – Ағадай. Адай ұраны – Адай. Ысық ұраны – Бәйтерек. Алаша ұраны – Байбарақ. Масқар ұраны – Қаратай. Тана ұраны – Тана. Байбақты ұраны – Дәуқара. Алшын мен Жаппас ұраны – Баймұрат. Қызылқұрт ұраны – Жиенбай. Әлімұлында мынандай ұрандар бар: Кете ұраны – Майлыбай, Шөмекей ұраны – Дәуіт (Дуите). Шекті ұраны – Бақтыбай, Қарасақал ұраны – Алдияр. Мәтіннің соңында: Асан қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шора, Едіге пәледен қашып құтылған осылар. Үштің біріне қосылған Әз Едіге Кіші жүзден шыққан 43 мәтін кіші жүздің ұрандарына арналған. ОҒКҚҚ, № 1177 папка, 190-191 беттері бойынша даярланды. Қараңыз: 426 бетті. Сонымен Байұлы он екі ата Беріш ұраны – Ағадай [34, б.165, 426].

«Адамға сырлас – қанат, құйрық» – (мақал). Ауыз әдебиетінің жанры. Тұрақты тіркестердің бір түрі – мақал мен мәтелдер. Мақал мен мәтелдер халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытындылап, ереже түрінде тұжырымдалған аталар сөзі, ой түйіні. Мәселен, адамның қос қанаты – екі баласы. «Балтакерей Тұрсынбай құлағы шұнақ екен құйрығы шолақ екен» – демей ме, сонда құйрығы шолақ болу, себебі туыстары жоқ дегені. Демек, құйрығы ол туыстары, артынан ерген ұрпақтары. Адамға не сырлас болуы мүмкін әйелі, балалары, достары, жолдастары, туыстары т.б. Олай болса, адам ұрпағымен мың жасайды. Жалғыздық құдайға ғана жарасады [50, б.91-93, 51].

«Арақ туралы Опай ұғлы Қағибадан рауаят» – алпыс жетінші бап. Лирикалық жанр. 4 тармақты, 27 шумақты өлең. Өлеңде көтерген мәселесі арақ ішуге қарсылық және маскүнемдерге қарсы үгіт-насихат жүргізу көзделген.

Мысалы:
Аяқтары кісен-ді, қолда – шынжыр,

Өлдім-талдым дегенде бір су берер,

Ол суды ауызға алып ұрттағанда,

Ұстаған ол, ішсе ауыз, қарны жидір.


– арақ ішіп, күнәға батқандардың көретін күні жоғарыдағыдай болады екен деп суреттейді.

Немесе,
Жабылып жылан, шаян, әне, талар,

Заһарына шыдай алмай надан қылар,

Ішінде ол зынданның мың жыл қалған,

Дамыл, тыныштық көрмей зәре қалар
– дейді. Өлеңді оқып отырып, адамның арақ ішпек түгіл, оның исі келсе жүрегің айнитындай дәрежеге келеді. Өлеңнің көркемдік үгіттік қуаты өте күшті. Өзінің құнын әлі де жойған жоқ. Өлеңді жоғары мектеп оқушыларына, студенттерге оқып, теріс қылықтан ада қылуға деген тәрбиелік мәні де күшті. Өлеңнің тілі де уытты, адамға тигізер әсері де бар. Өлеңді оқып отырғанда, көркемдік ерекшелігіне де таң қалмасқа болмайды. Енді өлеңнің тілін бірер мысалдар арқылы дәлелдейік. Өлеңнің лексикалық құрамы мынандай: бөтелке, домбыра, кісен, шынжыр, лақат, жүзік, жылан, шаян, зындан, шиша, білезік, тәж, алқа, кітап т.б. Өлеңнің мазмұнына байланысты экспрессивті-эмоциональды мәні күшейген сөздер: мойнына бөтелкесін іліп, аузынан арақ исі шығып, боқтан сасық, жиіркенер барша халық, мастарды тозаққа сал, сасық тер, жаман иістері, ірің, сарысу жиылған т.б. Иманғали: 2-папка, 224-229 беттері бойынша енгізілген. Қараңыз осы томның 367 бетін [29, б.341-344, 361, 367].

«Бір кісіге біреу айтты» – алпыс сегізінші бап. 4 тармақты, 8 шумақты өлең. Лирикалық жанр. Жаңылтпаш – жұмбақ өлең. Көтерген негізгі тақырыбы: Қазақтың байырығы салтын, дәстүрін насихаттау. Өлеңнің қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: «Бір кісі біреуге нағашы мен әкеңнің інісі едім, танимысың? – дейді. Сіз қалайша әкемнің немересісіз? – дейді». Өлең жұмбаққа құрылған. Сөйтсе, шешесінің бірінші күйеуі өліп, бір қыз қалады, ол қызды қатыны өлген бір шал алады. Ол шалдың бұрыннан бір ұл баласы болады. Сол балаға бағанағы шешешесі көзін салады. Шешесі қызық, бағанағы шалға беріп, балаға өзі тиіп алады. Мінекей, оның әкесі менің туысым дегеннің мәні осы екен. Иманғали Мәнен: 2-папка, 229-231 беттер, Мұхаметфазыл 5 – папка, 11-12 беттері бойынша алыныпты. Қараңыз: осы томның 367-бетін [29, б.344, 367].

«Айдабол», ру – тарихы. Тарихи-эпикалық жанрға жатады. Арғын – Құтан – Мейрам – Сүйіндік – Суғыншы – Шуманақ – Құлболды – Айдабол – Малқозы – Толыбай – Олжабай). Құлболдының бәйбішесінің аты Мақпал. Демек, Айдаболдың әкесі Құлболды. Мақпалдан: Күлік, Тұлпар, Айдабол. Айдабол он үш жасында билік айтып, елді аузына қаратқан шешен болған. Ел аузында «Артың болса, Айдаболдай ұл тап» – деп Мақпал бәйбіше мақтанатын сөз қалған. Сол Айдаболдың өзі ер жетіп, ат басын тартқан шақта бәйбішесінен: Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы; ортаншы тоқалынан: Аққозы, Бозқозы, Қарақозы; кіші тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. Айдабол би Тайкелтірге Қошшетер деген баланы «Енші орнына қарабауыр қылып ал!» – деген екен. (Құнанбай күндебау қылып Кәмшатты береді – А.Қ.) Қарабау // күндебау басы байлы құл есебінде «жетім бастатқан тоғыз» есебіне де кіреді – А.Қ. Қоштердің шешесі Шанышқылы-Қоштердің қызы екен. Айдабол би нағашы атасының атын қойған екен. Шанышқылы сартқа бір атасы жуық: Қаңлы Шанышқылы-Қатағаннан қалған ел тегіс ұста болғандығы бұл сөзді растайды. Кенжеқозы жастай өліп, қайны Ұлы жүз – Қаратай батыр екен, қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: «Тайкелтірге қосамын» – деген соң, Жанқозы онысына көнбей: «Көтесімнің жесірін тоқалдың баласына беремін!» деп, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: Олжабай, Құлжабай, Орман, Рысқұл (Ырысқұл) – төрт бала туған. Батыр Олжабай – Үйсін: Қаратай батырдың жиені. Шешесі қыс ішінде ұзатылып келе жатқанда, босанғаннан: «Осы жолдың олжасы болды ғой!» – деп, атын Олжабай қойған екен. Қаратай батыр Шанышқылы – Қоштер деген елден қызына қызметкер қылып бір күң қосады. Ол қыз да жолда босанып: «Қоштер» атанып кеткен. Айдабол би Тайкелтірге еншілес қылып берген. Содан Тайкелтір, Қошетер қоныстас, сыбайлас болған. «Айдабол» ру туралы әр түрлі нұсқасын Мәшһүр-Жүсіп жазып алған. Тіпті, бергі аталарға дейін жаза берген [32, б.7, 61, 70, 116, 118, 158, 177, 197, 226, 230, 259, 295, 305, 309, 328, 330, 342, 347, 352, 360, 361, 362, 371, 381, 390, 394].

«Жақсы Жанайдар» – 55 мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме жанры. Негізгі тақырыбы: Күлік баласы Жанайдардың 14 жасынан билік айтып, ел аузына ілігуі. Қазақтың сөз шебері, тапқырлығы т.б. Қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Күлік баласы Тілеуімбет-Күнту-Жанайдар. Абылайдың ең жас билерінің бірі. Инжар Шәріп хана Арқадағы Абылай ханға елші жіберіпті. Олардың негізгі азығы май қатығын тауып бер деп астарлап айтады. Сонда Абылай Күлік Жәнкеге кісі салады. Сонда Жәнке бала, бала болса да, дана Жанайдырды жібереді. Жанайдар өзінің ақылдылығымен «тұз» астың нәрін келтіретінін тағы басқа да келелі сұрақтарға ақылдылығымен жауап береді. Шежіре әңгіменің де тілі көркем. Мысалы: халық айныса хан түзейді, май айныса тұз түзейді – афоризм, маңғыт, аузыңа саңғыт, таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін – мақал. Қазақтар ежелден айтар сөзін жұмбақтап сөйлеген. Ойы ұтқыр кісі тез аңғарып, жауапты да шапшаң берген. Бұндай сөз баланың логикасын дамытуға қатты әсер еткен. Жанайдардың сөз тапқырлығының бір қыры былай көрінеді. Қуандық оның ішінде Байдалы би Жанайдардың атасын кемітіп, Күнту ма еді, Қиту ма еді? – деп тисіпті. Сонда сөз тапқан Жанайдар:


Ерім бар-ды ыңыршақ,

Атым бар-ды тобышақ,

Әкем аты Күнту болсын, Қиту болсын,

Оның маған не керегі бар?

Ақылым бар бір құшақ – деген екен.

55 мәтін «Жақсы Жанайдар» 1 үлгі. ОҒКҚҚ № 1178 папка, 232 (135) 234 (136) беттерінен түсіндірілді. Бұл үлгі: Көпейұлы М-Ж. Абылай хан//Даярлаған С. Дәуітов // Егеменді Қазқстан. 11. 01. 1992, № 9-10. 5-бет. Соныкі. Абылай хан дәуірі – «Абылай хан» жинағында. 1 том. Алматы, 1993, 301-303 беттер. Соныкі. Қазақ шежіресі. – Алматы; 1993. – 63-65 б. т.б. Қараңыз осы томның 441 бетінде басылды [34, б.201-203].

«Жақсы Жанайдар» – 56 мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме жанры. Негізгі тақырыбы: Күлік баласы Жанайдардың 14 жасынан билік айтып, ел аузына ілігуі. Қазақтың сөз шебері, тапқырлығы т.б. Қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Бұқар ханына жіберген жүкпен бірге, сый-сияпатымен қоса қырық би және бір қыз аттанады. Сонда, Бұхар ханы қырық биден – Абылай тегі асыл ма, менің тегім асыл ма? – деп сұрапты. Сонда барлық би Бұхардың ханын мақтапты. Билікке кіріскен 13 жастағы Жанайдар Абылайдың атасын мақтап, Бұхардың ханының атасы нашар екенін дәлелдеп берген екен. Мінекей, бұл нұсқа алдыңғысынан сәл өзгешелеу. «ЖАҚСЫ ЖАНАЙДАР» – 55 мәтінде Күлік баласы Жанайдардың 14 жасынан билік айтып, ел аузына ілігуі. Қазақтың сөз шебері, тапқырлығы т.б. Қысқаша мәні мен мазмұны мынандай: Күлік баласы Тілеуімбет-Күнту-Жанайдар. Абылайдың ең жас билерінің бірі. Инжар Шәріп хан Арқадағы Абылай ханға елші жіберіпті. Олардың негізгі азығы май қатығын тауып бер деп астарлап айтады. Сонда Абылай Күлік Жәнкеге кісі салады. Сонда Жәнке бала бала болса да дана Жанайдарды жібереді. Жанайдар өзінің ақылдылығымен «тұз» астың нәрін келтіретінін тағы басқа да келелі сұрақтарға ақылдылығымен жауап береді. Бұл әңгіме алдыңғысында жоқ. Бұл мәтін ОҒКҚҚ № 1170 «а» папкасының 124-125 беттерінен алынды. В. Радлов кітабынан («Ел қазынасы – ескі сөз». – 280 б.) алынған бұл үлгінің көшірмесі де бар: ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі, 3 кітап, 313, 314 беттер [34, б.204].

«Жақсы Ғабдолла хан» – бірінші нұсқасы. 70 – ші мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме. Көтерген негізгі тақырыбы: Ғабдолланың хан болып, ел басқаруы. Мазмұны мынадай: Еділ – Жайық бойында өмір сүрген Ғабдолла жүз атын сата алмай, хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің шырақшыларына таратып жіберіпті. Ғабдолла түс көріпті, түсінде Хорезм шаһының төресі шайхы Нәжмалдин Күбірей өзбекті ұстауға лайықты осы – Ғабдолланы сайлапты. Қожа Ахмет Яссауи: «Тұр балам, қолыңды жай, – деп бата беріпті. Түсі расқа айналып, Ғабдолла әскері жүз мыңға жетіп Бұхарай Шәріпке келіп кіріпті. Ғабдолла хан екі медресе, Тиму базарын салдырған. Бір емшектен сүт емгенді Көкелташ – дейді екен осы медресені салдырған. «Арғынның ақ сарайын» салдырған. Оған өзінің сүйегін қойдыруды өсиет еткен. Тағы бір әңгімесі. Ғабдолла қатты шаршап келіп, ұйықтап кетіпті. Түсінде жердің астына түсіп кетіпті. Содан көп алтын көріпті. Мәлік деген құлы бұны естіп, ханды алдап қалыпты да жердің астындағы алтынды оңды-солды таратыпты. Жұмысшылары тарап өзі артынан соқыр тиыны жоқ жалғыз қалыпты. Кейіннен сол алтыны оралып, рабатының кем-кетігін бітіріп, керуен паналайтын баспана салып, ол «Мәлік шөлі» атаныпты. Мінекей, Ғабдолла ханның несібесі бір құлға осылай бұйырыпты [34, б.251-257].

«Жақсы Ғабдолла хан» – екінші нұсқасы. 71 – ші мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме. Көтерген негізгі тақырыбы: Ғабдолланың хан болып, ел басқаруы. Мазмұны мынадай: Еділ – Жайық бойында өмір сүрген Ғабдолла жүз атын сата алмай, хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің шырақшыларына таратып жіберіпті. Ғабдолла түс көріпті, түсінде Хорезм шаһының төресі шайхы Нәжмалдин Күбірей өзбекті ұстауға лайықты осы – Ғабдолланы сайлапты. Қожа Ахмет Яссауи: «Тұр балам, қолыңды жай», – деп бата беріпті. Түсі расқа айналып, Ғабдолла әскері жүз мыңға жетіп Бұхарай Шәріпке келіп кіріпті. Ғабдолла хан екі медресе, Тиму базарын салдырған. Бір емшектен сүт емгенді Көкелташ – дейді екен осы – медіресені салдырған. «Арғынның ақ сарайын» салдырған. Оған өзінің сүйегін қойдыруды өсиет еткен. Бұхарай Шәріпте «Қайыркүшіті» салдырған.

Мұны естіп Шан Машырап диуаны:


Қиыс берген қисын алар,

Тас берген тасын алар!

Ғабдолла хан менің таса...ымды алар!
– деген екен.

Содан Ғабдолла мұны естіп рабат салдыруды қойған екен дейді. Екінші бөлігі. Мәшһүр-Жүсіп 29 жасында 1887 жылы жазып алған екен. Ақын ол уақытта 9 ай Бұхарай – Шәріпте тұрған екен. Сонда Ғабдолла ханның бір уәзірі жерге түсе қалып бір пұл тауып алыпты. Сол пұлға медресе саламын депті. Шынында да бір пұл бір тауықтың жұмыртқасын сатып алыпты. Тауықты өсіріп саудасы жүріп, жиырма бес жылда бір үй толарлық алтын болыпты. Сол алтынға «Көкелташ» медресесін салдырыпты деген сөз бар. Сол сияқты, Арғынның тарихи шежіресі де әңгіме болады. Шежіренің тілі жатық мынандай көркем сөздер ұшырасады: сақадай сайланған, жүрегім аттай тулап, күннің көзі, жердің жүзі, тұз май қатығы, өлең – жыр сөз қатығы, ханнан-қазық, биден тоқпақ болғандай – фразеологизм, аттың құлағы естіген жер – градация, күнгеше -ше//дейін – көне тұлғаның қолданысы, Сарттардың афоризмі: Арқа –басың иағырыңа салармын! Иағырың ағырса, сағырыңа салармын! Сағырың ағырса, бағырыңа салармын! Ғабдолла хан тұрғанда, менге өлім иоқ, санга тыным жоқ!

Шағатайша - өзбекше тіл оралымы:
– Әлхамилла, Бұхарай Шәріф,

Нәмүдкер сіңген дуа иешім кібөд.


Мәшһүр-Жүсіп ол сөздің переводы: «Құдая шүкір, айналайын Бұхарай Шәріп көрінеді: тас қо...ымен, екі жұ...ғымен – депті». Олай айтқандығы: ең алғаш көрінгенде, Бұхарадан бәрінен бұрын қызыл Арыстан хан салдырған мұнара көрінеді. Оның түбінен Мирғарабтың медресесінің екі көк күмбезі көрінеді.

Сұрай арнаудың үлгісі:


– Хақ топырақ пендеге

Алтын – күміс не пайда?

Сахи қылған жұмысқа

Пышиманлық не пайда?.


Шежіренің ішінде Көтеш ақынның:
Қазақта Арғын аға болған зерек,

Басқадан ол кісінің жөні бөлек.

Арғынның түп атасы – ақын Құтан,

Біздерден өлеңге ұстын болса керек.


Мәшһүр-Жүсіптің тарихқа жүйріктігі, өлеңді тарихи тұрғыдан дәлелдеуі, тұжырымы қайран қалдырады. Мысалы, жоғарыдағы Көтеш ақынның өлеңіндегі Құтан туралы былай дейді. Бізде Құтан атты екі ата бар. Бірі – Құтан, Қоғам, Қондыкер («Қозы – көрпеш, Баян-сұлу» жырында Қонды кер Қабаң жұрты – деген сөз бар – А.Қ.) Қотанның-Құтаны. Бұлар – «Үш жүз» атанбай тұрғандағы аталар. Қондыкер халифа жұртына ауып кетсе керек. «Құндыкер ханы – қалға» – деп, Шортанбай қожаның айтқаны бар. Бірі – Құтан, Бұтанның Құтаны. Бұл екеуінің шешесінің аты – Аргүл, әкесінің аты Арғын. Бұтан жасында өліп қалып, онан нәсіл-жұрағат жоқ. Құтаннан Мейрамсопы жалғыз. Қарашаш деген бір қарындасы болған дейді. Бұған да бұрынғы ақындардың өлеңін дәлел қылады:
Сұрасаң, арғы атамды ер Құтан-ды,

Сұлтанбек әзизден ол бата алды.

Мейрам – ұлы, Қарашаш бір қыз туып,

Қуандық, Сүйіндік – ұлы боп, сонда атанды –


– деп жазады.

Ал, бұл шежіреде Арғын баба 969 һижритте: Ғабдолла ханның биі болғанда қой жылы екен. Бұл сөз 23 жыл бойы Үргеніште хан болған Арабхан баласы Әбілғазы хан шежіресінен алынған болса керек. Жас күнімде өзім жазып алған сөз. «Байдалының Мұстафасына жазып берген шежіреңізде бар ма екен!» – деп, Ғайса баласы Мақұл 1928 жылы Баянауылда өзіме көрсетті» – деп жазады Мәшһүр-Жүсіп. 71 мәтін Жақсы Ғабдолла хан (2 нұсқа) ОҒКҚҚ, № 1177-папка, 141-146 беттері бойынша көшірілді [34, б.258-263, 448].



«Бегендік (Қозған)» – тарихи-эпикалық жәдігер. «Шежіре» былай қарағанда тарихи шығарма. Оның бойында әңгіменің де, очерктің де сипаты бар. «Шежіренің» жанры әлі анықталмаған. «Мемуар» деуге көлемі шағын да, әңгімесі аздау. Біздің ойымызша «Шежіре» Тарихи-эпикалық жанрға жататын сияқты. Бұл да түпкілікті шешім емес. Көтерген негізгі тақырыбы: Арғынның ірі руының бірі – Бегендік (Қозған) ата тарихы. Тұңғыш рет зерттеу нысанына айналды. Көркемдік мазмұны күшті. Тарихи-эпикалық шежіренің бүгінгі күні құнына баға жетпейді. Нұрфая бәйбіше Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Олжакелді – деген асыранды бала, төртеуін де өз қолынан үйлендіріп, енші бөліп беріп, сол төртеуін «Төртуыл» (Төрт ауыл) – атаған. Бегендік – қозған, Шегендік – қақсал, Олжакелдіні – қаржас атаған. Бегендік қыршын жастай өліп, қатыннан бір бала туып, атын Оразкелді қойған. Бегендік өлген соң, ол қатынды Сүйіндік алып, Сүйіндіктен бір бала тауып, атын Суғыншы қойған. Суғыншы – екеуі де Сүйіндік баласы болып, Оразкелдіге қатын әперіп, енші берген – Сүйіндік екен. Оразкелдіде екі бала бар: Тәңірберді және Сәрік деген. Қозған деген кісі аты жоқ, қозғала берген соң: «Шіркін, қоза берді ғой» – деп, «Қозған» – аталған. Бегендік-Оразкелді-Сәрік-Тоқтас. Тоқтас екі қатын алған: бәйбішесінен – Есіл бойындағы «Қара Қозған». Екінші тоқалының аты – Сарықыз, онан туғандары «Сары Қозған» атанады. Қақсал деген кісі аты жоқ, қақсай бергеннен, «Қақсал» – аталған. Қуандық, Сүйіндік екеуі енші алысқанда: «Қарабауыр қылып аламыз» – деп, таласып, асық қаржысып алғаннан (Олжакелді) (Оразкелді) «Қаржас» атанған. Нұрфая бәйбіше – Арғынның бәйбішесінің аты Аргүл. Мұнан Құтан, Бұтан екі ұл туады. Арғынның тоқалының аты Момын. Арғын бабамыз 106 жасында бір тоқал алған екен аты – Айнакөз. Сол Құтаннан-Мейрам. Мейрамсопының қайнысы Алшын – Құдысбай екен. Мейрамның қалыңдығының аты – Нұрфая. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалып, – Бикешке шешесінің жоқтығын білдірмеймін! – деп, Нұрфаяның ағасының қатыны – жеңгесі еріпті. Түйенің басын жетектеуге бір жетім еріпті. Көш ілгері кетіп, күйеу жігіт артта қалып, көштің ізімен келе жатса, көштегі үш әйел түзге отырыпты. Ат үстінде келіп: – Жолшыбай түзге отырған кім болды? – деп, қараса, біреуінің сідігі тонды бір қарыс айырып жіберген екен. Түнде қойынында жатқан қалыңдығы Нұрфаядан сұраса: – Ол Қарқабат еді. Содан елге жау тиіп, Нұрфая қайта алмай қалып, Мейрамсопыға өзің мені ал депті. Қарқабатты да тоқалдыққа алдырыпты. Мейрам ертерек өліп қалып, Нұрфая «бес берекенің біріне» қосылған бәйбіше атаныпты. Халқының ұйытқысы, құт бәйбіше болған, билік айтқан екен. Нұрфаяның өзінен: Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен – Бегендік, Шегендік туады. Күңінен Болатқожа туады. Бесеуі де өсіп-өніп: «Бес Мейрам» аталған осылар. Демек, Нұрфая бәйбішенің асырап алған төрт ұлынан «Төртуыл»: Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Олжакелді. Мінекей, Бегендіктің түп тарихы қысқаша осындай. Мынандай тілдік деректер ұшырасады: қайыны, қалыңдығы, қатын, бір жетім, күйеу жігіт, қайын сіңілісі, қу көде – этномәдени лексика, бір қарыс – метрология, төс тиген жеңгем, алғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара қан, қара шаңырақ, қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа ғой, жасы кіші деме, ақылы асса аға ғой, қозғанның қозылы-қойлық залалы болады, орыз түбі Үйсін, құлақ кәрі, бой жас, артың болса, Айдаболдай ұл тап – фразеология [32, б.9-12, 124, 128-129; 257-259; 299; 368-370].

«Абылай мен Жарылғап» – тарихи әңгіме. Көтерген тақырыбы: Жарылғап батырдың кеңдігі, халыққа деген ықыласы, Абылай ханды сыйлап шығарып салғаны сөз болады. Тілі көркем, оны талдаған уақытта сөз қыламыз. Тарихи әңгіме деп отырғанымыз оқиғаға тарихи өмірде болған адамдар қатысады. Әңгіменің қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Абылай жол-жөнекей алпыс кісісімен Қаракесек Жарылғаптікіне тоқтапты. Жарылғаптың Маңқан деген бәйбішесі Қаз дауысты Қазбектің ұлы үйленіп, сонда кетіпті. Жарылғаптың Жоламан, Тастемір, Атыбай, Кенжебай деген төрт ұлы бер екен. Жарылғаптың өзі денесі толық жуан адам болса керек. Абылайдың еріп келген алпыс кісісіне отызына бір сабадан, отызына екінші сабадан қымыз құйып берген екен. Сол кезде бәйбішесі Маңқан екі бала қолынан тартып, екі бала артынан итеріп үйге әрең кіріпті. Келе сала: « – Жүктің артында сүйретпеде байдың сыбаға асы, түнемелі тұр. Құйыңдар тағы қонаққа» – деп мырзалық танытыпты. Абылайға мінуге жылқы, союға сойыс жылқы беріп, риза – қош аттандырыпты. Сонда Абылай: «Менің «Қай Жарылғап?» дегенім. Қаракесекте-Қарасұн-Керней-Жарылғап болушы еді. Оны жұрт: «Ер Жарылғап, батыр Жарылғап, би Жарылғап» – деп атайтын. Ал, мына Жарылғапты: «Тілеуке-Бертістің Тілеукесінің баласы – Шақабай-Жалылғаптың Жарылғабы, ұры – Жарылғап деуші еді. Халық қаңғып сөйлей береді. Бұл ұры болса, жылқы, түйе, қой, сиырды ұрлап алған шығар. Ал, ана бәйбішені, мына төрт баланы ешкімнен ұрлап алмаған шығар. Сондықтан, «Құдайдың өзі жарылқап қойған шын Жарылғап екен» – деп баға берген екен. Риза болғандығы соншалықты, Жарылғаптың Жоламаннан кейінгі екінші баласын Тастемірді өзіне қияметтік бала қылыпты. Абылайдың дуа тигендігі соншалықты, Жарылғаптың тұңғышы Жоламан «он алты ұлды Жоламан» атаныпты. Енді тіліне байланысты бірер сөз: өлім болжалсыз, келім болжалсыз, ұлға жарыған, құлға да жарыған, хан деген – жұрттың қазығы, қарашы – оның азығы, құтым кетеді, сүтім кетеді – тұрақты тіркестер, қысыр сауғалы, құда күйеу, бәйбіше, жиен, күлдері белбеу, қайыс жіп, шымжиғақ, жент, ірімшік, май, түнемелі қымыз, қоржын – ұлттық символдар, Маңқан бәйбішенің екі баласы бір жағынан, қолынан тартып, екі баласы ар жағынан сүйемелдеп, қырынан кіргізіп, есікке әрең зорға сыйып еніпті. Бұзау, тайыншаның қарынына салынған бір қарын жентті ортасынан қақ жарып, ханның қоржынына салғызыпты – гипербола т.б. ұшырасады [31, б.71-74].

«Есугей» – қалмақ батыры. Тарихи-эпикалық жанр. Негізгі тақырыбы Қалмақтық баһадүрдің тарихы. Тарихи әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай: Шыңғыс ханның атасының атын білуші жоқ. Ертеде білем деушілер Есугей баһадүрдің баласы дейді. Ол бекер: Есугей (Писугей) – қалмақ. Бір қалмақтың баласын осыншама жұрт қалайша төбесіне көтереді?!. Есугей баһадүрден қыз туып, ол қыз он бес жасқа жеткенде, отырған үйінің ішіне сағым түсіп, сол сағымнан буаз болып, бір ұл тауыпты. Ол бала он үш жаста жетімлікпен жиһан кезіпті, жиырма жеті жаста Алла Тағала бақ-талайын өзгеден артылтып, Шүршітке хан болып, жүріс қылып, дүние жүзін алып, «Шыңғыс» («Шыңғыс») – деп ат атанды. Мағынасы «хандардың ханы» – деген сөз. Сондай атасыз, Құдайдың құдіретінің шеберлігімен сағымнан пайда болғанына заманындағы халықтың көзі жетіп, соның үшін тұқым-тұқымын жұрт басына көтеріп кетті. Кеше Әмір Темір қанша жұртты алғанда, бұл Шыңғыс нәсілінен болған хандарды өлтіргенде, және орнына сол Шыңғыс нәсілінен екінші біреуін сайлап жүрді. Бұл Шыңғыстан бері қарай бір кітапта Мәшһүр Мағрұф болған хандар – баршасы Шыңғыс ханның нәсілі деп жазған екен Мәшһүр-Жүсіп. Қосымша қараңыз осы томның 419-420 беттерін. Бұл әңгімені Мәшһүр-Жүсіп өзі естігенінен тарих қылып жазған [34, б.87-89, 419-420].

«Әзірбайжан» – (азари дили) әзірбайжан халқының ұлттық тілі. Әзірбайжан халқының жартысының көбі Иранда (5, 800 мың), үлкен бөлігі бұрынғы Әзірбай ССР-інде (4 708 832) тұрады (1979). Сол сияқты әзірбайжандар Грузияда (255 678), Арменияда (160 841), бұрынғы РСФСР-де (152 421), Қазақстанда (73 345), Өзбекстанда (59 779), Түркіменстанда (23 548) т.б. аймақтарда тіршілік етеді. 1991 жылы Кеңестер Одағы өз еркімен тарады. Жаппай урбанизация, миграция басталды. Соның салдарынан бұл мәліметтер өзгерді. Көптеген әзірбайжандар өз отанына қайтып оралды. Әзірбайжан тілі 4 диалект. Топқа бөлінеді: шығ., бат., солт., және оңт. топтары. Әдеби тілі Баку немесе Шемаха диалектілері негізінде қалыптасқан. Әзірбайжан халқы 1929 ж. дейін араб әліппесін, 1939 ж. дейін латын алфавитін, одан кейін орыс графикасына негізделген жазу жүйесін пайдаланды. Қазіргі уақытта латын алфавитін қайыра қолдануда [52, б.590].

«Ауылнай» – ел басқарған белді адам. Ауылдардың бір болыстан екінші болысқа шығуына тек уездік бастық қана рұқсат ететін болды. Жеке үйлер тек ауыл старшинасының немесе болыс басқарушысының рұқсатымен ғана бір ауылдан екінші ауылға ауыса алатын болды. Ауыл старшиналарын сайлау екі сатылы болды. Ауыл старшинасы әрбір 10 үйден сайланған сайлаушылардың жиналысында сайланатын болды. Ауыл (ауылнай) сөзі қазақтың төл сөзі, орыстың -най (-ной) қосымшасы арқылы жасалған: Мәшһүр-Жүсіп:
Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар,

Беліне ақ киізден күйек байлар.

Цифырын бес тиынның бес теңге деп,

Кедейдің хат білмеген соры қайнар

– деп ауылнайлар, болыснайлар, старшиналар дегендер қазақ елінің қанын сүліктей сорды деп суреттейді [53, б.38].

«Ауылнай» – әкімшілік атауы. XIX ғасырдың 60-шы жылдарының орта кезінде Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталды. 1867-1868 жылдары реформа жасалды. Қазақстанның оңтүстік облыстарын басқару жөніндегі «Ережеге» сай екі облыс құрылды. 1868 жылы төрт облыс құрылды. Сонымен, Қазақстан территориясы үш генерал-губернаторға бағынды. Әрбір облыстың басында әскери губернатор мен оған бағынышты басқарма болды. Облыстар уездерге бөлінді. Уездерді болыстарға бөліп, оларды сайланған болыстар басқарады. Болыстың құрамында 1000-нан, 2000-ға дейін түтін қосылды. Болыстар өз кезегінде әкімшілік ауылдарға бөлінді, олардың басында сайланған ауыл старшиналары болды. Әкімшілік ауылдар әдетте 120-200 үйден құралды. Ауылдардың бір болыстан екінші болысқа шығуына тек уездік бастық қана рұқсат ететін болды. Жеке үйлер тек ауыл старшинасының немесе болыс басқарушысының рұқсатымен ғана бір ауылдан екінші ауылға ауыса алатын болды. Ауыл старшиналар сайлау екі сатылы болды. Ауыл старшинасы әрбір 10 үйден сайланған сайлаушылардың жиналысында сайланатын болды. Ауыл (ауылнай) сөзі қазақтың төл сөзі, орыстың -най (-ной) қосымшасы арқылы жасалған сияқты. Аул > ауыл > айыл > аал > авыл > ав > үй [54, б.408-412].

«Даштия» – мәтіндегі бұлақ аты. Даштия: Алатау – Қырғыз жеріндегі таудың арасындағы Шыршық өзеніне құятын екі өзеннің «Сасыққайың» және «Боқтыққайың» маңайында Найзақайық тауының етегіндегі Хазірет Ыдырыс шатқалына таман орналасқан қасиетті – бұлақ. Мәшһүр-Жүсіп қой жылы, 37 жасында барғанда көрген білгенін сапар өлеңі «Ышқышбап сапары» деп атаған. Өлең 1896 жылы жазылған. Даштия – қасиетті бұлақ әулие Ышқышбапқа да жақын болған, ишандар, ықылас қойған адамдар осы қасиетті бұлақтың басына түнеген. «Даштия» бұлағы туралы:
Бұлаққа түнде бардық жолмен айдап,

Жарықтай қараңғыда гүл-гүл жайнап.

Жып-жылы қолың салсаң, жылытқан судай,

Қазандай шымыр-шымыр жатқан қайнап.

Немесе,

Жылқының мінсең жүйрік пырағына,



Жеткізер, желсең жердің жырағына.

Тазалап күнә, кірін жуғанымыз-

Ол сопы Даштияның бұлағына
– деп, бар көрген-білгенін суреттейді. Даштия бұлағы туралы осы томның 110-шы бетінде айтылған [9, б.105-114].

«Баһауалдин» – өмірден өткен діни әулиелер. 4 тармақты, 20 шумақты діни лирикалық өлең. Негізгі тақырыбы Бұхара жеріндегі мешіттер мен медреселерді, әулие адамдарды әңгіме қылады. Өлең 1924 жылы жазылғанға ұқсайды. Өйткені, бұл өлең «Ташкент сапары» өлеңінің жалғасы іспетті. Өлең «Миркамалиддин ишан» – деп аталады. Өлеңнің ішінде: Мирғараптың күмбезі, Көкелташ медресесі, шайхы – Шаддат хан, Хазірет – Қазыхан, атақты Ғабдолла хан – екі медресе, жабық базар салған бай адам болған, қаз-қатар бірінен кейін бірі суреттеледі. Ал, Баһауалдин бақша сарайы жөнінде ақын өзгеше құлпыртып жырға қосады. Мысалы:


Басына құшақтасам барып туын,

Әулие қатар жатқан буын-буын.

Гүл бусруех Баһауалдин сейілінде,

Қант салған ішсем дүние хауыз суын!


– дейді. Баһауалдин абат бағында небір әулиелер жерленген, олардың басына құлпы тастар орнатылған. Бақшасарайды қақ жарып қасиетті бұлақ ағып жатады. Жалпы, Бұхараға барған жанның бәрі Баһауалдинге соқпай кетпейді. Мәшһүр-Жүсіптің бұл өлеңінің тіл ерекшелігі де өзгеше. Айталық, тиген назар, болған базар, дертті жазар, наурызнама, шекарасы, тәбип, нәсіп, дарбаза, іштің шері, дүние хауыз суы, хыжыра, қадамжай, фонарь, мышной, паравоз сияқты сөздер ұшырасады [29, б.34-36].

«Ғабдолла» – тоғыз ұлдың кенжесі мәтін бойынша. Мәшһүр-Жүсіптің «Жер мен көк» қиссасынан алынған он екінші бап. «Мұхаммед ғалайһис саламның туғаны» – деп аталады. Өлең 4 тармақты, 83 шумақтан тұратын діни лирика. Көтерген негізгі тақырыбы Мұхаммед пайғамбардың туғанын, дүниеге келгенін баяндау. Ғабдолла, Ысмағұл тұқымынан Құрайыш руынан тоғыз ұлдың бірі болып дүниеге келеді. Ақын оның өмірге келгенін былай суреттейді:


Тоғыз ұлдың кенжесі Ғабдолла атты,

Жүз түйе қылды құрбан салтанатлы.

Әмина халал жұпты буаз болып,

Мәдина, Мекке шаһары нұрға батты.


Ғабдолла (Абдолла) Мұхаммедтің әкесі, ал атасы Мүттәліп. Анасы Фатиманың тайпасынан шыққан Мұғира деген болатын. Әбді әл-Мүттәліп он екі ұл сүйді. Құрбандыққа да осы – Абдолланы салған еді. 569 жылы әкесі Абдолланы Абдолла – «құдайдың құлы» – деген ұғым береді, Әмина анамызға үйлендіреді. Әмина – «кіршіксіз адал» деген сөз. 570 жылы өмірге Мұхаммед келеді. Мұхаммед өмірге келмес бұрын Ғабдолланың басында қилы-қилы оқиғалар өтеді. Әбді әл-Мүттәліп әйелі үсті-үстіне қыз таба берген соң, құдайдан жалбарынып, ұл сұраған еді. Жаратқан егер де ұл берсе, сол ұлдың біреуін құрбандыққа шалар едім деген болатын. Құрбандыққа осы сөз болып отырған Ғабдолланы береді. Әкесі Абдолланы кездігін қынына салып алып, құрбандыққа шалатын Асаф пен Найла тас құдайларының жанына алып барды. Сол уақытта анасы Мұғира сәуегей адамнан жөн сұрайық, Ғабдолланың орнына құрбандыққа не шалуға болады екен дейді. Ғабдолланы тұрғызып қойып жебе суыруға кіріседі. Он рет жебе суырғанда жебе он түйеге түседі. Сөйтіп, Ғабдолла аман қалады. Ғабдолланың құнына он түйе шалады. Ғабдолла әкесінің айтқанына көнді. Осының өзі-ақ Ғабдолланың ерлігін, батырлығын көрсетсе керек [55, б.30-33, 56, б.34-35, 29, б. 135-144, 357-359].

«Бұғыбай, Шапыраштының батыры» – жыр. Ауыз әдебиетінің үлгісімен жазылған жанр. «Кенесары – Наурызбай» жырынан алынды. Негізгі тақырыбы Отан туралы. Қырғыз – қазақ жауласып бір-бірімен соғысып, Кенесары, Наурызбайдың, Бұғыбай батырлардың т.б. ерліктерін суреттеу. Жыр тарихи оқиғаға құрылған. Қырғыз еліне қазақ батырларының жасаған шабуылы арқау болған. Шапырашты батыры Бұғыбай асқан жауынгер, жүректі ер болған. Кенесарының оң қолы болған Бұғыбайдың Қырғызға жасаған кезекті бір жорығында көзге түсіп, батырлық жасаған. «Абылай аспас» асуда Қырғыздар бекініп алып, 5 күндей қатты ұрыс қылады. Кенесарының ойдан атқан зеңбірегі қырғыздарға жетпеді. Кенесарының басшысы Шапырашты Бұғыбай екен. Сол уақытта Наурызбай Бұғыбайды шақыртып, былай дейді:


– Ай, Бұғыбай, Бұғыбай,

Қорлық болды-ау, бұ қалай?

Амал тапшы бұған-ай!

Бұғыбай үш жүздің басын біріктіруге күш салған батырларының бірі. Енді келіп, Қырғыздардың бекінісін бұза алмай қатты сасады.

Сонда Бұғыбай сөйлейді:
– Қол бөлініп, жол тап! – деп

Бере ме жауап ханымыз?

Ағаңнан жауап алыңыз,

Ағаңыз рұқсат ол берсе,

Томағамды сыпырып,

Қамау да тасқа салыңыз!


– депті. Наурызбай, Науан бар, отыз жігітті ертіп Бұғыбай батыр қырғыздарға атой салады. Сөйтіп Қырғыздың қамалын алып, қызын күң, ұлын құл қылып, көп мал алып қайтады. Жырдың екі варианты бар. Біріншісі 5 - томның 306-335 беттерінде, екіншісі – 9 – томның 184-214 беттерін қамтыған. Бірінші нұсқаның соңындағы қара сөзбен берілген мәтін көбірек баяндалады. Жырдың көркемдік тіл ерекшелігі де байқалады. Жырдың бойынан шұбыртпалы, ерікті ұйқастың да түрін табамыз.

Мысалы, шалыс ұйқас түрі мынандай:


Дүр гауһардың данасы, - а

Үйсіздерге үй болған, - б

Бұл Арқаның панасы. - а

Шаршағанға ат болған, - б

Дарияның аққан саласы. - а
Троптың түрлері де ұшырасады: Күзді күні болғанда, Қатуланды, қаттанды – кейіптеу, Асаулар үзді шідерді, Таудағы алты өзеннен зеңбірегін асырды, Жалғыз жолға су құйып, Қар ерітіп, қайнатып – гипербола, сұңқарлар жайды қанатты, Іріктеп алды манатты, Қауырсынды, қанатты – метафора т.б. [12, б.306-335, 31, б.184-214, 354].


Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет