«Мәтінді лингвоталдау» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 0117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет4/6
Дата25.01.2017
өлшемі1,43 Mb.
#8007
1   2   3   4   5   6

Жоспары: Күрделі фразалық тұтастықтың мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық ұйымы. Оның суреттеу, әңгімелеу, ойталқы (описание, повествование, рассуждение) түрлері. Баяндау формаларының бірі – диалог.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

5 модуль

Мәтінді лингвокогнитивтік тұрғыдан зерттеу.

28-дәріс

Тақырыбы: Поэтикалық мәтінді когнитивтік тұрғыдан зерттеу.

Жоспары: Поэтикалық мәтінді когнитивтік тұрғыдан зерттеу.

Мәтінді талдаудың логика-психологиялық және философиялық аспектісі.



Мазмұны: Поэтикалық мәтінді когнитивтік зерттеу мәселелеріне шолу

Бүгінгі таңдағы лингвистика ғылымының жаңа бағыттарының зерттеу нәтижелері негізінде тілдік деректер мен ғылыми-теориялардың біртұтас сипатта топтасуы тілдің табиғатын анықтаудың жүйелі үрдісін қалыптастыруда.

Бұл үрдістің негізін қалаған В. фон Гумбольдт тіл мен рух, тіл мен ойлау, тіл мен сана, тілдік бейнелеу мен таңбаның өзара байланысына баса назар аударып, соның негізінде тілдің қызметі мен қолданысын сипаттайтын өзінің «ішкі форма» туралы ғылыми-теориясын, тілді жүйелі түрде зерттеу туралы концепциясын ұсынады. Ғалымның лингвистика ғылымындағы бұл концепциясы бүгінгі таңда антропоцентристік бағытта зерттеу жүргізушілердің тарапынан кең қолдау табуда. Демек ішкі форма В. фон Гумбольдттың пайымдауынша – ойлау материясының элементтерін белгілі бір тілдің онтологиясына сай ұйымдастыру тәсілі, модификациясы, яғни құрылымдық жүйесі. А. А. Потебня да «тілді анықтайтын, негізінен, ішкі форма, яғни тілдің мазмұндық жағы» деп қарайды.

Ал, И.А.Бодуэн де Куртенэ сыртқы форманы бірінші кезекке қойып, бірақ оны ішкі мазмұнмен тығыз сабақтастырады. Демек, тіл бірліктері мен оларды өзара байланыстыратын қатынастарын тілдің құрылымы түрінде анықтайды және фонема, морфема, синтагма ұғымдарын ғылыми айналымға түсіреді. Бірақ ғалым тілдің иерархиялық құрылымдық қатынастарын ассоциативті-психологиялық негізде қарастырады. Сөйтіп, В.Гумбольд ұсынған ғылыми-теорияны одан әрі жалғастырып дамытқан А.А. Потебня, И.А. Бодуэн де Куртенэ, Э. Бенвенист т.б. еңбектері тарихи өзгермелі форма арқылы ойдың дамуын көрсететін тілдің таңбалық табиғатының ерекшелігі мен өзіндік болмысын аша түседі. Дәлірек айтқанда, біртұтас зерттеулерде тілдің бейнелеушілік мәніне ерекше назар аударылатын болса, ал Ф. де Соссюр, Л.Ельмслевтің еңбектерінде тілдің құрылымдық қатынастары, бағыныңқы байланыстары т.б. негізге алынады. Бодуэн де Куртенэнің көзқарасы бойынша тілдің толық жүйелі болмысын оның синтаксистік, морфологиялық және түбірдің фонологиялық деңгейлеріндегі құрылымдық элементтер мен модельдердің байланысы, қарым-қатынастары құрайды. Яғни бұл арадағы тіл табиғатының тұтастық сипатына мән беру тіл мен ойлау мәселесіне келіп тіреледі. Осымен байланысты генеративтік лингвистиканың көрнекті өкілі, американдық ғалым Н.Хомский: «тілдің құрылымын зерттеу адамның ойлау қызметі негізінде тілді еркін және творчестволық түрде қолдану арқылы көрінетін ақыл-ойға тән қасиеттерді ашуға көмектеседі» деп есептейді.

Осымен байланысты назар аударатын жағдай: тілді зерттеудің когнитивтік парадигмасы тіл мен ойлаудың арасына теңдік қоймайды. Керісінше тілдің ойды ұйымдастырушылық қызметін атап көрсетеді. Осы байланыстың негізінде тілдің таңбалық жүйесі арқылы грамматикалық байланыстар, категориялар және модельдер түрінде тұтас тілдік құрылым түзіледі.

Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік теорияның өрістеп дамуы Қ.Жұбановтың зерттеулерімен тығыз байланысты. Ол «сөз деген – зат біткеннің бәрінің аты емес, әр елдің өзінің білген затының, білген құбылысының аты ғана. Ел-елдің білгені де, білмегені де толып жатыр. Мәселен, шөптер мен жәндіктердің көбісінің аты тілімізде жоқ. Өйткені олар бізге аса көп кездеспеген, кездестірсек те елемегенбіз... Айталық, шөптердің ішінде мал жейтіндерін, отын болатынын, бояу болатынын, ем болатынын, не у болатындарын біледі де, соларға ғана ат қояды. Танымаған кісінің атын білмегеніміз сияқты, білмеген нәрсенің аты да тілімізде болмайды» деп сөздің атауыштық, танымдық және қатысымдық қасиеттеріне құндылық бағдары тұрғысынан нақты лингвогносеологиялық анықтама береді.

Қ.Жұбановтың «Дүниеге көзқарас арқылы заттарға ат қою», «Микрокосмостық кезең», «Функционалдық семантика», «Сөз өзгешелігі мен сөз қызметі» т.б. көптеген ғылыми-танымдық мақалалары мен зерттеулері а) қоршаған орта мен жеке адамның тілдік танымы арасындағы байланыс; ә) ақпаратты қабылдау қабілеті және оны еске сақтап, басқаға жеткізу; б) танылған заттар мен сөздік қордың сәйкес болуы; в) жекелеген сөздердің өзіне артатын ақпараттық-танымдық жүгі; г) сөздердің тіркесім тәртібіндегі заңдылық; д) құндылық бағдары; е) таным теориясы т.б. когнитивтік лингвистиканың түбегейлі, базалық ұғымдарымен сәйкес келетін, бүгінгі күннің зерттеушісіне үлкен ой салатын өзекті мәселелер екені ғылыми дәлелденіп отыр.

Қ.Жұбанов зерттеулерінің қазақ когнитивтік лингвистикасының бастауында тұрғандығы кейінгі кезде Э.Оразалиеваның зерттеулерінде де өзінің ғылыми-теориялық негізін тапты. Ол жалпы қазақ когнитивтік лингвистикасының қалыптасуы мен дамуын тұтастықта ала отырып, оның диахрондық және синхрондық сипатына талдау жасап, хронологиялық тұрғыдан әзірлейді. Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік теорияның дамуы, тілтаным теориясының әдіснамалық негіздері, тіл біліміндегі таным теориясының универсалды сипаты бағытындағы жүйелі талдаулар мен тұжырымдар зерттеу жұмысының негізгі өзекті тың мәселесіне айналған. Ғалымның зерделеуінде, қазақ тілтаным ғылымының даму кезеңдері негізгі бес парадигмаға бөлініп, оның хронологиялық дамуына сипаттама беріледі:

1-кезең: «тілтану» парадигмасының қалыптасуы – ХХ ғасырдың 20-45 жж. Негізгі өкілдері: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов т.б.

2-кезең: тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы – ХХ ғасырдың 45-70 жж. Негізгі өкілдері: Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, М. Балақаев, І.Кеңесбаев т.б.

3-кезең: тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы – ХХ ғасырдың 65-85 жж. Негізгі өкілдері: К.Аханов, Т.Қордабаев, Ә.Хасенов т.б.

4-кезең: тілтанымдық этюдтер парадигмасы – ХХ ғасырдың 70 жылдары мен аяқ шені; Негізгі өкілдері: Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ә.Болғанбаев, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақ, С.Исаев, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ж.Манкеева т.б.

5-кезең: қазіргі когнитивтік парадигмалар – ХХ ғасырдың аяғы мен бүгінгі күндер.

Бақылау сұрақтары: «Тілтану» парадигмасы, Тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы. Тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы. Тілтанымдық этюдтер парадигмасы. Когнитивтік парадигмалар.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

29-дәріс:



Тақырыбы: Мәтін типологиясы. Мәтіндердің функционалдық-стильдік типологиясы Мәтін интеграциясы туралы ұғым.

Жоспары: Интеграция (лат. integratio–орнын толтыру, тұтас).
Мәтін линвистикасында интеграция. Интеграция мен аяқталу категориясы.

Мәтін интеграциясындағы лексикалық, морфологиялық және синтаксистік деңгейлер бірліктері. Лексикалық деңгей бірліктері.



Мазмұны: Мәтін интеграциясы туралы ұғым
Интеграция (лат. integratio–орнын толтыру, тұтас) – жекелеген дифференцияланған бөлшектердің тұтасқа байланыс жағдайын білдіретін жүйелер теориясының ұғымы, сол сияқты сондай жағдайға әкелетін үдеріс.
Мәтін линвистикасында интеграция – мәтіннің барлық компоненттерінің (бөлшектерінің) бір тұтастыққа бірігуі. 
Интеграция мен аяқталу категориясын ғалымдардың бәрі бірдей бөле бермейді. И. Р. Гальперин интеграция категориясын да, аяқталу категориясын да бөліп, сабақтастыра сипаттайды. З. Я. Тураева интеграция категориясы, Т. В. Матвеева аяқталу категориясы туралы айтады.
Біз интеграцияның да, аяқталудың да категориясын И. В. Арнольд, И. Р. Гальперин, Т. В. Матвеева, О. И. Москальская, З. Я. Тураеваның еңбектерінде берілген зерттеулерді ескере отырып, қарастырамыз, себебі мәтінді интеграциялаудың әр кезеңі ерекше қызықты, сондықтан, біздің ойымызша, мәтінге, әсіресе көркем мәтінге одан әрі талдауды барынша кәсіби жүргізу үшін тиянақты сипатталуы тиіс.
Мәтінге қатысты интеграция – әрі үдеріс, әрі нәтиже. Жекелеген күрделі фразалық тұтастық мағыналарын, жекелеген тараулардың мазмұнын және өзгелерін бір тұтастыққа біріктіре келіп, интеграция бұл бөлімдердің қатысты автосемантиясын бейтараптандырып, оларды шығармада жинақталған ортақ ақпаратқа бағындырады.
Интеграция мәтін жүйесінің өзінде беріліп, онда даму барысына қарай туындайды. Мәтіннің бөлінбес категориясы болғандықтан, ол мазмұндық-фактуальды, ең бастысы мазмұндық-концептуалды ақпаратты сабақтастыра пайымдауды қамтамасыз етеді.
Интеграция үдерісінде ең бастысы-мәтін бөліктерінің орталыққа ұмтылушылығы. «Орталық» мазмұндық-концептуалды ақпарат. Интеграция үдерісінің өзі мазмұндық-концептуалды ақпарат үшін елеулі мәтін бөлімдерін іріктеуді керек етеді. 
Интеграцияның күші оларды кейде өздерінде айтылған этикалық принциптері немесе көркем-эстетикалық функциялары бойынша тең мәнді немесе жақын жағдайға қойып, бөлімдердің өзара шарттылығын ашуда.
И. Р. Гальперин когезия мен интеграция категорияларының араларын шектейді. Бұл ұғымдар өзара шарттас, бірақ айтылу формалары мен құралдары тұрғысынан әр түрлі. Когезия – мәтінді бір контексті – вариациялық мүшелеуден басқасына өткенін анықтайтын мәтіннің жекелеген бөлімдерінің арасындағы байланыс (грамматикалық, семантикалық, лексикалық) формалары. Интеграция – мәтіннің тұтастығына жету мақсатында оның барлық бөлімдері мен компоненттерін біріктіру. Интеграцияның когезия құралдарымен жүзеге асырылуы мүмкін, дегенмен ассоциациялық және пресуппозициялық қатынастарда да құрылады. Когезия – логикалық-тілдік, интеграция – логикалық категория. Когеренттілікпен жақындасады. Когезия желілі болса, интеграция – тік және көлемді [1, 124–130 б.].
Көлемі шағындау мәтіндерде когезия интеграцияны толық қамтамасыз етеді. Мұндай мәтіндерде бөлімдердің байланысы мен өзара шарттылығы айқын.
Когезия тек шағын үзінділер байланысының қосалқы құралы болып, әсіресе авторлық шегінісі бар ірі үзінділер мен бөлімдерде, көркем мәтіндерде айрықша көріне қоймайды.
Алайда ірі ғылыми мәтіндерде – монографияларда, диссертацияларда, оқулықтарда ауытқулар-өткізілген сынақтамаларды талдау, басқа зерттеушілердің көзқарастарын баяндау және т.б. болуы мүмкін. Дегенмен зерттеудің негізгі проблемасымен байланысты болғандықтан, олар интеграция үрдісіне оңай беріледі. Интеграция интеграция үдерісі ретінде де, оның нәтижесі ретінде де көрінетін қорытындылар мен түйіндемелерде толығырақ өткеріледі.
Ғылыми және іскерлік мәтіндерде интеграция үдерісі мен оның нәтижесі әдетте алдын-ала бағдарланады. Әдеби-көркем мәтіндерде интеграциялау тәсілінің тіпті автордың өзі үшін де тосын болуы мүмкін. Әдеби шығарманың интеграциясын қабылдау сол шығарманы бірнеше рет оқуды қажет етеді, оқыған сайын оған басқаша көзқарас тұрғысынан қарайды. Шығармаға аналитикалық тұрғыдан келгенде, яғни алғашқы тұтас қабылдауды ажыратқанда ғана интеграция эксплицитті болуы мүмкін.
Интеграция үдерісі әсіресе мазмұндық-концептуальды ақпарат ашылмаған, көбіне әзер байқалатын құбылыс байланыстары бірқатар бейнелерде, ассоциацияларда, көмескі көріністерде шашырап кететін поэтикалық мәтіндерде байқалуы өте қиын. Мұнда интеграция фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, бейнелік және басқа құралдардың көмегімен жасалады. Тұтас бейнені тілдік безендірудің ерекшелігі жекелеген лингвистикалық бірліктердің тұтастық ретінде мәтінге жай бағынуында емес, сол бірліктердің дербес мазмұндық құндылықпен үйлесуінде. 
З. Я. Тураеваның пікірінше, мәтінде интеграция: 
1) түрлі деңгейдегі (лексикалық, морфологиялық, синтаксистік) бірліктерді байланыстыратын иерархиялық қатынастардың әрекетімен;
2) өзара әрекеттестігінде терең және үстіңгі құрылымдарды қамтитын байланыстылық категориясының әрекетімен; 
3) мәтінде басқаша мән алатын тілдік бірліктердің өсуімен қамтамасыз етіледі [11, 23].
Мәтін интеграциясындағы лексикалық, морфологиялық және синтаксистік деңгейлер бірліктері. Лексикалық деңгей бірліктері
Лексикалық деңгей бірліктері мәтін интеграциясында үлкен роль атқарады. Мәтінде сөздің ықтималды көп мәнділігінің өткерілуі, жүйеде тіркелмеген қосымша қосарлы мәнділіктің пайда болуы – жоғары рангалы бірліктер ретінде тек мәтіннің пайда болуымен туындайтын интеграциялық қатынастардың, мәтіннің ауқымды байласымының нәтижесі. Стилистикалық тұрғыда бейтарап сөздің поэтикалық мәтінде, басқа мәтіндерде өзіне тән емес коннотация алуы, ал бейтарап контекске енген поэтикалық сөздің тұтас абзацты асқақтатуы мүмкін.
Белгіленген мен белгілейтіннің арасында күтілетін сәйкестіктің бұзылуынан күлкілі немесе кекесінді әсер туады. Ауызекі сөйлеу мен салтанатты-асқақты лексиканы, бейтарап және ресми-іскерлік, өзге кәсіби лексиканы, диалектизмдер мен жаргонизмдерді, қарабайыр сөздерді қолданғанда мұндай әсер жиірек туады.
Күрделі құрылымдық-семантикалық бірлік ретінде мәтінге сөзді интеграциялау сөздің көркем шығармада, түрлі функцияларда қолданылуында мүмкіндік береді. Сөз мұнда кейіпкердің белгісі ретінде көрінеді. Мұндай жағдайда лексикалық бірліктер мәтіннің түрлі шағын жүйелерінде-кейіпкердің сөзінде (диалогтік сөз), өздік емес төл сөзде, әңгімешінің сөзі тұрғысында қолданылады. Сөзде негізгісімен (бірінші кодтық мәнмен) қатар бүкіл мәтін жүйесінде ғана түсінікті болатын екінші кодтық мәні пайда болады.
Екінші кодтық мән мәтіннің мазмұнынан ғана емес, оның контекстуалды, жағдаяттық және энциклопедиялық ақпаратпен әрекеттестігінен құралатын мағынаны қалыптастыруға қатысады. Автордың немесе кейіпкердің сөзіне енген лексикалық бірліктер кейіпкер, оның әлеуметтік және мәдени мәртебесі туралы қосымша ақпарат жеткізу құралы болуы мүмкін. Сөзді жоғары рангалы бірлік ретінде мәтінге интеграциялау кезінде оның жүйелік мәнінің ауытқуы міндетті емес. Керісінше, сөздің көп мәнділігін өткеру көп жағдайда сөздің негізгі сөздік мәні, тілде сөзге ілесе жүретін негізгі стилистикалық коннотациялар аясында жүзеге асырылады. Тіл тұрақтылық қасиетінсіз коммуникация құралы бола алмайтындықтан бұл – табиғи жай.
Дегенмен интеграциялық қатынастардың әсерімен перифериялық мәнді өткеру, ассоциациялық және коннотациялық мәндерді белсендірлендіру жүріп, сөз стилистикалық бояу алып, кейіпкерлерді сипаттауға қатысады.
Морфологиялық деңгей бірліктері. Морфологиялық деңгейде интеграциялық қатынастар әрекеті етістіктің шақ түрінде айқын байқалады.
Мәтін деңгейінде шақ түріндегі тұлғалар интеграциялық қатынасқа түседі. Олар көркем уақыт айтылымына, әңгіме айтушының көзқарасын қалыптастыруға, әңгімешінің уақыт позициясын өзгертуге, авторлық уақытты кейіпкердің жеке уақытына ауыстыруға және тағы басқаларға қатысады. Шақ түріндегі тұлғалар композициялық құрылымды күрделендіруде, уақыт позициясын көптеп тудыруда белгілі бір роль атқарады.
Г. А. Золотованың пікірінше, тұтастық ретінде мәтіннің композициясында сол тұтастықтың бірліктері (бір сөйлемнен, сондай-ақ сөйлемдер тобынан, абзацтан тұратын мәтін үзінділері, блоктар т.с.с.), яғни композитивтер елеулі роль атқарады. Регистрлік композитивтердің қосылуы мен кезектесу тәсілдері мен принциптеріне, ең алдымен, етістік-баяндауыштың шақ түрі тұлғаларының ара қатысы жатады, соның арқасында коммуникативтік мақсатына, жанр заңдарына, әдеби амалға, айтушының еркіне, оның жеке стиліне және тағы басқаларға қарай айтушының хабарға қатысты –«бірге өмір сүруі» немесе қашықтан қарауы сияқты түрлі позицияларын көруге болады.
Регистрлерді біріктіру амалдары тек көркем мәтінге ғана тән емес, олар журналистикада да, ауыз екі сөзде де қолданылады.
Автордың мәтін мен мәтіндік стратегияны ұйымдастыру тактикасын таңдауы мәтіндегі баяндауыш етістіктердің шақ түрі тұлғасын шендестіруіне қатысты. Етістіктердің шақ түр функциясы шағын жанрлы шығармаларда композицияның төрт түрін шектеуге мүмкіндік береді:
«1» – жабық композиция, етістікпен басталып, аяқталады, оқиға уақыт ағымынан тыс, бұрынғы-соңғы оқиғалардан бөлініп қалған сияқты болады;
«2» – ашық композиция, онда етістіктермен аталған ауыспалы оқиғалар бұрынғы және кейінгі уақытқа тарап кеткендей, сөйтіп оқиғаның қайталанып тұратын, үйреншікті екенін білдіреді;
«3» және «4» композициялық типтер аралас, қарқынды басталып, соңында уақыт жағынан тарап кетеді, оқыс, күтпеген әсер қалдырады.
Мысалы, қысқа ертегілерде:
Арыстан келе жатты. Қоянды көрді. Оны ұстап алып, жеп қойды. Бітті.
Бұл қысқа үзіндіде етістіктің өткен шақ формалары және есімдіктің ең маңызды функцияларының бірі – сөздердің толық мәнді лексикасы болғанда ғана өткерілетін субститут функциясы (субститут – лат. substitutus – орынбасары басқа адамды ауыстырған адам). 
Есімдіктің екінші функциясы – «Мен» және «Сен» тұлғаларын автосемантикалық белгілеу функциясы, яғни есімдіктің толық мәнді бірлік ретінде көрінуі. Есімдіктің мұндай функциясы түрлі жанрларда болуы мүмкін, бірақ әсіресе лирикалық жанрда айқын байқалады. е Мәтіндегі сөйлем. Синтаксистік деңгей бірліктері (сөйлемдер, айтылымдар, күрделі фразалық тұтастық) туралы өткен тараулар мен параграфтарда жан-жақты айтылды. Мәтіннің күшті позицияларын, яғни басы мен аяғын толтыруда, семантикалық, синтаксистік және стилистік байланыстың мәтін құрылымының доминантты семантикалық-стилистік элементтерін бірыңғай тұтас мәтін мағынасына интеграциялауда мәні ерекше. Автордың коммуникативтік-шығармашылық ниетін айқынырақ айтатын мәтіннің композициялық-сюжеттік құрылысы осындай байланысқа айналады. Оқырманның мәтіннің бастапқы және соңғы позицияларында меңгеретін білім аясының көлемі де әр қилы, егер мәтіннің басын қабылдағанда жазушының шығармашылығы туралы оның білімі бұлыңғыр болса, шығарманың соңғы жолын оқығанда ол сюжеттік эпизодтардың, көркем бейнелердің және мәтінде интеграцияланатын сөз бірліктерінің жүйелік жиынтығына қанығады. Көркем мәтін интеграциясындағы бейнелік жүйе
Көркем мәтіннің ауқымды байласымы, интеграциялық қатынастардың ролі бейнелік жүйесінің деңгейінде де танылады. 
Сөздің мәтінде ие болатын ассоциациялық мәндері жүйелік (узуальды) және контекстуальды (тосын) мәнінің арасындағы семантикалық қашықтыққа қарай өткеріледі. Үстеме (бейнелік) мән көркем шығарманың мәтінін интеграциялауға белсене қатысады. Үстеме мәнді тудыратындар:
ішкі тұлғасымен сезілетін туынды сөздер (ақшақар – ақ қар), туынды негізбен салыстырғанда айтылған нышанның әсерлілігіне ие болады;
- дыбысқа еліктеушілікте жасалған сөздер (қарқылдау, шиқылдау, сыртылдау);
- лексикалық мәні ауыспалы типті сөздер (метафоралар, метонимиялар, синекдохалар т.б.);
- жеке авторлық құрылымдар (тосын сөздер);
- сөздер үйлесімділігінің бұзылуы: жапырақ сыбырлайды, уақыт еншісі;
- тура мәнді және қалыпты дыбыс қабыршақты (оболочка) сөздер (көбіне жалқы есімдерге қатысты).
Бейнелік жүйе автордың эстетикалық - философиялық тұжырымдамасымен тікелей байланысты және жазушының өзіне тән мәнері, стилінің барынша дара компоненті болып табылады.

Мәтіннің аяқталуы. Мәтіндегі тақырып пен эпиграф


Интеграция мен аяқталу категориялары өзара байланысты және шарттас. Біз қабылдайтын «әлем суреті» үнемі қозғалыста болып, өзгеріп отырады. Автордың пікірінше, тақырып дамуымен нәтижеге жетсе, онда мәтіннің аяқталғаны.
Аяқталу ұғымы бөлімдеріне емес, тұтас мәтіннің өзіне тән. Автордың ойын түсіне алмаған оқырманға мәтін аяқталмағандай көрінуі мүмкін. Шынтуайтында мәтін аяқталған, тек автор көтерілген проблема бір мәнді шешілетіндей жетіп, піспеген. Не мазмұндық-фактуалды ақпарат немесе астарлы мәтін оқырманға қалай аяқталарын меңзеп тұр, сондықтан автор қорытынды жасаудың қажеті жоқ деп шешкен.
Түрлі типті, әсіресе көркем мәтіндерде жаңа проблеманың қойылуының өзі аяқталғандық іспетті. Әсіресе, атының өзі сұраулы: «Кім жазықты?» сияқты болса, айқын байқалады. 
Эпиграф – көркем (басқа да) мәтіннің оқырманның назарын бастапқы мәтінге аударып, ассоциациялар желісін дайындайтын компонент. Эпиграфта қос бағыт – бастапқы (эпиграф алынған) мәтін және жаңа мәтін (эпиграфтан кейін тұратын). Эпиграф пен мәтіннің арасында өзара бағытты байланыс бар: эпиграф мәтіннің терең құрылымын ашады, соңғысы эпиграфқа тереңірек үңілуге, жаңа ассоциация тудыруға, оның тезаурусы негізіндегі идеялар мен түсініктерге «жан бітіруге» ықпал етеді.
Осылайша, тақырып пен эпиграфты дұрыс түсіну интеграциялық қатынастар әрекетімен және тұтастық ретінде мәтінмен тығыз байланысты. Ол сондай-ақ контексті кең түсінумен, оқырман мен автордың жалпы білімінің пресуппозициясымен байланысты.
Мәтіннің аяқталуына эпилог пен соңғы сөз де белгілі дәрежеде әсер етеді.
Демек, тілдік бірліктердің мағыналық құрылымы олардың мәтінді интерпретациялау үдерісіне қатысуына байланысты пайымдалады.
Аяқталғандық мазмұндық-концептуалды ақпаратты аша отырып, мәтіннің дамуына шек қояды. Аяқталғандық-қорытынды эпизод немесе шығарманың фабуласы мен сюжеті дамуының соңғы кезеңін суреттеу, аяқталғандық – мәтіннің «нүктесі».
Бақылау сұрақтары: Мәтін интеграциясындағы лексикалық, морфологиялық және синтаксистік деңгейлер бірліктері. Лексикалық деңгей бірліктері. Мәтіннің аяқталуы. Мәтіндегі тақырып пен эпиграф. Мәтін линвистикасында интеграция. Интеграция мен аяқталу категориясы.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

30-дәріс:



Тақырыбы: Пәнге байланысты глассорий бойынша жұмыс.

Жоспары: Пәнге байланысты глассорий бойынша жұмыс.

Мазмұны: Мәтінді құрайтын сөйлемдерді құрылысына қарай талдау жасау.

Мәтінді құрайтын сөйлемдерді құрылысына қарай талдау. Мәтіндегі абзацтарға, күрделі синтаксистік тұтастықтарға бөліп, олардың мағыналық байланыс формаларын табу.

Лингвостилистика ұлттық көркем өдебиет тілінің даму мен қалыптасу негіздерін қарастыратын ғылым саласы. Тілдік анализ немесе тілдік талдау дегеніміз ғылыми ауқымы кең, қамтитын мазмұны терең лингвостилистикалық талдау. Лингвостилистикада әр тілдік бірліктердің тыңдаушыға әсерлілігі қарастырылады. Тіпті жай тілдік талдау дегеннің өзінде, мәселен, синтаксистік, лексика-семантикалық, морфемдік-морфологиялық және фонетика-фонологиялық деген сатыларда талданатын талдаулардың өзіне тән әдістері мен принциптері бар.

Қазақ тіл білімінде көркем шығарманың тілі жөнінде аз да болса, бұған дейін ғылымда өзіндік орны мен бағасын алған түрлі зерттеу еңбектері баршылық. Мысалы, Рабиға Сыздықтың поэтикалық мәтінге арналған Абай өлендерінің сөз өрнегі мен синтаксисі, сөздердің қолданылу тарихын баяндайтын «Сөздер сөйлейді», қазіргі қазақ прозасының тіл әлемі туралы «Сөз құдіреті»



сияқты, М. Серғалиевтің әр жылдары жарық көріп келе жатқан керкем әдебиет тіліне қатысты еңбектері және соңғы шыққан «Көркем әдебиет тілі» (Астана, 2006) атты кітабы, К. Мұхамбет, Б. Шалабайдың көркем проза тілі т.б. толып жатқан ғылыми зерттеулері мен мақалалары немесе кейбір авторлардың көркем тіл ерекшелігін талдаған пікір зерттеулері бар.

Дегенмен көркем мәтін талдауға қатысты ғылыми еңбектердің саусақпен санарлық қана дүниелер екендігі. Орыс тіл біліміне қарағанда қазақ тіл білімі мәтін проблемалары жөнінде арнайы жазылған зерттеулер тек монографиялық сипаттағы азды-көпті кітаптарды қамтиды. Мәтіндегі оқшау сөздерді, бірыңғай мүшелері мен айқындауыш мүшелерді шығарма мазмұнына қатыстылығы тұрғысынан талдау. Синтаксистік қайталаулар сияқты бірыңғай мүшелер де шығарманың көріктегіш құралдарының қатарына жатады. Бірыңғай мүшелердің құрылысы да синтаксистік қайталауға негізделген. Тұтас сөйлемдердің не олардың белгілі бір бөліктерінің құрылымдық паралельдігінен ерекшелігі—бірыңғай мүшелерде сөйлемнің белгілі бір мүшесі ғана құрылымдық жағынан қайталана жұмсалады. Оның өзі семантикасы жағынан синонимдік қатар құрайтын сөздер болып келеді де, суреттеліп отырған жайды әр түрлі жағынан жеріне жеткізе толық баяндауға қызмет етеді. Бірыңғай мүшелердің стильдік қызметі сан алуан. Олар арқылы жалпы көріністің, тұтас күйдің жеке тетіктері, іс-әрекеттің динамикасы беріледі, экспрессивті бейнелі эпитеттер жасалады. Бірыңғай мүшелердің, әсіресе басқа сөздермен күрделенген жайылма түрлерінің көріктегіш мүмкіндіктері мол. Көркем шығарманың стильдік даралығын ұйымдастырып белгілеуде тілдің құрылымдық, синтаксистік құралдарының қызметі ерекше. Сондай-ақ сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, айтылу ырғағы, керек десеңіз, тыныс белгілеріне дейін белгілі бір жүк арқалап, стильдік-көркемдік қызмет атқарып тұрады. Мәтіндегі қолданылған қаратпа, қыстырма сөздердің де алатын орны ерекше. Қаратпа сөздердің мұндай қызметі туралы Р.Әміров былай дейді: «Қаратпа сөз сөйлемнің коммуникативті талабына сай лексикалық, грамматикалық, интонациялық түр алады. Ол бірде сөзді қатал, суық, сұсты етіп көрсетуге қызмет етсе, бірде сыпайлық, эмоциялықты білдіру үшін қызмет етеді

Мәтіннің қандай түрі болмасын, оқушыға тек тіл арқылы танылады. Сондықтан мәтіннің тілін талдау, әсіресе, көркем мәтін тілін талдау — тіл зандылығын сақтаудың, тілді байытудың, тіл мәдениетін жетілдірудің тетігі болмақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет