ҚОРЫТЫНДЫ
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қазақ тілінің тарихында өзіндік орны бар жер-су атауларының ең көп сақталған, әрі тілдік қабаттары көп өзгеріске түспей жеткен жері – М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының тілі.
Жер-су атауының лексикалық мағынасы негізінде сөздің ішкі мағыналық құрылымы жатады, жаңа мағына соның негізінде жасалады. Жер-су атауларын уәжділік теориясымен жаңаша шешу – ғылыми жаңалық болып саналады. Мәселе тілдің түрлі заңдылықтармен ұштастыра отырып қарастырылды, жүйелеп көрсетілді. Жер-су атауын мағыналық және құрылымдық тұтастықта қалыптасқан күрделі лексикалық бірлік ретінде қарады, оған аталым теориясы тұрғысынан келді, сөзжасамның аталым үшін қызмет ететін тіл білімінің бір саласы екені – жұмыстың негізгі ерекшелігі болып саналды. Зерттеудің нәтижелері сөзжасам саласының өзіндік теорияларын нақтылауға, анықтауға қызмет етеді және лексикология, семасиология, ономасиалогия, лексикография т.б. салаларын қажет етеді. Жұмысында қазақ тілдері жер-су атауларының қалыптасуындағы лингвистикалық табиғаты айқындалып, аталым когнитивті теориясы тұрғысынан сараланып, оның аталым үдерісіндегі қызмет көрсетілді. Жер-су аталымдары біртұтас лексикалық бірліктер екені танылды.
Қоршаған ортаны танып білудегі ұлттық ерекшелік, дүниетаным, мәдениет аталым жасауда міндетті бөлшектердің бірі саналады. Адамның ментальді табиғаты, оның ішкі ойлау тетіктері (түйсіктері) когнитивті ғылымның нысаны десек, бұл құбылыс жер-су атауларынан анық көрінеді. Абай жолындағы жер-су атауларында халықтың дүниетанымы анық көрініс тапқан.
Қазіргі Абай ауданының тарихи жерлері деп аталатын Абай Құнанбайұлынан да өзге тарихи тұлғалар: Ботантай батыр, Шерубай батыр, Бай тамы (Игілік би мазары), Байдәулет тауы, Жалайыр бейіті деген тарихи жер атаулары да бар екені ғылымда белгілі, оны зерттеген ғалым да бар. 2012 жылы Абай қаласында өткен «Ел тарихы – жер тарихы» атты облыстық семинар өткізіп, бір ауданның микротопонимикасын ғылыми-тілдік тұрғыдан зерттеген филология ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Жартыбаевтың «Абай ауданының топонимикасы» (жер-су атаулары) зерттеу кітабының тұсаукесері болып, семинар жұмысында өңірдің жер-су, елді мекен атаулары арнайы сөз етіліп, тарихи-лингвистикалық, этимологиялық (атаулардың шығу төркіні), этно-мәдени негіздері жүйелі, әрі тілдік тұрғыда талқыланған.
Қорыта айтқанда, жазушы тілінде қоданылған қазіргі әдеби тіл нормасымен барлық уақытта сәйкес бола бермейтін жер-су атауларының тұлғалары мен мағыналары күңгірт немесе суреттелген мәнде ұғынылатын (тура мағынасында емес) тарихи-этимологиялық жақтан іздеп кеткенде бір ұштығы көне жазбалар тілі мен туыстас түркі тіліндегі тұлғалардан табылатын қолданыстарға, яғни ұлттық әдеби тілімізге жат емес, халықтық тілдік қара қазанынан қайнап шығып, проза ділімен өрнек тапқан өз жәдігерліктеріміз деп қарастырамыз. Ал мұндай аталымдардағы сөз жәдігерліктерін зерттеу ұлттық әдеби тіл мен халықтық тілдің қарым-қатынасы айқындауға, тілдің қолданыс дәрежесін анықтауда, әлі күнге дейін арнайы зерттелмеген, бірақ зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі – қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі Қазақстан жерін мекендеген ру-тайпалардың тілінде және олардың өзара қарым-қатынасында кездесетін атаулардың қолданылғанын анықтап, зерттеуге мүмкіндік береді.
Тарихымыздағы бірнеше атаулардың мәнін терең зерттей келе, тіліміздің даму тарихын, халық тіршілігінің ежелгі көрінісіндей етіп сақтайтын атаулар тарихы түрлі салаларда әлі талай-талай зерттеу нысаны болады деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |