Неолиттік тұрақтар. Қазақстанның оңтүстігінде неолит дәуіріндегі тайпалар мен топтардың өмір сүргенін дәлелдейтін ескерткіштер бар. Сондай ескерткіштердің бірі-Арал өңіріндегі Сексеуіл тұрағы. Сексеуіл тұрағы кіші-гірім төбешіктің үстінде орналасқан. Тұрақтан онша алыс емес жерде жер бетіне шығып жатқан кварциттің, опалдың, халцедонның бай кендері бар. Ежелгі адамдар осы тастардың барлығын құралдар дайындауға пайдаланған. Сондай-ақ, ыдыс жасайтын балшық та тұрақ маңынан алынған. Қазба жұмысы кезінде тұрақтан кварциттен жасалған көптеген жебе ұштары табылды. Олардың сүйір жағы тегіс егеліп, өте мұқият істелінген. Сонымен қатар ағаш немесе сүйек сапты көптеген тас құралдар мен керамикалық ыдыстар табылды. Тұрақтан жиналып алынған сүйектердің 80%-і үй жануарлары-сиыр мен қойдікі. Қалғандары жабайы жылқынікі.Бұдан мынандай қорытынды шғады: Сексеуіл тұрағының тұрғындары негізінен аңшылар мен малшылар болған. Олар тастан өздеріне еңбек құралдарын, қарулар, әр түрлі өрнек салынған қыш ыдыстар жасаған және отқа тамақ пісірген.Қараторғай өзенінің алабынан неолит дәуіріне жататын бірнеше ескерткіштер табылды. Олар-негізінен аңшылардың тұрақтары.Солтүстік-шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. Қостанай облысындағы Ботай тұрағынан табылған жертөлені қазып зерттегенде жабайы жылқының көптеген сүйектері табылды. Кейбір сүйектер жылқылардың біразы қолға үйретілгендігін көрсетеді. Сонымен, Қазақстанның далалық аудандарында жылқыны қолға үйрету ісі басталған.Қазақстанның әр түрлі аймағындағы неолиттік тұрақтардан табылып, зерттелген тас құралдар, керамикалар қазақстандық аңшылар мен балықшылардың Орта Азия, Батыс Сібір тайпаларымен қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді.