ҚАЗАҚ АЙТСА ҚАЛТ АЙТПАЙДЫ
Қозы жасы
Қазақ ұлы оннан асысымен қозы жасы атайды. Бұл шақта баланың міндеті, істейтіні – қозы бағу. Бұл – еңбекке баулудың қазақша бастауыш сыныбы іспетті.
Өйткені қазақ балаға жастайынан қатал қараған, баули білген. Кей халықтың қозы жасындағылары сары далада сарылып қозы бақпақ тұрғай, жеңіл- желпі киініп есік алдына шықса, ауырып қалады.
Алматының кейбір биік үйінен басқаны көрмеген, он жасты қойып, жиырмадағы баласы ауылға келгенде отын бұтай алмай тыраңдап жатқанына талай куә болғанбыз.
Қой жасы
Қозы жасындағы бала он беске – отау иесі делінетін жасқа келісімен, бастауышты бітіріп, жоғары сыныпқа көшкен оқушыдай кәсібін ауыстырады. Қозыдан қой бағуға шығады.
Ал сиыр мен түйеге ие болу – кәрі құртаңның сыбағасы. Қазақтың ертедегі ең көп ұстаған малы – жылқы мен қой, онан соң түйе.
Он бес пен жиырма бестің арасын қой жасы дейтіні – қойды ит- құсқа жегізбей, жоғалтпай бағу. Жауын-шашында, боранда аман сақтау, күн шыққаннан қас қарайғанша жалықпай жайып, кең далада жападан-жалғыз жүру осы жастардағы аз адамның ғана қолынан келеді.
Жылқы жасы
Қай халықта болмасын жиырма бес жас – белің бекіп, қабырғаң қатқан, кемел кез. Жаулары жылқысын айдап, қызын алып қашатын ертедегі қазақтың ең үлкен ауыртпалығы мен ең жақсы рахаты да жылқысы болған.
Ат құлағы көрінбейтін боранда тұмсығында оқтаудай мұз қатқан атпен бірнеше күн жүріп, жылқыға ие болу, ұтылып тосатын, ұлып соңынан қалмайтын қалың қасқырға жегізбей, екі күннің бірінде тебініп, сырттай торыған жауға бермеу жиырма бес пен қырықтың арасындағылардың ғана қолынан келеді.
Патша жасы
Қазақта патша болыпты дегенді естімедік. Кейбір патшаға бергісіз хандардың болғанын екінің бірі, егіздің сыңары біледі.
Жалпы, Шығыс мұсылмандары жасы толса да, ақылы қалыптаспады деп, қырыққа келмегенді қолдарынан келмеген жағдайда патша қойғызбаған. Мөлшері қырықты патша жасы дегенді біз солардан үйренсек керек. Әсілі, қазақтар қырықты – қынаптан шыққан қылыштай деп ардақтайды. Бұл жасқа келгендердің бірқатары атқа мініп, ел басқарады, ақылдылары хан, төре, сұлтан, аға сұлтан деген мансапқа ие болған. Өнерімен, батырлығымен танылады.
ҚАЗАҚТЫҢ ТЫЙЫМДАРЫ МЕН ЫРЫМДАРЫ
Тыйымдар:
Басты шайқауға, тісті қайрауға болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді. Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру– жаманшылық (өлім-жітім) шақырудың белгісі.
Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адамның алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды. Бұл қылықтардың бәрі де әдепсіздік болып саналады.
Құран оқығанда күлуге болмайды. Құранды жерге тастауға болмайды. Өйткені ол киелі нәрсе.
Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
Кемтар адамға күлуге болмайды. Кемтар адамға күлсең, өз басыңа келеді.
Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.
Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.
Ырымдар:
Үйге кіріп келе жатқан қонақ оқыстан сүрініп кетсе, үй иесі марқаяды және төрінен сыйлы орын ұсынады. Үйге аяқ астынан байлық толады, бақ қонады, үй сәулетті тігіліп, қонақ абыройының басы деп ырымдалады.
Қыдырып келген жас баланы үйден құр қол шығармайды. Үйде оттай ыстық ықыласы қалсын деп ырымдаған.
Адам құлағы шулағанда жанындағы кісі дәл тапса, оны біреудің мақтағаны, ал таба алмаса, жамандағаны болып шығады.
Мақтап жүретін адам тамақ үстіне келеді, ал жамандап жүретін адам дастархан жиналғанда келеді деп санайды.
Үйге кешке немесе түнде «Кеш жарық» деп кіру керек.
Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкірсе, оның айтқаны шын деп сенеді.
Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.
Мысыққа тамақты «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ, ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ
Той малы
Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел салт-дәстүрі бойынша сән-салтанатымен, жөн-жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.
Дәмету
«Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі).
Дәметудің әр түрі бар Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата-енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе, оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм-тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.
Қалың мал
«Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат-тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң)», «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», « отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі-тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.
Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама-шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).
Күйеуаяқ
Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата-енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.
Түйемұрындық
Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.
Қыз қашар
«Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді» (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.
Құйрық-бауыр
«Құйрық-бауыр» (салт). «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт-дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп, құда болған жағдайда оларға «құйрық-бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.
Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет-ғұрыптар әдетте әзіл-қалжыңсыз, ойын- сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай-ақ осы «Құйрық-бауыр» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әбілмәжінұлының құдалығында «құйрық-бауыр» ұсынғанда Қанапияқызы Орынбасар құдағи осы қазақы салттың ажарын мынадай өлеңмен өрнектей түсті. Осы құдаларға қарап, былай деп әндетті:
Құда, құда дейсің-ау, әй,
Құйрық-бауыр жейсің-ау, әй,
Құйрық-бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің-ау, әй.
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда,
Құйрық-бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда.
Үлкен құда ардақты-ай,
Кіші құда салмақты-ай,
Құйрық-бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты-ай.
Үлкен құда әнекей-ау
Кіші құда мінекей-ау.
Құйрық-бауыр асаттым,
Кәделерің кәнекей-ау!
Әр елде, әр ауылда әр салт-дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән-жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.
Балдыз қалың
Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.
Күйеу киімі
Күйеу киімі (салт). «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Жаңағы күйеу міндетті түрде «күйеу киімін» киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас қыз-келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді немесе сөзге, күлкіге ұшырайды. Сол бетімен қыз-келіншектердің ортасына түскен күйеу небір азапты әзіл-қалжыңға төзеді. Оның мінген атын «күйеу атымен күл тасы» дегендей ауыл балалары мініп алып қызыққа бөленеді. Бұл да ауыл салты.
Қынаменде
«Қынаменде» (дәстүр). «Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?» (Абай). Бұл да ұлттық ғұрпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.
Күйеудің бұл жолы әр жерде әртүрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер «қалыңдық ойнау» дейді, кей жерде «ұрын келу» дейді. «Бір күні күйеу байғұс ұрын келді, Қисайтып жаман бөркін қырын келді» (Н.Ахметбеков).
Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді. Мұны « есік көру» көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп танысып,білісіп, тілдесіп көңілін демдейді.
Әрине «ұрын келудің» де кәде-жоралары аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты.
«Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады.
Құда түскенмен, келісім жасалғанмен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс-туғандары (аға-інілері) қазақ әдет ғұрпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже-қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді.
Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жабар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, бақан салар, күйеу аттандырар, т.б.
Өңір салу
Өңір салу (дәстүр). Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәйбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.
Келін түскен үй бұларды күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан (мата деген сөз) алады. Бұл да өңір (Ахмет Жүнісұлы).
Өңір салу жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Мұны соңғы кездерде үлкен адамдардың өзі естен шығарып бара жатқаны өкінішті-ақ.
Шаңырақ көтеру
Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт-дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «....қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадірі, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айрылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен кішісі, еркек әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.
Шаңырақ түйе
«Шаңырақ түйе» (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса оны көрген жұрт « пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген. Ертедегі салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.
Итаяғына салу
Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина, күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз-мейрам болып тарасады.
Қапқа салар
Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол-жоралғыларымен яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый-сияпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер-тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой-беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.
Ау жар
Ау жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел-жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жырлай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар-жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау жар», біресе «ай ау», біресе, «бике ау», біресе «үкі ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:
Буынғаным беліме кісен бе еді, ау жар- ау,
Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау жар- ау,
Әкең барып, шешеңді ап келмесе, ау жар- ау,
Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау жар- ау!
Мінген де атың боз ғана, бике-ау,
Күйеуің сенің боз бала, бике-ау.
Өксігің сенің басылмас, бике-ау,
Әлдилеп бала сүйгенше, бике-ау.
Мінген де атым жиренше, үкі-ау,
Тықыршып тұрар мінгенше, үкі-ау,
Қыз көңілі басылмас, үкі-ау,
Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі-ау!
Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа ай-ау,
Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа ай-ау,
Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай-ау,
Көзінің жасын қойнына, төксін апам, ай-ау!
Бұл жырдың бәрінде де әдеп, өнеге, тәлім тәрбие, халықтық салт сана мектебінің тамаша үлгісі жатыр.
Сыңсу
Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп, ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді.
Базардан келген құйысқан
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан –деп, өзінің өтінішін де айта жүреді.
Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.
Үй көрсету
Үй көрсету (дәстүр). Жаңа түскен келінді туыс-туған, көрші-көлем, ілік- жекжаттар «үй көрсетуге» (шығыс жақ «отқа шақыру» дейді») яғни есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде-жорасымен барады. Мұны « ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне (үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. Мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез-құлқын, жүріс-тұрысын яғни әдеп, тәртібін байқап, сынап отыратыны да бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.
Қоштасу
Қоштасу (салт). Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата- анасымен, аға-інісімен, сіңлісі, жақын-жуықтарымен қоштасу жырын айтады.
Әуеден ұшқан бұлдырық,
Құбыладан соққан ызғырық.
Жатқа кетіп барамын
Жаратқан соң қыз қылып,
Атасы жақсы құл болмас,
Анасы жақсы күң болмас.
Оң жақтан кетіп барамын.
Қыз еркелеп ұл болмас, -деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:
Жанымдағы қыным-ау,
Сіңлілер мен інім-ау.
Жыл айналып келгенше,
Қош аман бол, күнім-ау, - деп бауырларымен қоштасады. Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды.
Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әншілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс-салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:
Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Ұл болып тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма?- деп, оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді.
Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын-туыстық қимас сезім, алдағы арман бәрі-бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.
Қыз ұзату
«Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата-ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата- ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны әрине қимастық көңілі.
Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын-сауық, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады.
Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар-жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады.
Сәукеле кигізу
Сәукеле кигізу (салт). «Қара мақпал сәукеле, шашың басар жар-жар-ау» (жар-жар). Өмірде қазақ салт-дәстүрлерінің түрлері көп. Соның ішінде қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бір бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат. Бұған құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын-сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқандай әсер етеді.
Сәукеле туралы бірер сөз. Сәукеле келіншек киімі. Ол бас киім ғана емес қазақ сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениеі мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі лағыл, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс!
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған.
Отау көтеру
Отау көтеру (салт). «Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Кесе аяқтан бастап үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастарқан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға,сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.
Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс-тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.
Атбайлар
Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.
Аушадияр
Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жасағыр жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған. Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады.
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер...
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.
Есікашар
Есікашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни, есік аша келуі дейді. Демек, бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел-жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде-жорасымен, әдет-салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын-мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады.
Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен-кіші бір жасап қалады.
Жасау
Жасау (салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әсем әшекейлі лағылдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.
Жігіт түйе
«Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер-тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.
Сүт ақы
Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.
Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.
Өлі-тірі
«Өлі-тірі» (дәстүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі-тірі» яғни кәделі мал жылқы жіберіледі. «Өлі-тірі» деген «өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызы жол жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі-тірі өткен соң өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.
Жолдық
Жолдық (дәстүр). «Қайным, жолдығымды ұмытпа, толымды болсын»-, деді жеңгесі Қаным күле сөйлеп (ел аузынан). Алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп өздеріне төсек салып алаңсыз, жайлы жатуына жағдай жасайтын әйел әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен бірге, әзіл-қалжыңын араластыра жүріп, алғашқы төсек ләззатының жөн-жосығын, әдет-ғұрпын түсіндіреді. Ертеңіне келіннің пәктігіне де осы жеңге куәлік береді. Мұндай сәт әдепті, үлгілі, үлкен-кіші бірдей сыйлайтын, бала-шағалы келіндерге ғана тапсырылады. Бұл күн жұптық, некелік өмірдің ұмытылмас сәттерінің бірі.
Сондықтан бұл түнді көңілді әрі жайлы өткізудің орны мүлде бөлек. Бұл күтіп, қайнысының жылы төсектен тұрған сәтін күтіп тұрып, «ерініңді жібіттім, қойыныңды жылыттым, енді жолдығымды бер» деп назданады. Жөн білетін қайнысы жеңгесі риза болатындай «жолдығын» беріп, ерлі-зайыптының алғашқы таңын күліп қарсы алады.
«Жолдықтың» жолы бөлек. Сондықтан оған аталатын кәде де толымды әрі бағалы болады.
Беташар
Беташар (дәстүр). «Уә, әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар «көрімдік» береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Анау-мынау демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз, - деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі.
Қыз көші
Қыз көші (салт). Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілермен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп, ән-күймен ереді. Былайша айтқанда көште ерекше салтанатты жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атайды. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып, «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады.
Жарысқазан
Жарысқазан (ырым). Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.
Жар - жар
Жар - жар (ғұрып). Ұзатылған қыз тойында қыз жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындықтан «Жар-жар» қызықты болып естіледі.
Келін түсіру
Келін түсіру (салт). Біздің халқымыз үшін де дүниедегі қызық пен қуаныштың ең бастысы осы келін түсіру. Бұған бүкіл ауыл болып атсалысады, бірге қуанады, бірге тойлайды, намысы бір қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген бар. Ал келін түсірудің өзі де, «боладысы» да қызық.
Қазақ салты бойынша келінді ауылға көлікпен әкелмейді. Бір қырдың астына жеңгесімен бірге түсіріп кетеді. Ауылдың қыз-келіншектері жас келіннің алдынан шығып, ешкімге көрсетпей шымылдық ішіне кіргізіп әкеледі. Ақ босағаны оң аяқпен аттайды. Шашу шашылады. Құтты болсын айтылады. Келінді шешесі, жеңгесі, сіңлілері ертіп әкеледі. Қуаныш, ырду, дырду, ойын-сауық басталады. Шымылдық жиналған сәтте салтанатпен «Беташар» басталады.
Сүйінші
Қуанышты хабар жеткізуші адам «сүйінші-сүйінші» деп келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі «қалағаныңды ал» дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін алудың да ешқандай сөкеттігі жоқ.
Сәлемдеме
Сәлемдеме (дәстүр) – адамдардың бір-біріне деген сыйластығының, құрмет тұтуының айқын белгісі. Олар көптен көрмей сағынысқан адамдардың бір-біріне жіберген қымбат бұйымы, асыл заты немесе жеңсік тамағы, қысқы сыбағасы. Оның қымбат бағалы болуы шарт емес. Сәлемдеме келген адам жіберген адамға ақ батасын, шын ризалығын білдіріп, қатты қуанады.
Көрімдік
Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы алып,беруде ғана емес жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады. Байғазы мен көрімдік екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.
Базарлық
Алыс сапарға саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.
Достарыңызбен бөлісу: |