99
«Иегі ителгінің тамағындай» деп қызықтырған, асықтырған қалыңдық?
Ділдә!.. Мұның жары! Не боп барады!.. Көңілдегі қандайлық күнәсіз дүние
кірленіп, жүдеп, нәрсіз боп барады... «Жар! деген ат та соншалық жазықсыз
қалпынан, хасиетті орнынан осындай боп қор болады екен!» деп ойлады. Абай
өзі үшін де, Ділдә үшін де наразы боп кетті, наразы ғана емес, ашулы еді.
Парақорлық - кітап айтатын күнәнің үлкені... Парақорлық бұрынғы
Кеңгірбай сияқты атақты бидің де сүйегіне басылған таңба еді. Өшпес міні,
кешпес сұмдығы сол болатын. Ол, әсіресе, қысылған жандардан, жазықсыз
жұрттан түсетін жем.
Көпшілікке айтқызсаң, Барлас, Шөжелерге айтқызсаң - ол ең бір
кешірілмейтін күнә... Абырой, атақ әперіп отырған «құдай үйінің» өзі де
көптен-көп осындай малдан салынбады ма екен?..
Парадан жиылып та мешіт боп қалқиып тұрады екен. «Арамнан
салындым» деп қаусап қалмайды. Оның ішінде де кұдай аты аталып, пайғамбар
атынан «құтпа», «уағыз» сөйленеді. Сәлделі имам көзін сүзіп, «тәбәрәкті»
созып, «Бұқар мақамын күңірентеді екен. Жақсы көрдім деген баланың, жақсы
тілеумен айттырдым деген келіннің ақ тілеуі, ақ күмбезі де жем-парадан үзік
жамылып, жем-парадан шымылдық тігіледі екен».
Осы күні кешке Қарашоқыға жеткенмен Абай әке қасында, Күнкенің
аулында қалған жоқ. Қасына Жұмағұлды ертіп ап, Жидебайға қарай асыға
жөнеліп, жол бойы ылғи шауып, жортып отырды.
Терезе түбінен қатты жүрген аттылар етіп, ауыл иті шабаланып үріп қоя
берген уақытта үйдегі шешелер ояу еді. Кешкі астарын ішкен де жоқ екен.
Бойы ұзарып, ірілеп қалған, беті тотыққан бала жігіт сәлем беріп кіріп
келді. Байсалды бір үлкен жолаушыдай боп, қалың киім киген. Салмақпен
басады. Осындай тұтқиылдан Абай кеп кіргенде Жидебайдағы үлкен үйдің іші
қатты қуанып, шу етіп:
- Абай!..
- Абайжан!..
- Қарағым!..
- Қоңыр қозым!.. Абайжан! - деп дабырлай сөйлеп, ерекше шат боп қарсы
алды.
Үй іші тегіс аман-сау!.. Әжесі мен шешесі күйлі!.. Екеуі Абайды кезек-
кезек сүйіп жатыр. Оспан да ұйқтамапты. Айғайлап қуанып кетіп, секіріп-
секіріп түсті. Өзін-өзі санға шапалақтап, ойнақтап жүр.
- Әпкел, базарлығыңды әкел!.. Тәттің кәні?.. Берсеңші шапшаң? - деп
Абайды шешелерімен де, Ғабитхан, Тәкежандармен де амандастырмай
асықтырып жатыр. Қойнын тінтіп, қалталарына қол жүгіртіп, қайта-қайта:
- Әпкел!.. Бол енді! - деп дегбірсізденіп қояды. Осыдан үш-төрт күн
өткенге шейін Абай үйде болды.
Ешқайда қыдырған жоқ. Әсіресе, әке қасына барған жоқ. «Қарашоқыда
қалың жиын бар екен. Күнкенің аулын қонақ басып жатыр екен. Мырзаға сәлем
бере, амандаса барған ел ұшан-теңіз екен» дескен хабарлар Жидебайға күн
сайын келіп жатты. Бұл ауылдан Құнанбай қасына кеткен Тәкежан ғана
болатын.
100
Ол Абай келген күннің ертеңінде Жұмағұлдан олжа жылқылардың жайын
есітіп:
- Ылғи сәйгүлік аттар дейді. Бар жақсысын тағы да Құдайберді таңдап,
меншіктеп қояды, - деп Күнкеден туған ағасы Құдайбердіден жақсы аттарды
қызғанып, - таңдаулысын алам! Алып келем!.. Осы жолы ма?.. Көрерақпын! -
деп, асыға жөнеліп еді. Сол кеткеннен әлі қайтқан жоқ.
Абай бұл күндерде екі шешесі мен Ғабитханға Қарқаралыда көргендерін,
сезгенін көп-көп әңгіме қып айтып жүрді. Кейде мұның әңгімесін тоқал шешесі
сұлу Айғыз кеп тыңдайды.
Бөжеймен болған татулықты да айтты. Бірақ бала беру жайын білдірген
жоқ. Ол өз ішінде жатқан ауыр күдіктің, Абай мынау аналардың қуанышпен
қарсы алған күндерін мұңайтқысы келмеді. Бұл аналар әкеменен не деседі?
Оны көрер, әзірше Абай аузынан естігенде ең алғаш сезері, айтары - ашу, күйік
болуға мүмкін. Ондайды мезгілінен бұрын шығарып Абай қайтеді? Ендеше
қинамай тұра тұру қажет.
Абай Жидебайға келетін күні осы жайды ойлап ап, жанындағы Жұмағұлға
да: «Бұл ауылға айтпай-ақ тұра тұр» деп тапсырған.
Осымен төрт-бес күн өткен шамада: «Бөжей де келіпті» деген хабар жетті.
Құнанбай сол қарсаңда Жидебайдағы үйіне Қарабасты жіберген екен. Сол
Зере мен Ұлжанға кеп:
- Мырза сәлем айтты, ертең көп кісімен осында келеді. Және Бөжеймен бас
қосып табысатын осы үй, осы үйдің қара шаңырағы бопты. Мұнда Бөжей,
Байсалдар да келеді. Осыған қам істеп, күтіп алсын деп тапсырды! - деді.
Ұлжан ол хабарға сасқан жоқ. Айғыз екеуі екі күндей қам істеді. Үлкен-
үлкен теңдерді шешіп, қымбат кілем, әсем тұскиіз, алаша, көрпелерді алып,
Зере отырған үлкен үйді де, қонақ үйді де, Айғыз үйін де жақсы жасап қойысты.
Астау-астау бауырсақ пісіріп, қой үйтіп, құрт ездіріп, астарын да ықшамдады.
Бірнеше қарындағы сары майдың ішінен тұзы дәл, дәмі жақсы, түсі асыл майды
таңдап ап, сондай қарынды әдейі арнап бұздырды.
Келесі күні айтқанындай Құнанбай, Бөжейлер бар нөкерлерімен тұтас кеп,
ошарылып қалды.
Бөжей үлкен үйге кіргенде, Зере орнынан тұрып, қарсы барып бетінен
сүйіп жылады да:
- Қарағым, бауырың суып, қатыбас боп кетпедің бе? Балам сен едің де,
анаң мен емес пе ем?.. - деді.
- Алда жарықтық-ай!..
- Алда бақыр анамыз-ай!.. - десіп, Байдалы, Сүйіндік сияқты Бөжейге ере
келген кісілер де босаңсып еді.
Бөжей де шынымен шіміркенді. Зерені құшақтап, қысып тұрып, қатты
күрсіңді де, қолымен ақырын ишарат қып орнына отырғызды. Өзі де Зеренің
қасына отырып қалды.
Аздан соң үндемей отырып, басын изеп, осы үйдегі балаларды көрді. Абай
әжесінің төменгі жағыңда отыр еді. Бөжей ең алдымен соны шақырып ап,
бетінен иіскеп, содан кейін Оспан, Смағұлды да беттерінен сүйді. Зере мінезіне
орай етіп істеген туысқандық жауабы.
101
Бөжей шынында бұл үйді бөлек бағалайтын. Құңанбайдың ғана үйі емес
осы бір атаның ортақ үйі және жалпыға мейірбан, момын, адал үй деп санаушы
еді.
Бөжейлер жайласып отырғаннан кейін осы бөлмеге Құнанбай да кеп кірді.
Қасында Қаратай, Майбасар, Құлыншақ сияқты нөкерлері көп екен.
Абай Бөжей мен өз әкесінің беттесіп отырған пішінін көруден ұялғандай.
Өзінен өзі именіп төмен қарады. Үлкендерге орын босату керек. Соны сылтау
қып, бұл үйден шығып кетті.
Осымен бұл кеште де, ертең таңертеңгі аста да әкелерінің үстіне кірген жоқ.
Жай сырттан, шешесінен сұрастырғанда, Бөжей мен Құнанбай көп үндеспей,
шешіліспей, сыпайы ғана сыйласты дегенді есітті.
Ертеңінде Бөжейлер жүрер кезде Абайдың Қарқаралыда естіген жат сөзінің
шешуі жетті.
Өз үйінде жер бауырлап жылап, Айғыз жатыр екен. Қарабас мұның
қолынан Кәмшатты алып, шарт киіндіріп, үлкен үйге апарыпты. Екі көзі
қарақаттай жайнаған, аппақ Кәмшат, мұндағы барлық үлкендерге:
- Аға, ата! Ата... аға!. - деп, кішкентай нәзік саусақтарын созып, жалт-жалт
қарайды.
Мұның әлдеқандай жалынышты түрін көруге шыдамай Ұлжан шығып
кетті. Үнсіз жылап, бүктүсіп Зере қалды. Үлкендердің арасынан аяз лебін
сезгендей боп Абай да атқып шығып кетті.
Құнанбай босаңсығаң пішіндердің барлығына жалғыз көзін оқтай қадап,
атып жібергендей қарайды. Қарқаралыдағы байлау бойынша, мұның Айғыз
қолынан тартып алып беріп отырған баласы осы.
Үй ішінде түк өзгеріс сезбеген, бұрынғысынша былдырлаған Кәмшат,
тысқа қарай бір бөтен, үлкен кісі ала жөнелгенде ғана шошынып еді.
- Апа!.. Апа!.. Әже!.. - деп, шырылдап қоя берген.
Кішкентай жүрегін қорқыныш қысып, зар қаққан бала дәл бір от басып
алғандай шыр-шыр етеді.
Осы зарлаған үні Бөжейлер аттанып ұзап кеткенше басылмады, алыстаған
сайын, отқа өртеніп, не суға жұтылып бара жатқан жанның зарындай боп,
ызың-ызың естіліп тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |