Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет45/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
91 
Ұзақ намаздың артынан түнгі асқа қарай шабыттанып қозғалған жұрт Абай 
келгенше тегіс орналасып қалған тәрізді. 
Қора ішінде күтушілер, аспазшылар болмаса, өзге жүргіншілер жоқ. Бірақ 
қақпаның іші-сырты толған ерттеулі ат екен. Түнгі аязбен үстері қылауланып, 
шаңытып тұр. Әдемі шана мен қамыт-саймандары сықырлай түсіп, жегулі дара 
аттар, пар-пар аттар да көрінеді. Ылғи жақсы жеңіл шаналар... Бұл қала 
байларының аттары болу керек. Сеңсең тондарына оранып, шана ішінде қалғып 
отырған бірен-саран көшірлер де байқалады. 
Үлкен ағаш үйдің қораға шығатын кең есігіне қарсы кішілеу асүй бар еді. 
Соның есігі дамыл таппай ашылып-жабылып жатыр екен. Табақ-табақ ыстық 
асты жаңағы Майбасар пәтеріндегі жігіттер жүгіре басып тасып жүр. Асүй мен 
қонақүйдің арасында Майбасар, Жақып та қарбаласады. Үй ішінен, қонақ 
қасынан бұларға да орын тимеген екен. 
Барлық ас жақты басқарып жүрген Ызғұтты. 
Ол: 
- Былай... Бас аяғыңды!.. Әпкел! Бол... Бол шапшаң! - деп, Майбасар, 
Жақыптарға да шолақ-шолақ бұйрықтар береді. Жеңіл мешпет ішік киіп, 
білегін сыбаныңқырап алған Ызғұтты аңшыдай шапшаң, ықшам. Құнанбайдың 
бүгінгі қонағынан аяған жаны жоқ сияқты. 
Абай үлкен үйге кіретін есікке тақай бергенде, қарсы алдынан Қазақпай 
жүгіре шықты. Асүйге қарай ұшып барады екен. Оған жол беріп, енді кіре 
берейін деп еді, арт жағынан: 
- Былай, былай тұр!.. - деген Ызғұттының қатты буйрығы естілді. 
Екі қолдарына екі-екі үлкен жасаулы табақтан алып, Бурахан, Төлепберді, 
Жұмағұл, Қарабастар келеді екен. Абай тағы тоқтап жол берді. Дәл қасынан 
буы аспанға шығып, табақ-табақ ет өтіп жатыр. Ылғи бір түрілген қазы, 
төңкерілген жас құйрық, сары алтындай балқыған жал, желін майлар... Әрбір 
екі табақтын бірінде, әлгінің үстіне бір-бір қоңыр бас орнапты. Бұларды кіргізіп 
жіберіп, Абай енді үйге қарай қозғалайын деп еді, үй ішінен тағы бір нәрсемен 
қарбаласып, Қаратай шығып келеді екен. Ол Абайды, тіпті, қағып кете жаздады. 
- Өй, тұздықтарың... қайда?.. Жеке қоятындарың қайда?.. - деп келеді екен. 
- Бар! Бар тұздық! Әне! Міне келеді! - деп, Ызғұтты Қаратайды қайта 
қайырды. Абайды бұл екеуінің есік алдындағы қарбаласы тағы кіргізбеді. 
Бағанадан бері кірген-шыққанға есік ашушы сияқты боп тұрғанына Абай 
ыза болып, енді Ызғұттыны ығыстырыңқырап үйге кірді. Бірақ кіре-бере 
Ызғұттының шынтағын қағып калып еді. Бұған сырт қарап тұрған Ызғұтты 
жаңағы тұздықты бөліп құйып тұр екен. Қозғалып кетіп, тұздығының біразын 
жерге төгіп алып: 
- Өй, тәңір алғыр!.. Бұл кім өзі?.. - деп ашумен сырт айнала беріп, Абайды 
көрді де: 
- Өй, Абай, сенбісің?.. Ай, шырағым-ай, бір тыныш жерде отырсаң етті!.. 
Бұл қарбаласта не бар еді саған?.. - деді. 
Абайдың мұнда келгенін жалғыз Ызығұтты емес, өзгелер де онша мақұл 
көрмеген сияқты. Бұны қорғайтын қабақ байқалмады. 


 
92 
Жалғыз-ақ бір тәуірі бөтеннен ешкім жоқ екен. Бұл үй тегі кісі отыратын 
үй де емес, дала сияқты еді. Бөлменің едені мен іргесі толған, жапырлап 
тізілген кебіс, калош, саптамалар екен. 
Осы кіреберіс бөлмеден төрге қарай және оң жақ, сол жаққа қарай бірнеше 
бөлме бар еді. Дәл оң жақтағысы Құнанбай жататын үлкен бөлме... Сол үй 
жақтаң зор дауыспен көңілдене сөйлеп отырған Алшынбай, Майыр үндері 
келеді... Тұтаскан қатты күлкі де естіліп қояды. Кеңінен кесіліп, күлдіргі сөздер 
айтып отырған Алшынбай сияқты. Төрдегі бөлмелер екеу еді. Онда да жағалай 
тізіліп, малдас құрып, сығылыса отырған қонақтар екен. Бұндағы қонақтың көбі 
каланың татар саудагерлері, қазақ байлары және тап ортада жаңа мешіт имамы 
Хасен молла көрінді. Бұл бөлме әлгідей емес, ақырын сөйлеп, аз күледі. Ылғи 
бір бой тежеп сыпайылық бағып отырған ауыр кісілер тәрізді. Сол жақтағы 
бөлмеде Бошан, Қарашор руларының жуан-жуан атқамінерлері мен бірнеше 
төрелері бар екен. Ол бөлме де даурығып сөйлегіш, бірін-бірі мысқылдағыш, 
күлегеш, қызу бөлменің бірі көрінді. 
Абай қонақүйлердің есік-есігінен бір-бір қарағаны болмаса, ешқайсысына 
кірген жоқ. 
Бір есептен, осы аралық бөлмеде қалып, жан-жағының бәріндегі 
өзгешеліктерді ести тұрудың өзі жақсы. Тек ашуланшақ Ызғұтты тағы 
қақпайламаса болғаны. 
Бір бұрышта ұмыт қалғандай боп, жалғыз серейіп қалған орындық бар екен. 
Абай соған отырып, табақшылардың асығыс, қарбалас қимылдарына қарайды. 
Жеті-сегіз жігіт бағанадан бері әлі күнге шейін табақ тасудан дамыл алған 
жоқ. 
Үлкен-үлкен төрт бөлменің бұл сағаттағы мешкейлік қарекеті қалын топыр, 
қан жайлаудағы бәс пен астан бір кем емес. Бағанадан бері бірнеше ту бие, 
қысыр тай, төл емген жабағы, талай-талай ісек, ту қойлар жұтылған болар. 
...Бір уақытта табақшылардың әбігері қайтадан қыза жөнелді... Бос 
табақтар бөлме-бөлмеден сумаң-сумаң шығып, тағы да асүйге қарай тайпия 
қалқып келе жатыр... Сол бос табақтардың ең соңғылары Құнанбай бөлмесінен 
шығып бола берген кезде асүй жақтан тағы-тағы қайқайма табақ палау 
қаптады... Оның да беті булана түсіп, қызара бөртіп: «Мені қайтіп жемейсің
мені қайтіп тастайсың?» деп келе жатқан сияқты. Ауызүйде ешкім үн шығарып 
сөйлемейді. Құнанбай жігіттеріне Ызғұтты үйреткен тәртіп сол болу керек. Үш 
есіктің тұсында қазірде Жақып, Майбасар, Ызғұтты - үшеуі тұрып ап табак 
жақындай бергенде, қонақүйдің есігіне қарайды да, табақшыларды үндемей 
нұсқап, рет-ретімен кіргізіп жібереді. 
Палау... Палаудан соң үзім суы, одан әрі шай... Әйтеуір ел жататын 
уақыттан асып, қалың ұйқының бір мөлшеріне барғанша төрт бөлме дамыл 
алмай, болдым демей жеп, жұтып, ішіп жатты. 
Абай есінеп, түрегеліп, енді Майбасар пәтеріне қайтпақшы еді. Әлі күнге 
мұнымен бірауыз тілге келер ағайын жоқ. Күтушілер әлі де сол алғашқы 
қарбаласта. 
Тиін ішігінің түймесін салып, енді сыртқы есікке қарай баса бергенде Абай 
Құнанбай бөлмесінен шырқай шыққан үн есітті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет