90
- Қап! Қап! Мына жаманның қылығын-ай!.. Енді қайттім, бәтір-ау?! - деді.
Абай күліп, мысқылдап:
- Бол, айтатын болсаң өлеңмен айт, Майеке, әйтпесе тыңдамаймын! - деп,
басын шайқады.
- Ал, бәлем, соңынан қалмайсың!.. Алар сыбағаңды алдың ба?.. Шоқ!..
Шоқ!.. енді, -деп, Жақып қып-қызыл боп, шексілесі қатқанша күлді.
- Қап, мына Шаншардың жиені!.. Ұлжан жеңешем-ау, сені бүйткізіп
отырған... Бәлем, ауылға барған соң сыбағаңды берермін шешеңе айтып!.. - деді
Майбасар.
Төлепберді, Бурахандар да мына сөздің төркінін ұғып:
- Бәсе, нағыз Тонтай!
- Тонтайдың жиені ғой!..
- Сайқымазақ Шаншардың шанышпасы ғой мынау! - деседі.
- Уә, бұл өлеңді бір жерден қойнына салып әкелді ме деймін?! Өлең
айтушы ма еді бұл жаман?.. - деп, Майбасар әлі қайран боп отыр.
Шынында
Абайдың өлең жазып, өлең айтатынын бұл үлкендердің көрген,
сезгені осы ғана. Абай өзінің қалжыңынан мұндай үлкен әсер болады деп
ойлаған жоқ еді. Енді қайтадан өз-өзінен қысылыңқырай бастап:
- Өз өлеңім емес, - деді мынау үлкендердің
шамасын біраз қылжақ
еткендей боп, - бағана кешке Шөжені көріп ем, соның өлеңі, - деді.
Үйдегілер нанар-нанбас боп жапырлап сұрастыра бастағанда Абай бір
қалыпты күлімсіреген жүзбен сыр білдірмей отырып:
- Осында бір Майбасар деген ағам бар. Күнде сүйтіп маза бермейді,
соған
бір жауап үйретші деп ем, сол кісі үйретті, - деді.
Шөженің бағанағы мысқылшыл, ойнақы, ащы күлкісі Абайдың қазір көз
алдында. Жаңағыдай Майбасарды жайратып салғанына
Абай өзі де ішінен
қатты ырза болатын.
«Шөжеге ұқсадым-ау!.. Шындап ұқсай алар ма екем?!» - деп ішінен
қызғана құмартқан жай бар-ды. Үй іші мұның «Шөже» деген сөзіне шала нанып,
жаңағы оқыс мінезіне әлі тамашалап отырғанда, сыртқы есік ашылып, жылдам
басып Қарабас келді... Дырду тез басылды. Қарабас үйге басын сұға бере,
табалдырықтан аттамай, даурығып:
- Болыңдар! Намаз бітті! Қонақтар мырзаның пәтеріне беттегелі жатыр...
Қаратай мен Ызғұтты жетсін! - деді. Ал, тегіс, шапшаң! - дегенде, үйдегі жұрт
дүрк тұрып, асығып киіне бастады.
Абай неғыларын білмеді. Үйткені Жақып бұған: «Сен қонақ күтіп
табақ
тасуға жарамайсың, ал әкең қасында үлкен кісілермен тағы да отыра алмайсың...
Орын тар болар. Одан да бүгін осында жатсаңшы!» - деген.
Абай өзі де осыны «тапқан ақыл» екен деп еді. Бірақ Майбасар мен
Қарабас:
- Е-е, ең болмаса қонақтарды көріп, сәлем беріп қайт!
- Мына шаһардың көп қонақты қалай сыйлайтынын көріп қайт!.. - дескен.
Өзге жұрттан кейіндеп қалса да Абай жаңағы соңғы сөздерді біраз орынды
көріп, ақырын аяңдап әкесінің үйіне келді.
Жалғыз келіп еді. Өзге барлық үлкендер киіне сала асығып, қалбақтап,
жылдам басып кеткен екен.