88
күзетем бе?.. Соның жалпақ табаны басқан жерге бас қоям ба?.. - деп намаз
жайын біржолата қылжаққа сала бастады.
Абай Майбасардың үп-үлкен басымен балаша қылжақтап отырғанына
қызығып күле бастады.
Дәл мешіт ашылғалы тұрған жерде және Қарқаралы елінің бар
шонжарлары
сонда жиылып, алғаш намаз оқып, Құнанбайға алғыс айтатын
сағатта Майбасардың былайша қылжақ еткенін Жақып жақтырған жоқ еді.
Ішінен: «Дағдылы, бейпіл ауыз, мінезсіздігі» деп ойлады да, өзге көпке бүгінгі
кештің ерекше кеш екенін ескертпек болды.
- Бұл мешіт, біле білсеңдер, біздің мырзаға да, онан соң, осы отырған
бәріңе де зор абырой әперетін мешіт қой, жарықтық! - деді.
Майбасар бұл тұста қайтадан нығызсып, дардия түсіп:
- Е-е, соны айтсаңшы!.. Дұшпан атаулының
аузына құм құймай ма бұл
мешіт? Бәлем, Бөжей де осыны сезген болар. Татулықты іздеген тәрізді ғой! -
деді.
Татулықты кім іздегені бұларға мәлімсіз еді. Бірақ Құнанбай айналасы:
«Бөжей ығыпты! Бөжей әлі жетпесін біліп, татулық сұрапты!» дегенді енді
осылайша бастамай отырмайды. Ондайды алдымен айтатын, әрине, осы
Майбасарлар.
- Байғұс Алшекең де дос-ақ қой! Біздің мырзаның анық тілеуі, адал
жақыны сол бақыр ғой... - деп, Жақып Алшынбайдың күндізгі мінезін еске
алып еді. «Қызғанады... Абыройыңды төре-қараның бар жел-аузы қызғанады,
тіпті ұлық та қызғанады. Алдымен әлгі Майыр қызғанады!» деді ғой... Дұп-
дұрыс қой, мешіт салып, абырой асып, елді алып, Еділді алып бара жатқан соң,
өзімен иығы асып ырық бермей кетеді, - дейді ғой Майыр.
- Майыр, піскен бас, қызғанудан бұрын әуелі Бөжей, Байсалдан параны да
соқты ғой!..
Сол ғой оның өктеп отырғаны, құлкынын танымаймысың?.. - деп,
Майбасар өзінің күндізден байлаған шешуін айта кеп, - ал, енді Бөжеймен
татуласу да осы бүгін кешке болады. Осы намаз, осы астың үстіне олар да
келеді, оны есіттің бе? - деді.
Дәл бұл арасын Жақып та, өзге бұнда отырған жігіттер де естіген жоқ еді.
Абай да білмейтін. Бәрі де аз аңтарылып қалып, іштерінен Бөжейдің бүгінгі
татуласа келетін пішінін көргісі келді.
Майбасар осы жайдың бәріне тоқмейілдене түсіп:
- Бар жақсылықтың басында әйтеуір бір Алшекең... Берген мал адал, адал
ғой Алшынбай аулына! - деді де, қасында отырған Абайға иіліңкіреп, төне түсіп:
- Ұқтың ба? Бәлем, осы жолы бармай құтылшы қайныңа! - деп,
Абайды
тағы қолға ала бастады. Бірақ Абай дәл осы жолы бұрынғыдай жасыған жоқ.
Әншейін бұндай топ ішінде Майбасардың осы қалжыңынан терлеп-тепшіп
қысылатын болса, бүгінгі кеште олай емес. Үйдің іші Абайға қарап ақырын
күлісе бастады. Майбасар Жақыпка қарап көз қысып отыр еді...
- Майеке, тағы бастадың ба, бармаймын тіпті!.. - деп, үлкендерге бұрылды
да, күліп қойды.
- Өй, жаман!.. Жаман бола ма деймін осы шіркін! «Өлі-тірісін берген соң,
өлі күйеу жата ма?» деп, өзің қалайсын? Иегі ителгінің тамағындай боп
үлпілдеп келін отыр анада «Келмей кетсінші бәлем!» деп, ол сені сынап отыр