Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет39/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
79 
Бұл майыр Құнанбайдың дегеніне жүре бермейтін. Өз беті, өз жолы бар. 
Сондықтан, Құнанбайға жаман атты көрінетін. 
Қарқаралы деген округтің әміршісі - Құнанбай мен осы Майыр. Қазақ 
округті «дуан» деп, мыналарды бірде «дуан басы» деп, кейде Құнанбайды «аға 
сұлтан» дейді. Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы, Майыр 
орынбасары болатын. Үшінші адамы - кіші сүлтан аталушы еді. Ол қазір қалада 
жоқ. 
Майыр Құнанбайға Бөжей жұмысымен кеп еді. Құнанбайдың жаңағы ашу 
үстінде Майырды керек қып отырғаны да сол жұмыс болатын. 
Құнанбай мұндайда ойдағы жұмысына күмілжімей, тұпа-тура кірісетін. 
Сол әдетімен тез сөз бастап: 
- Майыр, сенің атаң аты Тобықты емес еді. Осы Қарқаралыға кеп бауыр 
тапқаннан аманбысың? Бөжейді айдату керек, қағазын дұрыста деп ем. Сары 
аурудай создың да кеттің ғой. Соның жан күйері сен болып, бауыр тартып, 
бауырың езіліп жүр ме осы, немене?.. - деді.
Тесіле қарап, Майырдан жалғыз көзін алмай, сызданып отыр. Майыр: 
«аудар!» деп, тілмәшқа қарады. 
Қасқа тілмәш Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтады. Жүгінген 
бойында құнысып, қозғалақтай берді. Бір жағынан орысша тілі жеткілікті 
болмаса, екінші жағынан, екі ұлықтың біріне бірі айтатын ашу сөзді тұпа-тура 
жеткізуден, әсіресе, тайғақтайтын. 
Әлі бөгеліп отыр... Кейде жер шұқып, кейде қымыңдап қозғақ қағады. 
Құнанбай мұның бөгелгеніне ыза боп: 
- Ей, тілмәш, осы саған «әке» дейін, жарықтығым, тек дегенімді түгел 
жеткізші!.. Ін аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді 
қойшы осы!.. - деді. 
Торғайды айтқанда Майбасар шыдай алмай күліп жіберді де, Құнанбайдың 
ашулы түсіне имене қарап, тәуба қыла қалды. Ішінен күлкіден өлердей 
қысылып отыр еді. Абайға да бұл теңеу аса қызық көрінді... Оның көз алдына: 
тұрымтай салып жүргенде, ін аузында қылпылдап отыратын шақшақ елестеп 
еді... Шынында мына сорлы тілмәш дәл соның өзі сияқты. Бірақ сөздің беті 
қатты. Күлер жер емес. Абай Майбасардың жаңағы жеңілтек күлкіден 
қысылғанын таныды да, өз бойын тежеп қалды. 
Тілмәш бөгеле отырса да, Құнанбай сөзін жеткізген еді. Майыр сасқан жоқ. 
Саңқылдаған зор даусымен қатты сөйлеп, шұбыртып кетті... 
- Әкімшілік еш кісіден кек алу үшін берілмейді бізге... Бөжей Ералиновтан 
түскен қағаз көп, тексеру керек! Және ол үшін ренжитін кісілер де көп. 
Айдатпай тоқтай тұр! - деді. 
Осыдан соң екі жағы да шапшаң сөйлесе жөнеліп еді... 
- Сөйтіп арпалыстырып ұстамақсың ғой? Көздегенің сол ғой? 
- Жалғыз мен емес... Бұрын аға сұлтан болған Құсбек, Жамантайлар да 
солай қарайды. Тіпті, мына Алшынбай білетін Баймұрын да солай ойлайды... 
- Олар кім? Бірен-саран!.. Олар аздар! Және күндестікпен сүйтеді. Көп 
елдің көп атқамінері менің сөзімді құптайды. Көрмей отырмысың соны? 
- Аз болса болсын. Бірақ закон - патша законы, олардың куәлігін де 
тыңдайды. Олардың сөзі де жетеді жоғарғы ұлыққа. 


 
80 
- Жеткізетін сенсін ғой! Айыпкерді сен ұстаған соң, бел аспай қайтеді?! 
- Құнанбай мырза, сен мені айыптама үйтіп! Бұл екі жүзді семсер сияқты 
жұмыс. 
- Білемін. Қоймаңның сырын білемін сенің! 
- Аға сұлтан! Орныңызды ұмытпаңыз!.. Біз екеумізді де көрпіс сайлаған, - 
деп Майыр трубкасын тұтатып алып түрегеліп, үй ішінде әрлі-берлі жүріп кетті. 
Ашумен қатты қызарып алған еді. 
Құнанбайдың ендігі жауабын Алшынбай айтқызғысы келмеді. Дуанның екі 
бастығы бұдан әрі сөйлессе, ұрысқа кететін түрі бар. Ол орынсыз. Алшынбай өз 
көз алдында бұған ырық беруіне болмайды. Құнанбай үшін де және тіпті өзі 
үшін де залалды. Ол бағанадан үстелге шынтақтап, қыбыр етпей отырған 
қалпынан тез шалқайып: 
- Ей, мырза! Ей, Майыр! Сабыр етіңдерші! - деп қатты айтты. 
Алшынбайды жалғыз Құнанбай емес, Майыр да сыйлайтын. Талай қиын 
істе әлденеше рет істес болған. Әлі күнге түс шайысқан жерлері жоқ. Және 
Алшынбай өзі ұлық болып көрмесе де, түптеп келгенде, талай старшынды, тіпті 
кейде аға сұлтанды да сайлаушының ең мықтысы болатын. Оны да Майыр 
жақсы біледі. Есептеспеу қиын. Алшынбай үн қатқанда түрегеп тұрған Майыр 
Құнанбайға көз қиығын бір тастап байқап өтті. Құнанбай да Алшынбайды 
тыңдайтын тәрізді. 
Майыр танаурап, қатты демігіп орындығына қайта кеп отырды. 
Алқымында әлі айықпаған ашу бар еді. Демі дірілдей шығады. 
- Сендер бұлай шалқиыспаңдар, ұлықтар!.. Мақұл емес! - деп Алшынбай 
сөйлей бастағаннан-ақ, қасқа тілмәш Майырға қарай қисая түсіп айтып жатыр. 
- Біріңе бірің серіксің, ынтымақты болсаң ел билейсің. Ынтымақсыз болсаң 
неңді билейсің? Өз бәлең өзіңе жетіп, жұрт та қалар, жұмыс та қалар. Ұғысып 
істеңдер. Ал, өздігіңмен ұғыспасаңдар мына біздей, арадағы кісінің сөзін 
тыңдаңдар. Ол жайы сол!.. - деп, екі ұлыққа кезек қарап, екеуінің де қайтқан 
түрін аңғарып ап, Алшынбай: 
- Ал жаңағы ақырғы жұмыстарыңа келсек, мына мен осы үйге, Құнанбай 
мырза, саған, - деп, Құнанбай жаққа ырғала түсіп, - сол жұмыспен келіп 
отырмын. Бүгін кешке шейін осы жұмыс туралы рұхсат беріңдерші! Майыр, 
қазір сен қайта тұр. Тұрақты бір жауабын бүгін кешке мен жеткізейін. Сендер 
екеуің боп, осы жайды сөйлегенді әзірше қоя тұруға бармысың? Соны 
айтыңдаршы! Осыны мен сендерден сұрап отырмын! - деді. 
Алшынбай әңгімесінің тұсында Қарабас ауыз үйден қамыс тегенеге 
толтырып кымыз әкеп еді. Шүңет келген сырлы сары тегене. Қазірде Майбасар, 
Абайлар дыбыссыз ғана қозғалып, үстел үстіне асжаулық жайып, үлкендердің 
алдарына жылтыр сары тостағандарды толтырып қымыз қойған. 
Бетінде азғантай ғана құрым белгісі бар сап-сары қымыз, арқар мүйізінен 
істелген үйрек ожаумен Майбасар сапырғанда, көпіршімей, шып-шып етіп 
шымырлап қана толқиды. 
Дастарқан үстіне үш табаққа сап ашыған бауырсақ қойысты... Жаңағы 
Алшынбай сөзі аяқтала берген кезде Қарабас ауыз үйден үлкен табақ ыстық ас 
әкелді. Бұл дағдылы ет, қуырдақ емес, Құнанбайдың қымызбен қоса жейтін 
жаубүйрек деген тамағы еді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет