78
Соңғы жылдар бойында Алшынбай, Құнанбай достығы талай сыналған.
Туыстан «құдалық», «достық»
тәтті болып, екеуі бірі арқылы біріне келген
жеңіл-желпі ауыртпалықты есептеспейтін. Сондықтан, алғашқы сөзін әлгімен
тастап, Алшынбай Құнанбай күткен жауапқа көшті.
- Әуелі жауап сөзінің өзін айтайын, кейінгі шарасын ақылдасамыз ғой.
Бөжей анау сәлеміне шапшып жауап беріпті. «Көк шекпенді біздің мырза
пішкен жоқ, құдай пішкен. Кім киерін көрерміз...» депті. Баймұрын ба, басқа ма,
дем беруші тапқаны болар!.. - деді.
Бұл жауапты естігенде, бағанадан үндемей
мелшиіп отырған Майбасар,
Жақыптар селт етіп, қабақ түкситіп, ажырая қарасты.
Іштерінен:
«Мынау қалай құтырады?»
«Мынаны бір түлен түрткен екен!»
«Мәрғау кетейін деген екенсің!.. Өз обалың өзіңе!» - деген сияқты
ажарлары бар еді.
Абай Бөжейдің не дегенін естуге ынтық болатын. Жаңағы Алшынбай
жеткізген сөзге ол да қайран қалды. Ішінен:
«Қандай ыза, қандай күйіктен туған сөз?.. Және неткен ер?» деп ойлады.
Құнанбай қайсар жауапты есітті де, басын жоғары алып, қарсы терезеге
жалғыз көзімен қадалып қарап үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүзі түнеріп,
катты ашумен қарайыл бара жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып,
біліне бастады.
Осыдан басқа не бір дыбыс, не
қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ.
Барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет
көлденеңнен қарап өткен Алшынбай таңдана түсіп, сүйсініп қалды.
«Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» - деп ойлады. Құнанбайды өзі
көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі
ерекше ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын.
- Үй іші үнсіз еді. Бағана есік алдында, ауыз үйде қалған Қарабас есікті
ақырын ашып, ептеп басып кеп:
- Майыр кепті, мырза. Сізге келді, - деді. Құнанбай оған да қыбыр еткен
жоқ.
Аздан соң есік ашылып, еңгезердей қызыл сары Майыр кірді. Қасында
қазақ тілмәш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзі қағылез келген арық сұр. Бұл
тілмәш күндіз-түні осында келіп-кете беретін.
Майыр
Құнанбай, Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге
отырмай, Құнанбай қарсысындағы жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк
көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі
қып-қызыл екі қатпар боп тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге
майырлар
сияқты,
сырт
белгілерімен
атайтын.
Жалғыз-ақ,
бұрынғы
майырларды бір-ақ белгімен: «сұлу майыр», «семіз майыр» деп, немесе бетінің
секпіліне қарап, «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат
атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді.
Сондықтан мұның атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «шапыраш» майыр,
бірде «жүндес» майыр, бірде «піскен бас» майыр деп те атасатын. Құнанбай,
Алшынбай айналасы оны ақылсыз деген болжалмен, көбінесе, сол «піскен бас»
майыр деуші еді.