74
Қарқаралы қазағы ғана киеді. Олардың жағасы да Тобықты үлгісінен басқаша,
Тобықты тымағы Қарқаралынікіндей төрт сай емес, алты сай болатын. Абайдың
кигені сондай өз елінің тымағы.
Белінде кісе белдік емес, жасыл түсті кәріс
белбеу. Бұ да - анық бозбаланың белгісі.
Абай көше бойында салт атпен топ-тобымен өтіп жатқан ел кісілерін көріп
келеді. Көпшілігі Құнанбайдың пәтеріне кетіп бара жатқан жандар. Күндегі
машық бойынша келіп жататын атқамінер, даугер арызшылар.
Абай Майбасардың пәтеріне жетті.
Қақпадан кіре бере жабық қоралардың алдында топталып жиылып тұрған
көп Тобықтыны көрді. Бөтен кісі жоқ. Тегіс өзіне мәлім ағайын, туысқандары.
Ылғи үлкендер екен. Орта тұста, ақ сеңсең ішігін желбегей жамылып, зор
денелі, қызыл күрең түсті Майбасар тұр.
Қасында Жақып, Төлепберді, тағы
басқа бірнеше жас жігіттер бар. Өзге пәтерлерде жататын Тобықтының
барлығы осында.
Жалы құлағынан асатын күрең құнаншығарды жігіттер жығайын деп жүр.
Абай біледі: Қарқаралыға келгелі семіз қой, ту бие, қысырдың тайы сияқты
сойыс малы бұл топқа жан-жақтан, «Құнекеңнің сыбағасы» деген атпен күн
санап келіп жататын.
Майбасар бір семізді сойып, барлық өз тобын бір арада
сыйламақ тәрізді.
Бұл Ырғызбайлар Қарқаралыға қарай беттеген жол бойында да, мына
қаланың өз ішінде де ылғи осындай күтім мен бап көріп келеді.
Іштерінен осының бәріне жеткізіп, өзге қазақтан бұларды әрі жуан, әрі
сыйлы қып жүрген Құнанбайға дән риза. Күрең құнаншығардың семіздігі сол
алғыстарын естеріне қайта салды. Бұндайдағы дағдылары бойынша «мырзаны»
тағы ауызға алысты.
- Осы жолғы мырзаның абыройы бөлек боп тұр-ау!
- деп бастаған Жақып
еді.
Аға сұлтан Құнанбайды Қарқаралы арызшыларымен бірге осы Тобықтылар
тегіс соңғы мезгілде Құнанбай демей - «Мырза» деп атасатын.
- Қызғанған дұшпанның іші күйсін! Ертең мешіт те бітейін деп тұр...
Жұрттың тілеуі тегіс-ақ бұрылды білем біздің мырзаға, - деп Майбасар
мазатсып қойды.
- Мешіттің өзі де келіскен-ақ екен!..
- Бұ Қарқаралы көрмеген сәулет қой... - десіп, Бурахан, Төлепберділер де
сүйсіне сөйлейді...
Абай Қарқаралыға келгелі «мешіт» деген сөзді әкесінің аузынан да және
басқа атқамінерлердің аузынан да көп-көп есітетін. Әкесінің атақ,
абыройын
осындай көп аузына қатты жайып бара жатқан сол мешіт жөні екенін де жақсы
біледі.
Құнанбай өткен жаздан бері бұл атраптағы ең бірінші мешітті осы
Қарқаралы қаласына өз әмір-құдретімен салғызып жатқан. Сол мешіт бүгін
әбден бітпек еді. Қала ішіндегі молда, қалпе атаулы, ел ішіндегі атқамінер қарт-
қария атаулы мешіт салғызғаны үшін Құнанбайды шынымен көп дәріптейтін.
Құнанбайға екі күн бұрын келіп кеткен қазағуар имам, молда Хасен
Саратай да: