Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет32/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
65 
-Мынау соқыр аяйын деп тұрған жоқ. Тағы да түбімізге жетті ғой. Атамын! 
Жайратамын! - деп, шақпағын шаға беріп еді. 
Бөжей оны қатты серпіп жіберіп, тоқтатып: 
- Атпа, тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген керді көрермін! - 
деді... Бұл кезде Құнанбай айғай салып, бұйрық беріп: 
- Алып шық шеттерінен! Сүйретіп шық індерінен! Қол-аяғын байлап ап 
шық өңшең тоң мойын құлдың! - деп, Майбасар бастаған барлық Ырғызбайды 
қораға қарай жаяу қаптатты. 
Олар есік-есіктін алдында іркіліп қалғандықтан, Құнанбай тағы ақырып: 
- Қапта, түс аттан! Қапта тегіс! - деп, Көтібақ, Топай, Торғай жігіттерін де 
тұтас айдап салды. 
Байдалы мен Бөжейдің қасындағы Базаралы, Балағаз, Дәркембайлар қатты-
ақ қимыл етіп еді, Бірақ, қалың нөпір үркіп кірген қалың қойдай боп, кернеп 
басып кетті. 
Төбесі аласа қораның ішінде Базаралы, Дәркембайлар сойылдарын да 
құлаштап тұрып сермей алмады. Аз-ақ уақыттың ішінде қалың-қалың топырлар 
Жігітектің кырық кісісін тағы да ұйпап, жеңіп алды. Жігітектерді сүйреп-
сүйреп алып шығып жатыр. 
Қараша мен Үркімбайдан бастап, жас жігіт атаулының барлығын тысқа 
шығара сала, бес-он кісі жабыла түсіп, торсылдатып дүре соға бастады... Беті 
қан, омырауы мен сырты қан болған Қараша, Дәркембайлар тілін тартпай
барлық қарғыстың бәрін Құнанбайдың дәл әзіне арнап, айғайлап айтып жатыр. 
Бірақ көптің шуының ішінде ол сөздер Құнанбай құлағына жеткен жоқ. Алып 
шыққанның бәріне қарап: 
- Саба, сал дүрені!! Аяма!.. Қарсыласады ғой бұл Жігітек? - деп, өз 
бұйрығымен сабатып тұрған Майбасар. 
Талмастан, бөгелместен қамшы жұмсайтын жалаң қаққан жігіттер бар. 
Солардың басы екі атшабар: Қамысбай мен Жұмағұл. 
Құнанбай алғашқы шыққандарға қарап тұрған жоқ. Оларға беріліп жатқан 
жазаны да елеген жоқ. Үлкен қораның үш есігінен шығарып жатқан 
Жігітектердің пішіндеріне ғана қадалды. 
Күткені, тісін басқаны біреу-ақ. Міне енді, ең соңында оны да алып шықты. 
Бұл - Бөжей. Өзгелердей емес. Әзір қыры сынбаған күйде, өз еркімен шығып 
келеді. Бас киімі - пұшпақ тымағы да өзінде. Басқаларша үсті де жыртылмаған. 
Итеріп шығарған да кісі жоқ. Тек екі жағын, алды-артын қамалаған Ырғызбай 
ғана көп екен. 
Құнанбай атына қамшы басып жіберіп, омыраулатып келді. Мұның 
қасында тұрған Байсал да осы кезде қатты тебініп, катарласып кеп қап еді, 
Құнанбай Майбасар мен Қамысбайға ақырып әмір етіп: 
-Соқ дүрені! - деді. 
Бөжейді сол сәтте Қамысбай мен Жұмағұл екеуі жағадан алып жұлкып
жығып салды. 
- Сал дүрені! Артын түріп қойып соқ! - деп, Құнанбай қалшылдап кеп, 
төніп тұр. 
- Көзің аққыр, көзің ақсын! Ей, Құнанбай, аруақ қаны... Қарғыс атқыр! - 
деп, Бөжей айғай салып еді, осы кезде оны жығып салып, тоны мен шапанын 


 
66 
түріп тастап, Қамысбай қамшыны қайқайта көтеріп алды. Бөжейдің еті аппақ 
екен. Белі мен арқасы ашылып, көлденең жатыр. Барлық қалың жиын дәл осы 
сәтте жым-жырт боп тына қалды. 
Қамысбайдың қамшысы сермелген бойында Бөжейдің арқасына төне 
бергенде, біреу келіп, өз денесімен Бөжейді жаба бере, құлап кеп түсті. 
Бұл Құнанбаймен ере келген Көтібақ Пұшарбай еді. Бөжейдің Көтібақ 
ішіндегі құрдасы, досы болатын. 
- Уа, жетті, жетті ғой, Құнанбай! Араша, араша, - деп айғайлап жығылды. 
Кұнанбай бұған қатты зәрленіп, оттай күйіп, ашуланып кетіп, өз қамшысын 
иіріп кеп: 
- Соқ дүрені! Өзіне де соқ бұл иттің! - деп ақырып жіберді. Сол кезде 
Құнанбайдың қақ қасынан қатты ашулы айғай шықты. 
- Боқты соғарсың! - деп, саңқ еткен Байсал еді... Құнанбай бұған атып 
жіберетіндей боп жалт қарап тұрып, бұзылған түсін анық таныды. Бірақ өз 
дегенінен қайтқан жоқ. 
- Соқ! Екеуіне де соқ! - дегенде, Майбасар бастаған Ырғызбай мен 
атшабарлар батырлатып жөнелді. 
Бөжейге де, Пұшарбайға да қамшы тиіп жатыр. 
Байсал енді өз атын кимелетіп, Майбасарды қаға-маға Пұшарбайды айыра 
берді. Барынша ақырып, айғай салып: 
- Көтібақ! Көтібақ! Ер, соңымнан, Көтібақ! - деп ұран салып, бар 
Көтібақты бір-ақ сәтте екшеп алды. Қалың нөпірмен Құнанбай тобынан лезде 
бөлініп ап, Жігітек жаққа шыға берді. 
Бірак бұл арада оған қосылып, төбелеске шығарлық Жігітек тобы 
мардымсыз. Сондықтан ол Құнанбай қолымен соғысқан жоқ. Осы арада 
ашумен булығып кеп, Бөжей үшін, Пұшарбай үшін, барлық ағайын ел үшін 
намысы қайнап, жаны ашып, Жігітек жаққа жарқ бергені анық. 
Жұрттың бәріне де бұл жай оп-оңай танылды. Майбасарлар енді бұдан ары 
Бөжейді ұра алмады. Босатып, тұрғызып жіберді. 
Бөжей тұрып алып, анадай жерде сырттап бара жатқан Құнанбайға 
айғайлап: 
- Әй, Құнанбай! Мен сені оқтан аяп ем жаңа, сен мені отқа салдың ба? 
Осыныңды ұмытпа! - деп қалды. 
Құнанбай Көтібақтан басқа қалған қолын іріктеп алып, әлі де қалың нөпір 
болып, Қарашоқыға қарай тартты. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет