75
- Қарадан хан туған өзіңсің... Мәсжідтің кәлам шәрифтегі бір исмі
Бәйтолла... Хұдай тәбарака уа тағаланың үйі... Оны надан қауым қараңғы сахра
ортасына салған сен, иеннің сүйген құлының бірі боларсын. Ынша алла... - деп,
көп атқамінер, старшын, ұлықтар алдында алғыс айтып, фатиха беріп еді...
Жаңағыдай бұл дүние мен ол дүниенің берекісін бір-ақ берген қазіретке
Құнанбай сол жиыннан қайтар шағында бір ат, бір түйе беріп, үйіне апартып
салған.
Абай өз әкесінің өзге атқамінер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді.
Қазір көп-көп ойлап, көп бағып, танып көргісі келетіні дәл осы өз қасындағы өз
әкесі. Жақын жерден, қасынан қарағалы әкесі бұған үлкен жұмбақ боп тұр.
Күрең құнаншығардың таңдамалы жылы-жұмсағы ас үйге қарай әкетілді.
Өзге үйдегі Тобықтылар да қазір Майбасардың түстігіне жиыла бастап, қора
ішінде жүріс молайып еді. Келген жұртты Майбасар үйге қарай бастап, енді
жайланып отырыспаққа бет алған кезде, қақпа ашылып, Қарабас кірді.
Жүрісі шапшаң екен. Майбасар соған қарап, тосып тұрып қалды. Қарабас
тақай бере:
- Алшекең келеді... Мырзаға қазір Алшекең келеді дейді. Соған сендерді
шақырта жіберді... тез жүріңдер! - деп, Майбасар мен Жақыпқа қарады.
Майбасар сеңсең ішігінің жеңін киіп, қақпаға қарай беттей берді. Жақып та
солай басты. Абай өзгелермен қалайын деп еді, Майбасар артына бұрылып:
- Абай, сен де жүр!.. Атаң ғой, атаңа сәлем бер, - деп мысқыл еткендей
сылқ-сылқ күлді.
Осыдан екі жыл бұрын Құнанбай мен Алшынбай достығы құдалыққа
соғып, осы Алшынбайдың Түсіп деген баласының Ділдә деген қызын Абайға
айттырысқан болатын. Алшынбай сонымен Абайға үлкен қайыната болушы еді.
Қарқаралыға келгелі, Алшынбай Құнанбайға бірнеше рет келіп қонақ боп
кеткен. Бүткіл бұл атраптағы атқамінердің Алшынбай атын атауы басқаша
көрінген. Оны Алшынбай деуші кісіні Абай әлі есіткен жоқ... Ылғи «Алшекең»
дейді. Осы өңірде аға сұлтан Құнанбай атымен тең аталатын, кейде тіпті жапа-
жалғыз аталатын ат соның аты...
Оның ата-тегін де бар Тобықты, бар Қарқаралы «Қаракөк» деп атайды.
Алшынбай белгілі би Тіленшінің баласы, одан арғы атасы Қазыбек би. Осының
бәріне қарағанда Абайдың калыңдығы Ділдә, тіпті бір үлкен, аскақ жердің қызы
тәрізденеді. Сол қалыңдықтың қалың малы да осал болмаған болу керек.
Өйткені Құнанбай аулынан Қарқаралыға қарай шығатын топ-топ жылқы, түйе
көбінше осы Алшынбай аулына барушы еді. Жалғыз ғана құдалық па, жоқ
басқа да ілік пе, әйтеуір Алшынбай, Құнанбай әбден айқасқан, ішек-қарын
араласқан дейтін жақындардың өздері.
Майбасар, Жақыптардың Алшынбай аты аталғанда аял қылмай жәнелетін
себебі осы.
Алшынбай аты Абай бар жерде аталса, Майбасар ылғи ғана ұялтып:
- Қайынатаң осы!.. Бұл атраптың үлкені осы. Үстіне баса кірме!.. Кірсең,
тәжім ет, - деп тәлкек қыла беретін. Жаңағы мысқыл күлкісінің мәні де сол.
Абай Майбасардың күлкісінен жасқанып, Алшынбайдан қашқалақтап жүр
еді. Бірақ Құнанбай Алшынбай екеуі өткен бір жолы бұны әдейілеп шақыртып
алып: «ұялма» дескен... Жігіт боп қалдым деп жүрген шағында, ауылдағы
76
келін-кепшіктей ұялтып, бұқтырып жүрген Алшынбай атын Абай оншалық
ыстық көрмеуші еді.
Ал Майбасар мен Төлепберді сияқты, немесе Жұмағұл атшабар сияқты,
тіліне тыйымы жоқ мысқылшылардың: «қайын», «қалыңдық», «жесір» деп
Ділдәні ескерте берген сөздер Абайды тіпті Ділдәнің өзін ойлаудан да
жасқандыра беретін. Қалындық жайын Абай әзірше ылғи жатырқай ойлайтын.
Қазір көше бойымен үшеу-төртеуі келе жатқанда, Майбасар Абайға
бұрынғыдан гөрі салмақты түспен қарап, шынын айтқан кісі тәрізденіп:
- Мына мешіттің тойы өтіп, іс жеңілейсін. Кішкене қол босасын. Содан соң
саған айтатын бір үлкен сөзім бар... Ашуланба, баламысың? Өзің зіңгіттей
азамат болдың... Алшынбай аулына малды текке беріп жатыр ғой деймісің
жұрт... Осы жолы Қарқаралыдан қайтарда өзіңе бір мәслихат айтам, - деді.
Абай күндегі дағдысы бойынша, томсарды да үн қатпады. Іштей Майбасардың
нені айтпағын сезеді. Көнейін деген ойы жоқ.
Қарабас:
- Айтам деп еру қылғанша, «айттым, бастадым» десеңші, Абай оны сезбей
келеді деймісің? Іші бәрін сезеді бұның! - деп, мінбелете бастады.
- Жә, жә! Осы ат мінгізгендей көрейін, тек осындаймен мақтағаныңды
қойшы, тіпті, Қареке! - деп Абай Қарабастың иығына асыла түсті. Майбасардай
емес, Қарабаспен еркін сөйлесетін. Және Қарабастың тілін, мінезін жақсы
көруші еді. Сондықтан ойнап, еркелей беретін.
- Тек іс бітсін... Айтқаным айтқан... Сенімен әлі сөйлесем. Сөйлескенде бек
сөйлесем!.. - деп, Майбасар жаңағы сөзінің құпиясын молайта берді. Абай
ішінен:
«Осыны әкеммен ақылдасып айтып жүр-ау!.. - деп ойлады. - Онда қалжың
емес, шынының өзі болғаны. Неткен бәле?..» - деп, Абайдың кейпі бұзылды...
Әлденеден... Әйтеуір осы жайды айтса, кәдімгідей қатты мазасынданады...
Сүйткен сайын Ділдәдан көңілімен алыстай түседі. Оның аты бұған бір алуан
зорлық ноқтасы сияқтанады.
Қабағын түйіп, екі көзі жалт етіп, жақтырмай қарағаны болмаса, Абай
Майбасардай ағаға қатаң жауап айта алмады.
Осы кезде бұлар Құнанбай пәтеріне де жетіп, қораның ішіне кіріп еді. Ыю-
қию толып жүрген аттылар, жаяулар екен. Мол қораның әр жерінде үштен-
төрттен, тоғыз-оннан топталып, қоралай отырып, келелі сөздерін сөйлесіп
жатқан даулылар... Старшын, билер... Осы кеңестерде тергеу, билік, бата, серт,
айып, кінә, татулық, араздық та сөз боп жатыр. Жиындағы жандардың көпшілігі
Бошан тәрізді... Тымақ, шапандары соны баян етіп тұр. Оқта-текте ғана Балқаш
бойынан келген Дадан Тобықтының үлгісі немесе Дағанды Қерейінің қой жүні
шекпені мен шошақ тымағы көрінеді.
Бұл кең ауладағы топтардың ру-руларын, киімдерінен басқа, тағы бір
белгілері айқын білдіреді. Қарабас Абайға әр рудың атына басқан таңбасын да
кеше күндіз айырып-айырып айтып беріп еді. Абай қора ішінде келе жатып, әр
топтың тұс-тұсында байлаулы тұрған аттарына қарап, сандарынан таңбаларын
көріп, іштен танып келеді. Анау: «көз таңба» дейтін қос деңгелек - Арғын,
Бошан аттары. Мына біреу «ашамай» таңба Керей. Ал ана біреу көк ат ше? Е-е,
ол «шөміш» таңбалы - Найман екен ғой. Бұл жақта Найман да бар екен-ау!..»
|