241
жігіт басқаша қарайды. Дау айтады. Айтқанда, тауып айтып, тізе көрсетіп
тоқыратып кетеді.
Келесі күні қымыз үстіндегі мәжілістерінде осы әңгімелер және де
сөйленді. Қуандық дауға араласқан жоқ. Бірақ бүгін ол Абай сөздерін көбірек
қостайтын болды. Әкесінің кейбір дауларын қабыл алмай күледі де:
- Әке,
қонақтың сөзі ұтымды ғой, - деп қояды. Тағы бір кезде «осы сөзге
тоқтау керек-ау!» деп те қойды.
Бұл тұс Абайдың кешеден бергі әңгімені екшеп кеп тоқыратқан жері
болатын.
Бүгінгі елдің тірлігін, кәсібін көп сынаған Абайға, Қадырбай жаңағы бір
кезде:
- Ендеше өзің не дейсің? Елді бұдан бұлай немен ел бол дейсің? Сынадың,
мінедің ғой! Ал енді, шығар жолың бар ма? Соныңды атап көрші! - деген.
Абай осыған орай:
- Елге өнер, білім керек. Оқу, тәрбие керек. Ендігі заман кең жайылыс, ұзақ
өріске сеніп, қалың ұйқыны қуат біліп жататын заман емес. Өзге өнерлі елден
оқып, үлгі алудың заманы, - деген.
Бұл байлау Абайдың осы дау үстінде тапқаны емес, көптен бергі оңаша
ойларының сарқып келген жері. «Ел үшін
сол керек және әсіресе, өзі үшін де
жалғыз жол, даңғыл жол - сол!» деп білген болатын.
Қадырбай оқу, тәрбие ата мен бабаның тәрбиесі. Балаға соны білмек,
бәрінен де асыл деп, дауласа бастап еді, Қуандық сол тұста жаңағы өз байлауын
айтқан,
Осыдан кейін Қадырбай өзі де тоқырап қалып, қайта ойланды. Ойланып
кеп, үндемей отырып барып, ақырыңда:
- Шынға бақсақ, сенің сөзің әділ екен, балам. Бетің де, арманың да
көкейіме қонады. Ендігі заман солай болса, болғаны-ақ!
Сенің айтып
отырғаның осы өз буының мен келер ұрпақтың тілі болар. Тек, бірақ кімге
барасың? Үлгі-өнегесін қайтіп аласың? Сол жолда заман адастырмаса болғаны
да! - деп, сөзін аяқтады.
Қарт ойша көп қарсыласты. Бірақ байыптап барып, шын мақұлдады.
Осыдан кейінгі екі күн, екі түн бойындағы әңгімеде Абай Қадырбаймен
дауласқан жоқ. Бірақ аса бір ықыласты, ұғымтал тыңдаушы боп отырып, ылғи
ғана Қадырбай көрген ақындар жайын сұрастырған.
Қадырбай бұл мәжілістер тұсында даңғыл жолға түскендей боп, жазылып
кетті. Кейде соқтырып, өлең айтып кетеді. Өзі жаңылып ұмытыңқырап қалған
жерлер болса жалт етіп Қуандыққа қарайды.
Әрі сұлу, әрі майда мінезді
Қуандық әкесінің мүдірген жерлерін тез айтып, есіне түсіріп жібереді.
Бұрын талай естіген сөздерін әлі де құмарланып, сүйсініп тыңдаған ажар
көрсетеді. Жалғыз айтыс-талас сөздер емес, елдің мұңын-шерін айтқан ойшыл
ақындардың сөздерін де Қуандық жақсы ұққан екен.
Қарт ақын әр сөзінің тұсында әлдебір ертегіндей алыс ақын Садыққа соға
береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өзгеше көрінген сол Садекең екен.
«Көргені мен білгені ұшан-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жеткізгенінің мың да
бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!» -
деп сөйлейді.