239
болғандықтан оншалық шешіліп кете алмайды. Қадырбай да өзінің сөздерін,
сұрауларын Абайға қарап айтады.
Көршілес екі елдің адамдары бас қосса, биылғы жыл, ең үлкен әңгімесі жұт
жайы болатын.
Бүгінгі кеш бойында Абайдан Қадырбайдың сұрағаны да сол. «Мамырдың
жұты» Тобықтыны қаншалық күйзелтті? Қатты жұтаған қай рулар?
Жеңіл
құтылған кім? Ашаршылық жоқ па? Ақ жағы қалай? Сауыны тәуір ел бар ма?
Осының бәрін қадағалап сұрайды. Бар Тобықтының ішін бұрын жақсы
білгендіктен, қазір де сол елдің шетте жүрген бір азаматы сияқты, оңай танып,
тез болжап отыр. Сұраулары: сүле науқастың тамырын ұстап отырып, соның
ұйқысы, ішер асы, ауырған жайы туралы
сұрақ салып отырған емшінің
сұраулары сияқты.
Абай Тобықты ішіндегі алыс-жақын елдің бәрінің жайын толық айтып
берді. Күдіксіз, бөгетсіз айтады. Асылбек пен Ербол да жаңа байқады. Жас
жолдастары, қазіргі күнде, Тобықты ішінде қанша мал қалды? Кімде қалды?
Қай ру қаншалық шығын шығарды, бұрын несі бар еді? Баршасын тура, хатқа
түсіріп алғандай біледі екен. Салыстырып айтқан сандары мен елдің күйзеу
халдері Тобықты жайын Қадырбайға түгел танытты.
Көршілес, туысқан елдің ауыр жайларын Қадырбай күрсіне түсіп, қиналып
тыңдады. Жүдеп, мұңайып отыр. Басын шайқап, таңдайын қағады.
Өз елі де солай. Мамырдың кесек қары Сыбанды да тұралатып кеткен.
Осы Қадырбайдың өз айналасы да қазір «тақ-тұқтын» үстінде.
Ақынның дәл өз үйі бұрын да бай болған емес-ті. Бірақ,
биылдан бұрын,
қымызы, сойысы жеткілікті болушы еді. Қазір, аман калған ағайыннан
сұрастырып, азғантай ғана бие сауып отыр екен.
Бұл жақтың күйзеулік халін Қадырбай да толық айтты. Өз күйін де
жасырған жоқ.
Құлақ есіткен жердің аманы жоқ екен. Мал баққан барлық сахара тегіс аш-
арық, көтерем сияқты. Сол көп уайымын кең шолып, шерленіп кеп, Қадырбай:
- Бұлаң кердей бұлықсыған ел едің. Бірақ боран бүрістірді де кетті. Енді
міне, қатты дауыл астында қалт-құлт еткен бұтадай болдық та қалдық қой! -деді.
Әңгіме жалпақ елдің жайына көшкен кезде, Абай шешіле түсті.
Бұл уақыттарда кешкі шай ішіліп болып, тыста мал сойылып жатқан.
Алғашқы кезде қонақтармен бірге кірген көршілер қазір тарап кеткен болатын.
Қарашаш қасында отырған қыздар да көп еді. Қазір шайдан соң олар да тарады.
Енді сол кеп қыздардың ішінен бөлініп қалған бір ғана ұзын бойлы, ақсары қыз
бар. Сұлу денелі, ашық нұр жүзді әсем бойжеткен. Жіңішке қап-қара қасы
Абайға алдымен байқалды. Кейбір кішкентай
қозғалыстарымен Тоғжанның
қасын еске түсірген. Ұзынша боп біткен, үлкендеу келген қоңырқай көздері
саналы сияқты. Анда-санда күле қарап, жалт етіп қалғанда, әлдеқандай көп
шұғлалы, мол сәуле төккендей болады. Сопақша біткен сұлу жүзінде жұқалаң,
әсем қызылы бар. Мұрны мен маңдайы бұл қыздың Қадырбай қызы екенін дәл
танытады.
«Қадырбайдың ақын қызы» деп аталатын Қуандық осы екен.