Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет113/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   109   110   111   112   113   114   115   116   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
230 
тегінде жігіттің денелі, бітімділігін ұнататын. Бурахан аса сұлу және денелі 
жігіт еді. Соның тұлғасын тамаша етіп, бір күні: «Бір үйдің ішіне жүз кісі кем-
кетікті жиып, соның ортасына Бураханды кіргізіп отырғызып қойса, аналардың 
кемдігі көзге көріне ме?» - деген. Осындайлық бітім-тұлғасын ұнататын 
жігітінің бірі Базаралы. Жігітекпен азғантай татулық шағы болса, Базаралыны 
да мақтай беретін. 
Сол Бураханның кіші қарындасы Нұрғанымның басы бос екен. Өзі жас та 
болса, кесек, ірі денелі, нұр жүзді болатын. Әсіресе толқынды қою қара шашы 
мен бет бітімі бөлек. Жүзіндегі әдемі қызылымен қатар, бет тұлғасы да сұлу. 
Шошақтау біткен, үлкен қара көздерінде аса бір қайратты ашудың және 
естіліктің оты болатын. 
Осы Нұрғанымды Қаратайдың ақылымен Құнаңбай тоқалдыққа ұйғарды да, 
Бердіқожаға кісі салды. 
Көп қатын алу әзірше өз тұқымына салт болмаған қожа әуелде үркіп кетті. 
Және Нұрғаным мұның жақсы көретін баласы еді. Өзі ерке, тентек қыз болса да 
қөп қақпайтын. Құнанбай сәлемін есіткен жерде, Бердіқожа томырылып қалып: 
- Е, мен баламды кәрі Құнанбайға кішілікке беруші ме ем?! - деді. Бірақ, 
әкенің бұл арынына Қожаның өзге балалары жібермеді. Бастығы Бурахан боп 
салмақ салып, екі-үш күнде көндіріп берді. 
Құнанбай аулына жиі барып, ат мініп, ойын-сауық салып қайтып жүретін 
Бурахан, қарындасын беріп, туысқан болуды қатты ұнатқан-ды. 
Бердіқожаның көнген хабарын алысымен, Құнанбай қалың малды, 
жыртысты бір-ақ жібертті. Сүйтіп, осы бір қыстың ішінде Нұрғанымды алып та 
қойды. Ұлжан мен Айғыз жаңа тоқал хабарын Күнке жіберген сәлемшіден 
естіген. Ұлжанның өз басы бай қызғанайын деген ойда болмайтын. Ержеткен 
төрт ұлы бар. Және немере сүйе бастаған тоқтамды ана. Құнанбайды бұл күнде 
бай деп те санамайтын. Ол балаларының әкесі. Көп өмірі, көп азабы, көп 
машық мұңы табыстырған жай ғана туысы сияқты. Содан басқа сезімдер 
суалғандай еді. 
Бірақ сонда да ол Құнанбайдың қатын алғанына қарсы болды. Жорға 
Жұмабайды шақыртып ап: «Біздің тілді өмірде бір ескеретін болса - алмасын, 
реніш туады. Балаларынан ұялсын, олар ренжиді» деген. 
Ұлжан өзі естіген хабарды Абайға айтқан еді. Сонда Абай біртүрлі қатты 
түршігіп, жиреніп кеткен. Әкесі туралы аса қатал сөйлеп, сынап кеп: «Әке деп 
сый көруден қалсын. Біржолата жат болсын деген мінез ғой. Осыншалық 
қыруар жанды адам құрым, санамаған ғой. Шешемен неге ақылдаспайды? Өмір 
бойғы жолдасы сендермен неге санаспайды? Бізден кіші қыз алып отырып
солар ұялар-ау деп, бізді неге ойламайды? Құптамаймын! Қайта кінәлаймын! 
Сен де мақұлдама!.. Әйтеуір, бізді адам санамаған жан ғой. Отқа түссе де, 
жалғыз өзі барып түссін. Ренжітіп кеткенін біліп кетсін! Айтып жібер!» деп, 
шешесіне Жұмабайды өзі жеткізіп берген. 
Құнанбай Ұлжан сөздерін естіген соң, Күнкемен сөйлесті. Оған біраз жылы 
ұшырап: «Өзгелер ақылсыз болды деп, сен желікпе! Сен ақыл тап та, мендік 
бол!» деген. 
Күнке әрқашан бұқпа есепке бейім тұратын: Ұлжанның балалары көп. 
Оларға болысып отыратын. Зере де бар. Сол себепті Жидебайдағы ауылға 


 
231 
Құнанбайдың қырын қарап жүргенін әрдайым өзіне пайдалы көретін. Әсіресе, 
Ұлжанның айналасындағы үбірлі-шүбірлі молдықты, кеңдікті сүймейтін. 
«Түбінде солар көктейді-ау!.. Артық үлес, үлкен сыбаға әкетеді-ау!» деп, үнемі 
қызғанумен болатын. 
Мынау үлкен іс байының өмірі үшін, тіпті өзі үшін де өзгеше болатынын 
Күнке біледі. Басында көнбейтін боп, наразылыққа беттеген. 
Бірақ сол наразылығының үстінде де Ұлжанды бақты. Егер бұл тулап, 
байды үркітіп жүргенде, Ұлжан көніп қойса, жаман болады. Байдың 
сүненішінен біржолата айрылып қалады. Сол себепті, өзінше қулық ойлап, 
Ұлжан жағына түрткі салған. Ол жақтан ойдағыдай қарсылық келді. 
Құнанбайды күйдіргендей наразылық айтыпты. Енді бұл тұста Ұлжан арқылы 
келетін Күнкеге деген қауып жоқ. Соны ойлады да, Құнанбаймен шындасып 
келгенде, Ұлжанды жамандап шыға берді. Өзі кең ақыл болған боп рұқсат етті. 
Және «Нұрғанымды өз қолыма әкеп түсір! Менімен бір болсын! Ұлжан күн 
көрсетпес» деп, тіпті қамқор боп та шықты. Сол Күнкенің дегені болды да, 
Құнанбай Нұрғанымды Қарашоқыға келтірді. Бірақ осының орайына екі айдан 
бері Жидебайға қатынасқан жоқ. 
Сүйтіп, Жидебайға Жақып пен Жұмабайларды келтіріп жатқан істің 
кезінде, Құнанбаймен үлкен аулы араздық халінде еді. 
Жақыппен сөйлескен сөздің аяғында Абайдың тұспалдап, түйреп өткені 
осындай ескі жара болатын. Күйзеліп жатқан көрші елдің ауыр күйі соған кеп 
қосылған. Ішті-тысты екі жараның уыты бірігіп кеп, Абайды осылай еткен. 
Әлденеше айға бергісіз боп созылған он бес күн өтті. Шаруаларды 
күйзелте бүрістірген ауыр қыстың аяғы осы болатын. Биылғы жұтты халық 
соңғы қардан, ұзақ бораннан көрді. Әсіресе, осы көкек пен мамыр арасында 
көрді. Көктем айы деп санайтын мамыр соншалық сұрапылдай тигендіктен, 
жұттың атын «мамырдың жұты» деп, бұрынғы жұттардан бөлек санады. Кейде 
«ақ қардың» жұты дейтін. Онысы да мамыр ішінде жауған соңғы қарларды 
атағаны. 
Кедей көршілер Жидебайға кеп тығылғанға он бес күн өткен соң, күн 
жылынды. Оңтүстіктің жылы желі, ескегі соқты. Осыдан бір ай бұрын соқса, 
жұрт оны «жыл әкелді», «игілік әкелді» деп, қуанышпен қарсы алар еді. Биыл 
қуанта алған жоқ. Бірақ, сонда да қалғанды құткара келді. 
Абай мен Ұлжан Құнанбай бұйрығынан құтылған соң, бар ынтасын көпті 
күтуге жұмсаған. Солардың малы мен өз бастары бұл екеуінің ерте-кеште 
дамыл алмай ойлайтын міндеті боп алған. Абай күнұзын ат үстінде жүріп, 
қатты жүдеді. Қап-қара боп, тотығып та кетті. 
Бірақ Дәркембайларға арналған еңбегі мен бейілі текке кеткен жоқ. Елу 
ауылдың мың жарымдай қойы мен барлық ірі қарасы шетінен жан сақтап, аман 
қалды. 

Көктемнің ескегі соға бастасымен, маңайдың қары ағыл-тегіл тез кетті. Бір 
ғана қорық емес, адырлар, далалар да әр жерінен ойылып, қарауыта бастады. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   109   110   111   112   113   114   115   116   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет