27
- Иә, мен көк ит болсам, сендер көп итсің! Жабыларсың, таларсың да
жерсің! - дегенде, Қамысбай мен бағанағы төрт жігіт Қодарды сүйрей жөнелді.
Сүйретіле бара жатып, Қодар зор дауыспен барынша шырқап:
- Ақ, қарамды тексермедің бе,
өңшең қан жұткан, қара бет?! - деп,
қанталаған көзімен Құнанбайға бұрылып, атып жібергендей қарады.
Бірақ, осы кезде мойнына шылбыр түсіп қалып еді. Төрт жігіт жетектеп
жылдам тартып, анадай жатқан қара атанның оң жағына апарды. Басына қап
сияқты бірдеңені жаба салды. Бес-алты кісі тапжылтпай, түйенің қабырғасына
басып, жығып ұстап тұрды. Қодар тағы лағнат айтып айғайлай беріп еді,
сыртынан бір қатты күш тарпып, серпіп жібергендей болды. Тұрып бара жатқан
түйенің қабырғасы қаққан екен. Осыдан әрі мойнынан «лық» етіп,
темірдей
қысып, жанын суырып әкетіп бара жатқан таудай ауыр күш басты. Жалған
жапырылып, үстіне кеп құлады... Қөзінің оты жарқ етті де, сөніп бара жатты.
Жиында үн жоқ. Түйенің ар жағына Қодармен тең қып асқан Қамқа, түйе
тұрысымен, бір сәтте үзіліп кетті. Оны бәрі көріп тұр. Қодар бір жиырылып, бір
созылып, тез өле алмады.. Батырға біткен зор денесі, созылған уақытында,
бұрынғысынан да ұзарып нар түйенің
бойына теңелгендей, аяғы жерге тиер-
тиместей болды. Түйені тұрғызып бірталай ұстап түрғанда, жиын әлі үн
қатпады. Екі жанның өлім азабын өз үстіне арқалап тұрған түйе де үнсіз.
Дәті шыдамаған Байсал кейін бұрылып, шетке шығып кетті. Сөйлегендер
болса, сыбырмен ғана сөйлейді. Қаратай Бөжейге күбір етіп:
- Өле алмай қиналды-ау, бақыр! Бишараны жаңа білдім, арыс екен ғой! -
деді.
Бөжей мұның бетіне қатты сұрланған жүзбен, ажырайып қарады да:
- Арысыңды, ендеше, арыстан жеді, - деп сырт айналып кетті.
Жұрт сыбырлап:
- Өлген жоқ, әлі әлген жоқ... - десе берді. Қодардың денесі шынында әлі де
тітіркенгендей дірілдеп қап, кейде тартыла түсіп қояды.
Құнанбай жұрттың күбірі көбейіп бара жатқанын енді сезді. Өлтіргеннен
де қинау бататын тәрізді. Ол
қолымен қатты ишарат қып, түйені шөгер деп
бұйырды.
Түйе шөккенде Қамқа серейіп сұлқ түсті де, Қодар өлмеген екен, бүктетіліп
түсті. Сол арада жұрттың есін жиғызбастан, Құнанбай қасындағы құзды
көрсетіп:
- Шық алып, мынаның басына! Құлатындар содан кәпірді! Бітсін сонымен!
- деді.
Бағанағы Қамысбай мен сол жігіттер, үнсіз Қодарды түйенің үстіне
көлденең салып, арқанмен байлады да, тау басына тарта жөнелді.
Бұл құздың арғы сырты жазаң. Көлбей біткен бетегелі жазаң болатын.
Тосып тұрған жұрттың ішінен бірен-саран дәті шыдамағаны сусып, кетейін деп
еді, Құнанбай :
- Ей, тарқама түге! Тоқта былай! - деп саңқ етіп зілді бұйрық берді. Жұрт
қайта иірілді.
Аздан соң құздың басына ереуілдеген жаяулар шықты да,
ойдағы жиынға
қарады. Құнанбай түрегеліп, оқшауырақ шығып, қолын төмен сілікті, «таста»
дегені. Жоғарыдағы төрт жігіт, Қодар денесін қаумалап, ілгерілі-кейінді