128
шер өне бойын кернеп алды. Кеш бата өз ауылдарына қайта жеткен уақытта
Абай көңілінен осы күй бір сәт арылған жок, бір мысқал кеміген де жоқ еді.
Үлкен үй мен қонақ үйдің арасына тартылған кермеде Құнанбайдың ер-
тоқымы ерттелген ұзын торы ат тұр екен. Қасында бір-ақ бөтен ат бар. Әкесі
бұл аулына жаңа келген тәрізді. Оқшау келгені жақсы болды. Абай Кәмшат
арызын түгел жеткізбекке нық бекініп, үйге кірді.
Ойлағандай Құнанбай бүгін оңаша келіпті. Қасында жорға Жұмабай ғана
бар екен.
. Жігіттер үйге
кірген кезде, осы үйге Айғыз да келді. Ана жүрегі бір
жаманатты сезгендей бұны асықтырып, осылай жетектеп келген. Күндіз
Абайдың Бөжей аулына кеткенін Айғыз білетін. Ол үйге кірісімен көп бөгелмей,
Абайға қарап:
- Не көрдің, не білдің, Абайжан? Білдің бе әлгі сорға туған бейбақ
баурыңның күйін? - деді. Жалын атып тұрған шер үні.
Зере мен Ұлжан да Абайға осындай сұраулар беріскен жүзбен бұрыла
қарасты.
Абай әкесіне көз салып еді, үндемей, түйіліп
Айғызға аса салқын қарап
қалған екен.
Өзі күйіп келген Абай әке жүзінен қаймыға алмады.
- Көріп, біліп келдік. Кәмшат ауру. Әл үстінде. Бізді танымады. Бауры
суып, аямас қас көргендей барлық жанды... не айтайын? - деп, тоқтап қалды.
Әкесінің алдында кісі зарын да, өз уайымын да ешуақытта бүйтіп айтып
көрмеген-ді.
Құнанбай оқыс бұрылып Абайға суық қарады да, үндемеді.
Әйелдің бәрі үнсіз жылап, аһ ұрып, күрсініп отыр. Түсіне ашу, көзіне жас
толған Айғыз, дірілдеген үнменен:
- Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетімегім-ай! Не қарғысқа
ұшырап туып ең?
- дей беріп еді, Құнанбай сол қолын шұғыл көтеріп қап:
«Доғар!» дегендей ишарат қылды. Қарғыс шарпуынан бетін қорғаған сияқты
қозғалыс.
Мұның әмірінен жасқанып өскен Айғыз саябырлап қалды. Бірақ сыбырлап
сөйлеп, тұншыға жылады. Құнанбай ақырып:
- Қысқарт енді, басыңа көрінгір, не көрінді, басыңмен кеткір! - деді.
Айғыз жауап қайырған жоқ. Бірақ Абайдың қасында отырған Ұлжан
жаулығының ұшымен көзін сүртіп:
- Өртенсең де, үндемей өртен дегені ме? Кәмшатты ойласа, бүгін емес,
көптен күңіренеді бұл жандар. Кімге айтады? Қайда айтады? - деді. Құнанбай
оған да барын айтқызбай тежеп:
- Жә, бірің бастап, бірің қостамай! Басалқа, басу айтады десе, о несі? -деді.
Ұлжанға Айғыздай зекірген жоқ, кінәлай сөйледі
Үй ішінің наразы үнін осылай баспақ. Бірақ онысына Зере болған жоқ.
-Қорқытпа келіндерімді!.. О несі? - деп қатты зекіп қап, ілгері жылжып кеп,
екі қолымен жер тіреп отырып, баласының жүзіне аса суық қарады.
Абай өз
әжесінің мұндай қайратты ашуын бұрын көрмеген сияқты.
Зере Құнанбайға әлі де қадала қарап, түйіліп отыр. Құнанбай шешесінің
ажарын сезді де, жуаси түсті. Көзі де шеше көзінен тайқып кетті.