Халық үшін Елбасы, Әскер үшін Қолбасы. Тар жол, тайғақ кешуде Туған жұрты қолдасын! Айналаңдағы алыс-жақын елдерде соғыс болып жатқанда, ең алдымен, аспанымыз ашық, өміріміздің бейбіт болғанына қуанамын. Бір қарағанда жаттанды болған жауырынды сөз секілді көрінер. Дегенмен, дәл қазіргі әлемдегі дыбыссыз күреске толы «аласапыранда» бұдан артықтың керегі жоқ екенін түсінесіз. Сол бейбітшіліктің арқасында күліп-ойнап, еркін білім алған ерікті елдің еліктей қызының бірімін. Мен болашаққа нық сеніммен, үлкен үмітпен қараймын. Қарай отырып, осы жақсылықтар мен игілікті істердің басында көрегендік пен басшылық беріп келген еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ағамызға балалық жүрегіммен рахмет айтамын. Тек мен емес, ол талай баланың, жалпы Қазақстан халқының тілегі екеніне де күмәнім жоқ. Қуаныш пен жақсылыққа толы 30 жылға көз жіберіп қарасақ, ата-бабамыздың бес ғасыр армандаған арманы орындалған екен. «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» деп дана халқымыз айтқандай, сол жұмыстардың дәл ортасында Ел Президенті жүрді. Өткенінің өзі – көпке үлгі болар өмірбаян. Нұрсұлтан Әбішұлы Алатаудың аясында дүниеге келсе де, жанға жайлы мкенде өмір кешпей, еңбек жолын Теміртаудан бастап, Қазақстан Магниткасында шыңдалған. «Қанат ұшса қатаяды» деген осы болар. Алатаудан қанат қаққан жасөспірімнің ел азаматы дәрежесіне жетіп, өмірге білек сыбана араласуына, бүгінгі ел сенімін ақтауға бірден белсене кірісуіне үлкен көмегі болған.
Н.Ә.Назарбаевтың көрегенділігі арқылы қазір Қазақстан әлемге танылған тәуелсіз мемлекетке айналды. Ел сенімі ақталды деген – осы. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы оны тек өзінің жетістігі деп есептемей, «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», тағы басқа еңбектерінде халықты өткеніне үңілтіп, бүгінге шүкіршілік етуге тәрбиелеп отыр. Ол – бұл еркіндікті бізге ешкім сыйға тартқан жоқ екені, немесе аспаннан түспегені.
Нұрсұлтан Әбішұлының «Тарих толқынында» еңбегі барысында 1999 жылы Мұхтар Құл-Мұхаммедке берген сұхбатында: «Мен Елбасы болсам да, қазақ деген атасын ардақтап, анасын сыйлаған, әруағын қастерлеп, Алласына сыйынған елдің бір перзентімін» деуінде де Президентіміздің ұлылығы мен көрегендігін айқын түсінгендейміз. Осы бір ауыз сөз кейінгі ұрпаққа қарапайымдылық пен ізеттіліктің не екенін үйретері сөзсіз. Осы ізгілікті көкейге түйе отырып, ел тәуелсіздігі мен ел Президентін бөлек қарауға болмайтын егіз ұғым екенін аңғарғандаймыз.
Мен осындай данагөй, асыл қасиетке бай елде дүниеге келгеніме мақтанамын, мен қазақ екеніме шаттанамын және елімізді де ел етіп, жерімізді жер етіп, өлшеусіз еңбек еткен Елбасы Нұр ағама ерекше ілтипатпен қараймын. Осындай жігерлі, қайратты, дана Елбасымен мақтанғанның өзі – бақыт. Нұр ағама деген ыстық ықыласымды енді өлең жолдарымен өргім келеді:
Биіктей бер, Нұр аға, Қыран қанат талмасын. Қадірлемей тұра ма Халық сіздей данасын? Нұр ағаның нұр жолы, Біз сонымен жүреміз. Мақтан етіп біз оны, Ардақты ұл деп білеміз. Тәуелсіздік – тағдырым, Жеткізді оған Нұр аға. Халқының асыл арманын, Орындаған Нұр аға.