Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу және бағалану тарихы.


ІІ. Мұхтар Әуезовтің Абай туралы романдары 1950 – 60 жылдардағы – қазақ әдеби сынының нысанасы



бет2/3
Дата04.07.2018
өлшемі304 Kb.
#46400
1   2   3

ІІ. Мұхтар Әуезовтің Абай туралы романдары 1950 – 60 жылдардағы – қазақ әдеби сынының нысанасы.

1952 жылы М. Әуезов «Ақын аға» романын жұртшылық пікірін ескеріп, түзеп, редакциялап «Абай жолы» деген атпен шығарды. Бұл роман туралы «Абай жолы» эпопеясының поэтикасын зерттеуші академик Зәки Ахметов 1987 жылы жазылған өзінің «Эпопеяның туу тарихы» деген мақаласында былай деп жазады: «Алғашқы «Ақын ағадан» осы үшінші кітаптың өзгешелігі неде? Бұл басы Абай бейнесінен бастап ұнамды, ұнамсыз бейнелерді ажарландыру, олардың әлеуметтік, таптық қырлары мен сырларын нақтылай түсу мақсатынан туындаған. Соның нәтижесінде ең алдымен Абай бейнесі сомдала, ірілене түскен, оның орыс қоғамындағы озық ой – пікірлерімен түрленуі қазақ шаруасының тілек – мүддесін түсінуі күрделі түрде ашылады». [45. 121]

Осы алғашқы «Ақын аға» романы мен соңғы «Абай жолы» романының үшінші кітабының арасында қандай түбегейлі айырмашылықтар жатқанын соңғы кездегі зерттеушілер терең түйсініп, дәл бағамдап жүр. Соның бірі М. Әуезовтің осы романда қолданған автоцензурасы. Автоцензура дегеніміз жазушының өз шығармасында айтпақ ойын, концепциясын тежеп, сол дәуірдің тарихи – объективтік жағдайын есекре отырып өзін - өзі шектеу, өзін цензуралау.

Жазушы романдарындағы бұл сырды Мұхтартану проблемасымен көптен айналысушы, белгілі зерттеуші - ғалым М. Мырзахметов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылы қаңтардың 26 – сы күні № 4 санында жарияланған «»Патшалық Россияның ұлт аймақтарындағы саясаты» деген мақаласында мына тұрғыда ашады: «Қалың оқырман қауымға осы мәселенің төркіні анық әрі түсінікті болу үшін М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабындағы «Шайқаста» деп аталатын тарауы мен жазушының әдеби – мемориалдық музей үйінде сақталған «Ақындар ағасы» (1949) романындағы осы тараудың «Қазада» деп аталған төлнұсқасында берілген алғашқы қалпымен салыстыра қарап көрейік: Екі нұсқаны қатар алып салыстыра қарап ой – жібере оқығанда, жазушының бастапқы түпнұсқаны текстік жағынан көп өзгертіп, елеулі қысқартулар жасаған әрекетінен автоцензуралық тәсілді қолдану жолын аңғартамыз. Бұл көріністің себебін іздестіре бастаса – ақ болды «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабындағы автоцензураның бар болмысы мен оның мән – мағынасы толық ашылып, сөз зерттеуші (М.М.) алдымызға келеді» [51.] Бұл жерде әңгіме мынада, зерттеуші (М.М.) романның алғашқы нұсқасындағы жазушының патша әкімі Лосовский мен ағартушы миссионерлер Ильминский, Остроумов т.б. Қазақ даласындағы олардың жергілікті халықты шоқындырып, дінінен, тілінен айырмақ болған әрекеттерін ашқанын, бірақ романның соңғы нұсқасында («Абай жолы» ІІІ том) олардың алынып тасталғаны тілге тиек етеді.

1953 жылғы 30 қаңтар күнгі «Правда» газетінде Павел Кузнецовтың «Сынау орнына мадақтағандық» деген мақаласы шықты. [43.] Орталық баспасөзде шыққан бұл мақаланы келтіріп отырған себебіміз: мақаладағы сынның сарыны елуінші жылдардағы қазақ әдебиеті сыншыларына тән құбылыс. Осы мақаланың әсері кейін біраз сыншыларға роман туралы теріс байламдар жасауға мәжбүр етті.

П. Кузнецов мақаласында Т. Нұртазиннің «Сәбит Мұқановтың творчествосы туралы» және «Советский писатель» баспасынан шыққан Зоя Кедринаның «Мұхтар Әуезов деген кітаптарын сынға алады.

«М. Әуезовтың творчествосы туралы Москвалық сыншы З. Кедринаның кітабынан да оқушы жеке бастың немесе жеке топтардың жақтайтын көзқарастарына байланыссыз принципті, объективті пікірлер мен бағаларды таба алмайды. Бұл кітап та көкке көтеріп мадақтаған сөздерге толы. Бет – жүзіне қарамайтын сын керек болғанда жазушы Әуезов те мадақталады, немесе оның қателіктерін жеңілдетуге әрекет жасайды. З. Кедрина «Абай жолы» романының үшінші кітабына объективті баға берген жоқ. Шығарманы «көшпелі қазақ елінің тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы туралы ғылыми еңбек» деп бағалауға асыққан. Бұл авторды ыңғайсыз, оқырманды таңдандыруы мүмкін. Романда қазақ және орыс халқының хас жауы Кенесары ханның қанды ойраны көрсетілмеген. Ал Абайдың әкесі Құнанбай Кенесары заманында өмір сүріп еді. Мақала соңында сыншы Кедрина Әуезов творчествосындағы рулық – феодалдық ескілікті дәріптеу және революциядан бұрынғы қазақ ауылындағы таптық қайшылықты жуып – шаю сияқты кемшіліктерді бүркемелейді. Барлық совет жазушылары сияқты Әуезов та мақтауды емес әділ сынды күтіп отыр» - деп жазды. [43.]

1953 жылғы «Әдебиет және искусство» журналының № 5 санында П. Кузнецов мақаласын талқылау қорытындысы шықты. [23.] Қазақстан Кеңес жазушылар одағында, «Правда» газетінің осы мақаласы талқыланды. Президиумның бұл мәжілісіне қаладағы ақын – жазушылар, әдебиетшілер қатысты. Басқарма секретары Жаймурзин «Правда» газетінің мақаласы және алда тұрған міндеттері» деген тақырыпта баяндама жасады. Сөз алғандар: ақын Т. Жароков аталған кітаптардың (Т. Нұртазин, З. Кедрина) оқушыны адастыратын зиянды кітаптар екеніне тоқталып, «Абай» романының 1 кітабының кемшілігін ашпады. Шортанбай, Бұхар, Күдеріқожа сықылды ескішіл ақындар мадақталды – деп көрсетті. [23.]

А.Хангельдин, ақындар Т. Әлімқұлов, Ж. Молдағалиев жазушы Ғ. Орманов, М. Сәрсекеевтер сөз алып осы тұрғыда, осы тақылеттес өз пікірлерін білдірді. [23.]

Кейін 1953 жылдары «Әдебиет және искусство» журналының № 10 санында жарық көрген Т. Ахтановтың «М. Әуезовтың «Абай» және «Абай жолы» романдары туралы» [24.] деген мақаласына,Қ. Құттыбаевтың 1954 жылы «Әдебиет және искусство» журналының № 8 санында жарық көрген «Халықтар достастығы идеясы» деген мақаласына [51.] П. Кузнецовтың осы мақаласының әсері болды.

Енді Т. Ахтановтың мақаласына тоқталайық. Сыншы жазушы романының жеткен идеялық – көркемдік жетістіктерін сөз етеді. Абай образының динамикалық күш – қуатын, оның диалектикалық тұрғыдағы өсіп – дамуын жазушының романда ұтымды ашқанын көрсетеді.

Базаралы, Дәркембай образдарының халық арасынан шыққан шынайы тұлғалар екенін дұрыс аңғарады. Сыншы мақаласында романның көркемдік ерекшеліктерінен гөрі оның әлеуметтік жағына көңіл аударған. Осы тұрғыда Т. Ахтановтың пікірі романдағы орыс, қазақ халықтары арасындағы достық идеясына байланысты болып келеді.

«Мұхтар Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» романдарының негізгі қасиеті осындай идеялық өткірлігінде. Бұл романдардың негізгі жетекші бағыттаушы идеясы- қазақ халқы мен ұлы орыс халқының тарихи достығы.

Автор өз романдарын қазақ халқының ұлы ақыны, қоғам қайраткері және ойшыл Абай Құнанбаевтың өміріне арнайды. Ол негізгі кейіпкердің өсіп, қалыптасуын халықтың тағдыры арқылы көрсетіп осы достықтың тарихи тамырларын дұрыс ашады, қазақ халқының өз тағдырын орыс халқының тағдырына ұшырастыруы прогрессивтік қадам екенін романдарында айқын көрсетеді». [24.] Романды бағалауда осындай құнды пікір айтқан Т. Ахтанов кемшілік деп тапқан жайларын да баса айтады. Т. Ахтановтың, «Правда» газетіндегі мақалаға бой алдырғаны байқалады.

«Мұхтар Әуезов романдарының жақсы қасиеттерін баса дұрыс айтып, кейбір кемшіліктерін көрмейтін сыншыларға қосылуға болмайды. «Правда» газеті З. Кедринаның М. Әуезов туралы кітабын әділ сынады. Сыншы шығармаға кең талдау жасап, жазушының кемшіліктерін көрсетіп, оған пайдалы көмек етудің орнына орынсыз мадақтауға салынған». [24.] Бұдан ары мақала авторы романда таптық күрес шешімін таппаған дейді.

«Романда қандай кемшіліктер бар: ең алдымен «Абай» романның бірінші кітабында қазақ ауылындағы таптық қайшылықтың жете көрсетілмегенін атап кету керек. Жазушы сол дәуірдегі қазақ қоғамының саяси өміріндегі таптық күрестің ара салмағын кемітіп алған. Оның есесіне ру тартысын суреттеуге көп көңіл бөлген. Қазақ кедейлерінің байларға қарсылығы әлсіз көрінеді. Кедейлердің байлардан көрген қанауы, олардың мұң – мұқтаждары бірінші кітапта өзіне тиісті көркемдік дәрежеде суреттелмеген. Әсіресе, бірінші кітапқа, кейде екінші кітапқа тән бір кемшілік, жазушы әлсіз рулардың кедейлерінің өмірін мол көрсетсе де, Құнанбай сияқты бай ауылдың кедейлерінің тұрмыста атүсті тоқталады».[24.] Романдағы осы таптық қайшылық мәселесіне байланысты жазушыға мынадай кінә артады:

«Романдардың бірінші және екінші кітабында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып, оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып кетеді, сөйтіп жеке адамның адамгершілігі таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды». [24.] Тап күресі туралы мәселе жөнінде біз алдыңғы Е. Исмайлов, Қ. Жармағамбетов мақалаларын сөз еткенде айтқанбыз. Енді оған тоқталмаймыз.

«Сол сияқты жатақтар мен орыс шаруаларының кездесуі де тым тез суреттеледі. Небәрі бір тәуліктің ішінде орыс – қазақ шаруалары достасып үлгереді. Жазушы бұл достықты дәлелді етіп тереңірек суреттеуі керек еді. Романда айдаудан қашып келе жатқан Базаралыға орыс шаруаларының шын ниетімен көмек көрсеткені сөз болады. Бұл да жеке бір сала болып қалады. Жазушы сол саланы романның арқауына енгізіп, көшіп бара жатқан орыс шаруаларының біреуінің тағдырын айдауда жүрген Базаралы тағдыры мен байланыстырып, оқиға желісін молырақ дамытуы керек еді». [24.]

Кейін Т. Ахтановтың осы пікірін 1954 жылы «Әдебиет және искусство» журналының № 8 санында жарық көрген «Халықтар достығы идеясы» деген мақаласында Қ. Құттыбаев та құптады. [51.] Сыншылардың бұл пікірімен келісуге болмайтын тәрізді. Жазушы көшіп бара жатқан орыс шаруаларының біреуінің тағдырын Базаралының айдауда тағдырлас болған досы етіп көрсетсе жасандылыққа, схематизмге ұрынар еді. Шығарманың композициялық тұтастығы, сюжеттік желісі бұзылар еді. Базаралының досы Кераланың біршама жасалған өзіндік характері бар. Оны бір қиянға сүйреп әкеліп, оқиғаға еріксіз араластыруда қандай дәлел – мотивировка болатын еді. Егер көшіп бара жатқан орыс шаруалары өкілдерінде Кераларға тән кесек мінездер болса, оны сол Керала бейнесінің өсуі, соның заңды жалғасы деп қабылдаған жөн сықылды.

1954 жылы 31 тамызда «Социалистік Қазақстан» газетінде Қ. Нұрмахановтың «Абай образы көркем әдебиетте» деген мақаласы шықты. [25.] Көркемдік терең талдауға бармағанмен роман туралы жылы лебіз білдірген мақала болды. Ендігі бір атап өтерлік мақала Айқын Нұрқатовтың 1955 жылғы «Әдебиет және искусство» журналының № 6 санында жарық көрген «Шындық және шеберлік» деген мақаласы. [26.] Автор бұл мақаласында: «Абай» романдары жөнінде көптеген пікірлер айтылады, ал «Абай жолы» романы өзінің лайықты бағасын әлі күнге дейін толық алған жоқ» – деп жазды. [26.]

Мақалада автор жазушының Абайдың әлеуметтік қызметін оның творчествосымен байланыстыра суреттегенін бұл ақын творчествосының психологиясын терең аша отырып, оның әлеуметтік себептермен тығыз байланыстығын нанымды көрсеткенін сөз етеді. Жазушының Абайды революционер дәрежесіне көтермегенін, олай етсе ол жасандылық болатынын дұрыс аңғарады.

Мақала авторы Абай мен Құнанбай тартысы тек қана әке мен бала емес, ескі мен жаңаның арасындағы тартыс деп құнды пікір айтады. Романдағы көтеріліп отырған ең бір өзекті мәселе ескі мен жаңаның арасындағы күрес екенін мақала авторы дәл түйсіне білген. Дәркембай мен Базаралы образының типтік образ дәрежесіне көтерілгенін талдап көрсетеді.

«Абай», «Абай жолы» романдарының социалистік реализм әдісімен партиялық позиция тұрғысында жазылған шын мәніндегі халықтық шығарма екенін Р. Бердібаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1956 жылғы 31 тамыз күнгі санында жарық көрген, «Абай жолы» романыны» мақаласында сөз етеді. [27.]

Автор «Абай жолы» романының екінші кітабына тоқталады. Жазушыға тілек ретінде ұсыныс білдіреді. «Біз сын ретінде емес, тілек ретінде бір ғана сөз айтуды орынды көрдік. Біріншіден бұрынғы романдардағы сияқты «Абай жолының» екінші кітабында патша өкіметінің ченовниктерінің озбырлығы суреттелмейді. Бұл, біздіңше аса қажетті жайдың бірі. Абай өліміне мотивировка жеткенмен психологиялық шешім жетпеген сияқты. Оқушы Абай өлімін оқып отырып онша түйсіне алмауы да осыдан ба деп ойлаймыз» – деп өзіндік ой – пікірін түйеді. [27.]

1957 жылы Мұхтар Әуезовтің 60 жылдығына байланысты Алматының мәдени қауымы, ақын – жазушылар, ғалымдар жазушының «Абай» туралы романдарын талқылады. Бұл туралы «Қазақ әдебиетінің» 1957 жылғы 5 сәуір күнгі № 14 санында «Жақсы бастама» деген атпен үлкен бет ұйымдастырылды. [28.] Көптеген әдебиетшілер, сыншылар роман туралы әр түрлі тақырыпта баяндама жасады. Біз бұл жерде солардың маңыздыларына ғана тоқталамыз. «Қазақстанның тұңғыш эпопеясы» деген тақырыпта М. Қаратаев баяндама жасады.

М. Қаратаев өз сөзінде мұнда бір желіге құрылған төрт томды тұтас тұңғыш шығарманың тууы қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті тарихында бұрын – соңды болмаған киелі табыс екенін айта келіп, туындыны – неліктен роман – эпопея аталуына, эпопеяға керекті шарттарға тоқталды. [28.]

«Роман- эпопеяда психологиялық тереңдік, эпикалық кең байтақтықпен, драмалық шытырман көп тартыстармен тоғысады. Сондықтан ондай шығарманың аңғары кең болады да, ұзақ уақыт, қат – қабат оқиғаны, қыруар адамды, талай тағдырды, шым – шытырық күрес, қатынас, байланысты, қысқасы, ұшан – теңіз өмір материалын қамтиды. Бұл оның көлемдік белгісі. Бірақ жалғыз көлемдік белгі роман – эпопея аталу үшін жеткіліксіз. Ол үшін тағы сапалық белгі де қажет». [28.]

Осы шарттардың «Абай жолы» романына қатысы туралы былай деп тұжырымдайды: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы қазақтың тұңғыш эпопеясы десек, ол үшін негіз толық. Әңгіме оның төрт томдық көлемінде ғана емес, әрине. Әңгіме сол көлемнің өзіне сай мазмұн мен мағынаға ие болуында, көтерілген тақырыбы, мен идеясының, көрсеткен өмір материалдарының, көркемдік шешім тапқан мәселелерінің, күрес тартыстарының, ашылған адам характерінің бәр – бәрінің аумағы, дәрежесі, сапасы романның зор көлемін көркемөнер заңы мен ақтап тұруында. «Құнанбай типтес үстем тап өкілдері» деген тақырыпта Т. Нұртазин баяндама жасап, Абай туралы эпопеяның бір ерекшелігін орынды көрсетті. Бұл романдарға дейін қазақ әдебиетінде үстем тап өкілдері сатиралық планда суреттеліп келген» - деді ол. [28.]

«М. Әуезов басқаша әдіс қолданды. Құнанбай және сол тұрпаттас кейіпкерлердің бойындағы жақсылық, жамандық қасиеттерді алаламай бірдей суреттейді,оқушыға дайын қорытынды ұсынбайды. Т. Нұртазиннің ойынша Абай – сырттан баққан адам (созерцатель) эпопеяда ол бойында еш міні жоқ, қате жаңсақ баспайтын періште болып шыққан. [28.]

Конференцияның соңында М. Әуезов сөз алды.

«Баяндамалардан сынға лайықты тілмен сөйлеу дәстүрі басталғаны байқалады. Сындар жауапты айтылды, біразын ойлану керек» – деді жазушы. [28.]

Т. Нұртазиннің «Абай - созерцател» дегеніне қосылмайтынын, Абайдың ой батыры екенін, оның өмір тартысына тікелей де араласқанын роман материалдарымен дәлелдеді: эпопеяның соңғы кітабында әлі толық бой көрсетпеген кейіпкерлерді (әсіресе, Дәрмен), кедейлерден шыққан жасөспірімдерді қазақ қауымының соңғы 50 жылдағы жазбақ шығармаларында аша түспек ойда екенін айтты. Бұл тұста Абайдың идеялық серігі ретінде Дәрмен жеке дараланып көрінбекші. [28.]

Конференция материалын газет былай деп қорытты: «Баяндамаларда бірін – бірі қайталаушылық орын алды, авторға тың ой саларлық, түрткі боларлық сын, тілек пікірлер аз болды. Жақсы бастаманы жақсы дәстүрге - әдебиетіміздің өркендеуіне себін тигізерлік салтқа айналдыруымыз керек» [28.]

Сонымен біз «Абай» және «Абай жолы» романдары туралы жазылған он – он бес жылдың көлемінде баспасөз беттеріндегі мақалаларға, жиылыстардағы баяндамаларға тоқталып, пікірлер айттық. Әр кезеңнің, дәуірдің көркем шығармаға деген өз көзқарасы болады. Сын «жылжымалы эстетика» деп атаған ғой Белинский.

Осы жылдары М. Әуезов әдеби сынды, әдебиеттану ғылымының даму барысын үнемі қадағалап отырды. Кейбіреулердей сынға осқырына, менсінбей қарау болмады. «Абай жолын» жазу үстінде Одақ көлеміндегі және республикадағы алдыңғы қатарлы сыннан үйрендім», - деп, жазды жазушы.

Сын өмірге қарай өзгеріп отырады. Ол күн өткен сайын дамып, қуаттанып отырмақ. Сол кездегі тұрпайы социализімнің ұрда – жық солақай, құйтырқы сынын ескере отырып, М. Әуезов өз шығармасында көп жайыттарды тұспалдап, астарлап автоцензура тәсілін қолданып отырды. Бұл заман талабы еді.

М. Әуезовтің өз романының жазылуы жөніндегі терең мағыналы мақаласы да «Абай жолы» туралы ең соңғы айтылған пікір емес. Эстетикалық ойымыз бен әдеби сынымыздың өресі биіктеген сайын бұл шығарма да зерттелушілер назарын өзіне соғұрлым мол әрі тиянақты аудара бермек. «Абай» - халық туралы, оның ақыны туралы, өз халқын сүйген, оның ұлы орыс халқымен достыққа шақырған жалынды патриоты туралы кітап»- деп жазды сол кездегі «Правда» газеті.

Міне, бұл – нағыз көркем, шынайы сөзді тілейтін қалың жұртшылығымыздың пікірі еді.



ІІІ. «Абай», «Абай жолы» романдары - орыс тіліндегі зерттеулердің нысанасы .
«Абай» және «Абай жолы» романдары қазақ тіліндегі әдеби сын мен зерттеулердің нысанасы болып қана қойған жоқ. Роман орысшаға аударылғаннан кейін, ол бүкіл кеңес және шетел оқырмандары мен әдебиетшілерінің бағалау және зерттеу нысанасына айналды. Енді біз «Абай», «Абай жолы» романдары орыс тіліне аударылғаннан кейінгі бұрынғы республикалық және кеңестік орталық баспасөз беттерінде жарық көрген сын еңбектерге тоқталамыз.

1946 жылы «Абай» романы туралы М. Ритман – Фетисовтың «Большевик Казахстана» журналының № 7 санында «Крупное произведение казахской литературы» [31.] К. Зелинскийдің «Литераткрная газетада» 1946 жылғы 22 маусым күнгі санында «Роман о казахской степи» [32.] Петр Скосревтің «Известия» газетінің 1946 жылғы 16 маусым күнгі санында «Абай» деген мақалалары жарық көрді. [33.]

М. Ритман – Фетисов өз мақаласында «Абай» романын қазақ әдебиетінің зор табысы» - деп бағалайды. [31.] Автор романдағы қазақ даласы, Қарқаралы округы ХІХ ғ. Қазақстанның сол кездегі жағдайы мен орыс қалалары мен орыс мәдениетінің арасындағы дендеп келе жатқан өз – ара әсерлерін толығырақ суреттесе деп өз пікірін білдіреді.

Романның стилі – ұлттық көркем өнер мен орыс әдебиетінің үлгісін қатар меңгерген кемел суреткердің стилі» - деп баға береді. [31.]

К. Зелинскийдің «Роман о казахской степи» деген мақаласында романның бірінші кітабы туралы сөз болады. «Бұл дала туралы тарихи және психологиялық роман, белгілі бір мағынада алып қарасақ,әлемдік әдебиеттегі көшпелілердің рулық құрылысы туралы жазылған жалғыз ғана роман, жазған адамның өзі бір кезде осы көшпелі рулардың біріне жатқан, ал бұл күнде совет жазушысы және Қазақ ССР ҒА толық мүшесі болған» - деп жазды мақала авторы. [32.]

Автор романнан біраз кемшіліктер табады. «Мысалға қазақ халқының даму жолына жалпы тарихи көзқарастың болмауынан Әуезов романына әуелі нұсқан келтіріп, қанағатсыздық шеңберінен шығып кетуіне автордың еркі бар еді ғой.Өткен ғасырдың орта кездерінде қазақ халқы тек қана ауыр феодалдық және отаршылдық қанауды ғана бастан кешіріп қана қойған жоқ, ол сонымен бірге ең маңызды процесс жалпы орыс өмірімен қарым – қатынасты да бастан кешті. Әуезов романының бірінші бөлімі қазақ халқы мен орыс халқы арасындағы өз ара қарым – қатынасты көрсету туралы мәселеге жауап бермейді, сондықтан біз мұны оның кемшілігі деп санаймыз. «Әуезов романында орыс адамдары – майор, көпес кірген, бірақ олар романның әр тұсынан ғана қылаң береді». [32.]

Біз бұл пікірге қосылмаймыз. Біріншіден жазушы майор, көпес сияқты кейіпкерлерді романдағы оқиғалардың қажетті тұстарында көрсеткен. Оларды жылтыңдатып әр оқиғаның тұсында көрсете берсе қандай мағына болмақ. Романның идеялық арқауына, жалпы мазмұнына одан келіп –кетер қандай жаңалық бар. Майда Майор, көпес бұл орыс халқының нағыз шынайы өкілдері емес қой! Екіншіден романның 1 кітабында оқиғалардың дені қазақ ауылында, ел ішінде өтеді. Романның бас кейіпкері Абай бұл кезде ауылда болады. Қалаға ұзап шықпайды. Қаладағы орыс жұмысшыларын ауылға алып келіп, қазақ кедейлерімен табыстырып қойса, немесе қазақ кедейлерінің қалаға апарып орыс жұмысшыларымен табыстырса барып тұрған жасандылық болар еді. Дәуірдің объективтік болмысын ескермегендік болар еді. К. Зелинскийдің бұл пікірі өткен тараудағы Т. Ахтанов, Қ. Құттыбаев пікірлерімен үндесіп жатыр.

Осы жылы шыққан Петр Скосревтің «Известия» газетінің 16 маусым күнгі № 166 санында шыққан «Абай» деген мақаласы жалпы романға тәуір бағасын берген мақала болды. [33.] Автор романның әрбір эпизоды қимылға, драматизмге, толы екенін және сырттай қарағанда бірсарынды тірлік кешетін көшпенділер өмірі бірінен соң бірі жаңа бір қырынан көрінетініне назар аударады.

«Әуезовтің романы қазақ прозасының тұңғыш шынайы реалистік туындысы. Шебер – реалист Әуезов қазақ совет әдебиетінің жаңа бір белесінің көш бастаушысы болды. Қазақ өмірінің картинасын суреттеу көркемдік жағынан нанымды, ал құштарлық пен дала пейжазы көпке дейін ұмытылмайды. Роман қызғылықты оқылады». [33.]

М. Әуезовке кейбір жағдайларда ескертпе жасайды.Романның жарық көрген бөлімінде Абай образы Құнанбай образына қарағанда солғындау шыққан. Романда Абай іс – қимылдан көрі көп бақылайды деген ескертпелер.

Сыншының соңғы пікірі алдыңғы тараудағы Т. Нұртазиннің Абай созерцатель деген пікірімен қабысады.

Қарастырып өткен үш мақала да кейбір жекелеген кемшіліктерге тоқталғанмен, жалпы романға әділ бағасын береді және романның алғашқы нұсқасы орыс тіліне өз дәрежесінен төмендеу аударылуына байланысты орыс оқырмандары кейбір – тұстарды өз мағынасында қабылдай алмаулары мүмкін.

1948 жылы «Правда» газетінің 20 желтоқсан күнгі санында З. Кедринаның «Абай» деген мақаласы шықты. [34.] Бұл мақаласында автор М. Әуезовтің «Абай» романының идеялық және көркемдік тұрғыда жеткен үлкен жетістігін тілге тиек етеді. Романның биік гуманизмге толы болуына орыстың реалистік әдебиеті дәстүрінің тигізген ықпал - әсері болғандығын пайымдайды.

Сыншы (З.К.) Әуезов романы халықтық поэзияға толы екені, фольклорлық мотивті, образдарды романға қалай болса солай тұтастай ала салмай ептеп қолданғанын сөз етеді. Әуезов романын бағалауда сыншының бұл пікірі құнды пікірлердің бірі. Тарихи принципті басшылыққа ала отырып жазушы халық өмірінің терең жақтарын көрсеткенін ашады. «Абай» романы совет әдебиетін сапалық жағынан байыта түсті. Роман қазақ көркем прозасының жеткен жетістігі» - деп қорытындылайды сыншы өз мақаласында. [34.]

«Большевик Казахстана» журналының 1948 жылғы № 12 санында «Роман о классике казахской литературы» деген М. Сильченконың мақаласы шықты. [35.] «Социалистік реализм әдісін түрі ұлттық, мазмұны социалстік шығармасында шебер қолданғандықтан М. Әуезов романы үлкен жетістіктерге жетті» - деп жазды М. Сильченко. [35.]

Автор мақаласында, романның көркемдік және идеялық жетістігін сөз қылады. Онда суреттелген сол кезеңінің қоғамдық құрылысының негіздерін, оның саяси - әлеуметті мәні және бір – біріне кереғар қайшылықтарына тоқталады. Романдағы Дәркембайдың Құнанбайларға қарсылығын дұрыс шешім деп табады.

«Бұл әлсіз қарсылық, бірақ бара – бара өсіп феодализм мен діни мерездерге қарсы тегеуріңді күшке айналатын қарсылық». [35.] Романдағы оқиғалардың даму барысында Абайдың қанаушылар мен езушілерге қарсы күресте гуманизм мен әділетке жүгіну керектігін, бұл үшін халықтың көзін ашу, ағарту керектігіне біртіндеп көзін жеткізу арқылы осындай көзқарасқа келгенін пайымдайды.

Сыншы жазушы романда кейбір тарихи бұрмалау мен қайшылықтарға орын бергендігін көрсетеді. «Мысалға жазушы өмірде болған (шестидесятник) Е.П.Михайлов пен халықшыл П. И. Долгополовты тұтастырып жалғыз образ Михайлов образын жасаған. Мұндағы қайшылық Е.П. Михайлов Чернышевскийдің ізбасары ретінде халықшылдық кейпімен 1 наурызда кекшілдердің жанында болмағанына» өкінеді. Романның авторы Е.П. Михайловтың аузынан араб мәдениеті туралы дәл емес тұжырымдар айтқызады». [35.]

М. Сильченко М. Әуезовтің Михайловтың Абайға айтқан антикалық дәуірден Европалық қайта өрлеу дәуіріне дейін тұтас бір қапас дәуір жатыр. Міне, осы екі аралықта жалғап ортағасырлық араб мәдениеті жарқырап тұрады. Ол өзінің бойына ескі дәуірдің ғылымын, Сократ, Платон, Аристотель ілімін жинақтады дегеніне келіспейді. [35.]

«Автор мынаны ұмытқан: араб мәдениетінде ислам бөлінбейтін бір сала болып жатыр. Ал ортағасырлық исламнан екі ілім суфизм және схоластика келіп шыққан. Революционер – демократ және материалист, кейіннен чернышевскийдің жолын қуушы Е.П. Михайлов реализм мен мистиканы айыра алмауы сенімсіз». [35.] Осы ойдың аржағында жазушыға кері тартпа Шығысты дәріптеп отырсың» - деген пікірдің ұштығы жатыр.

Сонымен бірге М. Сильченко Абайдың көзқарасында біраз қайшылықтар бар екенін айтады. Мысалы: «Абай халықты оқуға, білімге шақырып ағартушылық көзқарасын жақтаған тұсы сенімді. Ал революциялық – демократтық бағыттағы қарсылық, халықшылдық танытса сенімсіз» – деп тұжырым жасайды. [35.]

Біз Абайдың ағартушылығы, романдағы Шығыс мәдениеті жөнінде өткен тарауда айтып өткенбіз. Бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз. Мақала: «М.Әуезовтің кітабы қазақ халқының ұлттық сана, сапасының өсуіне көмектеседі, ал біздің Социалистік Отанымыздың халықтарына қазақ халқын және оның тарихын жақынырақ танытуға септігін тигізеді» - деп аяқталады. [35.]

Қорыта келгенде бұл екі сыншы да «роман қазақ және кеңес әдебиттерінің үздік туындысы» – деп бағалады. [34.], [35.]

Литература вдохновленая коммунизмом» деген атпен Москавдан 1949 жылы шыққан жинақта орыс сыншысы В. Ермилов: «Мұхтар Әуезовтің бұл романы совет әдебиетіндегі асқан зор көркемдік оқиға болып табылады. Бұл ғажайып суретші туралы шабытты әңгіме ғана емес, сонымен қатар тұтас халық туралы оның тарихи тағдыры туралы баяндау» – деп жазды. [36.16]

«Ленинская смена» газетінің 1949 жылы 24 наурыз күнгі санында Е. Лизунованың «Абай» романы туралы «Творческая победа Мухтара Ауезова» деген мақаласы басылды. . [37.] Сыншы мақалада Абай мен Құнанбай образдарына тоқталады. «Абай образдары диалектикалық тұрғыдан берілген. Құнанбай образы қатал да аяр, халыққа қарсы істерінде қиянатшыл, сонымен бірге ол үлкен құштарлықпен алғыр ақылға толы кесек характердің адамы».[37.]

Осылай екі басты образға жеке тоқталған сыншы Е. Лизунованың осы екеуінің күрес – тартысы туралы: «Абай мен Құнанбай арасындағы тартыс бұл жаңа мен ескінің, прогрессивтік пен реакциялық күштердің арасындағы тартыс» - деп сол кезеңнің тарихи - әлеуметтік себептеріне терең үңіле отырып, оның объективік пайымдалатынын алға тартады. . [37.]

Романның ең бір өзекті мәселесі жаңа мен ескінің тартысы екенін көре білуі сыншының құнды пікірлерінің бірі. Романдағы тап тартысы туралы мәселеде сол кезеңдегі сыншылардың көбіне тән болған пікірлерден мақала авторы да асып кете алмайды.

Сыншы: «Абай» романы кемшіліктерден де ада емес. Бірінші бөлімде еңбекші халықтың өмірін кең көлемде суреттеп феодалдық – байшыл топтар мен олардың күресін көрсетсе болар еді. Мұнсыз романдағы кейіпкер, көріністер жасанды болып көрінеді» - деп тұжырымдады. «Бірақ ой тереңдігі мен кемелдігі, көркемдік шеберлік Мұхтар Әуезовке ұлы Абай жайлы тарихи роман туғызып, ол роман кеңес әдебиетінің заңды мақтанышы болып отыр – деп аяқтайды мақаласын. . [37.]

1949 жылы «Абай» романы туралы «Литературная газета» газетінде жарық көрген екі мақалаға тоқталайық. Газеттің 1949 жылы 7 мамыр күнгі № 37 санында Леонид Собольевтің «Литература рождается революцией» деген мақаласы жазушы романы туралы үлкен баға береді. [38.]

Л. Собольев: «Мұхтар Әуезовтің «Абайы» бұл нағыз роман, басқаша айтқанда өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұрмыстың, адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы картиналарын жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап» - деп жазды. [35.]

Екінші мақала А. Фадеевтің «Литературная газета», газетінің 1949 жылғы 10 тамыз күнгі санында жарық көрген «За высокое качество художественной литературы и принципиальную критику» деген мақаласы. [39.]

Жазушы мақаласында роман туралы: «М. Әуезовтің «Абай» романы өзінің бойына қазақ даласының исін сіңіре отырып, өткен ғасырдың екінші жарытысындағы қазақ халқы өмірінің тұтас бір әжімін жайып салып, бізге қазақ ақын – ағартушысының монументальдық образын берген» – деп, романның көркемдік бедерін айқындайды. [39.]

А. Фадеевте сол кездегі сында өріс алған романдағы тап тартысы мәселесі туралы көзқарастан аттап кетпейді. Мысалы: «Кроме того, в первой книге романа, как это уже отличалось критикой, борьба родов показана более подробно и выпукло, чем борьба казахской бедноты против богатеев» - деп аттап көрсетеді.

А. Фадеев: «Осындай жекелеген кемшіліктері бола тұрса да совет әдебиетінің соңғы жылдардағы айшықты туындысы» - деп баға береді. [39.]

Вадим Кожевников 1949 жылы 13 мамыр күнгі «Правда» газетіндегі мақаласында 1948 жылғы Совет прозасының патриоттық шығармалары қатарында М. Әуезовтің «Абай» романын да атап өтеді. . [40.]

Жазушы Ю. Либединский «Ұлы ағартушының жолы» деген 1951 жылғы 13 желтоқсан күнгі «Литературная газетада» басылған мақаласында романға татымды баға бере келіп, Абайдың маңындағы жас ақындардың образдары жайында ұнамсыз пікір айтты. «Абайдың төңірегіндегі жас ақындар жадау бейнеленген» - деп жазды ол. [41.]

Кейіннен осы пікірді 1952 жылы 3 ақпан күнгі «Казахстанская Правда» газетінде басылған «Абай» туралы жаңа роман» деген мақаласында М. Сильченко қайталады. [42.] Ол тіпті өзі кемшілік деп тапқан бұл жағдайдың түп – төркінін жазушының «Ақын аға» романындағы қате концепциясынан іздеу керек деп түсіндірді.

«Әлеумет қайраткері – Абай жеткілікті дәрежеде терең көрінгенімен, жаңашыл – ақынның бейнесі романда толық күйінде ашылмаған. Бұл бейне жекелеген жайларға бөлініп, бытыраңқы қалыпқа түскен, ол туралы тұтас ұғымға зорға деп қана келесің.

Пушкин сарынымен Абай «Татьяна хатын жазғанын М. Әуезов алғашқы романда соншалықты айқын көрсеткенді. Ал осыдан кейін оқушы Абайдың жаңа бір өрге шығуын көруді талап етуге ықтиярлы. Өкінішке қарай, ол мұны талданып отырған кітапта Абайдың өз образынан да, оның айналасындағы жас ақындардың образдарынан да таба алмайды. Ақылбай мен Мағауияны көрсету мәнері – ақындық жаттығуды жүрдім – бардым сипаттау олардың творчествосынан жаңашыл – Абайдың эстетикалық көзқарастарының ізін байқауға мүмкіндік бермейді». [42.]

Сыншының бұл пікіріне біз мынадай уәж айтамыз. М. Сильченко Абай образының күрделігіне, тереңіне бойламағандықтан Абай образының тұтастығына күдік келтіреді. Жазушы шығармасында Абай образының типтік, характерлік ерекшелігін синтетикалық тәсілді қолдану арқылы алып отыр. Ақын – Абайды әлеумет қайраткері – Абайдан бөліп алып, жекелеп қарауға болмайды. Оның әлеуметтік қызметінде басты құрал ақындық өнер. Осы құралынан айрылса Абай ақындық және қоғамдық қызметін де жоғалтар еді. Осыны ескермегендіктен сыншы жаңсақ тұжырымдар жасауға барған.

1953 жылғы 30 қаңтар күнгі «Правда» газетінде П. Кузнецовтың «Сынау орнына мақтағандық» деген мақаласы шықты. [43.] Бұл мақала Москвада шыққан Зоя Кедринаның «Мухтар Ауезов» деген кітабын сынауды желеу ете отырып, Әуезов творчествосына, оның «Абай» романына ашық тиісу болды. Бұл мақаланың жай – күйі туралы біз өткен бөлімде айтқан болатынбыз. Бұл жерде тоқталмаймыз.

1954 жылы 17 қыркүйекте «Правда» газеті «Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы бүкіл одақтық әдебиеттің алтын қорына қосылды» - деп романға үлкен баға береді. [44.]

1957 жылы Мұхтар Әуезовтің 60 жасқа толу қарсаңында «Иностранная литература» журналының № 3 санында француз жазушысы Луй Арагонның «Абай» романы туралы пікірі басылды. Ол былай деді:

«Мен оның (Мұхтар Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен аброй санаймын. Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыларға қызықты қиял мен өрен ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Бұл шығарма Кеңес әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын». [45.4]

Француз жазушысының бұл бағасы «Абай» романы туралы өте құнды, бұрын – сонды болмаған үздік баға еді.

Бұл пікірдің бағалы, өз кезеңінде мәні болғандығы мынада. Бұл кезге дейін қазақ, орыс әдебиетшілері М. Әуезовтің «Абай» романы мақтағанда Кеңес әдебиетінің маңдай алды шығармаларының қатарына қосатын. Ал өткен ғасырдың 40 жылдарының аяқ кезінде қазақ сыншыларының біразы «Абай» романын тіпті қазақ әдебиетіндегі үздік шығармалардың бірі ретінде қарастырады: Бірегей емес, бірі ретінде. Ал Л. Арагон бұл шығарманы тек кеңес әдебиетінің ғана емес, әлемдік шығармалардың алды, ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі деп баға береді. Ұлы жазушының бұл пікірі романды бағалауда кейінгі зерттеушілерге шығарманы осы тұрғыда қарастыруға негіз болды.

1959 жылы 24 сәуір күнгі «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде неміс жазушысы, әрі ғалым – сыншы Герберт Кремпиеннің «Классикалық шығарма» деген мақаласы басылды. [29.]

Герберт Кремпиен: «Суреттеліп отырған дәуірде өзінің әдебиеті де болмаған көшпелі халық туралы мұндай дәлдікпен, мұндай шыншылдықпен жазылған, әрі образдары тап осындай күшті басқа роман табу қиын» – деп ағынан ақтарылған шынайы да объективті әділ пікірін білдіреді. [29.]

«Абай» романы орыс тіліне аударылғаннан кейін тек қазақ оқырмандарының ғана емес, бұрынғы Кеңестер Одағының барлық оқырмандарының сүйіп оқитын шығармасына айналады.

Романға партиялық, мемлекеттік тұрғыдан бағалар беріледі. Кезінде партиялық құжатта «Абай» романы туралы былай делінген болатын: «Исторический роман М. Ауезова «Абай» - ответ казахский советской литературы и ее ведушего писателя на призыв нашей партии «развиват вкусы народа, поднимат выше его требования, обогашать его новым идеями, вести народ вперед». [44.]

Қысқасы біз қарастырып өткен бұрынғы одақтық және шетелдік сыншылар, әдебиетшілер «Абай», «Абай жолы» романдарының тек қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл одақтық әдебиеттің мақтанышы, қала берді бүкіл дүние жүзілік әдебиеттің қорынан үлес – салмағын алатын үздік әдеби туынды деп қарастырады. Осы тұрғыдан дәл де нақты, тұжырымды бағаларын берді. Осы зор бағалау, игілікті тілек- талаптардың нәтижесіндей болып, екі жүз томдық «Дүниежүзі әдебиетінің кітапханасы сияқты уникальды серияда М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы 134, 135 том болып басылуы жұртшылықты қуантқан жағдай болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет