Пысықтауға арналған сұрақтар:
1. Ауаның микрофлорасы дегеніміз не?
2. Ауаның микрофлорасын қалай зерттейді?
3. Колония түзуші бірлік (КТБ) дегеніміз не?
4. Ауадағы КТБ санын Кох әдісімен анықтау.
5. 10 л ауадағы микроағзалар санын есептеу.
№ 10 Зертханалық сабақ
Тақырыбы: Топырақ микрофлорасы.
Жұмыстың мақсаты: Студенттерді тізбекті сұйылту әдісімен таныстыру.
Қажетті материалдар: дайын қоректік орталар (ЕТА, ЕТЖ, картопты агар немесе Чапек – Докс қоректік ортасы), Петри табақшалары, пробиркалар, колбалар, топырақ, пипеткалар 1 мл-лік, таразы, спиртшам, спирт.
Топырақ — микроағзалардың өсіп дамуына қолайлы орта болып табылады. Олардың топырақ құрамының гетерогенділігіне байланысты зерттелетін алаңдағы топырақ микроағзаларының санын анықтау үшін орташа топырақ үлгілерін алады.
Алдымен сұйылту әдісімен 1 мл суда әр түрлі топырақ концентрациясы бар топырақ суспензиясын дайындайды. Ол үшін зарарсыздандырылған 9 мл суы бар бірнеше пробиркаларды, ішінде 99 мл зарарсыздандырылған суы бар колбаны дайындайды.
Зерттелетін топырақты зарарсыздандырылған әйнек бетіне салады. Әйнекті алдын ала спиртпен сүртіп, спиртшамның жалынына қарып алады. Топырақты шпательмен жақсылап араластырады, механикалық қоспалардан тазартады. Зарарсыздандыру ережесін сақтай отырып, әйнек бетіне 1 г топырақ өлшеп алады. Өлшеп алынған топырақты 250 мл колбадағы 99 мл суға салады да, жақсылап шайқап 5 минуттай езеді. Колбадағы езілген топырақтан зарарсыздандырылған пипеткамен 1 мл суспензияны алып бірінші пробиркаға құяды. Сонда 10-1 -ге тең бірінші сұйылтуды алады. Пробиркадағы топырақ суспензиясын бірнеше минут бойына шайқап, пипетканы пробиркадағы сумен жақсылап шаяды. Бірінші пробиркадағы суспензияны 30 секунд тұндырады да пипеткамен 1 мл алып ішінде 9 мл зарарсыздандырылған суы бар №2 пробиркаға құяды. Осылай 1:100; 1:1000; 1:10000; 1:100000; 1:1000000 сұйылтады. Сұйылту дәрежесі топырақтағы микроағзалар санына, топырақтың типіне, генетикалық горизонтқа, жыл маусымына, топырақ үлгісінің ылғалдылығына байланысты болады. Әрбір жаңа сұйылтуды атқару үшін жаңа, зарарсыздандырылған пипетканы қолданады.
Топырақ микроағзаларын бөліп алу үшін топырақ суспензиясын қоректік ортаға себеді. Қоректік ортаны ерітіп, пробиркаларға 20 мл құяды да, 45°С дейін суытады. Сонан соң қоректік ортаға суспензияны араластырып Петри табақшасына құяды. Алдымен пипеткамен 1 мл сұйылтылған суспензия алынады. Әр сұйылтуды қоректік ортаға енгізер алдында залалсыздандырылған жаңа пипетка алынуы тиіс. Топырақ суспензиясын себу үшін әдетте 0,1–0,2 мл микропипеткаларды қолданады. Топырақ суспензиясымен араласып, қатырылған қоректік ортасы бар Петри табақшасын қақпағын төмен қаратып, 28-30°С термостатқа қояды. Қоректік ортаға микроағзалар себілген соң, жабын әйнекке топырақ үлгісінің нөмірін, себу мерзімін, сұйылту дәрежесін және тәжірибенің қайталану санын жазып қояды.
Өсіп шыққан колонияларды санау үшін Петри табақшасының табанын тушь немесе сиямен бірнеше сектор немесе сигментке бөледі. Егер де қоректік орта мөлдір болса колонияларды табақша астынан түсіп тұратын жарық сәулесімен санайды. Ал егер де қоректік орта мөлдір болмай шықса микроағзалар колониясын бет жағынан санайды. Саналған колонияларды сиямен нүкте салу арқылы белгілеп қояды. Өте майда колонияларды үлкейтіп шыны – лупамен санайды.
Қоректік ортаға түскен микроағзалар клеткасы колония түзіп өсе бастайды. Петри табақшасындағы қоректік ортадағы әр колония бір колония түзуші бірліктен (КТБ) өсіп дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |