МИЛЛИОНДАР ҚАСІРЕТІ
(Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның
«Аңыз адам» журналына сұхбаты)
1. Бүркітбай аға, қазақ жерінде бір емес, екі алапат аштық орын алды ғой. 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың 1932-1933 жылдары қайталануына не себеп болды? Бір реткі жағдайдан кейін екіншісінің алдын алуға болмады ма?
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ашаршылық екі рет болған, 1921-22 жылдары және 1931-1933 жылдары. Ал осы алапат ашаршылықтың себептеріне келсек, хронологиялық шеңберіне қараңыз, екеуі де Қазақстанда кеңес өкіметінің күштеп орнауынан кейін болды. Бұл – бірінші факторы, сосын өкімет басына келген большевиктердің жүргізген солақай саясатынан, шаруашылық жүргізудің дұрыс жоспарланбауы, аймақтардағы ахуалды реттейтін тетіктердің болмауынан деп ойлаймын.
Белгілі тарихшы Көшім Есмағамбетовтің соңғы зерттеулерінде 1921-22 жылдардағы ашаршылық туралы Мұстафа Шоқайдың деректері берілген. Мысалы, Мұстафа Шоқайдың «Түркістан туралы шындық» атты мақаласында «орыс пролетариатында революциялық рухты сақтауды көздеген Түркістан большевиктері ашаршылық құрсауындағы қырғыздарға (қазақтарға) ешқандай назар аудармағаны», яғни өлкедегі қазақтардың аштыққа ұшырауы өкімет саясатына байланысты орын алып отырғаны туралы жазылған.
1921-22 жылдары қазақ даласын жұт жайлағаны белгілі, оған азамат соғысының ауыр салдарын қосыңыз. Тіпті соыстан әбден қалжыраған жергілікті халықтың жұтпен күресуге шамасы келмей қалды ғой. Тек бау-бақша өсірумен, егіншілікпен айналысқан аймақтар жан сақтады. Ал, қалғандары, әсіресе азамат соғысында әскери жағдайда болған Батыс Қазақстан облысының халқы қатты күйзелді. Қалыптасқан осындай жағдайда (революция, соғыс, жұт, большевиктер) жұттан аман қалу мүмкін бе?.. Әрине, жоқ. Меніңше, мұның түп негізі – елді бір орталықтан басқарудан шығып отыр, ал жергілікті биліктегілер бірде-бір проблеманы өзбетінше шешіп бере алмады, олар орталықтан нұсқау күтті.
Әрине, жергілікті халық өкілдері, қазақтың бетке ұстар арыстары үнсіз қала алмады. Жылу жинау, мал үлестіру, хат жазу сияқты жұмыстар жүргізді, бірақ нәтижесі шамалы болды. Оған жоғары айтылған зерттеулер бойынша тағы бір мысал келтірейік, 1921 жылы Кавказда жүрген Мұстафа Шоқайдың бір мақаласына Мәскеуде Ленинмен жолығуға барған арнайы делегацияның мәлімдемесі («Обращение киргиз к Ленину») негіз болған.
1921 жылдың жазында республикада аштарға көмек көрсету жөніндегі төтенше комиссия құрылады. Осы мекеменің 1921 жылдың аяғындағы мәліметтері бойынша ашыққандар саны бір миллионға, 1922 жылдың басында бұл көрсеткіш 2,5-3 млн.-ға жеткен. Ал, ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша 1 млн. 700 мың адам. Соңғы мәліметтерде «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адам» болғаны туралы айтылады.
Жалпы отандық зерттеушілер бүгінге дейін 1921-22 және 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарының санына келгенде, әртүрлі мәліметтер береді. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан минимум - 1,5 млн.- нан – 2,2 - 2,3 млн.-ға дейін, максимум - өмірге келмеген ұрпақтың саны туралы мағлұматтарды қоса есептегенде 4 млн.-ға дейінгі сандар көрсетіледі. Ал, қазақ демографы Мақаш Тәтімовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін кездерінде, екінші дүние жүзілік соғыста бас-аяғы 3 млн. 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.
Тәуелсіздік жылдары ғылыми айналымға енген зерттеулерді сараптасақ, 1920-30 жылдардағы ашаршылықтан 4 - 4,5 млн.- дай адам құрбан болған.
Әрине, екінші алапат ашаршылықтың алдын алуға болар еді, бірақ кеңестік билікке керегі – әртүрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы өзге халықтарды бодандықта ұстау, қажет болса қырып жіберу еді.
Әйтпесе, 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде астық қоймасы қаңырап бос тұрған жоқ, халықты жұттан құтқаратын астық та, ет те, малға қажетті жем-шөп те болған, бірақ оны елге жеткізу жағы қарастырылмады, қасақана жасалды, ешқандай жандары ашымайды, бір өзбен айтқанда большевиктерге бәрі – бір болды, өйткені олар құрған қоғам бай-кедей болып бөлінбейді, бәрі бірдей, жаппай қырылады.
«Жеті жұттан» аман қалған қазақ, неге дәл осы жылдары қынадай қырылды дейсіз? Бұл – ең алдымен партиялық-кеңестік биліктен болды. Кеңес өкіметінің 1920 жылдан басталатын дербес билігі 1930 жылдары тоталитаризм (латынша «totalis» тұтастай, түгелдей) жүйесін туғызды. «Тоталитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен консттуциялық құқықтары жойылады, оппозиция мен өзге саяси ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Оның тарихи үлгілері КСРО-да И.Сталин, Қытайда Мао Цзедун, Солтүстік Кореяда Ким Ир Сен режимі кезінде, сондай-ақ фашистік Италияда Б.Муссолини және Германияда А. Гитлер тұсында орнады».
Кеңес үкіметі туралы атақты ақын, әнші Үкілі Ыбырайдың «Айналайын» хүкімет» деген өлеңі бар, сонда ол «Айналайын» хүкімет, Қылғаның қырғын хикмет. Құрсауға салдың сау басты... Ақиқат жолын тайғыздың, Тар түрмеге сыйғыздың, Аппақ қудай шал күнде, Қияметке қыйғыздың» - деп кеңестік билікті өткір әшкерелейді.
2. Ашаршылық жылдары қазаққа қаншалықты демографиялық апат әкелді?
Бұл сұрағыңыз алғашқы сұрақпен тығыз байланысты. Демографиялық апаттың ауырлығы сонша, көпке дейін Ақаңдар айтып кеткен 6 млн. қазақтың санына жете алмай қалдық қой.
Өткен жылы 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа 80 жыл толуына орай ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты ғалымдарының күшімен «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты – Правда о голоде 1932-1933 годов» атты ұжымдық монография жарыққа шықты. Сонда осы мәселелерді тәуелсіздік жылдары қозғаған авторлардың зерттеулері мен соңғы архив құжаттары негізінде тың мағлматтар берілген.
1920-1930 жылдардағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, әліпби революциясы қоныс аудары саясаты, өзге ұлт өкілдерін қазақ жеріне күштеп көшіру және т.б. кеңестік іс-шаралар М.Асылбеков пен Ж.Асылбекова нақты көрсеткендей, Қазақстан халқына ауыр зардаптарын тигізді. Қазақ даласының байырғы тұрғындары сан жағынан азайып кетті. Күштеп ұжымдастыру, байларды тәркілеу, қазақ байларын тап ретінде жою нітижесінде, 1931-1933 жылдары қырылған қазақтардың саны деректерде 1,2 млн.-нан 2,5 млн.-ға деп көрсетіліп жүр. 1917-1957 жылдар аралығында еліміздегі қазақтардың саны 58,7 пайыздан 28,9 пайызға дейін төмендеп кеткен.
Оған құжаттық деректер ретінде 1926 жылғы 17 желтоқсандағы КСРО-дағы бірінші Бүкілодақтық халық санағы мен 1939 жылғы 15 қаңтардағы екінші Бүкілодақтық халық санағының салыстырмалы талдау нәтижелері дәлел. Бұл екі санақтың арасында, нақтыласақ 12 жыл бір айдың ішінде Қазақстан халқының саны едәуір кеміген.
Демограф М.Тәтімов көрсеткендей, 1926 жылғы санақ бойынша (Қарақалпақ АО қоспағанда) Қазақстанда 3 млн. 628 қазақ болса, 1939 жылғы санақта барлығы 2 млн. 307 мың адам болған. Айырма саны 1 млн. 321 адамды құрайды. Бұл – қазақтың саны 36 пайызға кеміген деген сөз. М.Тәтімовтің деректерінде адам шығыны бұдан да жоғары. Өз гипотезасын ол бірінші халық санағы кезінде есепке алынбай қалған адамдардың болуымен түсіндіреді. Сондай-ақ, 12 жыл ішіндегі халықтың табиғи өсімі де тіркеуге дұрыс алынбаған. Дегенмен, өткен кезеңдегі халықтың демографиялық құлдырауы ішінара қалпына келген. Қазақтар «голощекиндік ашаршылықтан» қатты соққы алса да, этнос ретінде демографиялық әлеуеті қалыпты болған» деп санайды М.Тәтімов.
М.Асылбековтің зерттеулеріне сәйкес 1933-1937 жылдардағы Бүкілодақтық құпия санақ мәліметтерінде КСРО халқының саны әртүрлі беріледі. Автордың айтуынша, 1933 жылы 168 млн., 1937 жылы 180 млн мен 162 млн. адам саны көрсетілген. Бұл құпия санақтың сыры кеңестік биліктің ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының санын әлем жұртшылығынан жасырумен түсіндіріледі.
Кеңес Одағының 1926 және 1939 жылғы халық санақтарында жасырын ақпараттар болған, шынайы цифрлар жоқ. Қазіргі отандық және шетелдік ғалымдардың мәліметтері де нақты емес. Мысалы, А.Алексеенконың мәліметтерінде 1926 жылы қазақтардың үлес салмағы 58,2 пайыз (3 млн 628) болса, 1939 жылы 36,4 пайызға (2 млн. 328) түскен. Ал орыстар бастапқыда 20,5 пайыз (1 млн. 275) болса, кейінгі санақта 41,2 пайызға (2 млн. 636) өскен.
Бұл нені көрсетеді? Болашақта отандық тарихшылар қауымы, санақшылар мен мемлекеттік ұйымдар бірігіп, сараптамалық-талдау жұмыстарын кешенді зерттеу керек деген сөз.
Демограф мамандардың айтуынша, революция, ашаршылық, репрессия, соғыс болмағанда бүгінде қазақтың саны 30-35 млн., тіпті одан да жоғары болар еді.
3. 1932 жылы Қазақстандағы басқа ұлттар емес, неге тек қазақ халқы қырылды?
Жалпы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық КСРО-ның бірқатар аймақтарын қамтыған, атап айтсақ Украина, Еділ жағалауы, Солтүстік Кавказ, Орталық Қаратопырақты аудандар, Орал, Батыс Сібір, Қазақстан. Зерттеушілердің пікірінше, ашаршылықтан салдарынан қырылған адамдардың саны шаруалардың мемлекетке өткізген астығы мен оны шетелге шығару көлеміне байланысты болған. Ресейлік демограф В.Жиромскаяның мәліметтерінде, 1930 жылдардың басында Ресейдің Украинадан тыс жерлерінде 2,5 млн. адам, ал Қазақстанды қосқанда 4-5 млн. адам шығыны болған. Бірақ мұнда 1934 жылғы ашаршылыққа ұшыраған Ресей тұрғындары ескерілмей қалған. Мұны айтып отырғанымыз, КСРО құрамындағы барлық халықтар ашаршылықтың азабын тартқан, әртүрлі деңгейде. Жоғары көрсеткіш Украина мен Қазақстанда ерекше болған.
Иә, ашаршылықтың ауыртпалығы бізге көбірек түсті, мен оны кеңестік өкіметінің қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуімен байланыстырамын. Өйткені қазақтың негізгі тіршілік көзі – мал өсіру болды ғой, басқа күнкөріс көздері жоқтың қасы. Сөйтіп, қазақтың көбі алдымен малынан, артынша жан басынан айрылды.
Ал, Қазақстандағы өзге ұлттың өкілдеріне келсек, олардың тұрмыс-тіршілігі отырықшылыққа бейімделген, егін салу, бау-бақша өсіру, балық аулау сияқты кәсібімен аман қалды. Сосын олардың мүддесін орталық қолдап отырды ғой. Олардың азық-түліктері, тұтыну тауарлары болды, яғни күн көрісі жаман емес-тін. Ал, жергілікті халықта ондай артықшылықтар болған жоқ, басқару ісіне немесе орталық қалаларға жақын жүргендері болмаса. Мысалы, қалада оқуда жүрген Ермұхан Бекмаханов ауылда қалған анасы Бәпіш пен қарындасын Қапияшты 1932 жылғы ашаршылықтан құтқара алмады, сол сияқты Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев оқуын бітіріп, практикада жүрген кезінде елдегі ашаршылықты көзімен көрген. Сонда қала мен ауылдағы адамдардың өмірін салыстырсақ, қаладағылар аман қалған, әйтеуір. Ал, ауылдық жердегі адамдар аштықтан қынадай қырылып қалған. Тағы бір мысал келтірейін, 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың куәгері болған 19 жасар Татьяна Невадовскаяның «Казахстанская трагедия» атты өлеңінде «Мен тоқпын. Менде бар нан жоқ оларда» деген сөздер бар. Бұл – жоғарыда айтылғандай, сырттан келген мамандар мен қала тұрғындарының, яғни отырықшылардың жейтін наны болғанын айғақтай түседі.
4. Сол жылдарға қатысты естіген, көрген, білген жантүршігерлік жағдайлардан айтып бере аласыз ба?
Жоғарыда айтылған ұжымдық монографияда елімізге белгілі көптеген адамдардың отбасындағы қасірет туралы естеліктер бар. Ашаршылық қасіретін көзімен көргендер, жүрегімен сезгендер оның зардаптарын ешқашан ұмытқан емес. Бір-екі мысал айтайын. Қазақстанды 25 жылдай басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ашаршылықтың куәгері болғанын жоғары айттық. Ол: «...Нәубет бүкіл елді жайлап алған-ды... Оған 1933 жылы Оралдың Дегтярск кенішіне практикаға барған кезде көз жеткіздік... Не ішері, не жері жоқ. Арып-ашқан, шетінен тірі аруақ. Одан тіленшінің бірлігі көш ілгері» деп еске алады.
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың (өзінің тегі Сарқұлова – Б.А.) анасы Маржан Молдағұлова 1933 жылғы «күздің қара суығында егіс алқабынан картоптың қалдығы – келдек теруге барғанда, қарауылдың қаруынан оққа ұшады... Ол кезде Әлия небәрі 8 жаста екен.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаоқаман Жұмағұлов бір сұхбатында мынадай фактілер береді: «тамаққа зәру әлсіреген ашыққан адамдар тізбегі елді-мекендер мен ауылдарды қаптап кетті. Мынадай жағдайлар болған, алдыңғы қатардағы адамдардың соңынан ергені құлап жатты, олардың қайта тұруға шамасы келмеді. Арасанның (қазіргі Алматы облысы) шетінде ашаршылықтан өлгендердің денесін тастау үшін үлкен шұңқыр қазылған. Жабықбай атаның зайыбы Ұлтуар әже сегіз бала тапқан, содан балалары Тұрсын, Жақыпбек және қызы Қауқар аман қалған.
Біздің атамыз Аяған әулетінен екі қыз аштықтан кеткен. Менің әкем Ғылман ғана тірі қалған. Әжем Қазизаның айтуынша, атам аңшылықты кәсіп еткен, тапқан таянғанын осы жалғыз баласының аузына салып, аман алып қалыпты. Мен күштеп ұжымдастыру, ашаршылық туралы «Государство Казахстан: эволюция общественных систем» деп аталатын кітабымда әжемнің мынадай естелігін келтіргенмін, соның мәтінін толық берейін: «1930 жылдары қорадағы ірілі-ұсақты малдың барлығы тәркіленді. Азық-түлік таусылды. Адамдар аштықтан қырыла бастады. Тіпті, бір үйден екінші үйге бару үшін өліктерді аттап баруға мәжбүр болдық. Міне, осындай жағдайда отбасымен бірге Тюмень облысына қашуға шешім қабылдадық. Себебі, Қытай қашықтау, ол жерге аштықтан әбден қалжыраған халықтың жету-жетпеуі екіталай. Естуіміз бойынша Ресейде халықтың мал-мүлкіне тиіспейді екен, ол жақтың саясаты басқа. Осылайша Тюменьге бет алдық. Далада қаптаған мәйіт. Әлі күнге дейін аппақ қардың үстінде өліп жатқан адамдардың бейнесі көз алдымнан кетпейді». Осыған орай айта кетсек, қазақтардың ішінде 1920-30 жылдары дүниеге келген адамдардың саны өте аз болған және көбі жетім балалар үйінде тәрбиеленген, жоқшылықты көзімен көргендер. Шаңырағы шайқалмаған қазақ болмаған шығар, әрбір отбасында туылған 10-15 баланың бір-екеуі тірі қалса, ата-анасынан айрылғандары жетімдер үйін паналауға мәжбүр болған ғой.
Жантүршігерлік жағдай – каннибализм, КСРО-да, оның ішінде Қазақстанда адамның етін жеу фактілері болған, тіпті базарларда адам еті сатылған. Сосын кішкентай сәбилердің өлімі көп болған. Тарихта «әкесі өз баласын жеуге барды» деген факті тіркелмеген. Өкінішке орай, ресми баяндау хаттарда ақылға сыймайтын, жантүршігерлік мысалдар көптеп кездеседі.
Ал ашыққан адамдар тамақтан өтетіннің бәрін кәдеге асырған, тіпті өлекселерді де қорек еткен. «Жығылған үстіне жұдырық дегендей», бұған індет ауруы қосылды. 1932-1933 жылдары адамдар тышқан, иттің емес, адамның етін жеуге дейін барған.
Мамандардың айтуынша, ашаршылықтың күшейген кезінде (1932 жылы) туылған 10 қазақтың біреуі ғана аман қалып отырған. Соғыс жылдарында дүниеге келген бүгінгі ұрпақ өкілдері – ашаршылық апатынан әрең құтылып, қазақтың басынан кешкен қайғы-қасіреттің қайталанбауын тілеп жүргендер...
5. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда сол ашаршылық зұлматына тиісті тарихи және саяси баға берілді ме?
Менің ойымша, 20 жыл ішінде ашаршылыққа қатысты құпия мұрағат қорлары ашылды, арнайы зерттеулер жарық көрді. 1990 жылдары академик Манаш Қозыбаев бастаған тарихшылар көптеген еңбектерді шығарды. Мысалы, «Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру: қорлық пен зорлық», «Традиционная структура Казахстана», «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», «Зобалаң» және т.б. атауға болады. Осы кітаптарда ашаршылыққа қатысты тарихи бағасы берілген, шынайы тарих беттері ашылған. Одан кейін 1995 жылы қабылданған «Еліміздің тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасының» қабылдануы – төл тарихымызды орнына келтіруге жол ашты.
2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетелдік мұрағат құжаттарына қол жеткіздік. Мен өзім сол жылдары АҚШ-тың Гувер архивінде жұмыс істеп, ашаршылыққа байланысты «Осман батыр» туралы материалдар әкелдім. Ол туралы «Красные и черные» деп аталатын монографиямда жазғанмын. Осы мақаланың қазақша нұсқасы былтыр «Қазақстан мұрағаттары» журналында жарияланды. Гувер мұрағатынан табылған 6-6,5 беттік «Осман батыр көтерілісі» (бүркеншік есім болуы керек – Б.А) туралы құжатта, белгісіз автор Қордай таулы асуынан шыққан Осман батырдың шын есімі Бадри Минафарар Карим. Ол 1914 жылдан Мухтариаттың мүшесі, 1922 жылы Түркисламхукумат құрамына кіргенін» жазады. Бұдан кеңес үкіметіне қарсы болған шаруалар көтерілісін беделді адамдардың басқарғанына тағы да көз жеткіздік. Сол сияқты шетелдік мұрағаттар арқылы батыстық сарапшылардың көзқарастарын терең зерттей бастадық. Әрине, қазақтың қасіретін тек қазақтар жақсы біледі және жақсы жазады деп ойлаймын. Тек шетелдік ғалымдардың артықшылығы - 70 жылдық КСРО тарихында айтылмаған ашаршылық, репрессия сияқты тақырыптарды бізден бұрын қозғады. Енді біз, тарих ғылымына кешенді зерттеу жобалары арқылы ғана қомақты үлес қоса аламыз деп ойлаймын.
Ал, енді саяси бағаға келсек, 2010 жылы Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы «Бұрынғы КСРО-дағы Ашаршылық (Голодомор) құрбандарын еске алу» туралы құжат қабылдады, онда бірлескен тәуелсіз, ешқандай саяси астарсыз обьективті зерттеулер жасау көзделген.
Бұл құжатта Адам құқықтары мен құқықтық мәселелер жөніндегі, 1932-1933 жылдардағы кеңестік тәртіптің саясаты әшкереленеді және оны Украина мен басқа да аймақтардағы, сондай-ақ Қазақстан мен бұрынғы Кеңес Одағының басқа бөлігіндегі шаруаларды жоюға бағытталған адамзатқа қарсы қылмыс ретінде бағаланады.
Ұжымдастыру саясатының салдарынан миллиондаған адамдар аштыққа ұшырады. Осы құжаттағы пайызға шаққандағы көрсеткіш бойынша, кеңестік Украинаға қарағанда, адам шығыны Қазақстанда жоғары болған. «Кеңестік жүйе арқылы өзін көрсеткен, бұрын-соңды болмаған қатігез, шексіз билікті қалай ақтасаңыз да, ол бір кездері ар соты алдында жауап беруі тиіс».
Өткен жылдың 31 мамыр күні Астана қаласында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, - Елбасы Н.Ә. Назарбаев, - бұл біріншіден ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағлым» деген болатын. Осылайша, қазақ қасіреті жалпыұлттық, мемлекеттік деңгейде көтерілді, нәтижесінде ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылды, әлемнің 13 мемлекетінен келген шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми конференция өткізілді, кітаптар шықты. Мұның өзі - мемлекеттік, саяси маңызы бар игілікті іс деп есептеймін.
6. Жалпы ашаршылыққа Голощекинді ғана кінәлай аламыз ба? Жоқ әлде оның орнына басқа басшы келгенде бәрібір осындай ашаршылық орын алар ма еді?
Иә, Қазақстандағы ашаршылық белсенді революционер Ф.И. Голощекиннің есімімен тығыз байланысты (шын есімі Шая Ицкович), оның билігі 1925-1933 жылдар, бірінші бесжылдық, индустрияландыру және жаппай ұжымдастыру, репрессиялау кезеңіне сәйкес келеді.
Ф.И. Голощекиннің саяси портретін алғаш сомдаған академик Манаш Қозыбаев болды. «Өте қатыгез, көкірек, барынша беймаза», «қандықол», «даңғаза» Филипп Исаевич Қазақстанда «Кіші қазан» саясатын іске асырды, біртуар қазақ зиялыларын «сейфуллиншілдік», «меңдещевшілдік», «сәдуақасовшылдық» деп жіктеп, бәрін жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан. Оның үстіне арсыз, моральдық жағынан азғындаған адам болып шықты.
Ф.Голощекин тұсында жергілікті кеңестердің қызметі - жауларды табу кезінде анықталған категория бойынша тіркеуден бас тартқандарды тазалауға бағытталды. Ауылдық кеңестер кедейлерді кулактарға қарсы қойды, жергілікті ауыл тұрғындарының арасына іріткі салды, арандатушылықпен айналысты. Басқаша айтқанда, жергілікті кеңестер ауылдағы азамат соғысына ұйытқы болды.
Қазақ зиялылары елдегі ашаршылық туралы Ф.Голощекинге, И.Сталинге бірнеше рет хаттар жазғаны белгілі. Осы кезде Ф.Голощекин де И.Сталинге хаттар жазған. Осылайша, ол 1932 жылғы Қазақстандағы ауыр жағдайдың себептері туралы мәселенің орталықта қаралатынын біліп, соның алдын алудың жолдарын қарастырған. Өйткені, Қазақстанда сол кезде 2 млн. пұт астық қоры болған. Бірақ, ол ашыққан қазақтарға жетпей қалды. Оның үстіне ет дайындау науқаны жағдайды тым ушықтырып жіберген еді.
Оның орнына басқа адам келсе де, осылай болар еді. Себебі, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы басты міндет алдымен, «Кіші қазан» революциясын орнату болатын, екіншіден кеңестік-партиялық аппарат Ф.Голщекиннен кейін билікке келген Л.Мирзоян сияқты халыққа жақын, ел мүддесіне қызмет ететін басшыларды ретін тауып биліктен кетіруге, саяси қуғын-сүргінге ұшыратуға дайын тұрды. Оған 1939 жылы Л.Мирзоянның атылуын айтуға болады. Тіпті 1941 жылы Ф.Голощекиннің өзі атылған.
Партиялық басқару аппаратындағы кез келген адамның қызметі, міне осындай. Жүгенсіз кеткен билік, адам құқықтарын таптау, қырып-жою, мұның бәрі – тоталитаризммен астасып жатыр.
Сөз соңында, мынаны айтқым келеді, жалпы большевиктер жартылай сауатты, надан, «шаш ал десе, бас алатын» адамдар тобын құрған. Ондай адамдар, көп жағдайда қатаң нұсқаумен ғана қимылдайтын, ал өзгеше ойлап, еркін әрекет еткендердің ғұмыры тым қысқа болды.
87021920693
marfuga89@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |