Мұнда жоқ «алтын иек, сарыала қыз»51, –
деп жазғаны бар.
Адамның мүсінін алтынмен аптап, күміспен күптеуге қарсы болған Абай жалпы алтын мен күмісті эпитет етуден қашқан емес. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде Абай «Іші алтын, сырты – күміс сөз жақсысы...» деп келетін жолда «алтынды» сөздің ішкі асыл мағынасы, «күмісті» сөздің сыртқы түрі, бояу, нақышы ретінде алады. Мұның төркінін біз халық аузында мол тараған «аз сөз – алтын, көп сөз – күміс», «асыл сөз – алтын» деген мақал-мәтелдерден табамыз. Осы ойды Абай өлеңінің мазмұны мен түріне өте орынды пайдаланады.
Ал, ақынның кен ордасы – Риддерді алтын құндақты, жез бесікті нәресте ретінде алуы – эстетикалық әсері, логикалық ойлылығы жағынан да дәл келетін, тапқыр теңеу екенін көреміз. «Саңқылдап Алатаудан аққан бұлақ» дегендегі «саңқылдауды» алайық. Әдетте, қыран бүркітке немесе адамға «саңқылдап» деп қолданады. Адамға қолданғанда көбіне жағымды кейіпкердің, не батыр, не ақынның үніне байланысты айтады. Жоғарғы жолда ақын аққан бұлақты саңқылдатқанда оған асыл қасиет дарытып отыр. Өйткені бұлақ суы жиылып, өзенге құйып, өзеннен үлкен қуат алып, «тау-тасқа электрден шашқан шашу». Сондықтан да ақын ағынды бұлақтың суын сылқ-сылқ күлдірмейді, жыланша ирелеңдетпейді, былдыр-былдыр сөйлетпейді, әдейі саңқылдатады.
20-жылдарда қазақ поэзиясында завод үнін «азанға» теңеушілік мол етек алған. Ол Асқар, Тайыр т.б. ақындардың өлеңдерінде, I.Жансүгіровтің шығармаларында да кездеседі.
Іргелеп сол төбені заводтар тұр,
Айқайлап Алатауға тартып азан52, –
дейді ақын «Алтын қазан» өлеңінде.
Ислам діні бойлай енбегенмен қазақ халқы өміріне бұл дін біраз сіңіскен. Сондықтан да мешіттерде молдалардың күн шығарда «азан» айтатыны белгілі. Халық құлағына осылайша сіңген молдалардың азаны мен завод «азанының» арасында қаншалықты жақындық, ұқсастық бар? Ол жақындық тек завод гудогінің жұмысшыларды жұмысқа шақырып, күнде азанда гудок беруінде ғана. Ақындар осыдан келіп заводқа азан шақыртады. Завод гудогін азанға теңеу ерсі де емес сияқты.
Қазақ әдебиетінде еңбек тақырыбының жырлануына байланысты бұрынғы бар сөздер жаңа мағына алып, көркем образ ретінде қалыптасып кетті. Мысалы, «балға» бұрын етікші, зергер, теміршілердің өндіріс құралы ретінде ғана аталып келсе, ендігі жерде («Солқылдатып соққан балға, тауды еркіне қоймайды» (А. Тоқмағамбетов), «Сом балға Алатаудың өзін соқты» (Ә. Тәжібаев), «Солқылдата соғылсын, бесжылдықтың балғасы» (Т. Жароков) «балға» бейбіт өмірдің жойқын күші, халықты бақытқа жеткізуші еңбектің өзі немесе жұмысшылар бейнесінде қолданылады. I.Жансүгіровтің «Алтын қазан» өлеңінде шахтаға түскен ақын:
Ерлер көп бұл арада істеп жатқан,
Жол шапқан, қазық қаққан, шамын
жаққан53, –
дейді.
Бұрын «ер» деген сөз қазақта көбіне батырға, балуанға, бір сөзді, тәуекелшіл адамға қолданылатын да, еңбек істеген адамға көп қолдана бермейтін. «Ер» деген сөз енді осы еңбек иелеріне айтылатын болды да, жаңа мағына алды.
Еңбекке жең сыбанып, бас байлаған,
Ер сонда жерді жонып, тас шайнаған.
Қорытып қорғасыннан құрт қайнатып,
Ешкі емес, қазақ сонда тачка айдаған54, –
дегенде «ер» сөзі еңбекші, жұмыскерлерге кейде теңеу, метафора ретінде айтылса, кейде жұмыскер деген ұғымды «ер» деген сөз ауыстырып отырады. «Егінші» деген өлеңінде де егіншінің сырт мүсінінен оның ауыр бейнет иесі екенін суреттеп, жайқалған егінге қарап ақын:
Еңбегі ғой көтерген,
Егіншідей еріңнің55, –
дейді.
Еңбек те үлкен майдан, еңбек ету, оның жемісін көру ол да ерлік. Міне, ақын осы жайды жақсы түсіне білген.
«Бесжылдықтың ерлері» өлеңінде I.Жансүгіров материалдық игілікті жасайтын халық, олай болса тарихты да жасайтын халық деген ойды айтады.
Жер жүзіне көсемдер,
Достарыңызбен бөлісу: |