Паровоздай
Қайратты ерлер,
Зеңбіректей
Айбатты ерлер,
десе, екінші бір жерде осы теңеулерін сәл өзгертіп:
Машинадай мініскер,
Винттердей орнықты.
Шын еңбекші, шын іскер
Трактордай тепкіні, –
дейді. Әрине, мұнда бейнелеу тілге заман талап еткен көркемдікті пайдалану, сөйтіп дәстүрлі бейнелі тілдік қорды дамыту үшін барды.
Индустрияландыру кезінде: машина, станок, винт, труба т. б. ақындар поэзиясында теңеулік құралға жиі айналды. Ақынның бұрынғы «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» деген теңеулердің «арыстанын» – зеңбірекпен, «жолбарысын» – паровозбен айырбастауын да, еңбекші елдің текпіні трактордай болуын да құп алу керек. Әйтсе де мұнда әлі де мағыналық жағы, теңеп отырған құбылыс пен теңеліп отырған нәрсенің арасындағы ұқсастықтардың эстетикалық қуаты жетпей жатқаны сезіледі. Мысалы көңтерлі, шыдамды адамды «машинадай мініскер» деуге келе ме? Немесе істің тетігін техника ғана емес, негізінен алғанда, адам шешеді. Тіпті техниканың өзін жасайтын адам. Олай болса, сол адамға машинаның бір винті ретінде қарау мағыналық жағынан да, формалық жағынан да қабыспай, көркемдік қуаты әлсіреп кетіп отырады.
Еңбек адамының бейнесін жасауда қазақ ақындары, әсіресе, I.Жансүгіров оның жалпы ой-арманын, тілек-мақсатын ішкі толғаныстарын берумен бірге, эпитет арқылы да даралай түсуге тырысады.
Ілиястың, әсіресе, еңбекші адамды суреттегендегі эпитеттері мағына, түр жағынан бір-біріне өте жақын келеді. Мысалы:
Сүйел қолды қара ұста,
Қыр жауырын диханшы...
Көргенде күйелі төс, күсті білек
Бір жағы – өңшең ақ білек,
Бір жағы – өңшең күс білек.
Осындағы курсивпен берілген «сүйел қол», «күйелі төс», «күсті білек» дегендердің барлығы да 20-жылдардағы жаңа пролетарлық мәдениет жасаймыз деген ұранның көтерілген кезінде тазалық, ақтық ол жұмыс істемейтін, мещандықтың, ақ саусақтықтың белгісі, жұмысшы адамның қолы сүйел, білегі күшті болу керек деген көзқарастан туған. Сонымен әлгіндей күйе, күс, сүйел деген сөздерді ақын әдейі идеализациялап, нағыз жұмыскерге эпитет ретінде қолданып отырады.
Бір рет еңбекші жастардың қарулылығын жырлағанда «жолбарыс білек» жастарым дейді. Жолбарыс, арыстан қазақ поэзиясының көбіне теңеу ретінде келетін («Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» немесе: «Арыстандай жүректі, жолбарыстай білекті») дәстүрлі теңеудің негізінде ақын эпитет тудырып отыр.
Троптың түрлерін, метафора, эпитетті, теңеуді қолдануда I.Жансүгіров өлеңдік түрге де біраз жаңалықтар енгізді. Эпитетті метафора, метафораның дамыған түрлерін қандай молынан қолданып отырса, теңеуді қолдануда да жаңалықтары бар. Ақын бүтін бір өлеңді бастан аяқ теңеумен беріп отырады. Мысалы, «Ресей жері» деген өлеңі үнемі:
Достарыңызбен бөлісу: |